0 дауыс
91.3k көрілді
Қаздар қайтып барады әңгімесінің қысқаша мазмұны?

2 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Қабдеш Жұмаділов – қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Туған әдебиетіміздің тың арнамен дамып, өсіп – өркендеп, қанат жаюына сүбелі үлес қосып келе жатқан майталман жазушы. Шығармаларының негізгі өзегі – тағдыр тәлкегімен туған жерден жырақта жүрген қандастарымыздың киелі топырақ, қасиетті атамекеніне оралуды зарыға аңсап күткен сағынышы, арман – мүддесі, көз жасы, үміт – сенімі. Қабдеш шығармаларынан Отанға деген сүйіспеншілік, атамекеніне деген өрттей лаулаған махаббат, осы жолда елдік пен ұлттық рух ұрандап тұрғандай. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік тізгіні қолда тұрған шақта ел ертеңі болатын жас ұрпақтың бойына елжандылық рухты қалай дарытамыз. Осы мақсатта мектепте әдебиет пәнінің рөлі өте зор десек, ұлттық рухы асқақтаған Қабдеш шығармаларының орны өте зор. Міне, осыған орай Қабдеш шығармаларын оқытуда шығарманың тарихи негізін, негізгі мәселе мен айтпақ ойын ашып та анық талдай білу – ұстазға үлкен міндет жүктейді.

Мектепте Қ. Жұмаділов шығармашылығы  «Сәйгүліктер» романынан үзінді «Қозыкүрең» үзіндісі,    8 – сыныпта «Қаздар қайтып барады» атты алғашқы әңгімесі, 11 – сыныпта жазушы шығармашылығына шолу түрінде өтеді. Осы жинақта жазушы шығармаларын оқыту тәжірибемнен әдістеме ұсынып отырмын.

Балаларды бағыныштылықтан, құлдық психологиядан арылтып, өз позициясы бар, өз намысын қорғай алатын ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде талап үрдісінен шығуға мүмкіндік беретін бірден – бір тиімді әдіс – «Сорос – Қазақстан» қоры арқылы елімізге келген СТО жобасы. Бұл технологияның тиімділігін мен сабақ үрдісіндегі кенет туған өзгерістерден, серпілістерден байқадым. Сол себепті СТО жобасын тәжірибемде жиі тұрақты қолданамын. Мәселен, «Қызығушылықты ояту» кезеңінде «ой шақыру», «негізгі ойды суреттеу», «ББҮ» стратегияларын пайдаланамын, 8 – сыныпта Қ. Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады» әңгімесін өткенде,  балалар ой шақыру үшін «Туған жер» сөзіне ассоциация құрды. Бұл тәсілдің тиімділігі – миға шабуыл жасауға мүмкіндік беру, пікір еркіндігі, шабытты ояту, сыни тұрғыдан ойлауға стимул(түрткі) жасау.

Қазіргі кезде оқушылардың әсіресе әдебиет пәнінде көлемді ұзақ әңгімелерді не үзінділерді бәрі бірдей оқымайтыны жасырын емес. Осы тұрғыда СТО жобасының «Жигсо – 1», «Жигсо – 2» стратегиясының  тиімділігі өте мол екендігін байқадым. «Қаздар қайтып барады» әңгімесінің идеялық мазмұнын ашу үшін сынып оқушыларын 4 топқа бөлдім. Алдымен үй тобына (1,2,3,4) нөмірледім. Одан кейін 1-лер өз алдына бір топ, 2-лер бір топ болып, жұмыс тобын құрды. Мәтін ой аяқталуына байланысты 4 бөлікке бөлінген. Жұмыс тобында әр оқушы мұғалім роліне дайындалады. Осы бөліктегі бір мәселені шешті. Мысалы: «Қайсар әрі табанды қарт бұл сапарға неліктен кеш шықты?» Одан кейін I топ мәтін бөлігіне «Рухы берік қарт деген ат қойды» Басқа жұмыс топтары да алдымен жеке, одан кейін жұпта, сосын топта осы ізбен жұмыс істейді. Үй тобына оралып, әр оқушы жұмыс тобында оқыған мәтін мазмұнын кезекпен оқыды. Жұмыс тобында құрған жоспарын оқыды, проблеманы шешті, бекітті. Оқушыны бағалағанда, сөйлеген оқушыға емес, қасындағы балаға баға қойдым.

