Балалардың сөйлеуі, дауысы, дикциясы
Сөйлеу техникасы.
Көркем сөз оқу өнері сөйлеу техникасын әбден меңгеруді талап етеді. Сөйлеу техникасы сөйлеу мүшелерінің қызметімен тығыз байланысты. Сөйлеу техникасына жақсы жаттықпаған адам, дағдыланбаған адам көркем шығарма тексін тыңдаушыларына ауызша, мәнеріне, нақышына келтіріп жеткізі алмақ емес. Сөйлеу техникасын игеру тәсілі музыкалық аспаптарды күйіне келтіру сияқты. Егер аспап күйіне келмесе орындалатын шығарманың әуезділік сапасы төмендейді, тыңдаушылардың құлағына жағымсыз тиеді. Демек, тексті оқыр алдында сөйлеу техникасына біршама көңіл бөліп, дайындық жұмысын жүргізу қажет.
Сөйлеу техникасына;тыныс алу, (ауаны ішке жұту, сыртқа шығару, ) дауыс, дикция жатады.
Мәнерлі сөйлей білу мен оқи білу деңгейіне көтерілу үшін, тілдің дыбыс шығаратын мүшелерін көп жаттықтыру, сөйлеу техникасын жақсы біліп, игеру міндеті қойылады. Бұл мәселеге қазақ тілінің фонетикасын өткенде, дыбыстардың шығу, жасалу орнына айрықша көңіл бөлінеді. Сөйлеу мүшелері және оның дыбыс жасаудағы қызметі баса айтылады.
Мектеп жасына дейінгі балдырғандардың дыбыстау мәдениетін тәрбиелеу жөнінде арнайы оқу құралы қазақ тілінде жоқ, сондықтан қазақ тілі дыбыстарының жасалу жолдарын жоғары оқу орнына арналған оқулықтан қараңыздар.
Тексті мәнерлеп оқушы, әңгімелуші сөйлеу техникасына ұдайы, үздіксіз жаттығып, дағдылануы тиіс. Сонда ғана дикциясын жетілдіреді, сөйлегенде дұрыс тыныс алуға әбден машықтанады, әдеби тілдің дұрыс дыбысталуына төселеді.
Сөйлеу аппаратының мүкіссіз болуы мәнерлеп оқу мен оның техникалық жағының дұрыс ұйымдастырылуының негізгі шарты болмақшы.
Сөйлеу аппараты
Сөйлеу аппаратына дыбыстау мүшелері жатады.
Дыбыстау мүшелері; өкпе, тамақ, көмей, дауыс шымылдығы, тамақ қуысы ауыз қуысы, мұрын қуысы, тіл, бөбешік, (кішкене тіл) тіс, ерін, иек т. б.
Өкпе-тыныс мүшелерінің бастысы. Өкпе көрік сияқты, бірде ауаны сыртқа теуіп, бірде ауаны ішке тартып тұрады. Өкпеден шыққан ауа тыныс алатын кеңірдектің өкпеге қосылатын тарамдарынан (бронхи) тамаққа, одан көмейге, көмейден жұтқыншақ қуысына келеді де, одан әрі ауа не мұрын қуысы, не ауыз қуысы арқылы өтеді. Сөйтіп, тыныс мүшелері қызметінің бірі-дем шығару, екіншісі демді ішке тарту болады.
Тамақ. Дауыс шымылдығы. Тамақ-кеңірдектің кеңейген жоғары тұсы. Дауыс шымылдығы көмейде болады. Дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болып, үн шығады. Көмейдің үстіңгі жағында жұтқыншақ қуысы бар. Бұл ауыз қуысы және мұрын қуысымен жалғасады.
Дыбыстардың айтылуында ауыз қуысы мен мұрын қуысы жаңғырық қосып, резонаторлық қызмет атқарады.
