0 дауыс
5.2k көрілді
Алаш Орда жайлы қандай көрініс көрсетуге болады?

Айтатын сөздері (тексті) болса, жақсы болады!!

1 жауап

0 дауыс

«Тәуелсіздік белесі-ұлы арман кемесі»

(Алашорда, желтоқсан-тәуелсіздік бастаулары)

Тарихи сахналық-бейне қойылым

Қатысушылар:

1.     Әлихан Бөкейханов-қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, «Алаш» партиясын құрушы әрі жетекшісі
2.     Мұстафа Шоқай-Алащорда үкіметінің мүшесі, қоғам және мемлекет қайраткері, "Алаш" партиясының белсенді мүшесі.
3.     Міржақып Дулатов-Ақын-ағартушы, үкімет мүшесі.
4.     Мұхамеджан Тынышпаев-инженер-құрылысшы, атақты Түрксіб магистрасын салуды ұйымдастырушы. Бірінші болып «қазақ» шежіресін өмірге әкелуші.
5.     Ахмет Байтұрсынов-Ақын-ағартушы. Алғашқы қазақ алфавитін жасаушы қоғам қайраткері.
6.     Сұлтанмахмұт Торайғыров-жас ақын

Қойылым 4 актілі, бірнеше тарихи кезеңдерден, кішігірім көріністер көрсетіледі.

7.     НКВД тергеушісі
8.     Айдауылдар (конвой)
9.     Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Қайрат, Ләззатт, Сәбира, т.б.
10.  Алаңдағы жастар
11.  КГБ тергеушісі
12.  Тәуелсіздік мерекесіне қатысушылар(әртүрлі ұлттық киімдермен)

І-көрініс
Сахнада бірнеше орындықтар және президиум столы қойылған. Жоғарыда ұран шүберекке жазылып ілулі тұр: «Жалпы қазақ съезіне қатысушыларға сәлем!»
Экранда 1914-1917 жылдардағы тарихи оқиғалар автордың сөзімен көрсетіле бастайды.
Бәсең  дауыспен әсерлі марштар орындалып тұрады.
Автор сөзі: 1914 жылы басталған бірінші дүниежүзілік соғысқа Ресей империясының қатысуы елдің барлық аймақтарына өз ауыртпашылықтарын әкелді. Соғыстың ұзаққа созылуы Ресей империясына қарасты барлық өлкелерде оның ішінде оның ішінде Қазақстан жерінде жалпы халықтың кедейлене түсуіне, жоқшылыққа ұшыратты. Осындай қайшылықтардың соңы Ресейде Ақпан және Қазан төңкерістеріне апарып соқтырды. Патша тақтан тайдырылып, Уақытша және Кеңес өкіметтері құрыла бастады.
Осы оқиғалар сол кездегі қазақтың алдыңғы қатарлы саяси қоғам қайраткерлерінің  қазақ елінің болашағына деген алаңдаушылығын оятты.

1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері. Орынбор  қаласында 2-ші жалпықазақ съезі өткізілді.

Сахнаға делегаттар жинала бастады

Мұхамеджан Тынышбаев:  Құрметті делегаттар! Съезд делегаттары толық жиналғанша Мірағадан (Міржақып) «Оян қазақ» өлеңін өз аузынан айтып берсе екен деп сұраймын. Қалай қарайсыздар?
Дауыстар:                  Айтсын, айтсын, рухымыз көтерілсін.

Міржақып Дулатов: Осындай қуанышты күндері неге айтпасқа, Мұхамеджан қарағым айтайын   (өлең көтеріңкі күймен оқылады)

Дауыстар:                  Жарайсын, бәрекелді

Залға 3-4 делегаттармен Әлихан кіріп келеді.

Дауыстар:                  Әлекең келеді. Көш бастар арысым осы

Сұлтанмахмұт ортаға шығып:         

  Көш бастаған еріміз!
  Қуанышты еліңіз
 Төбеміз көкке жеткендей
 Көкіректен бүгін кеткендей
 Сізді көріп шеріміз
 Еліңіздің бұл шағын
 Алаш туы һәм бағын,
 Көзбен көріп төленді
 Көптен бергі теріңіз
 Алаш туын қолға алған
Қараңғыда жол салған
Арыстаным келіңіз!