Ой толғаныс кезеңінде «5 жолды өлең»; «7 жолды өлең»; «Эссе»; «Еркін жазу»; «Әлем шарлау»; «Т кестесі» стратегияларын пайдаланып жүрмін.

Балалардың қиялын дамытатын, сөздік қорын байытатын, ойлау шаттығын туғызатын стратегия – «Еркін жазу» стартегиясы. «Қаздар қайтып барады» әңгімесін жан жақты талдап болғаннан кейін, «Еркін жазу» стратегиясын жазып, әңгіме оқиғасын өз қиялымен әрі қарай жалғастырып, өзінше аяқтады.

2 шығармадағы 2 кейіпкерді салыстыру үшін «7 жолды өлең» стратегиясын қолданып жүрмін.

1.       Зат есім            ______

2.       Сын есім          _____  _____

3.       Етістік              ____  _____  _____

4.       2 тақырыпты байланыстыратын  ортақ сөйлем   ___  ___  ___  ___

5.       Етістік              ____  _____  _____  

6.       Сын есім          _____  _____

7.       Зат есім            ______     

Қ. Жұмаділовтің «Қозыкүрең» әңгімесіндегі тұлпар мен «Қаздар қайтып барады»    әңгімесіндегі қартты салыстыруға арналған «7 жолды өлең» стратегиясы.

1.       Қарт.

2.       Отаншыл, қайсар.

3.       Шыдады, күресті, оралды.

4.       Қарт пен Қозыкүрең – атамекенін аңсаушылар

5.       Қашты, жетті, өлді.

6.       Жүйрік, жершіл.

7.       Қозыкүрең.

