Бақытсыз Жамал романының қысқаша мазмұны керек?

+2 дауыс
307k қаралым

Бақытсыз Жамал романының қысқаша мазмұны, кейіпкерлеріне мінездеме керек?

Міржақып Дулатовтың "Бақытсыз Жамал" романының қысқаша мазмұны

Саумалкөл маңында отырған Сәрсенбай ауылына ұлықтар келіп, ауыл абыр-сабыр күйге түседі. Осы бір кезде байдың шаңырағында шыр етіп сәби дүниеге келіп, Сәрсенбай қызды болады. Нәрестенің есімін Жамал қояды. Жамал бала күнінен ақыл-ойға жүйрік болып, молдадан сауат ашып, хат танып, өзгелерен бір төбі тұрады. Сымбаты да бөлек қыздың алғырлығымен қатар ақындығы да бар еді. Ол бой жеткенде ауыл жігіттерінің көзі түсіп, сөз жарастыруға дімелене бастайды. Ондай пысықай жігіттерге Жамал бет бұрмай, сөйлетпей тастайтын еді. Дара өскен Жамал қыздың атағы басқа ауылдарға тарап, ел арасында "Сәрсебайдың бек көркем қызы бар" екен деген жүреді. Бұл сөз Байжан байға да жетіп, ол өзінің топас та нашар баласы Жұманға Жамалды алып бермек болады. Оның байлығына қызыққан Сәосенбай ниетіне қарсы болмай, қызын беруге келісім береді. Сөйтіп екі жақ уағдаласып қояды. Болашақ күйеуінің қандай жан екенінен хабардар болған Жамал оны жақтырмай жүреді. Қыз анасы да қызын Жұманға беруге қарсылық танытса да, әкесі олардың қарсылығына да, көңіліне де қарамайды. Сондай бір күндерде ауылда жиын-той болып, жастар бір отауға жиналады. Жиында бітімі де, сымбаты мен сәне де, сөзі де бөлек жігіт Ғали да болады. Жастар айтысып, көңіл көтеріп отырғанда Ғали мен Жамалдың бір-біріне көңілі түсіп, сөзі жарасады. Бірін-бірі ұнатқан екі жас ән арқылы шерін тарқатады. Уағдаласқан мерзім жетіп, Жамал ұзатылатын күнге жеткенде Ғали мен Жамал қол ұстасып, қашып кетеді. Екеуінің артынан қуғыншылар түседі. Елден қашқан қос ғашық Ғалидың шалғайдағы туыстарының үйін паналайды. Екеуі бас қосып, бақытты тірлік кешіп жатқанда,аяқ асты Ғали ауырып, дүние салады. Ғали бақилық болғаннан кейін, Жамалды Жұманға қосады. Ол үйдегілерден теперіш көріп, ауыр тіршілік кешкен Жамал қыс ішінде үйінен қашып шығып, Ғалидың бейітнің басына барады. Тағдырына нала болған қыз сүйгенінің бейітінің басында жылап жатып көз жұмады.

