Қабдеш Жұмаділов – қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Туған әдебиетіміздің тың арнамен дамып, өсіп – өркендеп, қанат жаюына сүбелі үлес қосып келе жатқан майталман жазушы. Шығармаларының негізгі өзегі – тағдыр тәлкегімен туған жерден жырақта жүрген қандастарымыздың киелі топырақ, қасиетті атамекеніне оралуды зарыға аңсап күткен сағынышы, арман – мүддесі, көз жасы, үміт – сенімі. Қабдеш шығармаларынан Отанға деген сүйіспеншілік, атамекеніне деген өрттей лаулаған махаббат, осы жолда елдік пен ұлттық рух ұрандап тұрғандай. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік тізгіні қолда тұрған шақта ел ертеңі болатын жас ұрпақтың бойына елжандылық рухты қалай дарытамыз. Осы мақсатта мектепте әдебиет пәнінің рөлі өте зор десек, ұлттық рухы асқақтаған Қабдеш шығармаларының орны өте зор. Міне, осыған орай Қабдеш шығармаларын оқытуда шығарманың тарихи негізін, негізгі мәселе мен айтпақ ойын ашып та анық талдай білу – ұстазға үлкен міндет жүктейді.
Мектепте Қ. Жұмаділов шығармашылығы «Сәйгүліктер» романынан үзінді «Қозыкүрең» үзіндісі, 8 – сыныпта «Қаздар қайтып барады» атты алғашқы әңгімесі, 11 – сыныпта жазушы шығармашылығына шолу түрінде өтеді. Осы жинақта жазушы шығармаларын оқыту тәжірибемнен әдістеме ұсынып отырмын.
Балаларды бағыныштылықтан, құлдық психологиядан арылтып, өз позициясы бар, өз намысын қорғай алатын ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде талап үрдісінен шығуға мүмкіндік беретін бірден – бір тиімді әдіс – «Сорос – Қазақстан» қоры арқылы елімізге келген СТО жобасы. Бұл технологияның тиімділігін мен сабақ үрдісіндегі кенет туған өзгерістерден, серпілістерден байқадым. Сол себепті СТО жобасын тәжірибемде жиі тұрақты қолданамын. Мәселен, «Қызығушылықты ояту» кезеңінде «ой шақыру», «негізгі ойды суреттеу», «ББҮ» стратегияларын пайдаланамын, 8 – сыныпта Қ. Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады» әңгімесін өткенде, балалар ой шақыру үшін «Туған жер» сөзіне ассоциация құрды. Бұл тәсілдің тиімділігі – миға шабуыл жасауға мүмкіндік беру, пікір еркіндігі, шабытты ояту, сыни тұрғыдан ойлауға стимул(түрткі) жасау.
Қазіргі кезде оқушылардың әсіресе әдебиет пәнінде көлемді ұзақ әңгімелерді не үзінділерді бәрі бірдей оқымайтыны жасырын емес. Осы тұрғыда СТО жобасының «Жигсо – 1», «Жигсо – 2» стратегиясының тиімділігі өте мол екендігін байқадым. «Қаздар қайтып барады» әңгімесінің идеялық мазмұнын ашу үшін сынып оқушыларын 4 топқа бөлдім. Алдымен үй тобына (1,2,3,4) нөмірледім. Одан кейін 1-лер өз алдына бір топ, 2-лер бір топ болып, жұмыс тобын құрды. Мәтін ой аяқталуына байланысты 4 бөлікке бөлінген. Жұмыс тобында әр оқушы мұғалім роліне дайындалады. Осы бөліктегі бір мәселені шешті. Мысалы: «Қайсар әрі табанды қарт бұл сапарға неліктен кеш шықты?» Одан кейін I топ мәтін бөлігіне «Рухы берік қарт деген ат қойды» Басқа жұмыс топтары да алдымен жеке, одан кейін жұпта, сосын топта осы ізбен жұмыс істейді. Үй тобына оралып, әр оқушы жұмыс тобында оқыған мәтін мазмұнын кезекпен оқыды. Жұмыс тобында құрған жоспарын оқыды, проблеманы шешті, бекітті. Оқушыны бағалағанда, сөйлеген оқушыға емес, қасындағы балаға баға қойдым.
Ой толғаныс кезеңінде «5 жолды өлең»; «7 жолды өлең»; «Эссе»; «Еркін жазу»; «Әлем шарлау»; «Т кестесі» стратегияларын пайдаланып жүрмін.
Балалардың қиялын дамытатын, сөздік қорын байытатын, ойлау шаттығын туғызатын стратегия – «Еркін жазу» стартегиясы. «Қаздар қайтып барады» әңгімесін жан жақты талдап болғаннан кейін, «Еркін жазу» стратегиясын жазып, әңгіме оқиғасын өз қиялымен әрі қарай жалғастырып, өзінше аяқтады.
2 шығармадағы 2 кейіпкерді салыстыру үшін «7 жолды өлең» стратегиясын қолданып жүрмін.
1. Зат есім ______
2. Сын есім _____ _____
3. Етістік ____ _____ _____
4. 2 тақырыпты байланыстыратын ортақ сөйлем ___ ___ ___ ___
5. Етістік ____ _____ _____
6. Сын есім _____ _____
7. Зат есім ______
Қ. Жұмаділовтің «Қозыкүрең» әңгімесіндегі тұлпар мен «Қаздар қайтып барады» әңгімесіндегі қартты салыстыруға арналған «7 жолды өлең» стратегиясы.
1. Қарт.
2. Отаншыл, қайсар.
3. Шыдады, күресті, оралды.
4. Қарт пен Қозыкүрең – атамекенін аңсаушылар
5. Қашты, жетті, өлді.
6. Жүйрік, жершіл.
7. Қозыкүрең.