Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды
Жоспары
І. Болмасын соғыс, болмасын.
ІІ. Қан майданға аттанды сол жылдары менің де атам
ІІІ. Соғыс өрті шарпымасын даламды
Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген,
Оқ даусы мәңгілік жойылсын.
Бомбаның орнын тегістеген,
Күректер музейге қойылсын.
Соғыс, соғыс. Қандай суық сөз бұл! Сол сұрапыл жылдарда қанша азамат жер құшты, қанша бала әкесінен, қанша ана баласынан, қаншама үй тірегінен айырылды. Ауылдан сән, өмірден мән кетіп, сұрықсыз бір дүниеге айналды.
Соғыс миллиондаған адамдардың өмірін қиып, жүздеген қала мен елді мекендерді тып - типыл етті. Сөйтіп соғыс әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті бет қана емес, сонымен қатар ол халықтарымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр - қайратының, бірлігінің дәлелі еді.
1941 жылы 22 - маусымда гитлерлік Германия КСРО - ға опасыздық пен шабуыл жасады. Сол күні кеңес үкіметі халықты Отан қорғауға шақырды. Майдан даласына қаншама қазақ азаматтары да белін бекем буып өз ұрпағының келешегі үшін аттанды...
Сол сұрапыл сұм соғысқа менің атам Сәрсенов Жеңсікбай Аманұлы 1943 жылы аттанған екен. Менің атам Сәрсенов Жеңсікбай 1926 жылы қаңтар айының бірінші жұлдызында Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қарашоқат бекетінде дүниеге келген. Ата - анасы шаруа адамдары болған. 17 жасқа толғанда әскерге алыныпты. Алғашында 2 ай бойы Орынбор қаласында мылтық атуды үйреніп, жаттығудан өткен. Осы жылы Минск қаласында шайқасқа қатысыпты. Ол кісі көзінің тірісінде балаларына бар білгенін, ақылын аямай санасына сіңіруге тырысатын. Бізге ертегі боп көрінетін соғыс жайында сұрағанымда жанарына бір мұң ұялап, терең күрсініспен сөзін іркіп - іркіп бастайтын. «Балам - ау, соғыс жақсы емес қой, әскерге 1943 жылы аттандым. Екі айдан соң 95 – ші полкке жіберді, оған екі жүзге жуық бала болып бардық, бәрі де өте жас болатын. Москвадан кетіп Воронеж деген қалаға жақындағанда немістің алты самолеті составты атқылап көп адамымыз шығынға ұшырады. Қалған жүзге жуық жаралысы бар, сауы бар жауынгерді қалың тоғай арасымен жаяулатып екі күн дегенде 127 - ші полкке әкеп қосты. Үш күн өткеннен кейін мені командиріміз дивизияға жіберді. Онда мен пулеметчик қылды. Соғыс зардабы кім - кімге де ес жиғызған жоқ. 1945 жылы соғыс аяқталса да, соғыстан кейінгі уақыт ең қиын кезеңдердің бірі болды. Қаншама жауынгерлер жаралы оралса, қаншама адамдардың үйіне күн сайын қара қағаздар жіберіліп жатты...» Атам жанарын бір нүктеге қадағандай қатты да қалды. Бейне бір майданды кино лентасынан көріп тұрғандай... көз алдына елестеп те кеткен болар.
Атам 1950 жылы елге аман - сау оралып, үй іші қуанышқа кенеліпті. Ауылға келген соң қызу еңбектің ортасы теміржолда еңбек етіп жұмыс жасапты. 1952 жылы Жеңсікбай атам Шүкен әжеммен бас қосып, үлгілі жанұялардың бірі атаныпты. Үш ер бала мен екі қыз бала тәрбиелеп, оларды оқытып, елге сыйлы азаматтар болуына үлесін қосыпты. Кейінгі жылдарда Қарашоқат бекетінің кезекшісі қызметін атқарып, 1979 жылы жол жөндеуші болып жұмыс жасапты. Кәсібінен нәсібін теріп еңбегімен еленген атам осы қызметінен зейнеткерлікке 1985 жылы шығыпты. Ауылдағы үлкен жанұяға айналған отбасыдан балалары тарап, тамыры терең жайылыпты. Әр баласы бөлек - бөлек шаңырақ көтеріпті. 21 немересі, 13 шөбересі бар бүгінде. Жыл сайын көктеммен бірге келетін Жеңіс тойына омырау толы медалін тағынып жиындарға қатысып жас жеткіншектерге өз батасын беруші еді. Шіркін, өмірдің зулап, зымырап өтуін қарашы. Ол кез оралмасқа кетті.
Ақыл - кеңестің таусылмас қазынасындай боп үйдің төрінде отыратын тау тұлғалы атам 84 жасқа жеткен кезінде, 2010 жылы бұл дүниеден мәңгілік сапарға аттанды. Бұл қаза менің жаныма қатты батты. Амал не, әр күн сайын атамды еске алып сағынышымды басамын.
Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ бұл азаттықтың қалай келгенін әрине біледі. Қазіргі таңда қаншама елдің бірлігінің бұзылған уақытында тату - тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер, шынымен де бақыттымыз. Бұл тәуелсіздік менің Отаныма берілген тәңірдің сыйы. Аналар да, балалар да жыламасын, даламыз жұтамасын. Ұланғайыр кең даламды соғыс өрті шарпымасын. Бұл әрине барлық адам баласының арман - тілегі. Бейбітшілік жасасын!