Биологиялық белсенді қоспалар. Пайдасы қандай?
Ел аузында «БАД» деп аталып кеткен биологиялық белсенді қоспаларды соңғы кезде тұтынушылар дәстүрлі дәрі-дәрумендермен қатар ішіп жүр.
Мұндай препараттар негізінен дәріханаларда және маркетингтік жүйе арқылы сатылымға түседі.
Осы белсенді қоспалар дегеніміз не, одан алар пайдамыз бар ма?«ҚР Профилактикалық медицина академиясы» қоғамдық бірлестігі жанындағы салауатты тағамтану орталығы Ақтөбе департаментінің ғылыми қызметкері Дария Досқабыловамен әңгімеміз осы жөнінде болмақ.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мәліметі бойынша, адамның денсаулық жағдайы 12 пайыз мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесі деңгейіне, 18 пайыз тұқымқуалаушылық факторларға, 20 пайыз өмір сүру салтына, 50 пайыз тамақтануға байланысты болады екен.
Ғылыми қызметкер Дария Досқабылова:
— Адамның күнделікті тағамдық рационында күніне 600-дей нутриент болуы керектігі ғылыми дәлелденген. Бірақ үйлесімді тағамдық рационды көп адам толық қамтамасыз ете алмайды. Осы кезде биологиялық белсенді қоспаларды қолдануға болады,— дейді.
Ғылыми деректерге сүйенсек, биологиялық белсенді қоспалар — тағамдық және дәрілік өсімдіктердің концентраты, жеке немесе тағамға құрамын байыту үшін қосылып қолданылатын аурудың алдын-алу мен ағзаның жалпы жағдайын жақсартуға арналған табиғи немесе табиғиға жақын заттар компоненті,
жануартекті, минералды, өсімдіктекті шикізаттан химиялық синтез жолмен алынған, табиғи тағамдық және биологиялық белсенді заттардың қосындысы.
Биологиялық белсенді қоспалардың екі түрі кездеседі: біріншісі — нутрицевтиктер-нутриенттер (тағам компоненті), яғни, ағзаны тағамдық заттармен қамтамасыз ететін, бірақ оны толық алмастыра алмайтын, тағаммен дәрілік препарат арасындағы аралық зат, екіншісі, парафармацевтиктер — тағамдық және дәрілік өсімдіктердің органикалық компоненті.
Қазақ Тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановтың пікірінше, халықтың тамақтану құрылымында «алмастырылмайтын» тағам компоненттерінің жеткіліксіздігінен «жасырын ашығу қаупі» болады, бірақ оны тұрмыстағы халық түсіне бермейді, бұл микро-макронутриенттердің жеткіліксіздігінен көптеген аурулардың пайда болуына әкеліп соғады. Бұндай жағдай туындамас үшін тұтынатын тағам көлемін бірнеше ретке көбейту керек немесе биологиялық белсенді қоспаларды қолдану қажет.
Биологиялық белсенді қоспаларды тұтыну — өте ыңғайлы әрі тиімді.
Дария Досқабылова биологиялық белсенді қоспалардың ағзаға берер пайдасы мен оның қандай мақсатта қолданылатынын былайша жіктеп берді:
— Әуелі тағамдануды рационализациялау үшін қолданылады. Оның ішінде, тағаммен жеткіліксіз түскен нутриенттер, яғни, аминқышқылдары, көп қанықпаған май қышқылдары, витаминдер, макро-микроэлементтер, тағамдық талшықтар, экстрактивті заттар жетіспеушілігін толтыру және тағам мен энергетикалық қатынасты оптималды ету мақсатында ұсынылады. Сондай-ақ, рационның калориялылығын төмендету арқылы дене салмағын реттеу мақсатында да қолданылады. Себебі, кейбір биологиялық белсенді қоспалар тәбетті төмендету қасиетіне ие. Кейбірі науқастың тағамдық заттарға деген физиологиялық қажеттілігін қанағаттандырады. Созылмалы аурулар кезінде зат алмасу процестерінің бұзылысын алдын-алып, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына ағзаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ағзадан токсикалық немесе бөгде заттарды шығаруға көмектеседі. Ағзаның иммундық жүйесі жұмысын күшейтіп, жалпы жағдайды жақсартады, тонусын көтереді.
Сонымен қатар, ол белсенді қоспалардың қолдануға ыңғайлы әрі қолжетімді екенін айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенген Дария биологиялық белсенді қоспалардың жағымсыз әсерінің төмен екенін салыстырып әңгімеледі. Яғни, осындай қоспалардан болатын жағымсыз әсер — 0,003% болса, синтетикалық дәрілерде 20-40% болады екен.
Қауіпсіздік жайына тоқталар болсақ, негізі биологиялық белсенді қоспалар биылғы 21 қаңтардағы Үкіметтің №25 қаулысы, ҚР «Техникалық реттеулер туралы» Заңы, «Тағамдық биологиялық белсенді қоспалардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» және санитарлық ережелер мен нормалар секілді нормативтік құжаттармен реттеліп отырады. Ал биологиялық белсенді қоспаларды мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеу қызметін Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті атқарады және
Қазақ тағамтану Академиясының Сараптамалық Кеңес базасында, төрағасы Төрегелді Шармановтың бақылауымен, сонымен қатар, республикалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті және гастроэнтеролог, кардиолог секілді көптеген маман-сарапшылармен бірігіп жүргізеді.
—Тіркеу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өндіруші туралы мәліметке сараптама жүргізіледі. Бұнда өнімдердің нормативтік құжатарға сәйкестігі, дайындау түрі, сынақ нәтижесі зерттеледі. Екінші кезеңде санитарлы-гигиеналық зерттеу, яғни, ингредиенттік құрамының сәйкестігі, физико-химиялық көрсеткіштері, ауыр металл тұздарының, радионуклидтердің, пестицидтердің, микотоскиндердің кездесуі, жануарларға жүргізген тәжірибе кезінде ағзаға токсикалық әсері зерттеледі,— деп түсіндіреді ғылыми қызметкер.
Ереже бойынша биологиялық белсенді қоспалардың тіркеу куәлігі екі жыл мерзімге беріледі, егер өндіруші республика аумағында өткізілген клиникалық сынақтан өткен өнім болатын болса үш жылға дейін мерзімі ұзартылады.
Қоспалардың Қазақстанда таралуы туралы айтар болсақ, төрт жыл бұрын мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеуден 913 биологиялық белсенді қоспаның сауда атауы өткен екен.
«БАД»-ты тұтыну жөнінен Жапония мен АҚШ алдыңғы орындарды бермейді екен.
Ал оны өндірушілердің көптігі бойынша Ресей, сауда белгісінің көптігі жөнінен Қазақстан І орын иеленіп отыр. Елімізде 18 отандық кәсіпорын 247 биологиялық белсенді қоспа сауда атауын тіркепті.
Осы жылы 45 елдің 478 өндірушісі 2768 сауда атауын тіркеген екен.
Экологиялық ахуал, өндірістің қарқынды дамуы әсерінен тағам шикізаттарының құрамы мен сапасы төмен. Күнделікті рациондағы тағам дәрумендер мен минералдардың нормасын өтей алмай отырғаны анық.
P.S. Биологиялық белсенді қоспалар — дәрі емес, ол ағзадағы жетіспейтін дәрумендер мен минералдардың орнын толықтыру үшін қолданылады. Осындай қоспа ішетін тұтынушылар осыны ескерсе дейміз.