Қазақ тіліндегі республикалық құқықтық алғашқы басылым. Алғашқы саны 1994 жылы 3 қарашада жарық көрді. Тұңғыш редакторы - М.Тоқашбаев. Газетте ҚР Президентінің Жарлықтары мен өкімдері, халыққа Жолдаулары, ҚР Парламенті қабылдаған заңдар, Үкімет қаулылары жарияланады. Көлемі 4 баспа табақ. Таралымы 17000 дана(сол кездегі). Бүгінде жалпы таралым - 40640. Республиканың саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріндегі жаңалықтар мен өзекті мәселелер туралы мақалалары арқылы газет жұртшылықты құқықтық реформаның жүргізілу барысымен таныстырып келеді. Әрбір мақаласымен халықтың құқықтық санасын арттырып, заңды білуіне үлес қосты. Бұл басылымда белгілі заңгер Н.Шайкеновпен қоса академик, заң институтының алғалқы ректоры С.Зиманов та қызмет атқарып, заңдарымыздың мәні мен мазмұнын, ролін халыққа жеткізуде шын мәніндегі насихатшы, үгітші, ұйымдастырушы ретінде зор үлес қосты. Ирак Елекеев «Заң газетін ашу арманымыз еді» атты мақаласында: «Сонда ғой «құқық» деген сөздің алғаш қолданысқа енгені. Өзіміздің бұрын заң жасау тәжірибеміз болмағандықтан заң терминдерін қазақы қалыпқа түсіру оңай болған жоқ. Пікір қайшылығы, көзқарастардың сәйкеспеуі жиі орын алатын. Солардың бір парасы осы «құқық» сөзі төңірегінде өршіді. «Бұл қайдан шыққан сөз? Құқық деп тұтығудың қажеті қанша?» деген сөздер айтылды. Алайда, осы сөздің қолданысқа енуіне қарсы болған небір мықты тіл саласының маманы мен ғалымы «право» деген орыс сөзінің «құқықтан» артық баламасын таба алмады. Ақыры, осы сөз заңның төл термині секілді қолданысқа еніп кетті». Газеттің мынадай айдарлары бар: «Бүгін», «Құқық», «Әлеумет», «Қазына», «Адвокат», «Биік мінбер», «Демография», «Алқа», «Ашық әңгіме», «Оқырман хаттары», «Заң тәпсір», «Безбен», «Қоғам», «Төртінші билік», «Аймақ», «Шартарап», «Ізкесер», «Руханият», «Соңғы бет», «Спорт», «Эксклюзив», «Нормативті құқықтық актілер».