Дауыстар: Оу мынау «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам!» - дейтін алмас ақын Сұлтанмахмұт қой. Жаса, ақыным.
Әлихан:                      Рахмет, Мақмұт інім, шығар биігің көп болсын. Ал, құрметті делегаттар, съезд жұмысын бастайық. Съездің күн тәртібінде «Алаш» партиясы мынандай мәселелерді қарауды ұсынады. Алаш партиясы атынан Мұстафа Шоқайға сөз
беріледі.
Мұстафа Шоқай: Құрметті делегаттар! Мына мәселелерді ұсынамын:

1.     Қазақ елінің аумағында Алашорда автономиясының республикасын құру туралы
2.     Республикаға басшылық жасайтын үкімет-Ұлттық Кеңес құру туралы
3.     Үкімет төрағасын сайлау және көптеген маңызды мәселелер қаралады.
Ағайындар, алдымызда соқпағы мен бұралаң жолы көп тарихи кезеңдер келе жатыр. Ішкі Ресейде Петроградта, Мәскеуде Уақытша үкімет пен большевиктер Кеңестері билікке таласуда, Ресей халқы екіге жарылып, ақ гвардияшы-қызыл гвардияшы болып, бірін-бірі жұлып жеуге дайын тұр. Ал біз ат төбеліндей қазағымызды осындай қанды тартыстардан алып қалуға міндеттіміз. Қазірдің өзінде ортамыздағы Алашқа белгілі азаматтар Әліби Жанкелдин, Аманкелді Иманов, Тоқаш Бокин, Тұрар Рысқұловтар большевиктер Кеңесіне бет бұруда. Халқымыз айтқан «Бөлінгенді бөрі жейді» деген, азамат соғысын Ресейдің ішкі ісі деп қарау керек. Біз өз елімізді, өз Алашымызды тарихтың тезіне салмай, өз тағдырымызды өзіміз шешетін үкімет құруды ұсынамын.

Мұңды мелодия ойналып, сахна жабылып, 1920-37 жылдар арасындағы Қазақстандағы түрлі зұлмат, қуғын сүргіндер туралы кинокадрлар көрсетіліп, автордың сөзі оқылып тұрады.

Автор: 1917 жылдың 5-13 желтоқсанындағы өткен 2-жалпықазақ съезі көптеген тарихи шешімдер қабылдады. Ең маңыздысы Қазақстан аумағында Алашорда автономиясы құрылды. Құрамында 15 делегаттан сайланған Үкімет төрағалығына бірауыздан Әлихан
Бөкейханов сайланды. Алашорда автономиясының орталығы болып Орынбор қаласы
жарияланды. Жалпы Алашорда құрамына сайланғандар қазақтың сол уақыттағы жоғары
білімді, көзі ашық, төрткүл әлемде болып жатқан өзгерістерден хабары бар зиялы
қауым өкілдері болатын. Олардың арасында заңгер де, экономист те, инженер де,
дәрігер де, педагог та болды. Өкінішке орай, Кеңес өкіметі күш алып, барлық елді
мекендерде өз биліктерін орната бастады. Болшевиктік көсемдер Алащорда
үкіметінің бағытын өздерінің әміршілдік-әкімшілдік билік жүйесіне қауіпті деп
санап, оларды қудалай бастады.

