Ракета, зымыран — өз массасын біртіндеп бөліп шығару нәтижесінде пайда болатын реактивті күш әсерінен қозғалатын ұшу аппараты. “Ракета” термині Еуропада 15 — 16 ғ-ларда пайда болды. Жалпы жағдайда Ракетаның құрамына бір не бірнеше Ракеталық қозғалтқыш, бастапқы энергия көзі, жұмыстық дене және пайдалы жүк тораптары енеді. Ракетаның ұшуын қамтамасыз ететін тарту күші қоршаған орта әсеріне тәуелді болмағандықтан, ол ғарышқа ұшуға арналған бірден-бір аппарат болып табылады. Ғарыштық ұшу аппараттарын ұшыруға арналған Ракеталық қозғалтқыштардың тарту күші 10 МН-ға, ал реактивтік ағынның шапшып шығу жылдамдығы 3000 — 4500 м/с-қа дейін жетеді. Ракетаны әскери істе, ғылыми-зерттеулер жұмыстарында, ғарыштық аппараттарды ұшыруда пайдаланады. Ракетаның басқарылмалы және басқарылмай ұшатын түрлері бар. Басқарылмалы Ракеталар қозғалысы оның қозғалыс сипатын өзгертуді қамтамасыз ететін арнайы кешен арқылы басқарылады. Басқарылмалы Ракетаға баллистикалық Ракеталар мысал бола алады. Баллистикалық Ракета өзінің қозғалыс траекториясының басым бөлігінде инерция бойынша баллистикалық (қ. Баллистика) траекториямен қозғалады. Оның қозғалыс траекториясына өзгеріс енгізу қажет болғанда ғана Ракета қозғалтқышы іске қосылады. Жасалу ерекшеліктеріне орай Ракета бір сатылы және құрама (көп сатылы) Ракета түрлеріне бөлінеді. Ракетақұрылысы пайдалы жүк орналасқан бөлігі — тұмсықтан, басқару жүйелері орналасқан аспаптық бөліктен, отын және қозғалтқыш орналасқан бөліктерден тұрады.