Кейбір үнді дауыссыздар(м, н, ң)мұрын қуысы арқылы жасалады. Ал дыбыстардың басым көпшілігінің жасалуында ауыз қуысы айрықша қызмет атқарады. Тілімізде дауысты фонемалардың түрлі-түрлі болып келуі, әр алуан түрге бөлінуі ауыз қуысындағы жаңғырықпен байланысты. Сол сияқты дауыссыз фонемаларды жасауда да ауыз қуысы резонатор болып, оларға түрлі өң береді.
Дыбыстау мүшелерінің бір бөлігі жылжымалы келеді. Олар-актив мүшелер. Бұлар түрленіп, құбылып тұрады. Алуан түрлі дыбыстардың барлығы актив мүшелердің қыймылы арқылы жасалады.
Тіл дыбыстарын, олардың жасалу түрлерін толық түсіну үшін, дыбыстау мүшелерінің қызметін жақсы білу шарт. Дыбыстардың анатомиялық-механикалық жақтарын білудің теориялық мәнімен бірге практикалық маңызы да бар.
Дыбыстау мүшелерінің қызметін түбегейлі білгендер ана тілінің де, өзге тілдің де дыбыстарын, сөздерін қатесіз, дұрыс айтады. Қиналмай меңгереді.
Жылжымалы актив мүшелерге;
1)тіл жатады. Тіл өте жылжымалы мүше. Тілдің бірде ілгері, бірде кейін жылжуынан, бірде жоғары көтеріліп, бірде төмен түсуінен, сондай-ақ оның артқы шені, орта шені ұшының қимылынан әр түрлі дыбыстар жасалады. Тілдің ұщы жоғары тіске тиюінен тіс дыбыстары(т. д. . ) ал тілдің артқы шенінің артқы таңдайға жуықтауынан тіл арты дыбыстары(қ, ғ, к, г) жасалады. Дыбыстар осылай тілдің өзге мүшелеріне тиюі, не жуықтауына қарай соның атымен топтастырылады. Ал тілдің артқы таңдайға қарай жиырылып, бүктеліңкіреп айтылуынан жуан дауыстылар(а, ы, о, ұ, у) алдыңғы жағына жуықтап айтылуынан жіңішке дауыстылар(ә, е, і, ұ) жасалады.
2)Ерін. Дыбыс шығаруда астыңғы ерін мен үстіңгі еріннің қызметі басым. Екі еріннің жымдасуынан б, п дыбыстары пайда болса, бірде астыңғы еріннің тіске қақтығысуынан ф, в дыбыстары жасалады, ал еріннің бірде дөңгеленіп, бірде тартылуы арқылы түрлі дыбыстар, айталық ұ, о дыбыстары жасалады.
3)Таңдай. Дыбыстың жасалу орнына қарай алғы, орта, артқы таңдай болып бөлінеді. Алғы таңдай күрек тіс тұрған қызыл иекпен (альвеолмен)ұштасады. Дауыссыз дыбыстардың осы альвеол арқылы да жасалатындары бар.
4)Иек. Иек(мұнымен ұласып жатқан тіл)төмен түскенде, ауыз кең ашылады да, жоғары көтерілгенде, ауыз тар ашылады. Осыған орай қазақ тілі дауыстылары ашық (а, ә…)қысаң (ы, і…)болып бөлінеді.
Мұрын қуысы арқылы м, н, ң үнді дауыссыздары жасалады. Ал басқа дауыссыздар мен дауыстылар айтылғанда, фарнациялық ауа ауыз жолы арқылы шығады.
Сөйлеу техникасына төселу жолдары;
Дұрыс тыныс ала білу, дауысты жаттықтыру, дикцияны (үн реңкін)қалыптастыру.