• Санаты: Қазақ тілі
өңдеді | 307k қаралым

4 жауап

+2 дауыс
Жақсы жауап

«Бақытсыз Жамал» романы туралы бірер сөз

Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің бұл жанрдағы тұңғыш жетістігі, тұңғыш роман. Әдеби ортада өзінен кейінгі көтерер жүгі, мақсатты мен бағыты бір көптеген романдарға алғышарт болды. Тек көркемдік жағынан ғана емес, тіл, форма жағынан да біраз дүниелерге сара жол болғаны анық. Роман алғаш жарық көргеннен бастап қазақ әйелдерінің бас бостандығының жаршысына айналды. 1910 жылы Қазанда басылып шыққан кітап қолдан-қолға тимей қазақ арасына тез тарап кетті. Сауаттысы жатып кеп оқып көзіне жас алса, сауатсыз халық сол оқығандарды жағалай отырып тыңдайтын. Сора-сора жас алып, өз бастарындағы жағдайды жіте көріп, сезіне жәбірленетін. Негізгі өзек әйел бостандығы болған соң әйел қауымы өре түрегелді. Талай басыбайлы әйел затына ой салғаны анық. Осы әйел бостандығын екі жас (Ғали мен Жамал) арасындағы махаббат мәселесі арқылы беру, романның оқырманның жанына жол тапқан кілті десек қателеспейміз. Бұл сөзімізді қаламгердің қызы Г. Дулатованың «Ардақтап өтем әкемді» атты естелігінде (Жұлдыз, 1990, 6 сан)  былай дейді: «...Бұл кітабы да елге тез тарап кетті, бізге көршілес тылдан келушілер сылтау тауып, қалап әкететін болды. Жамалдың өлеңмен баяндайтын аянышты өмірінен қыз-келіншектер өз бастарынан кешкен қайғысын, мұң зарын көрді. Романды оқығанда олар көз жастарын тыя алмай, уһілеп отыратын. Үлкендер жағы кешкі отырыстарда «Бақытсыз Жамалдың» хикаясын әңгімелесе, жастар жиын-тойларда кітаптағы өлең жырларды әнге қосып айтатын».

Роман сол кездің өзінде екі рет басылып (1910, 1914) шыққандығының өзі көп дүниені айтқандай. Сол заман, сол кездің саяси көзқарасымен қарағанда бұндай тақырыптағы роман екі рет қатарынан басылу ел қалауы, талабы екендігі анық. Содан бері басылып келеді. Әлі басылып келеді. Оқырманын әсте жоғалтқан емес.

Енді романның көркемдік жағына ойыссақ. Қандай шығарма болсын өз заманында, өз әлеуметтік ортасында құнды болмақ. Заманың қалай болса жасар амалың да солай болмақ. Әр әдеби туынды, көркем шығарма өз заманының көркем бейнесі. Жоғын жоқтап, барын түгендейтін жансыз жанашыры. Дәл қазір бұл романның көркемдігін осы заман талабымен, талғамымен көрсете алмасымыз анық. Ол заман келмеске кетті. Роман формасы да өлеңмен басталып, қара сөзбен өріледі. Осы тұста автордың ақындық қасиетін баса айтып кеткен абзал. Роман әр тұсында жаңа бір белес, жаңа сюжет желісіне ауысқанда өлең арқылы ауысып отырғанын байқаймыз. Ғалидың да Жамалдың да аузына автор ішкі сезімін, толғанысын өлеңмен салып отырған. Мысалы, Жұманға атастырып, малға сатып жіберген ата-анасына ренжіп былай дегені бар:

Мен қайран ата-ананың сатқанына,

Бір тазды жалпақ елден тапқанына.

Атама мен не жазып ем қор қылғандай,

Болмаса бір мінезім жақпады ма?  - деген бір ауыз өлең күллі қазақ қызының арызы іспетті. Тағы бірде:

Сен үшін бір басымды еттім құрбан,

Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап, - деп шын ғашығы Ғалиға берген сертін байқаймыз. Осы тұстан екеуінің жаңа тауықыметті өмірі басталады.

Романда өзінен кейін әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан тәсіл - хат. Ғали мен Жамалдың бір-біріне хат жазып хабар алысып, бағыт-бағдар алысқаны бір дара мотив екендігі белгілі.

Романда екі жастың басты жауы, қасіреті мен қайғысына бастауы болған Байжан мен санасыз Әке Сәрсенбайдың портреттері мен қоса Ғали мен Жамалдың портреті шебер жасалған. Біріне тоқталсақ, автор Ғалидің портретін жасауда біршама суреттеуге барады. «Бұл жігіт орта бойлы, қияпатты, азырақ бетінде қорасан дағы бар, жаңа мұрт шығып келе жатқан, сөйлеген сөзі сыпайы, әдепті, киімі ноғайшалау, Ғали есімді бір зат еді. Көлденеңнен қарап салыстырғанда бұл үйдегі жігіттердің афзалы Ғали, қыздардың афзалы Жамал секілді көрініп, екеуінің қатар отырулары бек жарасып кетті». Романда Ғалидің даралық бейнесі уақыт өткен сайын өсіп отырады, өсіп отырады. Жиын-отырыстарды. Ауыл арасындағы адамдардыңжиі мақтаулары мен ауызға алулары биікке көтеріп отырады. «Оқыған... білімді... өнерлі... көзі ашық... келбетті...» деген сияқты.

