Мал жүнінен кілем, текемет, тұскиіз, алаша және т.б. жасаған. Соның ішінде кілемге аса зор мән берген. Кілем тоқуда қойдың түйенің жүндері, ешкінің қылы, өріс және арқау үшін мақта жіпті пайдаланады.
Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында заман талабы туындатқан жасөспірімдердің рухани тәрбиесін жүргізетін жаңа педагогикалық технологияны меңгерген мұғалімдер дайындау талабы алға тартылуда. Сол міндеттердің бірі – кілем өнерінің тәрбиелік мүмкіндіктерін пайдалану арқылы оқушыларды тәрбиелеуге студенттерді дайындау мәселесі. Ғасырлар бойы жинақталған қазақ халқының асыл мұрасы – кілем өнерін тәрбие процесінде қолдану еліміздегі «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өзінің көкейкестілігін арттыра түседі. Қазақ халқының кілем өнерінің көркемдік ерекшеліктері Ә.Марғұланның, М.Мұхановтың, Ә.Тәжімұратовтың, С.Қасымановтың еңбектерінде айтылады. Халықтың көркем өнерінің әсемдік тұтынушылық, әлеуметтік мәні туралы тарихшы, этнограф, философ ғалымдар Б.Қазиханова, Ө.Жәнібеков, Б.Байжігітов және т.б. еңбектерінде қарастырылған. [1, 3 б.] Кілем бұйымдарын оқытуда кілемнің шығу тарихын, кілем түрлерін, кілем түстері мен кілемнің қолданылуын ою-өрнектерінің мән мағынасын, оюлардың жасалудағы сырын, кілемді оқушыларға көркемдік білім беру мен жан-жақты тәрбие беру құралы ретінде қарастыруға жағдай туғызу керек. Кілем бетіне түскен оюлардың өзін арнайы сабақта оқытуға болады. Кілем тарихына келер болсақ сонау сақ дәуірінен бастап кілем өнері дамыған. Кілемге өз дәуірлеріндегі оқиғалармен тұрмыс тіршілігін бейнелейтін, сондай-ақ, кілем бетіндегі оюлар арқылы адамдардың арман тілегін де бейнелеп отырған. Ою өрнегі әсем салынған қазақ қоғамында ертеден қолданыста жүрген бұйымдардың бірі бұл кілем. Кілем тоқу мал шаруашылығымен айналысқан халық мал жүндерінен бұйыдар жасаған. Атап өтер босақ, кілем, текемет, алаша басқұр, жайнамаз, қоржын, тұскиіз және т.б. бұйымдарды шебер жасаған. Кілем тоқылуына, материалына, ру үлгілеріне, ою өрнектеріне, қосалқы белгілеріне қарай бөлінеді. Кілемге өрнек салғанда негізінен жақсылықты меңзейтін, яғни, аспанымыз ашық, өміріміз ұзақ, бақытты болайық деген символдарды бейнелеп отырған. Қанша жаугершілік, қиын қыстау замандарды бастан кешірсе де жақсылықтан үмітін үзбеген. Жалпы қазақ халқы оюмен ой айтқан халықпыз. Ою-өрнек ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі халықтық өнер болып табылады. Тұрмысқа шыққан қыз біршама уақыт өткен соң төркініне оюлы кесте не болмаса текемет сияқты сәлемдеме жіберетін болған. Сол жіберілген дүниеге қарап қыздың ата-анасы қызының жағдайын білетін болған. Мәселен, текеметте қызыл гүл, сәнді ою өрмектер болса, қызының жағдайының жақсы екенін, ал, арық адамның не болмаса жапалақ бейнеленсе жағдайдың мәз еместігін біліп отырған. Жан-жануарларды сонымен қатар жануарлардың бейнесін кілемге текеметке, зергерлік бұйымдар мен киім кешектерге пайдалану