Түрік қағанатының жері Солтүстік Моңғолиядан бастап Шығыс Еуропаға дейінгі өңірге дейін созылып, қоныс өрісі Әмудәрияның жоғарғы ағысына дейін жетеді. Қазақстан да осы қағандықтың құрамына кірді. Бұл мемлекет туралы жазба деректер Түрік империясының өз тілінде VII-VIII ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазбалары арқылы белгілі. Бұл ескерткіштер түркілер мекендеген Енисей өзенінің бойы мен қазіргі Моңғолия жеріндегі Орхон өзені маңайынан табылғандықтан “Орхон-Енисей” жазуы деп аталып кеткен. Ескерткіштер – VII-VIII ғасырлардағы түркі ру-тайпаларының іргелі елі Түрік қағандығының тұсында Білге қаған, Күлтегін (әскер басы), Тоныкөк (ақылшы, кеңесші) сияқты атақты адамдарға арнап тұрғызылған құлыптастағы жазулар.
Алғаш рет түрік атауы 542 жылы қытай жазбаларында кездеседі. Түрік атауы моңғолша тау сияқты дулыға дегенді білдіреді, кейде, түрік атауы ақсүйектер деген мағынада да қолданылады. Ал қытайлар түріктерді сюннулердің (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған.
Түріктер 546 жылы Алтайды мекендеген теле /тирек/ тайпасын жеңіп, олардың 50 мыңнан астам әскерін тұтқынға алып, өз армиясына қосып алды. 552 жылы көктемде түріктердің билеушісі Бумын өздерінің билеушісі аварларға (жуань-жуандарға) қарсы шығып, оларды ойсырата жеңіп, Түрік қағанатын құрады. Түрік ордасының алғашқы қағаны Бумын болды. Бумын қаған 553 ж. қаза табады. Оның мұрагері Мұқан-қаған (553-572жж.) билік құрған жылдарда Түрік қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болды. Олар маньчжуриядағы кидандарды, Енисейдегі қырғыздарды бағындырып, Солтүстік Қытай мемлекетінен алым-салық алып тұрды.
Бір тілде сөйлеген түркі халқының құрамында оғыз, қарлұқ, қырғыз, түргеш, ұйғыр, қыпшақ сияқты т.б. 30-дан астам ру-тайпалар біріккен. Бұл тайпалар шығыстан батысқа қарай жылжып, қазіргі қазақ жеріндегі үйсін, қаңлы тайпаларымен бірігіп, оларды өздеріне сіңіріп жіберген.
Түріктер әуелгіде Орта Азияны өзіне бағындыруда Каспий теңізінен Солтүстік Үндістан мен Шығыс Түркістанға дейінгі жерлерге ие эфталиттерге қарсы Иранмен одақ құрып, 587 ж. Бұхара түбінде оларды жеңеді. Тохаристан облысы Иран қарауына өтіп, Батыс түрік қағанаты мен Иранның саяси ықпал жасау аймағының шекарасы Амудария бойымен өтеді.
Түріктер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізіне баратын Жібек жолына иелік ету жорықтарын бастап Иранға қарсы Византиямен одақтасты. 571 жылы түріктердің әскери қолбасшысы Естеми Солтүстік Кавказды басып алып, Керчь шығанағына (Боспорға) шығып, 576 жылы Қырым жеріне енеді. Бірақ Естеми өлгеннен кейін, қағанат ішінде билік үшін қырқыс басталды. Өзара қырқыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретіп, 588 жылы Герат түбінде түріктер Ираннан жеңіліс тапса, 590 жылы Византия Боспорды қайта жаулап алады. 581-618 жылдары Солтүстік Қытайдың қағанат шекараларына шабуыл жасауы қағанатты одан бетер әлсірете түсіп, Түрік қағанатындағы саяси күйзеліс ақырында 603 ж. қағанаттың екіге - Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталады.
Батыс түрік қағанаттың астанасы Жетісу жеріндегі Суяб қаласында (қазіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде), ал жазғы орталығы Мыңбұлақта (Түркістан төңірегі) болды. Батыс түрік қағанаты ежелгі үйсін жерін жайлап, Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді өздеріне қаратты. Сонымен қатар ол Шығыс түрік қағанатының Шығыс Түркістан және Орта Азияның Самарқанд, Бұқара тағы басқа қалаларын басып алды. Осы қалаларда қағанның орынбасарлары отырды.
Батыс түрік мемлекетінің бірінші басшысы – қаған жоғарғы билеуші, бүкіл жердің иесі болды. Жоғарғы лауазымдар – жабғы, шад және елтебер қаған әулетінен шыққандарға берілді. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар атқарды. Негізгі еңбекші халық – “қара бұдын” (қара халық) деп аталды. Жегуй қаған (610-618 жж.) мен оның інісі - Түн-жабғы қаған (618-630 жж.) билеген кезде қағанаттың күш-қуаты арта түсті. Тохарстан мен Ауғанстанға жасаған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік-батысына дейін кеңейтеді. Батыс түрік қағанаты мал және егін шаруашылығымен шұғылданды. Қалаларда сауда-саттық кеңінен өрістеді.
