Мейрамхана мәдениеті
Әдетте біздер мейрамхана мәнеріне, оның ережелеріне назар аудара бермейміз: есімізге түскен уақытта шулап-улап бір топ достарымызбен немесе серігімізбен кіріп келеміз, қолымызға түскенді кие саламыз (джинсы шалбарлар, спорттық жейделер т.б), дауыс көтеріп сөйлейміз... Сондайда айналағыңыздағыларға қандай әсер қалдыратыныңызды ойладыңыз ба?
Осы сынды дөрекіліктерге жол бермей, өзіңізді мәдениетті, сенімді сезіну үшін мейрамхана мәнерін меңгеріп алғаныңыз жөн.
Мейрамханаға жігіт бірінші кіруі керек, бұл кімнің инициатор екендігін көрсетеді. Тек қана әйелдер немесе еркектер болып барсаңыздар, мейрамханаға шақырған адам немесе төлейтін адам бірінші кіруі керек.
Ең алдымен ең ыңғайлы орын нәзік жандыларға беріледі. Ал жігіттің ханымның оң жағына немесе қарама-қарсы отырғаны абзал. Екі ер адам және жалғыз әйел болған жағдайда, әйел ортаға отырады.
Жігіт орындықты тартып, қызды отырғызады. Қыз үстелден тұрғанда, жігіт те орнынан көтерілгені дұрыс. Үстелде бір емес, бірнеше адам отырса, бұл ереже "жарамсыз".
Мәзір берілгенде жауапкершілікті жігіт өз мойнына алады. Ол өз серігінен қандай тағам қалайтындығын сұрайды. Мұндайда қыздың тым қымбат немесе өте арзан тағамға "жабыса" қалғаны әдепсіздік. Осы олқылықтан қашу үшін: "Сіздің таңдағаныңыздай жарайды" немесе "Қалғаныңызға тапсырыс беріңіз" деген сөздер орынсыз деп біліңіз.
Өзіңізді емін-еркін, кеудеңізді тік ұстап, шынтағыңызды үстелдің үстіне шығармай отрыңыз. Үстелге тым жақын немесе тым алыс отыруға болмайды. Сіз бен үстелдің арақашықтығы шынтағыңыздың ұзындығындай болғаны абзал.
Сізбен бірге келген серігіңізге барлық денеңізбен бұрылып сөйлеуге болмайды (арқаңыз басқа адамдарға қарап қалмау қажет). Көршіңіз арқылы біреумен танысуға, сөйлесуге болмайды. Даяшы тұрған кезде серігіңізге керек затыңызды алып жіберуге өтініш білдірмеңіз. Ал даяшы жоқ кезде бұл өтінішіңіз орынды.
Көйлегіңізді немесе костюміңізді дақтардан сақтау үшін майлықты ашып, тізеңізге қойыңыз. Тамақтанып болған соң, оны қайта бүктеп, тәрелкенің оң жағына қоясыз.
Сорпаны үйдегідей үрлеуге, ортақ тағамнан дәм татуға (оны арнайы шанышқы арқылы өзініңіздің жеке ыдысыңызға салыңыз) болмайды.
Шанышқыны немесе пышақты жерге түсіріп алған адам ештеңе болмағандай сабырлық танытып, алып беруін сұрасын, оның айналасындағылардың да бұл оқыс жағдайға мән бермегені жөн.
Дастарханды қолмен сүртуге, шаш тарауға, боянуға, майлықпен немесе тамақтану құралдарымен, ыдыспен ойнауға, тәрелкенің тазалығын тексеруге, тәрелкені шанышқымен ұрғылауға, тағамдарды иіскеуге немесе ұнатпаған тағамына дауыстап сын айтуына болмайды.
Тағамды жеуге бәрінің тапсырыстары келген соң ғана кірісіңіз. Жаныңыздағы адамға сусынды сол қолымен құю керек. Жаңа бөтелке ашылғанда, жігіт бірінші өзіне (аз ғана), содан кейін ханымға құяды. Сусынның барлығын бірден ішіп қою әдепсіздіктің бірі. Егер, сусынды ішкіңіз келмесе, ыдыстың бетін жаппастан, жай ғана алғыс айтсаңыз, жетіп жатыр.