Тыныс (демді ішке тарту, дем шығару)
Сөздің айтылуы(естілуі) тыныс мүшелері арқылы іске асады. Дауыстың таза, әсем шығуы және түрлі реңкте құбылуы дұрыс тыныс ала білуге, яғни ауаны ішке жұту сыртқа шығарумен байланысты. Сөйлер алдында ауаны ішке жұту керек. Демді ішке тартқанда өкпе ауаға толады да, көкірек қуысы кеңейеді, қабырға көтеріледі, ал диафрагма (көк ет) төмен түседі. Ауа өкпеде іркіледі де, сөйлеу кезінде біртіндеп үнеммен сыртқа шығады.
Тыныс алудың үш түрі бар. Олар-диафрагма арқылы, көкірек арқылы, қабырға арқылы тыныс алу.
Тыныс алуда диафрагманың ролі күшті. Ауа өкпеге мол кірсе, диафрагма көтеріліп, дем тереңдейді, ал дем шығарғандаол қаз қалпына түседі. Мұны диафрагмалық тыныс алу дейді. Көкірек арқылы тыныс алғанда, қабырға мен иық көтеріледі де, дем шыққанда төмен түседі. Қабырға арқылы тыныс алғанда, көкірек клеткасы кеңейеді, қабырғалардың қозғалысы өзгереді.
Тыныс алу еріксіз, ерікті болып бөлінеді.
Еріксіз тыныс алу дегеніміз-демді ішке жұту, дем шығару, шұғыл кідіріс жасау. Бұл кәдімгі сөйлеу процесінде болады.
Ерікті тыныс алу дегеніміз-демді ішке тарту, кідіріс жасау, дем шығару. Тыныс алудың бұл түрі көркем шығарманы мәнерлеп оқуда, айтуда қолданылады. Демек, тыныс алуды адам өзі реттеп, қалауынша жұмсай білуі керек.
Демді сыртқа мүлде сарқа шығармаған дұрыс. Немесе демді ішке алғанда иықты көтермеу керек. Табиғи толас кезінде ауа өкпеге тыныс жолы арқылы елеусіз кіреді де, көкірек пен қабырғаның, жоғары жағы көтеріліп, қозғалыссыз қалыпта тұрады, тек диафрагма арқылы ерікті тыныс алу делінеді.
Тәрбиеші-педагогтардың есте сақтайтын жайлары;
Сөйлеу аппаратан күте білу керек. Қандай бір жақсы дауыс болмасын оп-оңай бұзылады. Дауысты бұзып алмау үшін, мынадай ережені мұқият сақтаңыздар;
1) Әркім өзінің табиғи даусымен сөйлеуге тиіс. Айқайлап, тым қатты сөйлемген дұрыс. Бұл-сөйлеу аппаратын бұзады.
2) Тамақ кеберсіп, жыбырлағанда жөтелмей, аздап су ішіп жіберген жөн.
3) Ұзақ сөйлеп, не ұзақ өлең айтып дауысты шаршатпаған абзал.
4) Тамақты суыққа шалдырмаған дұрыс. Денең қызып, не терлеп тұрғанда суық су ішпеу, балмұздақ жемеу, аязда терең дем алмау және аз сөйлеу керек. Тамаққа суық тиген жағдайда мүлдем сөйлемеген дұрыс. Салқын, ылғалды ауада өлең айтпау керек.
5) Мұрын жолының ауруынан сақтаныңыздар. Дауыс пен тыныс аппаратының аз да болса ауырғанын байқасыңыз, дәрігерге көрініңіз.
Сөйлеу мен дауыстап оқу кезіндегі ерікті тыныс алуға сәйкес жаттығып төселуге болады. Алғашқыда дағдылану, жаттығу, мұғалім басшылығымен өткізіледі. Одан кейін жаттығуды өз беттеріңше жүргізуге болады.
