ҚазАқпарат - Сайлауға бөлінген қаржының 70 пайызы жергілікті комиссия мүшелерінің жалақасына кетеді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы қаржы бақылау бөлімінің меңгерушісі Маржан Мұхаметова айтты.
«Үстіміздегі жылдың 26 сәуірінде өтетін кезектен тыс ҚР Президенті сайлауына Үкіметтен 5 млрд. 141 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражаттың 70 пайызы жергілікті комиссия мүшелерінің жалақасына төленеді. Осы сайлауға 10 мыңнан астам сайлау учаскесі ашылып, онда 70 мыңға тарта комиссия мүшелері жұмыс істейді», - деді ол.
М.Мұхаметованың айтуынша, заң талаптарына сәйкес сайлау комиссиясының әрбір мүшесіне 3 ең төменгі жалақы мөлшерінде айлық төленетін болады. Бұдан бөлек Үкіметтік қордан бөлінген қаржы автөкөлік, байланыс және басқа да шығыстарға қаралады.
«Бұл қаржы Үкімет қорынан бөлінгеннен кейін оның басқа жайттарға жұмсалуына қатаң тыйым салынады. Біз бұл қаржыны 17 наурыз күні жергілікті сайлау комиссияларына жібердік», - деген ол маусым айының басында жергілікті сайлау учаскелеріне жұмсалған қаржының нақты есебін Орталық сайлау комисссиясына жіберетіндігін атап өтті.
«Еліміздің заңына сәйкес ағымдағы жылы ең төменгі жалақы 21 мың 364 теңгені құрайды. Демек, сайлау комиссиясының әрбір мүшесіне 62 мың теңгеден жалақы төленетін болады», - деп қосты ол.