сонау ерте заманнан бастау алғаны бәрімізге аян. Мәселен, ою өрнек салу андронов мәдениеті, сақ дәуірінен кездесетінін және өте ұқыпты әрі өте шебер жасалған. Андронов мәдениетінде мал жүнін иіріп, киім тоқыған, әйелдер құлақтарына қола сырға мойындарына өңіржиектер, кейде оған алтын моншақтар тізіп салатын болған. Сақ дәуіріндегі алтын адамның үстінен жан жануарлардың бейнесі табылған. Сақтар арасында зергерлік өнер мейлінше жетіліп, биік деңгейге көтерілген. Зергер шеберлер алтын, күмісті балқытып құюмен таныс болған. Үй кәсібі мен қолданбалы өнер бұйымдары – ат әбзелінің, киіз үй жабдықтарының нәзік оюланған заттары, шебер істелген үй жасау бұйымдары, үй-іші тұрмысында ұсталатын заттар (кілемдер, киіздер, кестелер, ши тоқымалар, ыдыс – аяқтар), әйелдердің сәнді киімдері мен әшекейлері-міне, осылардың барлығы халықтың өзіндік материалдық мәдениетінің жоғары болғандығын дәлелдейді. [2, 172 б.] Ою салу өнері сонау тас ғасырынан бастау алады. Қазақ жерін мекендеген тайпалар мен халықтар ою-өрнекті кеңінен пайдаланғандығын біз қазба барысында табылған заттардан біле аламыз. Сақ заманынан табылған әшекей бұйымдарда зергерліктің терең дамығанын анық көреміз. Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекетттік тарихи-мәдени мұражай қорындағы есептік номері ӘСММ КК-2432 кілемі де осы іспеттес сырға тұнып тұр. Жалпы кілем көлемі 370-210. Кілемнің біраз жері тігілген, ескі. Кілем түкті кілемге жатады. Өрнектеріне қарай кілемді шатыргүл кілеміне жатқызамыз. Шатыргүлдің ішінде өрнектермен қатар сегіз қырлы дөңгелектің ішінде «қошқармүйіз» бар, шеттерінде кіші өсімдік тектес өрнектермен өрнектелген. Шатыргүл кілем тоқу технологиясы жағынан шигүл, шешенгүл, пәтінісгүл, самаурынгүл кілемдеріне ұқсас, салынатын түрлері құрамалы болып келетін кілем түрі. [3, 92 б.] Шатыргүлдің ішінде төрт жаққа бағытталған төрт қаңқа бейнесі бейнеленген. Бұл төрт құбыламыз тең болсын дегенге саяды. Негізінен қаңқа кілем, алаша, басқұр бау т.б. тоқыма бұйымдар негізінде өрнек ретінде салынды.
Кілемнің ортасында шатыргүл орналасқан. Шатыргүлдың төрт бұрышында «қаңқа» бейнеленген. «Қаңқа» ою-өрнегі тоқыма бұйымдарында қолданылады. Малдың құрап қалған сүйегін тұспалдайды. Алаша, кілем, басқұр бау т.б. тоқыма бұйымдар негізінде өрнек ретінде салынды. [4, 33 б.] Бұл дегеніміз. Сондай-ақ шатыргүлдің ортасында үлкен ромб орналасқан жиегінде кіші ромбылар бар. Ромбы ою өрнектің сыртқы тұрпаты геометриялық бейнеден жасалып, ішіне «қошқармүйіз» және құсқанаты т.б. элементтер компазициясынан құралған. Ал біз әңгіме қылып отырған кілемдегі ромбылардың ішінде өрнектер салынбаған. Шатыргүлдің бірі жасыл келесісі қара түсті. Яғни бұл өміріміз көктем гүліндей құлпырсын, жеріміз кең болсын деген мағынаға келеді. Жалпы кілем қызыл түсті. Қызыл түс-оттың, күн көзінің символы. Шатыргүл өрнегімен жиегінің арасын бір тік сызық бөліп тұр. Кілемнің жиегінде төрт қатар өрнек түскен.
