«100 нақты қадам». Бұл – жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап. Аталмыш құжат аурудың сыртқы белгілерін сылап-сипап қою емес, дендеген дерттің жүйелі емі болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негізделген. Бүгін еліміздің басты мерзімді басылымдары Елбасы ұсынған 5 институционалды реформаны жүйелі жүзеге асыру тұрғысында 100 нақты қадамын жариялады. Атқарылған істерге тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайтынын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашан да қаперге салып келеді. 5 мамыр күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент кезек күттірмейтін күрмеуі көп күрделі мәселелерді түбегейлі шешуді тапсырды. Осы орайда Мемлекет басшысы 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын жариялады, іске асыру тетігін айқындады. Президент кәсіби мемлекеттік аппарат құруды міндеттеп, ашықтыққа басымдық беруді жүктеді. Бұл ретте сала мамандарының жалақысы қызмет сапасы мен оң нәтижесіне қарай жоғары болуы керектігі ескеріледі. Жаңа заңнамаларды әзірлеу барысында жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, құқық бұзушылықтың алдын алатын арнайы бөлім құру қажеттілігі де айтылды.