Айжан АРАЛБАЙ, Қазақстанның Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ банкі Қызылорда облыстық филиалының тұтынушылармен жұмыс істеу бөлімінің І санатты маманы:
Үйге ақша жинап үйрену керек
- Жас отбасыларға баспаналы болудың қандай жеңілдігі бар екенін түсіндірсеңіз?
«Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасының өзі 8 санатқа бөлінеді. Оның ішінде арендалық үйлер деген бар. Арендалық үйлерді кімдер ала алады дегенге келсек, ең алдымен жас отбасыларға беріледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты да сол, жастардың баспаналы болуын қамтамасыз ету. Жас отбасылар арендалық үйлерге қалай қол жеткізе алады дегенге келер болсақ:
- Ең алдымен арендалық үй алуға арыз жазады. Арыз жазған уақытқа дейінгі жасы ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 29-ға толмаған болу керек.
- Некеге тұру ұзақтығы есепке алынады (кемінде екі жылдан бастап есептеледі)
- Бұған дейін кемінде 5 жыл бойы атында үйі болмау керек
Айта кету керек, бір адамға 15-18 шаршы метрден деп есептеледі. Жас отбасыларға ең тиімдісі олар сол жаңа пәтерде тұрып ең алдымен 8 жыл бойы үй бағасының 50 пайызын депозитке жинақтайды. Қалған 50 пайызын әрі қарай ең төменгі пайыздық несиемен төлейді. Бір атап айтарлық жеңілдік жас отбасылар аренда төлемейтіндігі, сонымен қатар өзінің жаңа үйінде тұрып 50 пайызын жинақтайды. Мәселен, қарапайым мысал, жас отбасы 50 шаршы метр пәтер алды делік. Әр шаршы метрі 80 мың теңгеден деп есептегенде үй бағасы 4 млн. болып есептеледі. Сол 4 млн. теңге қаржының 50 пайызын 8 жыл бойы банк депозитінде жинауға тиіс. Сонда ай сайын 24000 теңгеден депозитке салып тұрады. Ал, 8 жылдан кейін сол пәтерді өз атына жекешелендіріп алып, әрі қарай 4 пайыз несиемен қалған 50 пайызын төлейді. Несие 4 пайызбен 15 жылға дейін беріледі.
Арыз наурыз айынан қалалық «Тұрғын үй инспекциясында» қабылданады. Ал, банк үй алғысы келетіндердің төлем қабілетін анықтап береді. Бір айта кетерлігі, осы бағдарлама бойынша үй алғысы келетіндер банкке келіп жеке есепшотын ашып, ақша жинақтай беруге болады. Себебі, ертең салымшы жинақтаудың алғашқы 6 айын бірден төлеуге міндетті. Сол уақытта осы кезден бастап жинақтаған ақшаңыз болса, әркімнің де өзіне жеңіл болатыны сөзсіз. Жалпы, бүгінгі уақытта әрбір азамат тапқан табысының шамалы бөлігін болса да жинап үйрену қажет. Біздің қазақ ақша жинап үйренбеген. Бүгіннен бастап жиналған тиын ертеңгі күні баспаналы болуыңызға септігін тигізетіні сөзсіз.
- Пропискіде аудан, ауылдарда тіркелген жастар облыс орталығына осы бағдарлама бойынша үй алуға қатыса алады ма?
- Міндетті түрде облыс орталығында пропискіде болу қажет.
- «Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасының жас отбасылар үшін жеңілдігін айттыңыз? Ал, өзге тұрғындар үшін қандай жеңілдігі бар?
- Жас отбасылардан бөлек барлық санаттар үшін де осындай талап қойылады. Мұндағы айырмашылық, жас отбасылардан басқасы жаңа пәтерге аренда төлеп тұрады. Арендалық төлем әр шаршы метрге 60 теңгеден деп бекітілді. Яғни, барлық санаттар пәтер бағасының 50 пайызын банктегі есепшотына жинау уақыты кезінде, яғни сегіз жыл бойы аренда төлеп тұрады. Мұнан әрі сату-сатып алу келісім-шарты жасалып, төменгі пайызбен несие төлей бастайды.
Баспана кімге қолжетімді?
Баспанасы жоқтың бабы келіспейтіні анық жайт. Осы ретте мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар да аз емес. Әсіресе, елімізде соңғы 4-5 жыл бедерінде тұрғын үй саясаты жақсы жолға қойыла бастағаны мәлім. Сондай шаралардың бірі, «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы осы мақсаттағы тіршіліктердің шоқтығы биік тұрғаны деп айтуға болады. Ендеше, бағдарлама бүгінгідей қарқынмен іске асырыла берсе, тұрғын үй нарығын реттейді деген болжам бар.
