ЖИЫРМА СӨЗ
Бірінші сөз
Халима екеуміз 54 жыл бірге өмір сүрдік. Өмірінің соңғы күн, соңғы сағатына дейін екеуміз жұп жазбай, қол ұстасып қатар жүрдік.
Ол менің әйелім ғана емес, әрі шешем, әрі енем сияқты болды.
Ол менің әйелім ғана емес, әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды.
Жақында, Халима қайтыс болғаннан кейін, көңіл айтуға үйге "Егемен Қазақстан" газеті бас редакторының орынбасары Жанболат Аупбаев келді. Сол жігіт мынадай бір дерек айтты.
— Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында мен "Халық кеңесі" газеті редакторының орынбасары едім. Сол кезде біздің газетте 100-атқыштар бригадасы жауынгерлері жайында жазылған "Боздақтар" деген естелік-этюдтеріңіз шықты. Ол естеліктер газетіміздің бас нөмерінде басылған ең абыройлы материалымыз болды. Соны: "Ағаларың ауырып жатыр еді" деп, менің Колыма Халима апайдың өзі әкеліп тапсырған еді, деді.
Бұл Халиманың курьерлік кішкене қызметінің бір мысалы ғана. Ал оның өзге үлкен қызметтерін айтып жеткізу үшін жеке бір кітап жазу қажет.
Сонда да оның бір қасиетін осы арада айта кетейін. Халима өте қамқор еді. Өз бала-шағасына ғана емес, жақынға да, жатқа да қолынан келген қамқорлығын жасап жүретін. Ал маған деген қамқорлығын ешқашан айтып, тауыса алмаспын, сірә!
Мен инфарктке ұшыраған кездерде күні-түні қасымда болды. Аурухана медбикесіндей болып қызмет етті. Ауруханадан шыққаннан кейін қолтықтап жүріп, көше қыдырып, таза ауамен тыныстатты. Инфаркт сырқатының режимін бұлжытпай орындатты. Шығармашылық жұмысына байланысты көрсеткен көмегі ұшан-теңіз болды.
Оларды былай қойғанда ара-тұра ауруханаға жатып қалған кездерімде үйден келіп қамқорлық көрсететін. Сенбі, жексенбі күндері үйден қуатты ас істеп әкеп тамақтандыратын. Ауруханада қарайлас жатқан дос-жолдастарды палатаға қоса шақырып, әкелген асын бөліп ауыз тигіздіретін. Ол да өз алдына.
Сырқат адамға аурухана бар жағдайды жасап, міндетті түрде көмек көрсетіп отырады. Соған қарамастан Халима ауруханада жатқан маған үнемі өз көмегін көрсетіп, жеке қамқорлығын жасап отыратын еді.
Бір палатада екі адам жатамыз. Екі кереует, ортақ үстеліміз бар. Кереуеттер басына да, үстел үстіне де шам орнатылған. Олардың әрқайсысына 40 ваттық лампочка қойылған.
Әрине, бұл жарығы ең әлсіз шамдар. Одан басқа 60, 75, 100 ваттық жарығы күшті лампочкалар болады. Бірақ, ондай шамдарды, электр қуатын үнемдеу деген желеумен бас медбике палаталарға қойдырмайды.
Бір жолы Халима көңілімді сұрай палатаға келеді. Күн алабұлттау болатын. Үстелдің жоғарғы жағындағы аспалы шамның өлеусіреген жарығымен жазу жазып отыр едім. Халима басын шайқады.
— Мына қара көлеңкеде қалай жазып отырсың? — деді.
— Шамымыздың шамасы осы, — дедім мен.
Содан кейін Халима менің кереуетімнің бас жағындағы шамды жағып көрді. Көрді де, тағы да басын шайқады.
Одан басқа ол тақырыпқа ешқандай сөз болған жоқ. Қасымда бірсыпыра әңгімелесіп отырып, Халима үйге қайтып кетті.
Ертеңінде кешке қарай Халима тағы да келді. Бұл жолы жеміс қана емес, "жарық", ала келіпті — 75 ваттық екі лампочкамен 100 ваттық үлкен лампочканы үстел үстіне қойды. Содан кейін 100 ваттық өз қолымен үстел үстіндегі шамға орнатты. 75 ваттық екі лампочканы көршіміз екеуіміздің бас жағымыздағы электр патронына жалғастырды.
— Енді кітапты жақсылап оқи аласыңдар, — деді.
Өйткені менің түнде оянып, кітап оқитын немесе жазу жазатын әдетім барын біледі ғой. Ол ауруханада да менің жұмыс қалпым үйдегідей сақталсын деген қамқорлығы еді.
— Қарағым, маған шамды несіне әкелдің? — деді қасымда жатқан сырқат көршім.
— "Түйенің танығаны жапырақ" дегендей, өз күйеуімнің бас жағын жарқыратып қойып, Сізді қара көлеңкеде қалдырғаным ұят қой, – деді Халима күліп.
Тағы бір жолы палатадағы дәретханамыздың есігі шиқылдап мазамызды алды. Әсіресе, біреуіміз түнде түзге тұрғанда дәретхана есігінің шиқылы екіншімізді қоса оятып жіберетін болды. Бұл жайымызды бас медбикеге де айттық. Ол да ештеңе істей алмады.
Сол күндердің бірінде базардан алып, маған әкелген жемісін Халима дәретханадағы кранға апарып, жуып әкелмек болды. Халима тұтқасын тартқанда есігіміз "ойбай" салып, шар ете қалды. Қайта жапқанда да шарылдауынан танбады. Халима басын шайқады да:
— Есіктерің "әнші" екен! — деді.
Одан өзге ештеңе деген жоқ.
Ертеңінде Халима үйден іс машинасының майын алып келіп, жақсылап тұрып, есігіміздің үш топсасын түгел майлап берді. Содан кейін есігіміз бұрынғыдай бақырмайтын болды.
Нарыққа көшкен алғашқы жылдарда коғамдық мекемелердің мүліктері тонала бастады. Ол тонау ауруханаға да жеті. Бұрын әр палата үстелінің үстінде тұратын ішіне қайнаған су құйылатын графиндер де зым-зия жоғалып кетті. Аурулар дәрі ішетін қайнаған суға зар болып қалды.
Сол күндердің бірінде ауруханаға келген Халима палатада графин жоқтықтан, біздің қайнаған суға зар болып қалғанымызды көрді.
Ертеңіне ол үйден біздің палатаға графин әкеп берді. Қайнаған суға қарқ болып қалдық.
Мен қасымдағы сырқат кісіден бұрынырақ үйге қайтатын болдым. Халима келіп, жүгімді жинасты.
Мен үстел үстіндегі үйден келген графинді алғалы жатыр едім. Халима алақанын жайқады.
— Қасыңдағы кісіден ұят қой, графинді алма, — деді.
— Ертең, бүрсігүні бұл кісіде шығады, — дедім мен графиннің мойнынан ұстап тұрып.
— Бұл кісі шықса орындарына басқа адамдар келеді. Оларға да қайнаған су керек. Графин палатада қала берсін. "Ат аунаған жерде түк қалады" деген бар емес пе? Сенен қалған бір "түк" бол сын бұл графин. Сен ат құрлы жоқсың ба? — деп күліп, менің қолымдағы графинді алып, үстел үстіне қойды.
"Ұят!" деген сөз Халиманың ұраны еді! Өмір бойы сол ұранын орындап өтті ғой, қайран Халима!
Толық жүктеп алу үшін:
DOC форматы: https://yadi.sk/i/nAeCD65_g37tC
EPUB форматы: https://yadi.sk/i/J23kJl-2gRyFd