Жалпы, адамды қылмысқа не итермелейді? Әрине, себептері көп. Соның негізгілеріне тоқталып өтейік.
Біріншіден, әділетсіздік. Көп адам әділдік таппай, сарсаңға түседі. Еш жерден қайыр болмаған соң, әділдікті өзі орнатуға тырысады. Мұның соңы қылмысқа әкеп соғуы мүмкін. Бұл жердегі әділдікті түрлі жағынан қарастыруға болады. Мәселен, жұмысшы өз еңбегінің дұрыс бағаланбағанына наразы. Жұмысберуші өзін қанап отыр деп есептейді. Айлықты уақтылы бермеуі мүмкін. Мұның бәрін әділетсіздік деп санаған әлгі адам бір күні жұмысберушінің мүлкіне қол салуы ықтимал. Яғни, ұрлыққа барады. Қылмыс орын алады. Немесе әлдекім бір адамдардан зәбір көріп жүруі мүмкін. Оны мазақ қылады, ақша бопсалайды (жасөспірімдер арасында жиі орын алатын жағдай). Зәбір көруші бұл туралы ешкімге айта алмайды, ішке кек толады. Моральдық-психологиялық қысым, бәлкім материалдық қысым да қосылып, өз-өзіне есеп беруден қалады. Бәрінен құтылу үшін өз-өзіне қол жұмсайды немесе зәбір көрсетушілерге шабуылдайды. Салдарынан қылмыс орын алады. Сол сияқты өзінің күші жетпегендерге басқаша іс-қимылмен жауап беру, қасақана мүлкіне, жұмысына зиян келтіру т.б. жағдайлар орын алып жатады. Әділдік іздеу кей жағдайда кек қууға әкеп соғады. Немесе сол сияқты әрекеттерге. Мәселен, Жамалиев ісін алайық. Тоқалына — бір ұлының анасына өзге біреудің көз сүзіп жүруін ол әділетсіздік санаған болуы керек. Содан одан өз бетінше есеп айырыспақ болды, бетін қайтару әрекетін жасады. Салдарынан ауыр қылмыс орын алып, Жамалиев барлық дүние-мүлкінен айырылып қана қоймай, 13 жылға бас бостандығынан айырылды.
Екіншіден, мәжбүр болу. Иә, қылмысқа кей адамдар мәжбүрліктен барады. Әсіресе парақорлық, сыбайлас жемқорлық жағдайында. Тірлігін бітіре алмаған кейбіреулер лажсыздан лауазымды адамдарға пара беруге мәжбүр болады. Сол сияқты қызметке ірі көлемде пара беріп тұрған азаматтар да сол қаржының орнын толтыру мақсатында өз қызметтерін асыра пайдалануы ықтимал. Осының бәрі айналып келгенде қылмыс болып саналады. Одан бөлек, біреуді алдау, қорқыту немесе басқа да жағдайлар негізінде қылмысқа айдап салу фактілері де кездеседі. Біреу сүйгені үшін қылмысқа баруға мәжбүр, тағы біреуге өзін немесе жақынын қорғау үшін қолын былғауға тура келеді.
Үшіншіден, тұрмыс тауқыметі. Жұмыссыздық, күн көрістің қиындығы кейбіреуді қылмыс жасауға итермелейді. Өйткені, өмір сүрудің басқа жолын таппаған. Ұрлық, алаяқтық, қарақшылық әрекеттерінің көпшілігі осындайдан туындаса керек. Өкінішке қарай, кейін бұл әрекет көп жағдайда әдетке айналады, қылмыстарын тоқтата алмай қалады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бізде жұмыссыздық деңгейі төмен, халықтың әл-ауқаты жақсы деген мәлімет жалған болса керек. Әйтпесе, адамдар бастарын қатерге тігіп қылмысқа бармайтын еді. Иә, қылмыстың артында жаза барын бәрі де біледі. Ұсталып қалған жағдайда, ұзақ жылдарын темір тордың арғы жағында өткізулері мүмкін екендіктерін түсінеді. Солай бола тұра қылмыс жасайды. Демек, тұрмыс ауыртпалығы соған итермелейді.
