«Қылау» - табиғаттың түлеуін -, жеңіл ғана көмкерілген ақша қарды білдіреді. Ал адамға қаратыла айтылғанда көңілдегі тазалықты, не жүрекке ерекше әсер қалдырған сезімді аңғартады. Сайын Мұратбековтың «Қылау» атты шағын да шырайлы, нәзік сезімге құрылған туындысы осы бір сөздің екі ұғымының тоғысуын, яғни, табиғаттың жаңаруымен кішкентай Сатайдың ояна бастаған махаббатын, пән тілегін сыр ғып шертеді. Жарыстырмалы психологизм, табиғат пен адам тағдырын астастыра бейнелеу – әдебиетте ірге тепкен тәсіл. Дегенмен де «Қылаудағы» шендестірудің ерекшелігі өзгеше. Психологиялық паралелизмді қаламгерлер үлкен оқиғаны шегіне жеткізе отырып, оның күйреуімен не түлеуімен сабақтастыратын. Ал Сайын Мұратбеков домбыраның құлақ күйін қоңыр әуенге келтіріп, Сатайдың бір күнгі сезімін қылаулаған қармен шендестіре суреттейді. Өйткені Сатайдың оянған сезімі оның өміріндегі алғашқы құлпыруы, оның жүрегіндегі алғашқы із қалдырушы.
Тіршіліктің ыстық көктемі, атты жазы, найзағай-бораны, сүйініш-күйініші алда. Бұл қылаулаған қордай ғана пәк те кіршіксіз сезімі. Сатай мен Рабиғаның тіл қатулары, елегізулері, ашық та бүкпесіз сұхбаты, ізгілік ілтипаты табиғаттың сол бір қылаулаған шағынан аумайды. Көңілдерінде тыныштық та жоқ, бірақ аласұрған сапырылыста байқалмайды. Алгебра оқулығын Сатайға сыйлап тұрып: «- Сөйтіп, ендігі жылы бірге оқимыз ба... Байқа, класта қалып қойып жүрме», - деп Рабиғаның күліп тұрып ескертуі арқылы автор олардың өмір жолында әлі талай тоғысарын, табысарын, шынайы ыстық сезімге бөленерін мензейді. Ол кезде бұл шақ қос жеткіншектің ең қызық дәуренін кешер, не осы арман күйінде қалар, ол белгісіз. Сондықтан да табиғат та аяздатпай, брандатпай, қылаулаған қалпынан айнымайды.