Бұның бірі баяндама бірі тәрбие сағаты кәдеңізге жарар деген ойдамын.
Ұлттық тәрбие беру арқылы бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту жолдары
ХХ ғасырдың 20 - 30 жылдары Қазақстанда этнопедагогикалық ой - пiкiрдiң дамуына үлкен үлес қосқан қазақтың ағартушы - педагогтары А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, М. Дулатовтың еңбектерiнде бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру туралы ой - пікірлері, оларды жүзеге асыру жолдары нақты көрсетiлген.
1. Ахмет Байтұрсыновың бүкіл өмір жолындағы басты идеясы қазақ халқының ұлттық санасын ояту, тұрмыс - жағдайын жақсарту, ол үшін халықты жаппай сауаттандыру, оқыту керек екенін айтып, өзінің ұлттық идеясын насихаттайды.
А. Байтұрсынов қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына ерекше күш жұмсап, оларға арнап “Сауат ашқыш” атты оқу құралын жазып шығарды.
Ахмет Байтұрсыновтың “Әліпбиi” қазақтың алғашқы ұлттық сипаттағы әліппесі. Ол араб графикасымен жазылған нағыз ұлттық “Оқу құрал”. Бұл оқулықты жазудағы оның алға қойған мақсаты - бастауыш сыныпта балалардың сауатын ашу. Кітапта автор әр әріпті жекелеп түсіндіріп, олардың жазылу және айтылу кезіндегі ерекшеліктеріне тоқталады.
Оқу құралының ерекшелігі әріпті тегіс үйретіп біткеннен кейін оқулық соңында сауат ашар оқушы қауым үшін тәрбиелік маңызы ерекше, идеясы құнды өлеңдер, тақпақтар, айтыс, ұсақ әңгімелер берілген. Оларды берудегі мақсат - оқушы әріптерді толық меңгерді ме, жоқ па, екіншіден, жаттығу үшін берілген әдеби нұсқалар оқушыларды адамгершілікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа, мәдениеттілікке тәрбиелер деген ой болды.
Оқу құралындағы қазақ халқының даналығын көрсететін ауыз әдебиетінің тәрбиелік мазмұнды түрлі жанрларын пайдалануға ұсынылуы бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие берудегі әсері мен ықпалы ерекше, оны қазіргі кезде әліппе жазуда басшылыққа алу қажет деп санаймыз.
А. Байтұрсынов өзінің “Бастауыш мектеп” деген мақаласында қазақ бастауыш мектептерінде қандай пәндер оқытылуы қажет деген мәселеге арнайы тоқтап, ол пәндерді “оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа - кәсіп, қолөнері, жағрафия, жаратылыстану болу керек” екендігін нақтылап көрсетеді. Сол мақаласында бастауыш мектепте оқыту тілі туралы: “... Қазақ балаларын ана тілінде, төте жолмен, қолайлы құралдармен оқыту керек” деп кесіп айтты. Сондай - ақ, мақаласында ол туған халқының ғылым - білімге ұмтылуын, әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім алуын аңсады. “Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білім де сондай керек”, - деп жазды ол.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық мектептер ашылып, ондағы оқыту,
тәрбиелеу бағдарламасына өзгерістер енгені бәрімізге белгілі. Сондықтан да халықтық педагогиканы сабақта, сабақтан тыс тәрбие жұмыстарында қолданып, оны оқушылардың бойына сіңіру - біздің басты міндетіміз. Ол үшін ұлттық білім беру жүйесінде негізгі мына екі бағытты ұстанғанымыз жөн.
1. Ұлттық педагогиканың негізінде оқушыларға білім мен өнеге берудің тиімділігін көтеру.
2. Халықтық тәрбиенің ықпалы мен пайдасын ұқтырып, ұлттық сана - сезім тұрғысынан жастарды тәрбиелеу.
Ұлттық білім берудің өзі - ұлттық қауіпсіздік пен мәдениеттің құрамдас бөлігі. Ал ұлттық білім берудің құндылығы толығымен әлеуметтік дамумен,
оның түбегейлі өзгеруімен анықталған.
Оны пайдалану жүйелері төмендегідей болуы тиіс.