[Ирек-су оюы]
Ирек-су оюы
Бірінші қатарды «Ирек су» оюы түскен. «Елдің ағасы болғанша судың сағасы бол» деп, суармалы егін егуде судың мәнін жоғары бағалап, қолөнерінде де тоқшылық пен молшылықтың нышаны етіп «су», «ирек», «арық», «тасқын», «тоғыз төбе», «арпа гүл» т.б. ою-өрнек түрлерін қолданды. «Ирек су» адамның өмір жолы, судың белгісі. «Ирек» қатарынан бірнеше рет немесе бір рет тірілетін әр түрлі геометриялық үшбұрыштар бейнесіндегі өрнек. Ою екі қатар салынған. Бірінде сары, екіншісі қанық жасыл түсті. Сары түс ақыл парасаттың символы. [5. 32 б.] Бұл «ирек су» өрнегінің төменгі тұсында түйенің бейнесі салынған.
Ал зооморфтық ою-өрнектер туралы Ә.Марғұлан «тұрмыс-тіршілігі негізінен мал шаруашылығы болғаннан соң қазақ халқы ою-өрнектердің көпшілігі жануарлар бейнесі, мүйізі, құстардың қанаты, іздері ұғымдарымен тығыз байланысты» деген. Сондықтан болар түйе бейнесі ою-өрнектерде жиі кездеседі. «Ауырды нар көтереді,өлімді ер көтереді», «Қабырғалы қара нар қабырғасын сөксең, бақ етпес», «Нар жолында жүк қалмас» – деген мақалдар қазақтың түйеге деген зор ықыласын білдіреді. Адам алыс жолға шыққан кезде киімдеріне «түйетабан», түйемойын» оюларын салады. Және «ботакөз» өрнегін қолданады. Күн көрісі төрт түлік мал болған көшпелі қазақтың мал кисе киімі, ішсе тағамы, мінсе көлігі болған. Олар мал жүнінен, қыл-қыбырынан иіріп киіз үй жасауларын, киімдерін тоқыған, ал сүйегінен, мүйізінен немесе терісін илеп күнделікті тұрмысқа қажетті заттарын дайындаған. Тіпті малмен байланысты ұғым-түсініктерін ою өрнектер арқылы бейнелеп отырған. Кілемдегі түйенің түсі жасыл. Түйе малы қазақ халқында қасиетті мал деп санаған. Яғни бұл зооморфтық ою-өрнекке жатады.
Екінші жиегінде ромбылармен қатар, тарақ бейнеленген. «Тарақ» өрнегі күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген шаш тарайтын тараққа ұқсайды және бірнеше жуан жолақтардан тұрады, бұл өрнек нақышына келтіріліп қолданылады. [6. 33 б.] Тұмарша, тарақ, қырық мүйізсияқты элементтер қатары дәстүрлі болып табылады. Үшінші жиегінде жасыл, сары, қызғылт түсті «ою» төртінші жиегінде сары түсті «қошқармүйіз» салынған. «Қошқармүйіз» – ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағы долбарланып тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. [7. 27 б.] Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық пішіні аңғарылады. Текеметте, сырмақта, басқұрда, алашада, кілемде, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрінде кездеседі. Кілемге көбіне көп «қошқармүйіз», «тұмар» немесе «су» оюлары салынады. Мұнысы туған жер төсін толтырған отар-отар қой болсын деген халықтың арман-тілегінен туған ой болса керек. Оңтүстік өңірде тоқылған кілемдердің көпшілігіне Қ.А.