Құмырсқалардың тіршілік етуі және отбасын құруы
Әлемде құмырсқаның 10 мыңдай түрі бар. Олар достық қарым-қатынаста қауымдасып тіршілік етеді. Құмырсқалар нағыз еңбекқор жәндіктердің бірі. Әрбір құмырсқа өзінің салмағынан 150 есе ауыр нәрсені илеуіне әкеле алады екен. Олардың еңбекқорлығын жастарға үлгі ете отырып, халқымыздың аса көрнекті ақыны Дулат Бабатайұлы бабамыз /1/:
Сендер түгіл құмырсқа
Ісін қойып дұрысқа,
илеуін сап жабылып,
жемін тасып сабылып,
Бір орыннан табылып,
Бір-біріне бағынып,-деп жастарды еңбексүйгіштікке баули білген.
Құмырсқалар топтасып (10-100 мыңы бірігіп), арнайы илеу жасап, тіршілік етеді. Құмырсқа илеуінің жер үстінде көрініп жатқан төмпешігі (илеуі) ұяның бір бөлігі ғана.Төмпешікте ұяның ішіне кіретін бірнеше тесіктері бар. Илеуді төмпешік сияқты етіп жасауының өзінде үлкен мән бар: жаңбыр суы тез ағып кетеді,күн сәулесі тез қыздырады. Әрбір илеудегі құмырсқа топтарының бір-бірімен қарым-қатынасы, негізінен, өздерінен бөлетін ерекше химиялық заттар – феромондар арқылы реттеледі. Олардың иіс, дәм сезуі өте жақсы жетілген. Құмырсқалар илеуін қураған өсімдік сабақтары мен жапырақтарының қалдықтарынан жасайды. Тропиктік аймақтарда илеу жасамай жеке дара тіршілік ететін құмырсқалардың түрлері де бар. Негізгі қорегі басқа жәндіктер, олардың дернәсілдері және өсімдіктердің жапырақтары мен тұқымдары, шырындары. Бір илеудегі құмырсқалар тәулігіне 10 мыңнан 30 мыңға дейін жәндіктерді жояды /2/.
Әрбір илеуде аталық, аналық, “жұмысшы” және “жауынгер” құмырсқалар болады. Жұмысшы құмырсқаларда қанат болмайды. Олар илеудегі дернәсілдерді, аналық құмырсқаларды қоректендіреді, ауаның алмасуын, ылғалдың бір қалыпты болуын қамтамасыз етеді. Аталық құмырсқалар мен аналық құмырсқалардың қанаттары болады. Аспанда ұшып жүріп шағылысып болғаннан кейін аталық және біраз аналық құмырсқалар өледі. Қалған аналық құмырсқалар жерге түсіп, қанаттарын өздері жұлып алып тастайды немесе жұмысшы құмырсқалар кеміріп тастайды. Сөйтіп аналық құмырсқалар жаңадан ұяшық жасап, жұмыртқа салып ұрпақ жалғастырады. Дернәсілдерін өзінің сілекейімен немесе артық жұмыртқаларымен қоректендіреді, ал өзі қоректенбейді. Аналық құмырсқаның дене тұрқы ірі болады. Олардың аралардан айырмашылығы- құмырсқа илеуінде бірнеше аналық болады.
Құмырсқалардың тіршілігіндегі құпия сырлар
Құмырсқалар туылғанынан бастап, өлгеніне дейін әркім өз жұмысын қалтқысыз жасап өмір сүреді екен. Енді ғана туылған құмырсқаларды арнайы питомниктерде бағып-қағады екен. Оларды илеуден таза ауаға шығарып, қадағалап жүретін кәсіби “тәрбиешілер”, жекелеген балабақша да болады екен. Ал ауруға шалдыққан құмырсқаларға өз ісінің шебері – “дәрігерлері” қарайды. Олар күнделікті профилактикалық қадағалау жұмыстарын жүргізіп отырады және қажет болған жағдайда ауруларды алшақтатып, тіпті хирургиялық операциялар жасауға мүмкіндіктері бар. Мысалы, мертіккен аяқтарын кесіп тастау секілді. Ал Оңтүстік Америкада фермер-құмырсқалар мекендейді. Олар ағаш бұтақтарындағы жарықшаларын жерден топырақпен толтырып, жаңа егін “алаңдарында” әркелкі дақылдарды өсіретін көрінеді. Ал құмырсқаның бір түрлері илеудің айналасына еге береді. Ал егісті құмырсқалар қауымдастығының барлық мүшелері жинайды. Егістен жиналған дақылдар азық болады да олардан қалған масақ құрылыс материалы ретінде пайдаланыла береді екен.