Пышақты оң қолға, шанышқыны сол қолға ұстаңыз және пышақты ауызға алып барудың қажеті жоқ. Алдыңызға келгеннің барлығын кесіп тастаудың қажеті жоқ, бәрі өз ретімен болсын. Тамақтанып болған соң, шанышқы мен пышақты дастарқанға емес, тәрелкеге қойыңыз.
Егер серігіңіз қасық немесе шанышқы сұраса, сап жағын қаратып, белінен ұстап беріңіз.
Тамақты тез әрі аузыңызды толтырып жеуден, аузыңызды толтырып отырып сөйлеуден, серіктеріңіздің аузына тамақ тықпалаудан, жеуге қинаудан аулақ болыңыз.
Тағамды ауызды жауып отырып жеген дұрыс және асыңыз бен сусыныныңызды тауысу міндетті емес.
Нанды шанышқымен емес, қолыңызбен алыңыз. Оны тұтастай жей салуға болмайды, ұсақ бөлшектерге бөліңіз. Нанды салатқа немесе сорпаға батыруға, тұтастай май жағып жеуге жол бермеңіз.
Балық тағамдарын ыстық болсын, суық болсын арнайы құрал арқылы жейді. Ондай жоқ болса, пышақты жолатпай, шанышқыны пайдаланыңыз. Егер аузыңызға балық сүйегі кетіп қалса, оны шанышқының көмегімен, я болмаса, қолыңызбен алып, тәрелкенің шетіне қойыңыз.
Ет тағамдарын, котлеттерді, бифштексті, бүйректі шанышқымен, пышақпен жеңіз. Егер олар шанышқымен кесілетін болса, пышақты жолатпаңыз. Құс тағамдарын қолымен жеу әдепсіздікке жатады.
Тұзды арнайы қасықпен, ол болмаса, пышақпен алыңыз.
Шәйға салынған лимон кесіндісін шәй қасықпен абайлап шығарып, тәрелкеге қойыңыз, оның кеседе қалғаны абзал. Шәйдан алынған лимонды жемеңіз.
Дастарханға жеміс әкелінсе, оларды алдымен қабығынан тазартыңыз, сонан кейін бөліктерге бөліп, дәндерінен арылтыңыз.
Көпшілік ортада жаныңыздағы жолдасыңызға сыбырлап сөйлеу сізге де, оларға да ыңғайсыздық тудырады.
Үстел басында түшкіргіңіз келсе, ақырын әрекет етіңіз және айналаңыздағылардан кешірім сұраңыз. Немесе ортаңызда біреу түшкірсе, "Сау болыңыз!" деу артық етеді. Назар аудармаған болыңыз.
Әкелінген тағамдардың бірін жей алмайтын болсаңыз, себебін түсіндірмей-ақ, бас тартыңыз.
Үстел басында телефонмен сөйлесу – мейрамхана мәнеріне жатпайды. Күтпеген жерден қоңырау соғылса, кейін хабарласуын сұраңыз, шұғыл жағдай болса кешірім сұрап, үстелден тұрып кетіңіз.
Даяшыларды атымен атап шақырыңыз. Егер, дастархан басынан уақытша кететін болсаңыздар, шанышқы мен пышақты бір-біріне паралель қойып кетіңіз, ал тамақтанып болсаңыздар, екеуін айқастырып қою қажет. Даяшы осы әрекет арқылы шешім қабылдайды. Сусындарды ашу – даяшының жұмысы. Шанышқыңыз я болмаса пышағыңыз құлап қалса, жаңасын әкелуін сұраңыз. Ыдыс сындырып алған болсаңыз, абыржымаңыз, бұл үшін ешкім сізге ұрыспайды. Оның ақысын есеппен бірге төлетеді.
Есептесетін уақыт таяғанда кімнің төлейтіндігі шешіліп қою керек. Қазіргі заманда қыздың өзіне төлеуі қалыпты жағдай. Бұл мәселенің даяшының көзінше талқыланбағаны абзал. Әйел өзіне төлейтін болса, даяшыға қандай тапсырыс бергендерін айтады да, жеке есепті алдыртады.
Мейрамханадан шыққанда бастапқыдағыдай жігіт бірінші жүріп, серігіне есік ашып, жол көрсетуі керек. Жігіт өзінің сыртқы киімін ханымға көмектесіп болғаннан кейін киеді. Келушілер сыртқа ер адамның бас киімі мен қолғабы киілгеннен кейін ғана шығады.