Қазығұртта бұл кеме...
Оңтүстіктің символдарының біріне айналған "Кеме қалған" монументі
Монумент орналасу орны бойынша Орта Азиядағы ірі қалалар саналатын Шымкент пен Тәшкент арасын жалғайтын күре жол бойына орнатылған. Қазығұрт асуына өзінше тамаша көрік береді. Ары-бері ағылған жұрт жота басындағы ескерткішке бір қарамай өтпейді. Кімде-кім болса да жота басына орналасқан нысанның бақылау алаңынан бір сәт айналаны алақанына салғандай қарауды қаласа, осы нысанға келуіне болады.
Монумент халық аузындағы аңыз желісін негізге ала отырып, жер бетіне тіршілік нәрін сепкен Нұһ пайғамбар кемесін бейнелеуге талпынған. Авторлардың көшпелі халықтың дүниетанымымен санаса отырып жұмыс істегені айқын көрінеді, төрт түлік тегінің өрбуі (Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Шопан ата, Сексек ата) туралы аңыздар лебі айқын сезілетін кеме бейнесі ұлттық ою-өрнектермен безендірілуі тамаша үйлескен.
Мемориалдық кешеннің құрылыс аумағы 1800 шаршы метр, 4 арнайы құрылған демалыс алаңшаларының жалпы құрылыс аумағы 214 шаршы метр, биікке қарай өрлейтін ұзындығы 1 шақырымға жуық баспалдақтың құрылыс аумағы 553 шаршы метр, келушілерге арналып арнайы салынған автотұрақтың құрылыс аумағы 6557 шаршы метр, монументтің жалпы биіктігі 27 метр. Күре жол бойынан салынған "Кеме қалған" кафесі көпшілікке қызмет етіп келеді.