Адам өмірін қалай түзеуге болады? Адам қайткенде тату тұра алады? Ойлы, саналы адамдардың ғасырлар бойы миын тыншытпай, өмірін сарп еткен, әлі де сан адамдардың арын қозғап, ойларын тыншытпайтын осы сұрақтар. «Адам өмірін түзейміз» деп сан ғалымдар түрлі ойлар айтып, ол ойларын халыққа таратып, том-том кітаптар жазды. Солардың ойларының мен білетін бастылары: біреулер «адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі» десе, кейбіреулері «үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе - түзеледі» деді. Ал, біреулер «оқу біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі» деді. Біреулері «бай, кедейді теңеумен түзеледі» десе, біреулері «тәрбиемен түзеуге болады» деді. «Өмірдің өзі - тіршілік таласы. Сондықтан адам өмірін жаратылыстың өзі солай жаратқан, бірін-бірі жеп, талап, таласып өмір сүрмек» дегендер де болған.
Біздіңше, бұларды жекедей алғанда ешқайсысы да адам өмірін түзей алмайды.
«Адам өзі жаратқан иесін танумен түзеледі» десе, жарат¬қан иесін танып күнде бес уақыт намазын оқып, Құранды қақпан қып, елді алдап жүретін молда-сопылардың қылықтарын ойлап қараңыз. Үкімет жойылса, адам бет-бетімен кетсе, біреу-біреуге жәрдем етпесе, азулы айуандар жекелеген адамдарды жей берсе, қайтіп өмір сүрмек? Оқу, білім үйренген адам түрлі өнерді білетіні рас. Бірақ ол өнер-білімді қандай іске жұмсайды. Мен көрген адамдар үйренген ғылыммен түрлі қару жасап, улы газдар тауып, басқа адамдарды аң есебінде атып, әлсізді құлданып, жердің бетін адам қанымен бояғаннан басқа бітіргені шамалы. Бұған ең өнерлі, білімдіге саналатын Англия, Америка елдерін қараңыз. Бай мен кедейді теңеу, байдың малын кедейге бөліп беру - кедейді еріншектік, еңбексіз мал табуға дағдыландырып жіберетін жол. «Тәрбие¬мен түзеуге болады» десе: менің ержеткен төрт ұлым болды. Бұлардың бәрі бір шешеден, бір әкеден туған, өскен жері, ішкен тамағы, өскен ортасы, алған тәрбиесі - бір. Бірақ біреуі шыдамды, біреуі шыдамсыз, біреуі еңбекке құмар, біреуі жалқау, біреуі мейірімді, біреуі қатал, біреуі ашуланшақ.
Ақырында, «өмір - тіршіліктің таласы, сондықтан адам таласып, бірін-бірі қыруға жаралған» деген ой негізсіз, өйткені барлық зат, оның ішінде адам жаратылыстағыдан өзгеретіні сөзсіз. Ары бар, ақылы бар, мейірімі бар, махаббаты бар адамның бірін-бірі жеп, талап, қырып өсуі мүмкін емес.
Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі - адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныштық өмір сүруге мүмкіндік жоқ.
Әрине, адам оқып, біліп үйренуі қажет. Білімсіз, ғылымсыз өнер табылмайды. Сол алған білім-өнерлерін адал еңбекпен жаратылыстың мол байлығын пайдалануға салса, табылмайтын нәрсе жоқ. Сол тапқан байлықты барша адам баласының керегіне, пайдасына жарату керек.
Ақ жүректің керектігі - мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады.
Ал, арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтанды білмейді және істемейді.