Ал Жамалдікі даралық образға романның бел ортасына жетпей көтерілген. Оның зеректігі, алғырлығы, асқан сұлулығы, шешендігі, туралығы бәрі-бәрі дара, типтік образға жеткен десек те болады. Тең теңімен, тезек қабымен. Теңіне жете алмай кеткен талай қазақ қыздарының тағдыры жатыр.

Қорыта айтқанда М. Дулатов «Бақытсыз Жамал» романын жазу үстінде қазақтың өзіне дейінгі дәстүрлі әдебиетіне сүйенген. Орыстан, батыстан үйренді десек мықтап қателесеміз. Қазақтың арыдан беріге дейінге фольклоры мен маржан әдеби жауһарлары тоғысып романның көркемдік тіліне, стиліне, формасы мен құрылысына қызымет еткен. Жаңғыртып, дамытып, өзіндік ізденіспен қанаттандырған.


өңдеді
0 дауыс
Бакытсыз Жамал романына жоспар керек еды
0 дауыс
Шығарманың тақырыбы: Шығармаға арқау болған оқиғалар ХХ ғасырдың басындағы қазақ өлкесінде жиі кездесетін жас қыздардың қалың малға сатылып, сүймеген адамдарына ұзатылуы, олардың теңдік үшін күрес мәселелері суреттеледі. 1910 жылы «Бақытсыз Жамал» романы Қазанда басылып шықты. ЯҒНИ ӘЙЕЛ ТЕҢСІЗДІГІ .

Шығарманың идеясы: Сол кездегі шындық өмірді көрсету, сол шындық арқылы оқырманына ой салу. Қазақ қыздарының тағдырын көрсету.

Объяснение:

ЖӘНЕ МЕН БҰЛ РОМАН АРҚЫЛЫ АБЫРОЙ МЕН МАХАББАТ ЕГІЗ ҰҒЫМ ЕКЕНДІГІН ТҮСІНДІМ. СЕБЕБІ, МАХАББАТ ҚАШАНДА АБЫРОЙЛЫ БОЛҒАНДА ҒАНА БАЯНДЫ БОЛАТЫНДЫҒЫН КЕЙІПКЕРЛЕРГЕ ТАЛДАУ ЖАСАЙ ОТЫРА БІЛДІМ.
0 дауыс
Қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет роман деген жанрлық анықтама қойылып, жарияланған прозалық көлемді туынды – “Бақытсыз Жамал”. Кітап басында ескертпе ретінде берілген:

Қазақтан шыққан талапкер,

Бұл кітапты қарап көр.

Таратуға халыққа оқып,

Боларсыздар себепкер, -

деген жолдардың жалғасы 14 шумақтан тұратын “Сөз басында” таратылып айтылады. Салған жерден автор қазақ халқының құрылымы, тұрмыс-салты, мінез ерекшеліктері, кемшілік, олқылықтары туралы толғана келіп, роман жазудағы өз мақсатын баяндайды.

Міржақып – төмендердің аласасы,

Сезімнің бар ма, жоқ па тамашасы.

Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,

Қазақша бір роман жаза салшы,-

деген авторлық әзіл халық арасына кең тарап кеткен.

