Құн — тауар өндіруге жұмсалған және осы тауар түрінде затқа айналған қоғамдық еңбекті көрсететін саяси экономия санаты; бір заттың ақшалай құндылығы немесе оған жұмсалған шығынның мөлшері. Құнның ақшалай көрінісі (баға) және құн санатының анықтамасы — экономикалық теория мен тәжірибенің негізгі мәселелерінің бірі. Экономика ғылымында бұл мәселеге екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Классикалық және маркстік теорияда құн жеке адамға қатысы жоқ санат ретінде қаралып, ұсталған не жұмсалған шығын бірінші орынға қойылды. Еңбек құны теориясы тұрғысынан ол тауар түріндегі затқа айналған сапа жағынан бір текті абстрактілі қоғамдық еңбек болып табылады. Құн тек айырбас үдерісінде ғана жұртшылыққа танылған жеке еңбек өнімдеріне, яғни қоғамдық тұтыну құны бар тауарларға тән. Тауар құнының мөлшері рынокта еркін белгіленеді және қоғамдық қажетті жұмыс уақытымен айқындалады. Құн ақшаға айналдырылып бағаланатындықтан,нарықтық экономикада жетекші рөл атқарады. Құн заңы — нарықтық шаруашылықтың реттеушісі, ол тауар өндірісінің, нақты және заттанған еңбек бөлінісінің барлық үйлесімін баға арқылы айқындайды.
Жаңа классикалық мектеп құнды пайдалы нәтиже деңгейімен айқындалатын және белгілі бір уақытта мұқтаждыққа айналып отырған пайдалы, қажет нәрсенің сирек кездесетіндігіне тәуелдісубъективті санат деп есептейді. Құнды тек жұмсалған шығынға ғана жатқызуға болмайды деп есептейтін экономикалық теорияның бұл бағытын экономистердің көбісі қолдайды. Құн мәселесін шешуге принципті жаңа көзқарасты — шекті пайдалылықты талдау көзқарасын таратушылар: ағылшын У.Джевонс (1835 — 82) пен А.Маршалл (1842 — 1924), австриялық К.Менгер (1740 — 1821),Ф. фон Визер (1851 — 1921), Э. фон Бм-Баверк (1851 — 1914), швейцариялық Л.Вальрас (1834 — 1910), америкалық Дж.Б. Кларк (1847 — 1938), швед К.Виксель (1851 — 1926). Мұндай көзқарас құндылық белгілі бір затқа тән нәрсе емес, ол тек заттың пайдалылығы туралы және оның біздің мұқтажымызға қаншалықты сай келетіні туралы түсінігімізді көрсетеді деген пайымдауға негізделді.Құн теориясындағы басты жаңалық — игіліктің жиынтық пайдалылығы мен шекті пайдалылығының ара жігін ажырату. Белгілі бір игілік бірлігінің әр түрлі құндылығы болуы мүмкін емес. Сондықтан құн игіліктің шекті мөлшерімен айқындалады. Құн теориясындағы бұл төңкеріс маржиналдық (фр. margіnal — шекті) деп аталады.
Шекті пайдалылық теориясы “жаңа классикалық экономикалық талдау” немесе саяси экономиядағы екінші классикалық жағдай деп аталды (біріншісі — А.Смит (1723 — 90) пен Д.Рикардо (1772 — 1823) заманында жасалған). Шекті пайдалылық теориясын таратушылар жеке-дара экономикалық талдауға салыстырмалылық (релятивизм) қағидасын қолданды, бірақ оны жалпы шаруашылық жүйені талдауға қолданбады. Жалпы жүйеде еңбектің көмегімен нені өндіру керектігін айқындау үшін оның меншікті құны белгілі болуға тиіс. Бірақ еңбектің құндылығын білу үшін еңбек өнімінің құндылығын білу қажет. Бұл түйткілдің шешімі — шекті пайдалылық теориясы мен классик. Құн теориясын жинақтау, яғни екі құндылықты өзара бірлікте және бір мезгілде айқындау әдісін қолдану. Жаңа жүйені жақтаушылардың көзқарасы бойынша, құн шамасы рыноктағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігімен байланысты, ал тепе-теңдіктің өзі тепе-тең тәуелсіз күштер ретіндегі пайдалылық пен шығынның әрекеттестігі кезінде қалыптасады. Жалпы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің айырбас құны не нәрсе деген мәселе төңірегінде болған екі ғасырлық пікірталас қазіргі заманғы жалпы бәсекелік тепе-теңдік теориясы шеңберінде құнының функциялық теориясын жасаумен аяқталды.