Ясауи кесенесінде бейнеленген өрнектер тоқылған. Мәселен «қошқармүйіз», сегіз қырлы өрнектер, «төртгүл», гүл тектес өрнектер, жұлдызшалар, ромбылар, айқыш (көне атауы шармұқ, кейде бұны дүниенің дөңгелене қозғалысын бейнелейді деп те атайды) кесенеде көрініс тапқан. Кілемнің екі шетінде шашақ тоқылған. Кілемде мал өсіру мен аңшылықты, жер-су, көшіп-қону көрністерін, күнделікті өмірде кездесетін әр түрлі заттардың сыртқы бейнесін береді. Қазақтың ұлттық ою-өрнектеріндегі бір ерекшелік осы түрлі ұғымның қайсысын бейнелегенде де ұлттық ою-өрнектің негізі болған мүйіз оюы. Ою-өрнектің класификациялық негізгі мәнері төрт топқа бөлінеді. Олардың барлығының негізінде геометриялық ұғым элементтері жатыр Зооморфтық өрнектер аңдар, жан-жануарлар әлемін бейнелейді. Көшпелі қазақтар – ақынжанды адамдар. Өйткені, олар өз малына керемет үлгісін ежелден танып байқаған. Қазақ халқы өз ісінің хас шебері ретінде өздерінің таланттары мен қабілеттерін қолөнерде қолдана білген. Жан-жануарлар қазақтың ою-өрнектерінің ішінде ең көп тараған, ең көп қолданылатын түрі. Жабайы аңдар мен ұшатын құстар, малдар адам баласына ішетін сусын, жейтін тамақ киетін киім болып ғасырлар бойы асырап келе жатқанын айтудың қажеті жоқ. Ата-бабаларымыз малдың ерекше қасиеттерін бағалап ән-жырға, күйге қосты. Олардың образдары шығармаларға, бейнелері қолөнерде ою-өрнекке айналды. Сондықтан хайуанаттар оюларының тамыры терендс жатыр.
Бұл оюдың негізін “қошқар мүйіз” өрнегі қалайды. Ары қарай «қошқар мүйіз» өрнегі өзінің құрамын мүйіз тектес ою-өрнектердің түрлерімен жалғастырады. Оларға қос мүйіз, сыңар мүйіз, арқар мүйіз, сынық мүйіз, тармақ мүйіз, бұғы, ешкі мүйіз, кисық мүйіз және т.б. жатады. Ою-өрнектерді құрастыру үшін шеберлер өсімдіктер мен гүлдердің суреттерін қолданған. Осындай өрнектер барлық әлем халықтарының мәдениетінде көп кездеседі. Өсімдікті оюлар қазақтың қолданбалы шығармашылығында лайықты орын алады. Олар жапырақтар, жапырақшылар, үшбұрышты өсімдіктер, бітеу гүлдер және гүлдер. Мысалы, гүлдердің барлық түрінің символы – гүл ою-өрнегі. Шебер әйелдер киім-кешектерді әшекейлеуде өсімдікті өрнектерді жиі қолданған. Өсімдік тектес оюлардың негізі болған жапырақты таңдап, оларды әр түрлі топқа бөлді. Мұндай ою-өрнектер үш гүл, төрт гүл, бес гүл, үш жапырақ, бес жапырақ, шырмауық, райхан және тағы басқа түрлерді қолөнер бұйымдарынан кездестіруге болады. Геометриялық өрнектерді ромбылар, иректер, жұлдызшалар, үшбұрыштар және көпбұрыштар құрайды. Қазақ ою-өрнегінің геометриялық түрі көшпелі халықтарға байырғы заманнан-ақ нақты сандар мен грек математигі Пифагор заңдарының белгілі болғанытуралы мағлұмат береді. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз тек көшіп-қонып қоймай, сонымен қатар ірі қалаларда өмір сүрген. Олардың арасында қолөнершілер, саудагерлер, құрылысшылар көп болған. Өсімдікті оюлармен араласқан геометриялық өрнектерді Бабажы-қатын (Х-ХІ ғғ.), Айша бибі (ХІ-ХІІ ғғ.), Қожа Ахмет Ясауи (ХІІІ-ХІҮ ғғ.) және т.