«Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын, өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті.
Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады»
Елбасы Н. НАЗАРБАЕВ «Мәдени мұра» бағдарламасынан
Адамзат ұрпағы басынан кешкен замандарды көз алдыңызға елестетіп, оны көңілге түйгіңіз келсе, жарқын болашаққа нық сеніммен ой жүгірткіңіз келсе, әрине, ең алдымен, мұражайға кіріп, ондағы жәдігерлердің сырына үңілудің маңызы зор. Ата-бабалардың өмірлерінде ұстап-тұтынған бұйымдарын таңдай қағып тамашалап, өткенге салауат айтып, қасиеті дарыған бабалар мұрасынан тағылым мен тәрбие нәрін алып шығатыныңыз анық.
Мұражай – табиғат пен адамзат қоғамының дамуы туралы білімнің алғашқы деректемесі материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін табиғат коллекциялары мен тарихи нұсқаларды жинақтау, сақтау, зерттеу, жәдігерлерін халыққа көрсетіп, насихаттау қызметін атқаратын ғылыми мекен. Мұражай жәдігерлері ғылым мен өндірістің алуан түрлі салаларын қамтиды.
«Мұражай – тарих, мұражай – шежіре. Мұражай – білім-ғылым. Сан-салалы өнер мен ғылым қоспасы – мұражай. Мәдениетті елдерде әрбір мұражайдың тарихы жазылып қатталады. Тіпті әрбір мұражайдың кезеңімен алмасып, жаңарып тұрар – экспозициясының тарихы шежіреленеді» деген көрнекті әдебиетші ғалым Құлбек Ергөбек «Түркістан жинағы» атты кітабында.
Қазақстан мұражайларының көшбасшысына айналып отырған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы 1978 жылы ашылғалы бері, сан түрлі археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық және сирек кездесетін құнды кітаптар мен фотосуреттерден тұратын жәдігерлер жинақталды.
Қазақстандағы жинақталған жәдігерлер саны 2 млн 700 мың шамасында болса, тарих пен тарихи құндылықтардың қайнар көзіне айналған біздің мұражай қорында 20 мыңнан астам көне мүліктер жинақталған.
Мұражайлық зат деген ұғымды Ресей ғалымы Н.М.Дружинин 1930 жылдары отандық ғылыми айналымға енгізген болатын. Шетел зерттеушілері З.Странский, Й.Бенеша, К.Шрайнер, В.В.Кондратьева сынды зерттеушілер өз еңбектерінде мұражайлық заттар адамның ой өрісінің кеңеюінің негізі болып табылатындықтарын айтқан.
Қандай да бір зат мұражайлық жәдігерге айналу үшін біраз сатыдан өтуі керек. Мұражайлық маңызы бар заттарды ұзақ мерзімге сақтау үшін немесе жоспарланған есептерге пайдалану үшін біршама жұмыстар жүргізілуі керек. Ең бірінші, зат туралы деректер, яғни не үшін пайдаланғаны, табиғаттағы немесе қоғамдағы ортасы, адамдармен, не болмаса басқа затармен байланыстары толтырылып, есепке алынады. Алғашқы нақты ғылыми жұмыстар жүргізілгеннен кейін барып, мұражайлық зат ретінде танылады. Мұражайға жәдігер ретінде қабылданғаннан кейін, ол заттың қабылданғанға дейінгі атқарған қызметі мен маңызы айтылмайды. Мысалы, тас шапқы еңбек құралы ретінде пайдаланған болса, мұражайлық жәдігер ретінде сақталған соң, белгілі кезеңнің куәсі ретінде есептеледі. Тағы бір мысал, біздің қорда археологиялық материалдардың ішінен Шербай қорымынан табылған қыш ыдыстар – күнделікті тұрмыста пайдаланылған құмыра. Ал қазір мұражайлық маңызы бар жәдігер ретінде белгілі дәуірдің, яғни б.з.д Андронов мәдениетінің Федров кезеңі туралы үлкен тарихи мағлұмат беретін құнды дүниеге айналып отыр. Мұражайдағы жәдігерлерді көпшілікке насихаттаудың үш құрылымы бар. Олар: информативтік (ақпараттық), аттрактивтік, экспрессивтік
Информативтік (ақпараттық) – мұражайлық заттың мағынасын ашады, яғни оның тарихи жағдайларға, мәдени-табиғи құбылыстарға, т.б оқиғаларға қатысы туралы хабарлар береді. Жәдігердің ғылыми сипаттама құжатындағы мәлімет зат туралы хабар болып табылады. Зерттеуші В.В.Кондратьева информативтік құрылымды екі топқа бөліп қарастырған. Ішкі және сыртқы хабарламалар. Ішкі хабарламаға заттың өлшемі, пішіні, жасалу технологиясы, материалы, жазбасы, қолы жатқызылады.
Сыртқы хабарларға заттың тарихы, яғни қай жерлерде пайдаланылды, кімдермен байланысты болды деген сияқты деректер қамтылады. Осы екі хабарлама бір-бірін толықтырады және жәдігерді мұражайлық зат ретінде танытады.
Аттрактивтік құрылым – бұл заттың сыртқы келбеті. Заттың пішіні, өлшемі, түсі, көрерменді қызықтыруы – осы құрылымға тән ерекшелік.
Экспрессивтік құрылым – бұл затты көру арқылы санамыздағы белгілі оқиғалардың тарихи құбылыстардың еске түсуі, яғни жаңғыруы.
Мұражайдың негізгі құндылықтары – оның коллекциясы. Коллекцияны толықтырудың екі жолы бар: біріншісі – экспедиция, екіншісі – сатып алу. Коллекцияны жинаудың осы екі жолы да мемлекет тарапынан ақша бөліну арқылы іске асырылады. Біздің мұражайдағы жәдігерлер негізінен археологиялық қазбадан табылған заттар мен көпшіліктің өздері алып келінген заттарды сатып алу арқылы қорды толықтыруда. Қор комиссиясы қорда жоқ, қажетті, сирек кездесетін дүниелерді сатып алып отырады.
Мұражайлық заттар бірыңғай (бір тектес) және бірегей болып бөлінеді. Бірыңғай заттарға стандартпен бір мезгілде жасалынған заттар кіреді. Мысалы, тас ғасырында пайдаланылған қырғыштардың бірнеше данасы біздің қорда сақталған. Олардың материалы, түсі, пішіндері біркелкі. Бір емес бірнеше данасы болғандықтан, бірегей деп айтылады.
Бірегей заттарға қорда жоқ заттар мен мемориалдық жәдігерлер кіреді. Оларға белгілі қоғам қайраткерінің ұстаған заттары немесе ғылымға, мәдениет пен өнерге қатысты дүниелер жатады. Сонымен бірге жеке-дара заттар мен ерекше тарихи-көркемдік құнды, сондай-ақ, саны бір дана болып шектеліп шығарылған заттар бірегей болып есептеледі.
«Сіздің артыңызда қалдырған мұраңыз – жинаған байлығыңыз, жай ғана құндылықтар емес, жақсы өткізген өміріңіз. Құндылықтар – адамдардың не үшін өмір сүретінінің белгісі» деген екен Т.Джефферсон.
Олай болса, мұражай қорын толықтыру мен ондағы жинақталған құндылықтарды зерттеп-зерделеу барлығымыздың міндетіміз.
https://braccia11.rssing.com/chan-6675520/article22977.html