Жиде – жидек тұқымдасының бір түрі. Биіктігі 10 метрге дейін болатын бұталы ағаш. Жапырақтарының үстіңгі беті сұрғылт көк, астыңғы жағы ақшыл, діңі және бұтақтары жылтыр, қызыл қоңыр. Ал жапырақтарының ұзындығы 3-8 сантиметр, ені 0,4-1,8 сантиметр келген сопақ пішіндес.
Жиде еліміздің оңтүстік өңірлерінде мамыр мен маусымда, ал солтүстік өңірлерінде маусым мен шілде айларында гүлдейді. Гүлі ұсақ, хош иісті, қызғылт сары. Гүлінің иісі өткір, жүз метрге дейін шығып тұрады.
Ел арасында жиде гүлдеген мезгілде әйел затының организмінде табиғи өзгерістер пайда болады деген сөз бар. Сонымен бірге, жиденің көптеген дертке шипа екені айтылады. Біз осылардың қаншалықты шындыққа жақын екенін Шымкент қаласында тұратын дәрігер, әрі емші Қалжан Қалдаров ақсақалдан сұраған едік, ол кісі былай дейді:
«Жиде ағашын қазақтар жақсы біледі. Бұл еліміздің барлық өңірінде өседі. Жиденің гүлі мен жемісін іш өткенде, қанның иммунитеті төмендегенде және тағы басқа ауруларға пайдаланса болады. Жидеде Е дәрумені көп. Сондықтан гүлін де, жемісін де Күнге қақтамай, арнайы жерде кептіріп, қайнатып ішкен аса пайдалы.
Ал жиде гүлдегенде қыздың немесе әйелдің организмі қуаттанып, махаббаты оянады деген сөздің жаны бар. Тек әйел затына ғана емес, еркектердің де организмі күшейіп, әйелге деген сезімі оянады. Әлгіде жиде қандағы иммунитетті күшейтеді деп айтып кеттім ғой. Міне, ел аузында жүрген «ертегінің» негізі осыдан шыққан».
Расында, ата-бабаларымыз қандай өсімдік пайдалы, зиян екенін жақсы білген ғой. Жиде адамға күш-қуат беретіндіктен ел арасында ол туралы «ғажайып» әңгіме шыққаны сөзсіз.
Жалпы, жиденің хош иісті гүлімен бірге оның жемісі де аса пайдалы. Жиде жемісі бір дәнді, сүйекті, қызыл қоңыр, әрі ақшыл түстес тәтті болады. Оңтүстік өңірлерде тамыз айында-ақ пісіп, базарларда сатыла бастайды.
Жиденің дүние жүзінде 40-қа жуық түрі бар. Оның ішінде Орталық Азияда 5, ал Қазақстанда 2 түрі кездеседі. Оның бірі – сүйір жемісті жиде, оның биіктігі 3-4 метр, бұтақтары тікенді (1-3 сантиметр) ағаш. Республикамыздың батысында, оңтүстігінде және Жоғар, Іле, Күнгей Алатауларында, Қаратауда, сонымен бірге, Сырдария, Шу, Талас, Іле, Арыс, Сарысу өзендерінде, көл бойындағы тоғайда, құм жиегінде, кейде сортаң жерлерде өседі.
Ал екінші түріне жататын түркімен жидесі еліміздің оңтүстік аймағында өседі. Ол – биіктігі 3-8 метр келетін ағаш тектес өсімдік.
Жиде құрғақшылыққа төзімді. Оны құм тоқтатуға, жыра, арық, өзен бойын бекітуге, қаланы көркейтуге пайдаланады. Сүрегі мықты, шайырынан бояу, сабағының қабығынан, жапырағынан тұрмыстық заттар жасалынады. Ал гүлінен хош иісті май, иіс сулар алынады. Жемісінде 40-60 пайыз қант болады. Сондықтан жиденің гүлінен ара бал жинайды. Жиде балы адам денсаулығына аса пайдалы. Қазір жиде гүлдейтін мезгіл болғандықтан ара бағушылар оларды тау бөктерінде өсетін жиде ағаштарына жіберіп, әсел жинау үстінде. Көп кешікпей жиде балының биылғы жаңа өнімі базарларда сатыла бастайды.
Бүгінде кейбір адамдар жиде ағашынының пайдасы аса зор болғандықтан қолдан өсіруді мақсат тұтып, оны іске асырып жатқан жайы бар.