Демек, баспана өзекті тақырып болып тұрған шақта аталған бағдарлама аясында сауалдар көп-ақ. Сол себеппен редакцияда «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасының тиімділігі турасында дөңгелек үстел болып өтті.
Дөңгелек үстел басында жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндаған Тұрғын үй инспекциясының маманы Гүлмира Фазылованың айтуынша, тұрғын үймен қамту саясаты 2005-2007 жылдардағы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру халықтың әлеуметтік қорғалған бөлігі үшін, азаматтардың басым құқық берілген санаттары (балалары бар жас отбасылары, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері және әлеуметтік саланың мемлекеттік кәсіпорындары қызметкерлері) үшін мемлекеттік қаражат есебінен сату құны бір шаршы метрі 56 515 теңгеден аспайтын коммуналдық және қолжетімді тұрғын үй салу, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, жеке капитал инвестицияларын тарту есебінен тұрғын үй салуға бағытталған шараларды қабылдау арқылы жүзеге асырылып келген.
Ал, 2005-2012 жылдар аралығында 239 жастар мен жас отбасыларына жеңілдетілген несие арқылы ипотекалық пәтерлер берілді.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша тұрғын үй алу кезегінде 533 жетім мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар тіркелген. Жетім балалардың алдыңғы қатары кезекке 2006 жылдан бастап тіркелген. Жуырда Астана мөлтек ауданынан 112-пәтерлік «Жасөспірімдер үйі» салынып, ғимараттың төменгі қабатын жатақхана типтес, онда балалар үйінен шыққан 18-23 жас аралығындағы балалар паналаса, ғимараттың жоғары қабаттары 23-29 жас аралығындағы жетім балаларға арналған 1 бөлмелік пәтерлер ретінде берілгендігіне ерекше тоқталғаны шынында да атап айтуға тұрарлықтай игілікті іс болғаны анық.
Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бекітіліп, төмендегідей негізгі бағыттар көзделіп отыр:
1. Жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтар үшін тұрғын үй салу.
2. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша:
1) халықтың барлық санаттары үшін;
2) жас отбасылар үшін тұрғын үй салу.
3. «ҚИК» Акционерлік қоғамының тұрғын үй салуы.-деп негізгі жұмыс барысымен таныстырды Г.Фазылова.
-2013 жылы аймақта “Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасы бойынша жас отбасылар үшін 6 тұрғын үй, яғни 270 пәтер салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Бағдарлама бойынша жас отбасыларға арналған тұрғын үйлерді алу мақсатында бағдарламаға қатысушыларды іріктеу және тұрғын үйді беру кезектілігінің тәртібін Жергілікті атқарушы орган белгілейді.
Мәселен, тұрғын үй қарыздарын алу үшін аталған бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
- Отбасының құрамына ерлі-зайыптылар, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балалар, ерлі-зайыптылардың еңбекке жарамсыз ата-аналары қосылады;
- Ерлі-зайыптылардың екеуінің де Бағдарламаға қатысуға өтініш берілген елді мекенде тіркелуі;
- Соңғы 5 жыл ішінде ерлі-зайыптылардың және олардың отбасы мүшелерінің тұрғын үй жағдайларын қасақана төмендету фактілерінің болмауы;
- Өтініш берердің алдындағы соңғы 6 ай үшін отбасының ай сайынғы жиынтық таза табысы (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және басқа да аударымдарды есептемегенде) мынадай шекте:
а) ең төменгі Алматы, Астана қалалары үшін төменгі күнкөріс деңгейінің 4 есе мөлшері, басқа қалалар үшін төменгі күнкөріс деңгейінің 3 есе мөлшері;
б) ең жоғарғы-төменгі күнкөріс деңгейінің 12 есе мөлшерінен артық емес.
Жергілікті атқарушы орган өтінішті қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру берген күннен бастап, бірақ жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы басталған күннен бастап 3 айдан кешіктірмей Бағдарламаға қатысу үшін өтініштерді қабылдауды бастайды және жалға берілетін тұрғын үйді іске қосуға 6 ай қалғанда аяқтайды.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер аз болған жағдайда атқарушы орган өтінішті қабылдау мерзімін ұзартуға құқылы.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінішті қабылдаған кезде жергілікті атқарушы орган өтініш иелерінің жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізеді.
«Бала тумайсың балл туасың» немесе балл қалай жиналады?
Жалға берілетін тұрғын үйді бөлу үшін төлем қабілетін растаған өтініш берушілерді іріктеуді атқарушы орган балдық жүйе бойынша (балдың ең көп саны бойынша) жүргізеді.
