+1 дауыс
2.7k көрілді
Конституция 20 жылдығы туралы шығарма керек еді. Срочна 8 не дейін шығарманың жоспары болса да жарайды.

1 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

«Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау». Бір сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деген еді. Шындығында кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын Негізгі Құжат – Конституция. Олай болса, Ата заңды киелідей аялап, қастерлеу – ұлттың ұлы парызы. Сондықтан да, бүгінгі мерейлі мереке – Конституцияның 20 жылдығына орай Негізгі Заң жөнінде бірді-екілі әңгіме өрбіткенді жөн санадық.

 Қазіргі дүниедегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Ұлы даланы мекендеген алты алаштың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болғаны анық. Орта ғасырдағы түркі бабаларымыздың бітік жазуына бармағанның өзінде, қазақ даласындағы бізге мейлінше мәліметті болып жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері қазақ елі Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы іспеттес. Қазақ хандары жолға қойған осы жарғыларды дала конституциясы санасақ, оның «баптарының» сөз бастаған шешендер арқылы қалай өрбігеніне, абыз ақсақалдардың қалай таратып, жөнге салғанына тарихтан көп мысал тартуға болады. Ал кейінгі ХХ ғасыр басында ұлттық тәуелсіздікті ту етіп ұстаған Алаш қайраткерлері дербес Конституция әзірлегені де тарихтан белгілі. Әуел сөзді осы тұстан бастағанды жөн көрдік.

Алаш қайраткерлерінің ұстанған Ата Заңы

Алаш тарихын зерттеушілер алғашқы Ата заң туралы әңгіме болғанда екі мәселені алға тартады. Оның бірі Әлихан Бөкейханның тапсыруымен заңгер Барлыбек Сырттановтың жазып шыққан «Қазақ елінің уставы» деген құжат. Екіншісі – партияның бағдарламалық құжаты. Барлыбек Сырттановтың «Қазақ елінің уставы» жаңа заманға лайықтандырылып жазылған, кіріспе мен төрт бөлімнен тұрады. Оның кіріспесінде қазақ елін көне ұлттардың бірі ретінде атай келе, оның тарихына көз жүгіртеді. Сосын: «Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкіметі өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз. Қазақ елі республикасында жоғарғы билік жүргізуді бүкіл қазақ және басқа нәсілдердің өкілдері дауыс беру арқылы іске асырады. Сайланатындар елдің ең сүйікті, білімді, ел үшін жан беретін адамдар. Өз алдына ел болуды көздеумен дүниеде өзін-өзі билеген нәсілдер сияқты жеке ел болу мақсатында һәм елді бақытты, теңдік, бостандық өміріне жеткізу үшін осы уставты кіргізеді», - делінген. «Қазақ елінің уставы» мемлекет құрылымын, адам құқығын, қазақ жерін, сот тәртібін қамтыған төрт бөлімнен құралған еңбектен тұрады.