Төртіншіден, білместікпен немесе аңдаусызда құқық бұзу. Қыз алып қашудың ауыр қылмыс екенін көп адам білмеуі мүмкін. Ол әрекетін адам ұрлығымен айналысу деп түсінбейді, ұнатқан адамымен шаңырақ көтеру үшін барған қадамы деп сипаттайды. Сондай-ақ, байқаусызда көлігімен адам қағып кету, әйеліне қол көтере салу, келіспеушіліктен әлдекіммен төбелесіп қалу... иә, иә, айта берсең мысал жеткілікті. Кейбіреу заңдарды жақсы білмейді. Яғни, өздерін заңды бұздым деп ойламай жатып жасалған ерікті не еріктен тыс әрекеті сотты болуларына әкеп соғуы әбден ықтимал.
Бесіншіден, алкогольді тұтыну жағдайларында. Иә, нашақорлық пен маскүнемдік қоғамның құрты. Мұсылман мемлекет екенімізге қарамай, әлемде алкогольді тұтыну жағынан да Қазақстанның алдыңғы қатарларға шыққанын жасыруға болмас. Мас адам кейде өз-өзіне есеп бере алмай, салдарынан қылмыстар орын алып жатады. Арақ пен есірткінің кесірінен қаншама қылмыстардың орын алғанына әрбіріміз куәміз.
Бір таң қаларлығы, маскүнемдікті азайту үшін біраз шаралар қолға алынғанына қарамастан, оң нәтиже байқалмай тұр. 21 жастан төмендерге алкоголь өнімдері сатылмайды. Және алкоголь өнімдерін сату уақыттары шектелген. Акциздік марканы да қымбаттаттық. Сәйкесінше арақ-шарап бағасы қымбаттаған. Соған қарамастан маскүнемдікті азайта алмай отырмыз. Айналып келгенде, бұған да бір жағынан жұмыссыздықтың кең етек алуы себепкер сияқты көрінеді. Өйткені, тұрақты жұмысы бар адамдар ішімдіктен көп жағдайда бас тартады, өйткені, ертеңіне жұмысқа баруы керек. Алкогольді өнімдерді негізінен тұрақты жұмысы жоқ жандардың пайдаланатынын статистика да жоққа шығара алмас.
Нашақорлықты ауыздықтай алмай отыруымыз да таңдандыратын жағдай. Бізге есірткі заттары көбіне сырт елдерден әкелінеді. Егер шекарамыз мығым болса, олар қалай келіп жатыр? Әшейінде адамның асқазанына жасырған титімдей есірткіге дейін тауып алатын шекара және кеден қызметкерлері көп мөлшердегі есірткінің елге кіріп, қара базарда саудаға түсіп кетуіне қалай жол беріп отыр екен? Бұл жерде бармақ басты, көз қысты әрекеттері көрініс бермей ме? Жуырда ғана Шымкентте сот медициналық сараптама қызметкерінің өзі героинді саудаламақ болған жерінен ұсталғанын білеміз. Демек, қолға түсіп, тәркіленген есірткі заттарының барлығы бірдей жойылмай, кейде қайта айналымға түсіп кететінге ұқсайды.
Алтыншыдан, тәрбиенің кемшіндігі. Иә, отбасындағы тәрбиенің кемшіндігінен кей адамдар қылмыс жасауға бейім тұрады. Кейде араласатын ортасы қылмыстық істерге баруына түрткі болады. Немесе қылмыс жасаушылардың жанында жүріп қосақ арасында кететіндер де бар.
Жетіншіден, үстемдік жасау. Бізде билігін, беделін, қалтасының қалыңдығын пайдаланып, қылмысқа баратындар да аз емес. Ондайлар кей жағдайларда өздерін заңнан жоғары тұрмыз деп есептейтін болса керек. Сотты да, басқаны да сатып ала саламын деп ойлаулары да кәдік. Содан да "мен не істесем де өз еркім" деген түсінік пайда болған. Сондай жандардың үстемдігінен, қысымынан көптеген адамдардар зардап шегуде. Мұндай жағдай әсіресе бизнес саласында көптеп кездеседі. Біреудің бизнесіне кедергі келтіру немесе тартып алу (рейдерлік), киллер жалдау т.б. Сонымен қатар, адамдарды еріксіз бостандықтарынан немесе конституциялық құқықтарынан айыра отырып жұмысқа салу, адам саудасы.
Қысқасы, біз адамдардың қылмысқа баруына негізінен қандай себептер түрткі болатынын білеміз. Ендеше, қылмыстың алдын алу жұмыстарына неліктен көбірек көңіл бөлмеске? Жалпы, біздің құқық қорғаушылар қалай жұмыс істейді?