Дауыс
Сөз сөйлеуге дауыс қатысады. Дауыстың естілуі-психо-физиологиялық әрекеттің нәтижесі. Оны әрбір сөйлеушінің даралық қасиеті, эмоциясы, еркі бағыттап отырады. Сөздің естілуі тыныс алумен тығыз байлынысты. Адам сөйлеуге ыңғайланғанда, ең алдымен ауа жұтады, одан кейін барып біртіндеп ауаны сыртқа шығарады. Дауыс шымылдығының керіліп, жиырылуының нәтижесінде дауыс пайда болады, бірақ ол солғын шығады.
Әркімнің өз даусы(дауыс нақышы)болады. Осыған қарап сөйлеп тұрған адамды көрмей-ақ даусынан тануға болады. Негізгі дауыспен бірге бірнеше қосымша дауыс тоны-(сарыны)-обертондар да болады. Ол сөйлеушінің тамақ , мұрын қуысының құрылысына байланысты шықпақ. Осындай обертондар арқылы адамның жеке-дара даусы жасалмақ, үні таза шығады.
Дауыста оның биіктігі (дыбыстау ырғағы)ұзақтығы ұшқырлығы екінші сөзбен айтқанда, дауыстың алысқа шырқалу бейімділігі, басқа дыбыстардың ішінен айрықша ерекшеленуі айқындалады.
Егер айналадағылардыңсөзі мен өз сөзіңізді тыңдап бақыласаңыз, дауыс дыбыстың әр түрлі биіктігі мен жылысатынын байқайсыз. Өстіп негізгі дауыс тоны (сарыны) бір көтеріліп, бір бәсеңдеп ауытқиды да, орташа қалыпқа (регистрге) түседі, тағы осылайша қайталанады…Бірақ бұл қалай болса солай емес, белгілі заңдылықпен жылыса отырып, сөйлеу мелодикасын (әуенін) түзеді.
Дауыстың жоғары, орташа, төмен ырғақты жеңіл жылыса алуын дауыс икемділігі дейді. Көркем сөз орындаушы, нақышына келтіріп әңгімелеп беруші үнін жетілдіре отырып, өз даусының мүмкіншілігін байқап, диапазонын анықтап, ширақ шығуын жаттықтыруы керек.
Тексті оқу немесе әңгімелеп беру кезінде дауысқа күш түспеген жөн, сонда ғана оның жұмсақ, жылы лебі немесе керісінше, қатал, салқын үні нақышталады.
Дикция (үн реңі)
Тәрбиеші-педагог өз сөзін анық, айқын айтуға тиіс. Оның сөзі-балаларға үлгі, сәбилер тәрбиеші-педагогтарға еліктейді, кейде қате айтқан сөзін де ұғып алады. Сондықтан тәрбиеші-педагог өз сөзіне мұқият болып, өте тез асығып сөйлеу сияқты кемшіліктерді жібермей байқап отыруды дағдыға айналдыруы керек.
Анық, таза сөйлеу дәрежесіне үнемі артикуляциясын жаттықтыру арқасында жетуге болады, яғни сөйлеу мүшелерінің қажетті дыбыстарды айтуға ыңғайлап, бір қалыпты қозғалуы мен поэициясы жағдайында ұстау. Бұл жаттығулар еріннің қимылына, жақтың жылдам ашылуына, тілдің жылжымалығына, кей дыбыстарды (р, ш, с ) дұрыс айтуға дағдыландырады, тез сөйлегенде, созып сөйлегенде т. б. кездесетін кемшіліктердің болмауына көмектеседі.
Дыбыстардың сөйлеудегі артикуляциясын қазақ тілі сабағында фонетиканы өткенде жетілдіреді. Фонетиканы жақсы білу дикцияны түзеуге берілген жаттығуға көмегін тигізеді.
Дұрыс дыбыстауға жүргізілетін жаттығулар алғашында мұғалімнің басшылығымен жүргізіледі де, кейін оқушылар өздері әбден дағдыланып, сөйлеуде жіберілетін қатені де тауып түзейтіндей жағдайға жеткенде, өз беттерінше шұғылданады.