VII ғасырдың ортасына қарай он алты жылға (640-657) созылған қағанат ішіндегі өзара тартыс, тайпалар арасындағы соғыс қағанатты әлсіретеді. Осыны пайдаланған Таң империясы Жетісуды басып алып, онда таққа өз адамын отырғызады. Түріктер мен Таң империясы арасындағы үздіксіз соғыстардың нәтижесінде түргештер күшейіп VIII ғасырдың басында Жетісудағы билікті өз қолдарына алады.
Түргеш қағанаты704-756 жылдар аралығында өмір сүрді. Қағанаттың негізін қалаушы Үшелік-қаған болды. Қағандықтың территориясы Орта Азияның оңтүстік-шығысында Шаш (Ташкент) қаласынан Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Турфан қалаларына дейінгі аралықты қамтыды. VI ғасырда Тянь-Шань таулы аймақтарында өмір сүрген түргештер VII ғасырда Жетісуға қоныс аударып, Батыс түрік қағанатының сол қанатының құрамына енген, халқы ең көп тайпа болған. Қағандық халқының этникалық құрамы негізінен сары және қара түргеш тайпаларынан тұрды. Жазба деректердің көрсетуі бойынша олар Шу, Талас, Іле бойларында өмір сүрген. Үшелік қаған өзінің негізгі тайпаларын екі Ордаға бөліп, басты орталығын Суяб қаласында, екінші ордасын Іле аңғарындағы Күнгіт қаласында орналастырған. Батыс түрік қағандығының құрамында болған басқа да түрік тілдес тайпаларда түргештердің құрамына енген. Саяси әкімшілік билік қағандықтың ең жоғарғы билеушісі бас қағанның қолында болды. Үшелік қаған қағанатты 20 әкімшілік аймақтарға бөліп, әр аймақта 7 мыңнан әскер ұстады.
706 ж. Үшелік қаған қайтыс болып, оның орнына баласы Сақал қаған (706-711 жж.) отырды. Сақал қаған тұсында мемлекет ішінде бірлік болмай қаған билігі үшін сары және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Оның үстіне қағанатқа батыстан арабтар, оңтүстіктен қытайдың Таң империясы, шығыстан Орталық Азия түріктері қауіп төндірді. Ішкі тартыстардың барысында қара түргештер жеңіске жетіп, олардың көсемі Сұлу-қаған (715-738 ж.ж.) билікке келеді. Оның тұсында Түргеш қағанаты күшейіп, нығайды. Мемлекет астанасы Талас (Тараз) қаласына ауысады. Сұлу қаған мемлекет ішінде тыныштық орнатып, бар күшті батыстағы арабтарға қарсы жұмылдыруға мүмкіндік алады. 723 жылы түргештер Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп арабтарға күйрете соққы берді. Бірақта арабтар 732 жылы түргештерді ығыстырып, Бұхара қаласын басып алады. 737 жылы Сұлу қаған арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып Тохарыстанға дейін жетті, бірақ көп ұзамай жеңіліп, қайтар жолында өзінің қолбасшыларының бірінің қолынан қаза табады. Сұлудың орнына оның баласы Тұқарсан Құтшар қаған болды. Оның тұсында қағанат ішінде сары және қара түргештер арасында билік үшін 20 жылға созылған ұзақ күрес басталып, қағандықтың саяси және экономикалық жағдайы мүлдем әлсірейді.
Осы алауыздық кезінде Жетісуға Алтайдан қарлұқ тайпалары көшіп келіп қоныстана бастайды. Түргештер қарлұқтарға лайықты қарсылық көрсете алмады. Осы жағдайды пайдаланған Қытай империясының Шығыс Түркістандағы билеушісі 748 жылы Суяб қаласын басып алып, содан кейін Шаш қаласының билеушісін жазаға тартады. Оның баласы көмек сұрап, арабтарға барады. 751 ж. Тараз жанындағы Атлах қаласы түбінде Зияд-ибн-Салық бастаған араб әскері мен Гао Сяньжи басқарған қытай әскерлері арасында 5 күнге созылған үлкен шайқас болды. Шешуші сәтте қарлұқтар арабтар жағына шығып, қытай әскерлері ауыр жеңіліске ұшырады. Қытай әскері Жетісуды ғана емес, Шығыс Түркістан жерін де тастап өз иеліктеріне кетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ арабтар да Талас өңірінде тұрақтай алмай Шаш қаласына шегінді. Осыған қарамастан іштей әлсіреген Түргеш қағанаты қайтадан қалпына келмей, 756 ж. қарлұқ тайпаларының қысымына шыдамай, біржола құлайды. Осыдан кейін бұрынғы Батыс түрік қағанатының орнына төрт мемлекет: Төменгі Поволжье мен Солтүстік Кавказ жеріндегі Хазар қағанаты, Сырдың орта және төменгі ағысы мен Арал өңірінде Оғыз мемлекеті, Қазақстанның Солтүстік, орталық, шығыс аймақтарында Қимақ мемлекеті, Жетісу жерінде Қарлұқ мемлекеті пайда болды.
Жалғасы: http://massaget.kz/layfstayl/bilim/gumanitarly-ylymdar/197/