Майя мемлекеті, Орталық Америкада 10 — 15 ғасырларда өмір сүрген. Ежелгі майялар Мексика (Юкатан түбегі), Гондурас пен Гватемала аумақтарын мекендеп, Америка құрлығындағы ежелгі өркениеттердің бірінің негізін қалады. Майя өркениетінің пайда болуы ольмек мәдениетімен тығыз байланысты (қ. Ольмек мәдениеті). Б.з. бас кезінде майялардың алғашқы қалалары:
8 ғ-дың соңында майяларда 100-ден аса қала болды. Майялар ежелгі заманнан ормандарды өртеу арқылы тың жерлерді игерді. Негізгі дақылы жүгері (маис) болды. Сондай-ақ асбұршақ, асқабақ, бұрыш, картоп, жазық жерлерде мақта өсірілді. Үй жануарларынан күркетауық пен ит өсіріп, оларды азық ретінде пайдаланды. Аңшылық, омарташылық балық аулау кәсіптерімен де айналысты. Құнды металдарды өңдеп, қару-жарақ, әшекей бұйымдар жасауда, сәулет өнерінде майялар үлкен жетістіктерге жетті. Батпақты жерлерді құрғату жұмыстары жүргізілді. Майялардың мәдениет саласындағы маңызды жетістіктерінің бірі — суретті жазу болды (қ. Майя жазуы). Солт-тен батысқа үндістердің баса-көктеп кіруіне байланысты майялардың ежелгі қалаларының көпшілігі 9 — 10 ғ-ларда өмір сүруін тоқтатты. Жаулап алушылар майялармен тез араласып, 10 ғ-да Юкатанда майя-тольтек мемлекеті пайда болды. Екі ғасыр бойы мемлекеттің рухани орт. Чичен-Ица қ. болды. Тольтектер жаңа қалалар (Толлан, Кукулькан, т.б.) салды. Ел астанасы Толлан қ. әсіресе Топильцин патшалық құрған тұста гүлденді. Ол адамдарды құрбандыққа шалуға қарсы шығып, адамгершілік қағидаларын дамытатын мәдениетті қолдады. Чичен-Ица қ-н 12 ғ-дың соңында Майяпан қ-ның билеушісі талқандады. 13 ғ-дың соңына дейін майя-тольтек мемлекетінде кокомдар әулеті билік етті. Алайда 1441 ж. бағынышты қалалар тұрғындарының көтерілісі нәтижесінде М. м. бірнеше дербес иеліктерге бөлініп кетті.
Майялардың әрбір қала-мемлекеті кішігірім құл иеленуші патшалық болды. Қала-мемлекетті Халач Виник (“өлы адам”) атағын алған патша басқарды. Олар өз қоластына заң шығарушылық, атқарушылық, әскери, сот, діни биліктерді шоғырландырды. Патшаның жергілікті жердегі тікелей өкілдерінің қызметін батаб аталатын әкімдер атқарды. Ең төменгі қызмет өкілдері тупилдер деп аталды. Патшаның сарайдағы негізгі көмекшілері мемл. бас абыз бен қазынаға алым-салықтың түсуін бақылайтын кальвак болды. Өңделетін жерлер жеке отбасыларға бөлінді. Жер өңдеу жұмыстары кезінде өзара қауымдық көмек қағидасы да сақталды. Құлдардың еңбегі шаруашылықтың барлық саласына пайдаланылды. Майялар әр түрлі табиғат күштері — құдайларға сыйынды. Құдайлар жартылай адам, жартылай жануарлар түрінде бейнеленді. Аспан, су, күн, жел құдайлары негізгі құдайлар болып есептелді. Қала-мемлекеттердің барлығы бас құдай — аспан құдайы — Ицамна деп таныды. Құдайларға арнап ғибадатханалар, төртбұрышты, сатылы пирамидалар салынды. Абыздар үстеріне қара киім, бастарына құс қауырсындарынан жасалған тәж киіп, шаштарын өсіріп жіберетін болған. Абыздар тарихи, астроном. білімдердің иегерлері болды. Майялардың көркемсурет-сәулет өнерінің ірі орт-тары Чичен-Ица, Ушмаль, Майяпан қ-лары болды. Америка құрлығының ашылуы негізінде еуропалықтардың жаңа жерлерді жаулап алу жорықтары басталды. 1527 ж. испандықтар кемелермен Юкатанға жетіп, майя жерлерін жаулап ала бастады. Алғашқы шабуылдар сәтсіз аяқталғанымен, Юкатанның батысындағы Чель және Печ әулеттері басқарған иеліктер испандар жағында қалды. 1546 ж. юкатандық майялардың негізгі орталықтары өз тәуелсіздігінен айырылды. Олардың сарайлары, ғибадатханалар кешені тоналды, жергілікті халық қырғынға ұшырады. Юкатанның алыс түкпірінде — Петен-Ица айналасында өмір сүрген майялар өз тәуелсіздігін 1697 жылға дейін сақтап қалды
Уикипедия