Шығармаға арқау болған уақиғалар ХХ ғасыр басында қазақтың кез келген атырабында, кез келген ауылында, кез келген шаңырағында өтуге мүмкін, әркімге таныс, түсінікті, ортақ, етене сипаттары бар, жалпылық мәнді жәйттер. Автор өз тұсындағы әлеуметтік-қоғамдық өмірдің маңызды арналарын адам тағдыры, нақты әрекет, тартыс арқылы көрсетуді мақсат етіп, ой, идеяны ашық публицистикалық түрде емес, бейнелер, образдар арқылы, көркемдік тәсілдермен береді. Бір сөзбен айтқанда, жазушы таза прозалық шығарма, жанр шарттарын толық қанағаттандыратын туынды жасау талабын ерекше ескерген.

Абайдың қарасөздері, Ыбырайдың шағын новеллалары “Дала уалаяты”, “Айқап” беттерінде жарияланған бірен-саран әңгіме үлгілері қазақ топырағында кең көлемді проза дәстүрлерін жасай алмағанын ескерсек, Міржақып – жаңа жанрдың төлбасы.

“Бақытсыз Жамал” романы туралы алғаш пікір айтқан Ахмет Байтұрсынов:

“Қазақта бұрын роман жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман жазып шығарған Міржақып Дулатов болды. Оның “Бақытсыз Жамал” деген романы 1910 жылы басылып жарыққа шықты”, - деді.

Негізгі сюжет желісі басты кейіпкер Жамал тағдырымен сабақтас өрбіп отырады. Шығарма оның туғанынан өлгеніне дейінгі аралықтағы негізгі белестерін қамтиды. Әкесі Сәрсенбайдың мойнына бұршақ салып, құдайдан жалбарынып сұрап алған баласы. Шешесі Шолпан әкесінің бір перзентке зар болып жүріп үйленген екінші әйелі. Қиын-қыстау кезеңде қызы үшін шырылдап отқа түсетін осы байғұс ана.

Заман өзгерістері қазақ ауылына да жаңалық әкелген. Соның бірі қолға молда ұстап, балаларға хат таныту, кітап оқыту. Осындай әрекетке кіріскен адамның бірі – Сәрсенбай. Алақанға салып еркелетіп, тіпті ұл балаша киіндіріп қойған Жамал молдадан бес-ақ ай оқыса да, тез сауаттанып, қара тану үстіне, қисса-жырларды заулатып оқып, ауыл-аймақты аузына қаратады. “Сал-сал”, “Қыз Жібек”, “Зарқұм”, “Қисса уақиға Кербала”, “Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны”, “Ноғай мен қазақтың айтысқаны”, “Ақсұлу”, “Айман-Шолпан”, “Бозжігіт”, “Шәкір-Шәкірат”, Ақмолда, Нұржан, Әбубәкір өлеңдері – бұларды оқу, жаттап алу, жұрт алдында айтып беру арқылы Жамал өзінше бір әдемі, сұлулық, көркемдік мектебінен өтеді. Ата-ана, ауыл-аймақ, дәстүрлі салт-сана әсеріне қоса, кітаби тәрбие жаңа буынның өкілі болып жетіле бастайды. Өзі де жанынан өлең шығаратын дарынды бойжеткен болып көзге түседі, зеректігімен, ақыл-көркімен, шешендігімен ауызға ілінеді.

Сөйткен Жамалдың мойнына қыл тұзақтай болып, әкесі Сәрсенбаймен Байжан арасындағы құдалық келісімі оралсын. Бұрынғы жақсы күндер көрген түстей ғайып болды. Қайғылы, азалы, мұңлы шақ. Сорлы анасы Шолпаннан өзге қол ұшын берер ешкім жоқ. Билік арманы ес ақылын билеп алған әкесі Сәрсенбайды тоқтатар күш жоқ сияқты. Сөйтіп, жұтып, запыран құсып, дерттеніп:

Мен қайран атам малға сатқанына,

Бір тазды жалпақ елден тапқанына.

Аты өшіп, тумай кеткір Жұман деген

Мал беріп мені өзімсіп жатқанына, -

деп көздің жасын көлдетіп жүргенінде, бір тойда жас, оқыған, сыпайы, сұлу жігіт Ғалимен танысады.