б. монументті құрылыстардан көруге болады. [4] Космогондық өрнектер ғарышпен байланысты жұлдыздарды, күнді, айды, жарты айды кемпірқосақты бейнелейді. Ұлан-ғайырдалада көшіп-қонып жүрген көшпелілерді ғарыш пен әлем құпиясы үнемі қызықтырған. өйткені оларды түні бойы нешетүрлі ою-өрнектер құраған жұлдыздардың ғажайып әлемді көмкеріп тұрған. Шын мәнінде, табиғат аясында, онымен үйлесімді өмір сүрген көшпелі қазақтар арманшыл халық еді. Олардың киіз үйде тұруының себебі де осы болар. Киіз үй – көшпелі өмірге бейімделген, ерте заманнан келе жатқан баспана. Осы жеңіл де жинақы киіз үйді көшпелілер ғарышпен байнаныстырған. Бұл баспана бұрышы жоқ, жер шары секілді. Төбесінің дөңгелене жасалынуы – аспан, ал едені – жер, шаңырақ жердің кіндігі болып қабылданған. Ою-өрнектердегі осындай үйлесімділік көк Тәңірге сиынудан жалғасын тапқан. Қорыта келгенде Түркістан өңірінде тоқылған кілемдер басқа аумақтарға қарағанда өзгеше өрнектерен тоқылған. Мәселен оюөрнектермен қатар гүл тектес өрнектер, жан-жануарлардың құстардың бейнелері де өз үйлесімін тауып, астасып жатыр. Кілем тоқу өнері сан ғасырлардан бері келе жатқан қол өнер түрі. Осы қол өнер түрін жоғалтпай дамытуымыз керек. Бүгінгі таңда кілем өз орынын жойған жоқ. Бір өкініштісі қолдан тоқылған кілемдер сұранысы азайып, машинамен тоқылған араб, түрік, парсы кілемдерін тұтыну сәнге айналып барады. Ал қолдан тоқылған кілемдерді, кілемді бағалай білетін адамдардың үйлері мен мұражайлардан ғана көре алатын болып барамыз. Оңтүстік өңірде қол кілемдерді бағалағанымен, ірі қалаларда бұл кілем түрлерін қолданыстан алып тастаған. Көпшілікке топырақ шаша да алмаймыз, мүмкін қол кілемдерді ата баба көзін көрген деп сақтаушылар да бар шығар. Жалпы қазақ ою-өрнек мәселелерін зерделеуде ұрпақ тәрбиесінде, сондайақ олардың ұлттық көз қарасын қалыптастырып, ұлттық өнерге баулуымыз қажет. Қасиетті қазақ халқының, қолөнер туындыларының тарихы тым тереңде. Осы кілем мен текеметке түр салу арқылы қазақ жерінің кең байтақтығын паш етеді. Мәселен, кең жерімізді, онда жайылып жүрген отар отар малды, көктеген даланы бейнелейді. Кілім тоқу тек қазақ халқында ғана дамыған дүние емес. Кілем тоқу мал шаруашылығымен айналысатын халықтардың барлығы тоқиды. Алайда, әр халықтың өзіндік кілем тоқу мәнері бар. Мысалы қазақ жерінің өзінде әр өңірі әр алуан туындылар тоқып шығарады. Мысалы, оңтүстік өңірлерде көбіне түкті кілем тоқылады, сонымен қатар, ою, жер су, зооморфтық өрнектер, гүлдермен қатар Ахмет Ясауи кесенесіндегі ою өрнектерді жергілікті халық кілем тоқуда көп пайдаланса, Қызылорда мен Маңғыстау өңірлерінде қазақша оюлар көптеп орын алады. Ал Шығыс Қазақстан өңірінде кілемді кестелеу дамыған. Солтүстікте тақыр кілемдер басымдау тоқылған. Жалпы қазақ ою-өрнек мәселелерін зерделеуде ұрпақ тәрбиесінде, сондайақ олардың ұлттық көз қарасын қалыптастырып, ұлттық өнерге баулуымыз қажет. Қасиетті қазақ халқының, қолөнер туындыларының тарихы тым тереңде. Осы кілем мен текеметке түр салу арқылы қазақ жерінің кең байтақтығын паш етеді. Мәселен, кең жерімізді, онда жайылып жүрген отар отар малды, көктеген даланы бейнелейді. Кілім тоқу тек қазақ халқында ғана дамыған дүние емес. Кілем тоқу мал шаруашылығымен айналысатын халықтардың барлығы тоқиды.