Қозыкүрең оның сайгулігі ме
0 дауыс
Қаздар қайтып барады әңгімесінің қысқаша мазмұны.                                                                         Мынау ертелі-кеш қазандай қай­наған қарбаластықтан бір арылмайтын қалада жыл сайын болмаса да, жыл аралап құлаққа шалынып қалатын, ұмытылып бара жатқан сазды әуендей қайтқан қаздың қи­қуы сартап болған сағынышыңды қозғап, қайтқан қазға ілесіп, өзің де әлдебір алыс жаққа қайтатындай қобалжып тұрып қуанасың, қуа­на­сың да көз ұшына іліне берген қаз­дар тізбегін көргенде барып, жұртта жалғыз қалғандай көңілің құлазып, жүрек тебіренісінің тепкісімен тостағынан аса төгіліп, жүзіңде құлдыраңдап құлап бара жатқан тұнық сағынышты ері­ніңмен іліп алып тамсанасың... Ауыл сағынышы шіркін, айтылып болмас әсем ән дерсің!..
Осыдан он неше жыл ілгергі ауыл өмірі қандай тамаша еді, ауыл маңының сәні балалар – біздер ед­ік. Түстен кейін мектеп тараған соң, бүкіл маң уда-шу болып кететін, қуаласпақ, жасырынбақ, асық, ал­тыбақан тебу секілді қазақы ойын­дардың түбін түсіретін тентектер біздің ауылдан, біздің үйдің артын­дағы атыздан табылатын. Өрістен қайтқан малдың азан-қазан дауысы мен балалардың шуылы біріккенде маған бейне ауылда бір айбынды симфония ойнап жат­қандай сезім ұялайтын.
Біздің үйдің үлкені сүлей мінез, сұлу мұртты ағамның бүйрегі кө­бінесе ағайынды төртеуіміздің ішіндегі маған бұрылып тұратын. “Үйленгенде өзім шаңырағыма мінгізіп аламын” дейтін еркелетіп. Орта халден де төмендеу отбасымызда осы ағамның арқасында азды-көпті бала арманым орындалып тұратын десем, бәлкім, артық айт­қан болмаймын. Бір мезгіл біз­бен көршілес отыра қалған ер­тек­шіл ақсақалдың әдемі бір қызы бар еді, анам әдемі әпкеме кезіккен сайын оны айналып-үйіріліп “Шір­кін, сені өзім бала қылып алсам” деп қал­жыңдайтын, әрине, әзіл де­ге­ні­мен ананың жүрекжарды арманы екені кім-кімге де аян. Болашақ қайын апасын көргенде жүрегі аттай тулап кете ме екен, кім білсін, анамды анадайдан көрген заман ептеп бұрыла жөнелетін, ал тығы­ларға қалтарыс таба алмай қалған күні көрсеңіз ғой, жүзі нарттай жанып ұялғаны қандай тамаша еді әде­мі әпкенің, жүрегіндегі бар сұлу­лығы бетіне үйіріліп шыға келгендей сезілетін-ді...
Екінші класқа енді аттаған жы­лымның бір жексенбісінде әдемі әпкемнің жайлаудағы үйі ойдағы отырған қоныстарына көшіп келді. Анам ала жаздай барлығымыздың аузымыздан жырып сақтаған кәделі сүрісі мен бізге таңсық тәтті-дәм­дісін дастарқанға орап “құда­лары­на” ерулік дайындап үлгерді. Енді ерулікті кім апарады мәселесіне келгенде ол үйге күйеу болғысы келіп жүрген үлкен ағам көбедей көп сылтауын көлденеңдетіп сып беріп сыртқа зытты. Анам мен әпкемнің “кейін әдемі әпекеңнің шаңырағына мінесің” деген көп­шігіне көңілім өсе қалған мен міндетті салтанатты түрде қабылдап алсам да, әлденеден қобалжи бастадым, балаға ұяттың не керегі осы деп жатады ғой үлкендер, ал мен, көп-көрім ұялшақ едім... болашақ құданың қақпасынан баспалай кірдім, “ұрлық қылып жүрсің бе?” дегендей арбаның астында жатқан қара ала төбет маған қарап мыңқ етіп қойды. Аула жым-жырт, тошала үйден дуылдаған кісілердің дауысы естіледі, есікке сәл-пәл жақындап ішке үңілдім, ер-әйел аралас 6-7 адам дөңгелек үстелді айнала отырып ет жеп жатыр екен. Ойпырай, мына есіктен ары аттау табиғаты тым ұяң мен үшін алғанда қияметтің қыл көпірінен өткеннен де қиын-ау шамасы, ішімнен өзімді-өзім қанша қамшыласам да, жерге шаптасып қалғандай, аяғым алға баспай-ақ қойды. Әрі тос, бері тос, үйден бірер пенденің шығатын түрі жоқ, елдің есігінің алдында ербиіп тұратын емес, дастарқанды арбаның үстіне қойдым да, салып ұрып үйге қайт­тым, ақжарма анам байғұс мені