<font color='green'>Мұхтар Әуезовтiң «Қилы заман» тарихи әпсанасы </font> – алаш ұранды ұлтты ойландыратын ұлы шығарма. Өйткенi ол қазақ елiнiң жегiсiн жеген тарих трагедиясын көркем ой трагедиясына көтерген, алаш нысаналы тағдырлы туынды.«Қилы заман» әпсанасы күлiп отырып емес, қамыға күрсiнiп оқитын тағдыр мен тарих тәпсiрi. Осынау күрсiнiстi аңсарды тұла бойына желi етiп алған бұл шығарманың әр жолындағы өмiрлiк және тарихи шындықты дәлелдейтiн архивтiк деректердi хаттайтын болсақ, онда кемiнде он томдық құжаттар жинағын шығаруға болар едi. Бұл – желеу сөз емес, өзiмiз зерттеп, көзiмiз жеткен айғақ. Сондықтан да жанр жағынан бұл туындыны қазақ трагедиясының тарихи көркем трактовкасы десе де болады. . .«Қилы заманда» ұлттың не өмiр сүруi, не жойылуы, не туған жердiң топырағында қырылып қалу, не жат жерге жылыстап қоныс аудару мәселесi көтерiлдi. Сондай ауыр да қасиеттi тарихи шындықты Мұхтар Әуезов алаш идеясымен суара отырып, әлемдiк кеңiстiктегi көркем шындық деңгейiне жеткiздi. Мұндағы тарихи және көркемдiк нысаналардың қазақ ұлтының тағдырымен тiстесе тамырласып жатқаны сондай, ондағы суреттелген тағдыр тауқыметiн бүгiнгi күннiң шындығынан мүлдем ажырата алмайсыз. Кеңес кезеңiн былай қойғанда, мұндағы көтерiлген тарихи-көркем трактовкалар тәуелсiздiк тұсында да шемендi күйiнде қалып қойды.
<font color='green'>«Қилы заманда»</font> суреттелген алаш идеясы және оның мемлекеттiк басты бес идеясы қазiр де өмiрлiк күшiн сақтап, шешуiн күтуде. Қазақтың жерiн жоқтап, елiн түгендеп, құтын құттаған, тiлiн тұщытып, иманын үйiрген, салауат пен ғадауатқа шақырған «Қилы заман» сияқты шығарма қазақтың көркем ой әлемiнде жоқ. Тарихи шындық ретiнде, оның қайталанбауын Алладан тiлеймiз, бiрақ оны өткен өмiрдiң ақиқатымен салыстыра қабылдауға мiндеттiмiз.
Алаштың басты идеясы – жер, жер және жер. Өйткенi жерсiз отан жоқ. Жерсiз ұлт – күн көрiс тамырынан айырылған жетiм ұлт. Сол сияқты «Қилы замандағы» эпостық трагедиялық ауқым мен орасан екпiнде бейнеленген басты идея да – Жер және жер. Сол жер үшiн күйiнген жұрт өкiлi Тұрлықожа Айттөбедегi анттасудың тұсында Ақжелкеге:
«Жердi алды, қонысты алды. Күн көрiп отырған суды алды. Өз жерiмiздi өзiмiзге сатты, бiз өгей баладай болдық. ...Әдiлмiн деген патшаның бiр сөзiнде тұрмай, екi айтқанына ел көптен наразы болатын. Бүгiн мына солдат деген сөздi шығарып, тағы жалған сөйледi. Бұл күнге шейiн түзелер, оңдалар деп күтiп едi, ендi түзелмейтiнiне көз жеттi. Елдiң шыдамын тауысты. Бұдан арыға шыдай алмаймыз..» – деп шамырқана зiл тастайды.«Қилы заманда» көтерiлген алаштың жер туралы идеясы тәуелсiздiк алған соң да шешiлген жоқ. 1991-2001 жылдардың арасында Әуезов айтқан қиялдың мұнары айығып, шынайы дидары көрiнгендей едi. Аяқ астынан тура «Қилы замандағының» керiн тағы құштық. Тағы да тура «Қилы заманда» «Жердi алды, қонысты алды. Күн көрiп отырған суды алды. Өз жерiмiздi өзiмiзге сатты» деп жазылғандай, жердi сатты. Кiм сатты? Жердi саттық. Кiмге саттық? Өз үйiмiздi саттық, айналып кеп өз үйiмiздi өзiмiзге сатты. Жерге кiм ие болды? Әйтеуiр қазақ емес. Жер кiмнiң қолында қалды? Лужковтың ба, Терещенконың ба, Кулагиннiң бе, Мадиновтiң бе? Жерсiз қалған кiм? Қолында билiгi, қалтасында ақшасы жоқ қазақ жұрты.