Келесі көрініс: НКВД түрмесі. Тергеуші столы, алдында басы таңылып, қанға боялған Әлихан отыр.
Тергеуші: Қалайсың! (мысқылмен) Есімің-Әлихан, тегің-Бөкейхан, неғылған қаптаған хандар. Хандықты көкседің бе, сұмырай! Болшевиктер билігін құлатқың келеді ме? Қане айт қандай ұйымдар құрдың? Жақтастарыңның есімін ата!
Әлихан: Қарсы ұйым құрған ешкім жоқ, тек біз өз жерімізде, өз елімізде ұлтымыздың жерін, суын,дінін, тілін сақтап қалуды армандадық.
Тергеуші: Жап аузыңды! Шеттеріңнен елім, жерім, тілім деп сайрауға мықтысыңдар. Болшевиктер билігі деген орыстың билігі екендігін неге түсінбейсің, ей сорлы? Ей, конвой, Ахмет Байтұрсыновты алып кел, екеуін қосып сайратайық. Қазақ алфавитін жасаған дейді, көрейік мықтыны. Есіктен  Ахмет кіреді, оның да азапталғаны көрініп тұр.
Әлихан: Ахмет! Бауырым!
Ахмет : Әлеке (құшақтап өлеңдете бастайды)
Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға, тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай.
Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,
Түнерген төбемізден бұлт арылмай.
Тергеуші: Тоқтат, ей екі мұңлық! Қылмыстарың дәлелденді. Кеңес өкіметіне қарсы шығып, хандық құрмақ болдыңдар. Енді сендердің істегендеріңді КСРО Жоғары соты қарайтын болды. Так что, көрлерің қазулы тұр, ұлтшылдар! Конвой алып кет мыналарды.
Конвой ақырып жекіріп, түйгіштеп алып кетеді. Сахна жабылып, мұңды мелодия ойналады. Экранда репрессия құрбандарының есімдері көрсетіліп, бейнелері беріліп жатады.
Автор: Алашорда қозғалысына қатысушылар түгелдей Сталиннің әміршіл-әкімшіл жүйесінің құрбаны болды. 1937 жылы 27 қыркүйекте КСРО Жоғары соты әскери  алқасы «Кеңеске қарсы күресті, террористік орталықпен байланысы болды» деген негізсіз себептермен үкім шығарып, қазақтың аяулы ұлы Әлихан Бөкейханов ату жазасына кесілді. Музыка тынып қалып, қайта өршелене ойнайды, бірте-бірте бәсеңдеп, экранда мынадай мазмұнда: 30 жылдардағы ашаршылық, қуғын-сүргін, Ұлы отан соғысы, тың игеру, Семей полигоны, Арал апаты, Горбачев заманы, бос қалған магазин сөрелері, кезекке тұрған адамдар, т.б. бейне кадрлар көрсетіліп тұрады.
Автор: Ұлт азаттығын аңсаған Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафалар атылып, қуғын сүргінге ұшырағанымен, олардың асыл армандары мен мұралары ондаған жылдар бойына кейінгі ұрпақтардың бойына тәуелсіздікке деген бас тігу дәнін сеуіп кетті. Араға
көптеген жылдар салып, 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік дәні қайта көктеді.
Сахнада алаңда тұрған бір топ жастар, қолдарында плакаттар (Д.Қонаев суреттері) және ұрандар (Әр ұлтқа өз көсемі) шулап, қол сермеп тұр.
Дауыстар: -Қашанғы өз елімізде өз көсемімізді сайлай алмаймыз?
-Тіліміз жойылып, мәңгүрт болуға айналдық!
-Алматыда қазақтарға пәтер бермейтін болды!
-Бізді қашанғы басына береді?
Солдаттар келеді, қолдарында резина таяқ, спер күрегі.
Командирі (айқайлап) : -Тараңдар, әйтпесе күш қолданамыз.
Жастар(шулап): -Тарамаймыз, бізге жауап берсін!
«Менің Қазақстаным» әнін шырқайды.
Солдаттар тап беріп, ұрып-соғып, қуып таратады. Осы кезде экранда желтоқсан оқиғасы туралы кинокадрлар көрсетіліп тұрады. Сахна қайта ашылып, мұңды мелодия ойналады.
КГБ тергеушісі алдында Қайрат Рысқұлбеков отыр. Басы таңылған, азапталған.
Тергеуші: Слушай, сен ақымақ қазақ, сені алаңға кім шығарған? Жастарды қоздырып жүрген кімдер? Кәне сөйле!
Қайрат: Азамат тергеуші, мені алаңға шығарған өз жүрегімнің қалауы, қорланған тілімді, дінімді көріп оянған намысым!
Тергеуші: Қалай түсінбейсіңдер, жарты әлемге әмірін жүргізіп отырған Мәскеу билігіне қарсы шығатын сендер кімсіңдер? Сорлылар тұқымдарыңмен тоз-тоз болсыңдар!
Қайрат: Қайрат деген атым бар!
Қазақ деген затым бар!
Еркек тоқты құрбандық!
Атам десең атыңдар!
Тергеуші: Мә, саған еркіндік, мә саған тәуелсіздік (ұрып, тебе бастайды)
Конвой, мынаны карцерге тастаңдар, құрт-құмырсқа жесін!
Ес-түссіз Қайратты сүйретіп алып кетеді. Тағы да мұңды мелодия ойналып, кадрлар көрсетіле бастайды. (Желтоқсан желі, Қара бауыр қасқалдақ ойналады)
Автор: 1986 жылдың 17-19 желтоқсан күндерінде Алматыда болған көтеріліске қатысушы қазақ жастары қуғын-сүргінге ұшырады. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сияқты қайсар ұл-қыздары құрбан болды.
Әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы Қазақстанда болған желтоқсан көтерілісі іле-шала 1988-1991 жылдары Бакуде, Вильнюсте, Москвада болған көтерілістерге түрткі болып, Кеңестер Одағының  таратылу кезеңін жақындата түсті.
Сахнада үй ішінде қарт атасы мен әжей отырады. Қолдарында кішкентай немересі. Немерелерін қызықтап, айналып толғанып отырады.  Кенеттен есік ашылып, мектеп жасындағы немересі «Сүйіншілеп» айұайлап кіреді.
Немересі: Сүйінші ата! Сүйінші әже!
Ата, әжей: Не болды қарағым? Я, АЛЛА қолдай көр!
Немересі: Сүйінші ата! Тәуелсіздік! Біздің ел тәуелсіздік жариялады!
Атасы: Не дейді қарағым? (Қолын жайып жоғары қарап)көз жасымызды Алла көрген екен ғой, әй бәйбіше ақ түйенің қарны жарылды, көшеге шығайық. Шашуыңды ал, шашуыңды!
Сахнаға барлық қатысушылар шыға бастайды, «Елім менің Аңсаған!» әні орындалады. Шулаған дауыстар:
-Тәуелсіздік жасасын!
-Қазақ елі мәңгілік болсын!
-Шашу, шашу!
Экранда қазіргі Қазақстан.
Автор: 1986 жылдың 16 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады.
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік таңы арайлап атты!

...