Ал екінші «Алаш конституциясы» атанған құжатты қалың жұртшылық «Алаш» партиясының бағдарламасы ретінде таниды. Мұны кейбір сарапшылар «Конституция» дегеннен гөрі «конституциялық бағдарлама» дегенге келтіреді. Шындығында, алаш қайраткерлері тәуелсіздіктің мүмкіндігі ұшқындаған тұстан-ақ ұлттық-демократиялық сипаттағы мемлекет құруды мақсат еткен. Міне, осы мақсат жолында Алаш партиясы алғаш рет заманның даму үдесінен шығатын, мемлекеттілік талаптарына сай келетін конституциялық сипаттағы бағдарламасын жасағаны белгілі. Алаш партиясының саяси бағдарламасының жобасын жасауға ұлт қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Ғұмар, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжановтар бастаған қазақтың сол кездегі алдыңғы қатарлы, озық ойлы азаматтары атсалысты. 10 бөлімнен тұратын бағдарламада мемлекеттің формасы, жергілікті билік пен оны басқару жүйесі жөнінде, құқық негіздері, дін бостандығы, сот билігі, елді қорғау, салық салу, еңбекшілердің құқығы және жер мәселелері тұтастай қамтылды. Басты ерекшелігі – бағдарлама Қазақ автономиясын өзге халықтармен бірге демократиялық сипаттағы Ресей федеративтік мемлекетінің құрамындағы ел ретінде тани келіп, жеке мемлекет болу мүмкіндігін де жоққа шығарған жоқ. Онда: «Русия демократиялық, федеративтік республика болу (демократия мағынасы – мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы – құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративтік республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді)» деп жазылды. Сосын ұлттық дербестік – жергілікті бостандық мәселесі қамтылады. Алаш партиясы дініне, қанына (ұлтына), жынысына қарамай барлық адамдардың теңдігі қағидасын ұстанды. Сонымен қатар аталмыш бағдарламада соттар мен дін өкілдері – молдалардың отбасы, неке дауларын шешудегі өкілеттігін ажыратты және бір ерекшелік, бағдарламаға сәйкес, сөз, баспасөз бостандығы, тұрғын үйге, меншікке қол сұғылмау, тек сот арқылы тұтқынға алу, сот алдында әркімнің теңдігі, ауыр қылмыстарды алқабилер сотына беру, қазақтар көп тұратын жерде сот ісін қазақ тілінде жүргізу, жалпыға бірдей білім алу құқығы және басқа да көптеген құқықтық мемлекетке сай ережелер көрсетілген болатын. Мемлекеттік бағдарда зайырлылықтың белгісін де дөп белгілейді. Мәселен, онда: «Дін ісі мемлекет ісінен айырылулы болуы. Дін біткенге тең хұқық. Кіру-шығу жағына бостандық. Мүфтиліктің қазақтың өз алдына болуы, неке, талақ, жаназа, балаға ат қою секілді мәселелер молдада болады, жесір дауы сотта болады» деп жазылады.

Мінеки, алаш қайраткерлерінің сонау өткен ғасыр басындағы конституциялық бағдарламасының өзі бүгінгі тәуелсіз мемлекеттік нышанымызбен үндесетіні байқалады. Тіпті, мұндағы бірқатар мәселелер әлі де маңыздылығын жоймай келетінін айтсақ артық етпес.

Егемен елдің еркінен туған тұңғыш Конституция

Тарихқа жүгінсек, Алаш ұмтылысынан кейін республикамызда бірнеше Конституциялар өмірге келген. Соның алғашқысы 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АССР-і Орталық атқару комитетімен тұңғыш Конституция жазылып, РСФСР Орталық атқару комитеті бекітпегеннен кейін күшіне енбеген. Сосын 1937 жылы 26 наурызда Жалпықазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылдап, бекіткен Конституция бар. Қырық жылдық ғұмыры болған осы құжаттың орнын 1978 жылы 20 сәуірдегі «кемелденген социализм» аталған заманның Конституциясы басқан болатын. Міне, осы құжат Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жазылып қабылданған, 1993 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстанның төл Ата Заңы қолданысқа енгенге дейін өмір сүрді. Елдің егемендігін танытатын 1993 жылғы тұңғыш Конституция мемлекетіміздің тәуелсіздігін ең жоғарғы заң тұрғысында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат еді.

Бұл тұңғыш Коституцияның мемлекет тарихында алатын орны туралы Елбасы «Қазақстан жолы» атты кітабында былай деп жазады: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын». Осылайша, 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Алғашқы Конституцияның мәні мен маңызына келетін болсақ, бұл құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болатын. Оның біріншісі – мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден – экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншіден – жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата заңда көрсету. Алайда, жоғарыда қамтылған төрт мақсатты шешіп беретін баптар әуелгі тұңғыш Конституцияның жобасында барынша қамтылмады. Президент Н.Назарбаев та бұл ретте тұңғыш Конституция жобасы әуелден-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ қалғанын алға тартады. Сөйтіп, уақыт өте келе, заман ағымы мен сұранысына қарай, Бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды.