Бұл көріністе жазушы өлең текстерін еркін пайдаланады. Дәстүрлі үлгідегі қыз бен жігіт айтысының формасын қолдана отырып, жастың сырын ақтарады. Әуелі сөз алған Ғали алыстан орағыта отырып, өзінің шетте өскенін айта келіп, көпшілік өтінген соң, ұзақ толғауға ойысады.

Жақсы қыз баға жетпес бір гауһар тас,

Он алты, он жетіге жеткенде жас.

Жанаттың пісіп тұрған алмасындай,

Қол жетсе, қандай жігіт ләззат алмас, -

деп бастап қазақы ұғымдардағы сұлу қыздың портретін жасауға тізілген меруеттей отыз тіс, нұрлы жүз, жайнаған көз, қиылған қас, кәмшат бөрік, алтын шолпы, шәрбат, ғашықтық, ақ білек, ақ тамақ, тоты құс тәріздес сөз, ұғымдарды еркін қолданады.

Келесі кезекті алған Жамал:

Сөйле, тілім, шешіліп осындайда,

Құрбыларымен бір жерге қосылғанда.

Отырмассың үнемі төрде бүйтіп,

Еріксіз-ақ қоярсың тосылғанда, -

деп бірден өз жағдайынан хабар беруден бастап, қолға түскен сандуғаштай торға түсетін, малға сатылып, теңіне бара алмай, күң болатын қыз тағдырын тебірене жыр етеді.

Осылай бір-бірімен той үстінде өлең арқылы танысқан екі жас ғашық боп, тез тіл табысып, араға көп уақыт салмай, алма-кезек хат жазысып:

Бір сенсің ғашық отын сөндіретін,

Кім бізді ықтиярсыз көндіретін.

Өлсек шұқыр бір болсын, шықсақ төбе,

Айырмалық болса да өлтіретін.

Бір алла жалғыз өзі болсын айғақ,

Тұралық уағданы бекем байлап,

Сен үшін бір басымды еттім құрбан,

Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап, -

деген Жамал сөздері келіскен тұжырымдай болады.

Сөйтіп, Жүніс, Нұрмаш екі досы көмек етіп, Ғали Жамалды алып қашып, қаладағы саудалас, ниеттес досы татар байы Фатихолланың үйін паналайды. Азды күнгі рахат, бақыт, ләззат дәмін татқан екі жастың қызықты ғұмыры ұзаққа созылмайды. Байжанның қоқан-лоққы, тепкі дүмпуі бұлардың жатқан ұясын шайқар болған соң, жылжып Ғалидың нағашыларын жағалайды. Аяқ астынан ауырған Ғали он үш күн төсек тартып, кенеттен дүние салды. Әрине, бұл кейіпкер күрес үстінде, әділет үшін, махаббат үшін шайқаста жауларының қолынан мерт болғанда, көркемдік шешім салмақтырақ шығатын еді.

Жамалдың жалғыз қалуы, еріксіз Байжан босағасына барып, Жұманнан зорлық көруі, қайғылы махаббат уын ішуі – оны боранды түнде адасып өлуге заңды түрде алып барған себептер ретінде сенімді суреттеледі:

Тоты құс едім бақшада,

Қарақұсқа жем еттің.

Хан қызындай басымды,

Бір жаманға тең еттің.

Ботасыз нардай боздатып,

Мінеки, мені еңіреттің.

Қаһарыңды жіберіп,

Тең құрбымнан кем еттің.

Мұндай зарлы қылғандай,

Мен бейшара не еттім?

Жыладым зарлап, Ғали жоқ,

Ісіне көндім құдіреттің.

Шығармада әр түрлі әлеуметтік ортаның өкілдері, түрлі мінездер қалыбы төбе көрсетеді. Әрине, көлемі шағын туындыда да характерлер, сом тұлғалар жасау мүмкіндігі де аз. Дегенмен, әдебиетіміздегі алғашқы күрделі прозалық үлгіде бірталай көркемдік ізденістер, тұлғалар жасауға ұмтылу талабы барлығын көрсету дұрыс болмақ.