Орталық Американы мекен ететін кейбір құмырсқалар илеуден азық алатын жерге дейін нағыз жол да салады. Оның ұзақтығы кейде 1,5 шақырымға дейін созылады. Ал егер қандай да бір себеппен жолда бір кедергі пайда болса, құрылысшы-құмырсқалар жұмысын тоқтатып, күтеді. Біраз уақыт өткен соң ол жерге полицай-құмырсқалар барып, тәртіп орнатып кетеді екен. Илеуге дабыл қалай қағылатынын осы күнге дейін түсініксіз. Тіпті, телепатия болуы да мүмкін дейді білетіндер.
Құмырсқалардың өлгендерін жерлеу салты да адамдардыкі сияқты арнайы ритуалмен шығарып салады: Өлген құмырсқаның денесінен»өлім иісі» феромоны бөлінеді. Оны сезген жұмысшы құмырсқалар өлген құмырсқаны илеуден аулағырақтағы жерленетін мазарға жеткізсе, “көрқазарлар” оның денесін 2-2,5 сантиметр қазылған жерге тапсырады екен. Мұны ғалымдар қарапайым тәжірибе жасау арқылы дәлелдеген. Олар өлген құмырсқа феромонын тірі құмырсқаларға жағып, оларды илеуде қалдырған. Мұны сезген жүмысшы құмырсқалар өлген құмырсқа феромоны жағылған тірі құмырсқаны, қарсылық білдіруіне қарамай, илеуден алысқа апарып тастаған. Өлген иіс феромоны жағылған құмырсқа қайта илеуге жетуге асыққан, бірақ оны жолда ұстап алған жұмысшы құмырсқалар қайтадан оны өлген құмырсқалардың арасына апарып тастаған. Осындай жерлеу рәсімі әлгі құмырсқаның денесіндегі «өлім»ферамонының иісі жоғалғанша жалғаса берген.
Ендеше, осындай қиын әрі әркелкі өмір сүру салтын сана болмағанда, не анықтап, жүйелеп бере алады? Ғалымдардың айтуынша, бұл қоғамдық жәндіктердегі жоғары сатыға дейін дамыған өте күрделі тума инстинкттер жүйесі.
Құмырсқалардың адам денсаулығына пайдасын көп халықтар ерте кездерден-ақ білген. Аяғы ауыратындар кей жағдайларда құмырсқа илеуіне аяғын салып құмырсқаға шақтырған. Мысалы, Қытайда бұдан 5 мың жыл бұрын жазылған “Бың Цау Гаң Му” кітабында құмырсқаның қасиеті туралы қызықты деректер келтірілген. Құмырсқа денесінде 70-тен астам микроэлемент, 20-дан астам амин қышқылы, витаминдер бар. Қазіргі кезде Қытайда құмырсқадан аса бағалы азықтық, дәрілік қасиеті бар препараттар дайындалады. Құмырсқаларға жүргізілген зерттеулер нәтижесінде олардың жұқпалы аурулармен ауырмайтындығы анықталған. Құмырсқадан алынатын дәрілер буын ауруларын, қант диабетін емдеуде, қан қысымын реттеуде қолданылады. Оңтүстік Азия елдері, Мексика тұрғындары құмырсқаны тағам ретінде де пайдаланады. Құмырсқалар жүрген іздерінде құмырсқа қышқылынан тамшы қалдырады, сол иіс бойынша адаспай табады. Орманда тіршілік ететін құмырсқалар ағашқа өрмелегенде де бірінің артынан бірі тізіліп жорғалайды, мұнда да құмырсқа қышқылы көмектеседі. Құмырсқалардың 5000-ға жуық түрі бар. Қазақстанда көбірек кездесетіні жерден ін қазатын, үйлерде болатын өте ұсақ — үй құмырсқалары, орманда көбірек кездесетін — жирен құмырсқалар, қара құмырсқалар т.б. Құмырсқалар пайдалы, орманда тіршілік ететін жирен құмырсқаларды жыртқыштар деуге болады. Ол зиянды жұлдыз құрттармен, жауын құрттармен және жалаңаш шырыштармен қоректенеді. Ағаштардағы зиянды жәндіктерді құртып, пайда келтіреді.