Мәселен, сол кездегі оқиғаларға зер салсақ, тұңғыш Конституция мемлекеттік билікті бөлу қағидаты тұрғысынан республикада біртұтас мемлекеттік органдардың жүйесін қалыптастыра алмағанын аңғарар едік. Сол тұстағы оқиғаларға келсек, депутаттыққа үміткерлердің бірі шағым жасап, соның негізінде XIII шақырылған Жоғарғы Кеңеске сайлау бойынша Орталық сайлау комиссиясының кейбір актілерін Конституциялық cот 1995 жылдың 6 наурызында Ата Заңға кереғар деп таныды. Оның ақыры Жоғарғы Кеңес қызметінің тоқтауына әкеліп соқты. Осындай олқылықтар жаңа Негізгі Құжаттың қажеттілігін туындатқан болатын. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Негізгі заң – Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата заң екі қайтара түледі.

Халық жүрегінен шығып, сынынан өткен – Ата Заң

Қазақстан тәуелсіздігінің тарихына жүгінсек, 1995 жылы атқарылған жұмыстар елдің үлкен белестен бір аттағанын, басты асуды асқанын айғақтар еді. Соның ішінде 1995 жылдың 30 тамызындағы Конституцияны қабылдаудың маңызы айтарлықтай ерекше болмақ. Елдегі саяси өзгерістерге орай, сол жылы Президент Н. Назарбаевтың бастамасымен сарапшылар тобы құрылып, олар әлемнің көптеген елдерінің Конституцияларын, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданған Негізгі Құжаттарды мұқият сараптаудан өткізді. Сарапшылар тобының ғалымдары, саясаткерлер ғана емес, бұл іске Елбасы да етене араласты. Тіпті, осы істің тізгіні Мемлекет басшысының қолында болды, Президент те бұған барынша жан-жақты дайындықпен келді десек жаңылмаспыз.

«Біз үшін дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әртүрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мәселені – тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткен табыстарын ұғыну маңызды болды. Ізденіс географиясы да ауқымды болатын – ол Еуропаны, Азияны, Солтүстік және Латын Америкасын қамтыды. Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бес жылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді. Иә, кейде біздің шешімдеріміз жартыкеш, ымырашыл сипатта да болды. Кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілетін. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін», - деп жазады Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы.

1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі Заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», - деген болатын.

Сөйтіп, Тұңғыш Президенттің өзі бастама әрі ынталылық жасап, сол кездері Еуропа мен Азияның, Солтүстік және Латын Америкасының барлығы 20-дан астам дамыған және дамушы елдерінің конституцияларын зерттеп, саралап, зерделеп шықты. Сосын 1994 жылы өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа конституцияның жобасын тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата заңымыздың негізін қалаған еді. Ендеше, 1995 жылы қабылданған Конституцияның да басты авторы – Қазақстан халқы мен оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев деп толық сеніммен айтуға болады.

1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Конституция барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат болды. Өйткені, Конституцияны қалыптастыруға қалың қазақстандық жұртшылық тікелей қатыса отырып, республикалық референдумда қабылданды. Бұл үдеріс Ата Заңға ерекше үстем күш беріп, оның әлеуетін арттырады.

Осылайша, дүниеге келген Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Алайда, заман ағымына қарай Негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Дегенмен, қазіргі һәм өмір бойғы басты міндетіміз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап – Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.

Екіншіден, қолданыстағы Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Қос палаталы кәсіби Парламенттің жасақталуы да соның жарқын айғағы. Түйіндей айтсақ, 1995 жылы қабылданған Ата Заң мемлекеттің шұғыл бетбұрысын қамтамасыз етіп, Қазақстанның қазіргі жеткен жетістіктерінің бірден-бір кепілі бола алды. Оны дәлелдеп жатудың өзі де артығырақ.

Сосын бұл Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден, біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды.

Әлбетте, Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Биыл ел болып жиырма жылдығын атап өтіп отырған біздің Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Ең бастысы, Қазақ елінде кейбір көршілеріміздегідей, «ертеңіміз қалай болады» деген үрей жоқ, араб елдеріндегідей тығырыққа тірелтетін дағдарыстардан да аулақпыз. Ал ондай дағдарыстар туындауының бір негізі конституциялық қайшылықтардан, даму бағытын айқындаудың олқылығынан туындап жатқаны да белгілі болып жатыр. Керісінше, қазақ даласында орта қол шаруасын айналдырған халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі қолданыстағы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент – Елбасының сабырлы конституциялық саясатының арқасы. Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституция Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі!

...