- ҚР-ның «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 25-бабына сәйкес кез келген азық-түлік сатушы азық-түлік тауары туралы мына ақпараттарды беруі тиіс:
1) тауардың атауын;
2) егер тауар техникалық регламенттерде, стандарттарда және өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестікті растау рәсіміне жататын жағдайда сәйкестік белгісін;
3) тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы, азық-түліктің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтерді, сондай-ақ, кейбір аурулар мен сырқаттану кезінде ҚР-ның заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен оларды қолдануға болмайтындығы туралы мәліметтерді;
4) тауардың құрамын, тамақ өнімдеріне қатысты - олардың құрамы, оның ішінде тамақ қоспаларының, азықтардың және азық қоспаларының, тамаққа биологиялық активті қоспалардың болуы және олардың мөлшері туралы мәліметтерді;
5) егер мұндай компоненттегі генетикалық түрлендірілген организмдер құрамы 0,9 және одан да көп процентті құрайтын болса, тамақ өнімдерінде генетикалық түрлендірілген организмдерден тұратын немесе соларды қолдана отырып алынған компоненттердің болуы туралы мәліметтерді қамтуға тиіс. Бұл ретте, оралған өнімдерде - заттаңбада, оралмаған өнімдерде - өнім туралы нұсқамаларда «Осы өнімнің құрамында генетикалық түрлендірілген организмдер бар» деген сөздер жеке сөйлем ретінде көрсетілуі тиіс;
6) дайындаушының тауарлық белгісін;
7) тауарды шығарған елді;
8) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу құны мен шарттарын;
9) егер бұл тауарлардың ерекшелігіне байланысты талап етілсе, тамақ өнімдерін дайындау жөніндегі ұсынымдарды;
10) тауардың дайындалған күні мен орнын, қызмет ету мерзімін және (немесе) жарамдылық мерзімін және (немесе) сақтау мерзімін, егер тауарды сақтаудың талаптары тиісті тауарды сақтаудың әдеттегідей жағдайларынан ерекшеленетін не арнайы сақтау талаптарын қажет ететін болса, оларды сақтау талаптарын көрсетуді, сондай-ақ, егер тауар көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне және қоршаған ортаға қауіп төндіретін болса немесе мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болса, көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының қажетті іс-әрекеттері және мұндай іс-әрекеттерді орындамаған кездегі ықтимал салдарлар туралы мәліметтерді;
11) сатушының (дайындаушының, орындаушының) атауын (фирмалық атауын), орналасқан жерін (заңды мекенжайын), сатушы (дайындаушы) тұтынушыдан қойылған кінәларды қабылдауға уәкілеттік берген және тауарды жөндейтін әрі оған техникалық қызмет көрсететін дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның (оның филиалының, өкілдігінің) орналасқан жерін;
12) егер мұның жұмыс сипатымен байланысты мәні болса, жұмысты орындайтын (қызмет көрсететін) нақты тұлғаны көрсетуді және ол туралы ақпаратты;
13) тауар массасының шамасын (нетто), көлемін, санын және (немесе) жиынтықталымын;
14) тауардың мақсаты туралы және тиімді әрі қауіпсіз қолданылу жағдайлары туралы мәліметтерді, сондай-ақ, ҚР-ның заңдарына сәйкес тұтынушыға ұсынылуы міндетті болып табылатын не тұтынушы мен сатушы (дайындаушы, орындаушы) арасында жасалған шартта көзделген өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
Осы ақпараттар тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілетін құжаттамада, тұтыну ыдысында, жапсырмаларда немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен тұтынушының назарына қазақ және орыс тілдерінде жеткізіледі.
Дайындалған жерінен басқа жерде тұтыну ыдысына бөлшектеп салынған және оралған азық-түлік өнімдері мен басқа да тауарларда көрсетілген ақпараттан басқа бөлшектеп салушы және ораушы (тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда), сондай-ақ, бөлшектеп салынған және оралған күні мен уақыты туралы ақпарат қамтылуы тиіс.