0 дауыс
6.4k көрілді
Факт немесе дәлдік. Фактіні басқадан қалай айыруға болады? Әр жерде академиктер түрліше атап жүр.

1 жауап

0 дауыс

Факт немесе дәлдік. Фактіні басқадан қалай айыруға болады? Әр жерде академиктер түрліше атап жүр. Мен келесі пунктерге бөліп қарастырғым келеді.

1. Факт. Яғни, нақты дәлел. Кез келген академиялық мақала факттерден құралады. (Академиялық мақалада кез келген дерекке сілтеме беріп отыру өте маңызды) Фактің өзін бірнешеге бөліп қарастыруға болады.

а) Нақты факт. Мұндай фактілер бүкіл әлем болып қабылданған, дәлелденгеніне көп болған деректер. Мысалы, Вакумдегі жарықтың жылдамдығы - 299 792 458 м/с. Бұл ғалымдардың есептеуімен табылған факт. Жоғарыда сілтеме көрсету туралы айттым ғой. Алайда мұндай фактілерге сілтеме көрсетудің қажеті шамалы (Оле Ремер деп сілтеме көрсетпейтінің анық). Немесе жердің тартылыс күші бар екенін тапқан Ньютонға референс жасамайсың. "Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды" деген сөйлемге де сілтеме көрсетудің қажеті жоқ. Немесе 4+3=7 деген де осы топқа жатады.

ә) Сілтемені қажет ететін фактілер. Кейбір деректер факт бола тұра, оны нақтылай түсетін деректер қажет етеді. Мысалы, "Қазақстанның халқы 17 миллион" деген фактіне алайық. Бұл - факт, алайда мұны нақтылау үшін соңғы жүргізілген халық санағына сілтеме көрсетілуі тиіс.

б) Әдеби фактілер. Бұл топқа әдеби кітаптағы деректерді жатқызуға болады. Мысалмен түсіндірейін. "Қожа Майқанова апайдың сөмкесіне бақа салып жіберді". Ойдан шығарылған дерек. Мұның әдеби факті болатын себебі Бердібек Соқпақбаевтің кітабында жазылған. Ал нақты факт ретінде қолдануға келмейтінінің себебі - ойдан шығарылған.

2. Пайымдама (Claim дегенді осылай алдым). Кез келген пайымдама дәлелдейтін деректі талап етеді. Мұны бірнешеге бөліп қарастыруға болады.

а) Дұрыс пайымдама. Зерттеушінің пайымы зерттеген жұмыспен сәйкес, нақты келеді. Мысалы, "еркектер әйелдерге қарағанда фейсбукте көп отырады" деген ойдан шығарылған деректі алайық. Мұны фактіге айналдыру үшін Статистика агенттігінің немесе қандай да бір жүргізілген сауалнама, зерттеу жұмысына сілтеме жасалуы тиіс. Біздің біраз журналист осы жерде жиі кемшілік жібереді. Келтірген деректеріне дәлел келтіре алмайды (Бұл жерде негізі мен де қандай да бір сауалнама, не зерттеу жұмысына сілтеме беруім керек. Ондай жүргізілмегендіктен, менің субъектив пікірім болып қалады). Айтпақшы, жақында "Хабар" халықты алдайды деген қызу талқылау болды ғой. Мұны дәлелдеу үшін "Хабар" арнасының жасаған бағдарламалары мен жаңалықтарына жүргізілген зерттеу жұмыстары керек.

ә) Сәтсіз пайымдама. Кейбір зерттеу жұмысының тапқан даталары біріне-бірі себеп болып тұрған секілді көрінгенімен, мәселеге себеп болған негізі нәрсе басқа болуы ықтимал. Мысалы, "көліктерден шыққан көмірқышқыл газының көбеюі Арктика мұздарының еруіне әкеп соғуда" деген пайымдама бар. Расында көліктен шығатын зиянды газдардың көбейгені рас, Арктика мұздарының бұрынғыдан жылдам ери бастағаны да рас. Алайда біріншісі кейінгісіне тікелей себеп болды деп қорытынды шығару қате. Мұздың еруіне басқа да факторлар әсер етеді.

б) Тексерілмеген пайымдама. Кейбір пайымдамалар логикалық тұрғыдан анық болса да, тексерілуді қажет етеді. Мысалы, басқа галактикада тіршілік иелері бар деген пікір. Жердің жаратылысына сүйене отырып басқа ғаламшарда тіршілік бар деп пайымдауға болады. Алайда мұндай пайымдама ешқашан тексерілмеген немесе нақты дәлелденбеген. Үлкен жарылыс теориясы, эвоюция теориясын да осы топқа жатқызуға болады.

3. Пікір және сенім. "Әлемдегі ең сұлу қыз - Zarina Diyas". Бұл - менің пікірім. Кейбір адамдармен сәйкес келуі мүмкін менің ойым, бірақ бұл факт емес. Немесе "Англияның ауа райы жаман" деген де менің пікірім. Бір қызығы, бұл топқа субъектив пікірдің бәрін жатқызуға болады һәм ешқашан бұлар академиялық мақалада қолданылмайды. Сондай-ақ, "Иса пайғамбар әкесіз туған" деген сенім. Інжілде, Құранда бұл туралы айтылса да, академиялық мақалада мұндай деректер факт ретінде қарастырылмайды.

4. Өтірік. Ат айтып тұрғандай кез келген өтіріктер. Бұларды да академиялық артиклде дереккөз ретінде қолдануға болмайды. Мысалы, "жер - теп-тегіс". Бұрынғы адамдар осыған сенген және айналаға қарасаң, жер теп-тегіс болып көрінеді. Алайда жердің шар (жарайды элипс) тәріздес екенін бәріміз білеміз. "Қытай қорғаны Айдан көрінетін адам жасаған жалғыз құрылыс нысаны". Бұл да өтірік дерек.

Жалпы факті мен пікірдің айырмашылығы туралы академиктердің көзқарасы осыған саяды. Бәлкім, кейбір жерде сәл айырмашылық болар. Қосымша айтарыңыз болса, қоса отырыңыздар.

...