тап бір жеңісті жорықтан оралғандай айналып-толғанып, айранын ауызыма тосып, құда-құдағиы мен әде­мі әпкемнің ахуалын сұрағыштағысы келіп еді, сырғақтап жүріп сыртқа қарай зыттым. Арасын бір ғана арық бөліп тұрған ауыл үйде ашылмайтын сыр болмас, бес күннен соң дастарқанын жоқтай барған анам құдағиының алдында жер болып қайтқан көрінеді. Ақыл-есі бар адамзаттың өзі нәпсіге тежем жасай алмай жатқанда анау қара ала төбет байғұсқа не сын болсын. Ит қой ол ит, арбаның үстінде бұрқырап тұрған мамыр мен маусымның “мампази” сүрісінің иісіне төтеп бере алмаған болса керек, ақ бау қант пен ала дастарқаннан басқа­ның түгін қалтырмай сыпырып салыпты. Бұрын-соңды біздерге шапалақ ала ұшып көрмеген анам осы жолы мені май құйрықтан аямай осты. Қара ала төбетке қор болған сүрілеріне емес, қайта менің жетесіздігіме күйіп кетті-білем, өмірде өксімей, елдің баласынша еңсесін биік ұстап жүрсе екен деп жүрек қанын сарқып жүріп бау­лы­ған балапанның жүнжіген кей­пін көріп, бәлкім, өзі қоса қорланып кет­ті ме екен, кім білсін?! Менімен қоса жылап жүрген анамның ашуы тарқап, мені маңдайымнан сыла­маққа бейімделген былайғы жерде менің де долылығым ұстады. Ауыз үйдегі сәкіге бүк түсіп жата қалып, өтірік-шыны аралас сұңқылдай бастадым, ала жаздай торуылдасақ та бізге бұйырмаған тәтті-дәмдіні әп-сәтте қағып кеткен қақпан қапқыр қара ала төбетке қарғыс жаудырып жатып ұйықтап кеткен екенмін, әлдекім басымнан сыйпағандай бол­ған соң, көзімді ашсам, үлкен ағам қасымда отыр екен, ол қалта­сын сыртынан қағып-қағып қойып, жымиып күлді. Қашанғы әдеті еді бұл. “Саған сыйлайтын тартуым бар”.
– Не ол?.
– Кітап.
Кітап де­се ішкен асымды жерге қоятынмын, басымды көтердім. “Әкел”, – дедім бұртиып. – “Бір шартым бар”. – “Не шарт ол?”. – “Бізбен бірге тамақ іш”. Елшілікке келгені емеуріннен белгілі. Анам қанша алдамаласа да, қырсықтанып түскі тамақты жемей қойғанмын. Үстел басына қарадым, анам түк сезбегенсіп, дастарқанын жөндей бастады. Намысыма сүйеніп, әлде де біраз тоңыраймақ едім, ағамның қалтасындағы сыртын да көрсетпей қойған кітапқа деген құмарлық мені еріксіз ебелектетіп үстел басына алып келді... – “Бұл енді сенікі болады, ала ғой”. Тамақтан соң ағам кітапты маған ұстатты. Авторы да, аты да белгісіз көнелеу кітап үшін­ші бетінен басталыпты, мұқабасы түсіп, сыртын сары қағазбен қаптап қойғандығы көп адамның қолынан өткендігін айтып тұр. Сол шаққа дейін өлең жайлы еш түсінігі жоқ мені бұл кітап бірден өзіне баурап алды, шынымды айтсам, кітаптың мен түсінбейтін тұс­тары да аз емес еді. Көкейіме әбден жатталып қал­ған “Сенің көзің түпсіз терең тұң­ғиықтан жаралған” деп келетін шу­мақтарды мен әпкем мен анамды қатар отырғызып қойып, әлемде жал­ғыз өзім ғана отырғандай-ақ, даңғара үйімізді ба­сыма көтере жат­қа айтып бере­тінмін... Содан бас­тап, бұл кітап менің қиялымды әлдебір алыста мұнарлы бағытқа қарай итермелей бастағандай болды, өмір дегеннің өлең екенін, өлең дегеннің өмір екенін, әдеттегі адам­дарға ұқсамай­тын ақын деген бір әдебиет адам­дардың бар екенін тү­сіндім. Ол ақын – Мұқағали Мақа­таев еді де, сол жинақ Мұқаңның “Қаз­дар қайтып барады” жинағы болатын...
Қаздар қайтып
барады тіз­бектеліп,
Іздеп кетті көктемді, іздеп еліп.
Қарашада қалтырап қария тұр,
Тағы да бір сұп-сұрғылт
күзді өткеріп...
Содан бері де біздің ауылға қаз­дар неше келіп, неше қайтты, қайт­қан қазша басымнан қиқулай ұшқан қуаныш пен жұбанышқа толы сәт­тер­мен арпалысып жүріп, есейіп кет­кенімді сезбей қала жаздаған ме­­нің ауылдан алыс жүрген бұл күн­дер де, сонау бала кезімде жаны­ма серік болып, сезім сыйлаған сол жинақ қана өткен күннің ескір­мес естелігіндей жанымда жүр.
...