Алдында 100 жылқы, 200-300 қойы бар дөңгелек дәулет иесі Жамалдың әкесі – Сәрсенбай туысында жыртқыш, озбыр емес, негізгі жұмсақ, момын адам, Жамалды бетінен қақпай өсіруі, тіпті еркек балаша киіндіріп тәрбиелеуі, Уфадан келген Ғазиз мұғалімнен жаңа жолмен оқытуы айналасына кеңдігі – оны жақсы жағынан сипаттайды.

Байлықтың буы Сәрсенбайдың басын айналдырып және қыздырманың тіліне еріп, шарға түсіп, билікке таласады, көп шығын рәсуа болады, 300 теңгесі босқа кетеді; бәрібір сайланбай қалады. Осыдан опық жеп, намысы күйген, жұрт көзінде жерленгендей күйге түскен Сәрсенбай қайтсе де, есе қайтармақ, қанша байлық шашса да, бәрібір тағы да шарға түспек. Осы сапарда өзіне тілектес іздейді, осы сапарда қандай құрбандыққа да бармақ. Сөйтіп, бұрын момын, жуас, қақсоқпен шаруасы жоқ қоңыртөбел жан енді билік үшін, дәреже үшін неге болса да белін буады және жаңа әрекетке де.

Жазушы Сәрсенбай санасындағы жаңа өзгерісті сенімді көрсетеді. Өзіне жақтас іздеген мансапқордың тапқаны болыстың құдасы – сөзінен де, ісінен де, жолынан да, қолынан да келетін, артына ерткен тобы бар – Байжан, соның қолдауымен билікке жетуді іш есеп қылады. Сондықтан Байжанның өзі таза, өзі ақылсыз Жұман деген баласына Жамалға құда түсуіне қарсы болмайды. Бәйбіше мақұлдайды, туған шеше Шолпан наразы. Бірақ Сәрсенбайдың келіскені – келіскен.

“Бақытсыз Жамал” стилінде таза реалистік проза тіліне лайық салмақты, орнықтылық бар. Жазушы ұйқасты, ырғақты, өлеңдетіп отыратын өрнектеген бойын мүлде аулақ салған. Тіпті кейінгі дәуірлердегі туындылардың өзінде кездесе беретін әсірелікке, сөйлемдегі сөздердің табиғи орын ауыстырып жасайтын инверсияға да бармайды. Лексикалық тұрғыдан таза қазақ тілінің байлығы еркін қолданылған, Міржақыптың поэзиялық шығармаларда жиі кездесетін араб, парсы, татар сөздері “Бақытсыз Жамалда” өте сирек, жоққа тән, оның есесіне (съезд, минут, фальш, план, учитель, расход, выборной тәрізді) кейбір орыс сөздерін өз қалпында алып жібереді. Жамал мен Ғали арасындағы ғашықтық сырларды көрсету үшін алынған өлең текстері айтыс үлгісінде, хат формасында берілген.

Шығарма сюжеті Сәрсенбайдың балаға зар болуы, Шолпанға үйленуі, одан Жамалдың тууы, Жамалдың молдадан оқып тәрбиеленеуі, әдемі бойжетуі, Сәрсенбайдың билік үшін көмектеседі деген іш есеппен Байжанмен құда болуы, бұған Шолпанның қарсылығы, Ғали мен Шолпанның танысуы, ғашық болуы, өзара тіл табысып, қашып кетуі, Байжанның келінінің кетіп қалуына орай жасаған аярлық әрекеттері, өтірік қағаз жасатуы, Ғалидың аяқ астынан ауырып дүние салуы, Жамалдың еріксіз Байжан босағасына келуі, Жұманнан көрген қорлық-зорлық, ақыры боранда адасып өлуімен аяқталған оқиғалардың бір-бірімен байланысқан, желісі үзілмейтін тізбегінен құралған.

өңдеді

Ұқсас сұрақтар

127,937 сұрақ
322,824 жауап
153,169 пікір
72,934 қолданушы