1) тіркелген некенің әрбір жылы үшін 5 балл;
2) тұңғыш бала үшін 20 балл, екінші және кейінгі балалар үшін 30 балл;
3) мүгедек болып табылатын және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен созылмалы аурулардың кейбір ауыр түрлерімен ауыратын отбасының әрбір мүшесі үшін - 10 балл;
4) мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде алдағы іріктеу кезінде салынған тұрғын үйдің тізіміне қосылмаған үміткерлер үшін қосымша 5 балл. Жалға берілетін тұрғын үйді бөлу кезегін жинаған балдың саны анықтайды. Қысқасын айтқанда, бұл жерде баласы бар адамның балы жоғары болады деген сөз.
“Қолжетімді баспана 2020” бағдарламасы арқылы баспанамен қамтамасыз етудің және бір бағыты «ҚИК» ИҰ» Акционерлік қоғамы арқылы салынған тұрғын үйлер арқылы шешімін таппақ.
Жаңа бағыт «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйым» акционерлік қоғамының тұрғын үй салуы 2030 жылға дейін сату мерзімімен сату - сатып алу құқығы бар жалға берілетін тұрғын үй. Азаматтардың басым құқық берілген санаттарына жастар, оның ішінде: жоғары немесе техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімдері бар және аталған білімдерін алған кезеңнен бастап 9 жылдан аспайтын уақыт өткен 29 жасқа дейінгі азаматтар жатады.
Бағдарламаға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға немесе жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйге мұқтаждар ретінде есепте тұрған, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрмаған азаматтар қатыса алады.
«Тегін үйді» санадан шығару қажет
Сатып алу құқығымен жалдау мынадай негізгі шарттарды көздейді:
1) сатып алу қүқығы бар жалдау шартының мерзімі 15 жыл;
Тетіктің басты артықшылығы - тұрғын үй сатып алуды мемлекет қаржыландыруының қажет болмауы. Тұрғын үйді сатып алу жалдаушылардың тұрғын үй құрылыс жинақтарының және тұрғын үй қарыздарының есебінен жүргізіледі.
Бұл арадағы мемлекет үшін маңызды басымдық түскен қаражатты жалға берілетін тұрғын үй салуға қайта жұмсау, яғни ресурстарды 20 жылдың ішінде екі есе пайдалану және Бағдарламаның осы тетігімен жас отбасыларын баспанамен кеңінен қамту мүмкіндігін жүзеге асыру.
Жеңілдетілген талаптарда жалдамалы тұрғын үйде тұра отырып, тұрғын үй сатып алу үшін қаражат жинау, содан кейін 15 жылға дейін мерзімге тұрғын үйге қарыз алу мүмкіндігі жас отбасылар үшін таптырмас жеңілдік екендігі сөзсіз.
Жалдамалы тұрғын үй салу жас отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырады.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша 1 және 4 пәтерлік үй салынбайды. Пәтерлер стандартқа сай 2 және 3 бөлмелі, яғни 55-75 шаршы метр аралығында болады және отбасындағы бір адамға 18 шаршы метрден аспауы тиіс.
Барлық санаттағы адамдар үшін тұрғын үйдің жалдау ақысы шаршы метріне 100 теңгеден аспау керек деген заңдылыққа сүйене отырып, шаршы метрі 90 мың теңгеден салынған пәтерлердің жалдау құны шаршы метріне 60 теңгеден деп бекітіліпті. Бұрын шаршы метрі 56 мың теңгеден салынған үйдің жалдау құны 38 теңге көлемінде есептелетін болған. Барлық санаттағы адамдарға арналып салынатын үйдің құрылысы банк арқылы келісім жасалғаннан кейін басталмақ.
Тағы бір айта кететіні, бағдарламаға қатысушылар келесі үйге қайтадан құжат дайындап арыз беруі міндетті. Өйткені, банкіден қайтадан төлем қабілеті расталуы керек. Бағдарлама арқылы тұрғын үй алуға ынтасы бар жанда басқа банктен несие болмау қажет.-тектес заңдылықтарын тәптіштеп түсіндірген мамандар қорыта келе, «Тегін үйден өз еркімен әрекет ете алмайтын адамдар ғана үміттену керек» - деп түйді.
Ең бастысы, Бағдарламаның тиімділігі баспана алатын қаржының жартысын сол үйде тегін тұрып жинақтаудың өзі үлкен қолдау, түсінгенге. Өйткені, алдағы уақытта бағдарламаға “пәтерлер жекешелендіру құқығынсыз беріледі” деген өзгерістер енгізілуі ықтимал.
Бетті дайындағандар Г.ДІЛДӘБЕКОВА, Р.САДУОВА
http://baq.kz/kk/regional_media/post/28968
http://kz.otyrar.kz/2012/11/baspana-aluғa-kerek-құzhattar/
https://surak.baribar.kz/217695/қолжетімді-баспана-мемлекеттік-бағдарламасы-бойынша-баспананы