Ұлттық мектепте ғана ұлттық білім жүйесі жүзеге асырылады. Ұлттық білім деп білім мазмұнындағы ұлттық дүниетанымды, ал ұлттық дүниетаным - ұлттық болмыс көрінісінің жүйесі. Оқушыларға қазақ еліндегі тарихи құндылықтарды, ұлттық әдет - ғұрып пен салт - дәстүрді оқыта отырып, бойларына сіңіріп, ой - өрісінің жан - жақты болуына үлес қосуымыз керек.
Сондықтан шығармашылық ізденіс үстінде жүріп, «Ұлттық тәрбие беру арқылы бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту жолдары» атты баяндама жазу үшін мынадай жоспар жасадым.
1. Ұлттық білім беру жүйесінің бағыттарын үйрену.
2. Бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру туралы ұсынған педагогтардың ой - пікірлерін оқу, танысу.
3. Ұлттық тәрбиені сабақпен байланыстыру.
4. Ұлттық тәрбие беру арқылы оқушының қызығушылығын арттыру.
Осы мақсатқа жету үшін мұғалім 45минуттық сабағында оқушыларға ұлттық тәрбиені тақырыпқа сәйкес тиімді пайдалана алу керек деп ойлаймын.
Бала қиялы ғажап! Баланы қызықтыра білсең қызыға біледі. Барлығы дерлік өлең шығара алмас, әңгіме жазуға құмартпас. Бірақ әр бала әр нәрсеге қызығады, әр нәрсеге икемді болады. Сондықтан оның қай іске бейім екенін танып алып та жекелеме жұмыстар беру арқылы дамытуға болады. Мысалы, біреу сурет салғанды жаны сүйеді, оған осы сурет салу туралы әңгіме, не өлең жазуға тапсырма беруге болады. Сосын осы сала бойынша жұмбақ, мақал - мәтел жинақта деп тапсырма берсе тіптен жақсы.
Оқушылардың ойлау дәрежесіне қарай, біліміне қарай оларға берілетін тапсырмаларды деңгей бойынша бөліп те беруге болады.
Ұлттық әдет - ғұрыптар туралы мәліметтерді оқушылардың өздеріне жинауға да тапсырма беріп, әр элементін ойын түрінде сабақта қолданып отырса, оқушы үшін де қызғылықты болады.
Білім беру қашанда мәдени дәстүрлердің айрықша бөлігі. Сондықтан кез - келген қызметті қазіргі заман талабына сай етіп білім беру қажет. Ол - заман талабы. Білім беру жүйесін жобалау және іске қосудағы негізгі мәселелердің бірі - технологияландыру және стандарттау. Мұны тұтас бір үрдіс түрінде қарастыруға, талдауға, жобалауға болмайды. Мәселен, мына төмендегі 5 бағытты жеке - жеке алуға болады.
1. Білім беру дегеніміз - мәдениеттің негіздерін және тұғырын оның уақытша жағдайына бейімдей қалау және ұрпақтың іс - әрекеті.
2. Мамандарды дамушы және жаңадан өндіру технологияларын оқып үйрену негізінде даярлау.
3. Оқу қызметінің технологиясы.
4. Тәрбие - елдің мәдени ерекшелігін, оның аймақтық өзгешелігін, шаруашылық құрылыс, үдемелі өзгеріс және экологиялар, ұлттық дәстүрлерді сақтау қызметі.
5. Сауаттылық - қоғамның барлық табында кәсібилікті қамтамасыз ету қызметі.
Осы қызметтерді басқарып ұйымдастыруды мақсат етіп, ұлттық білім үрдісін қалыптастыру негіздерін қалауға тиіспіз. Бір қуаныштысы сол, ұлтымыздың білім алуы жолында жан - жақты жағдайлар қарастырылып жатыр. Оған дәлел мектептерді заман талабына сай техникалық құралдармен қамтамасыз ету жағдайы, сыныптарды компьютерлендіру, интернет жүйесіне ену, т. б. үкімет тарапынан қарастырылған. Олай деуге және бір негіз: білім жүйесі және оқулықтар қоры қазақ этнопедагогикасының негізі халықтық педагогикамен байланыстырыла құрылған. Тәрбие саласында «Атамекен»,«Атакәсіп»т. б. бөлімдері негізінде мектеп оқу - тәрбие жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыру үшін, ең алдымен, мектептің оқу - техникалық базасын нығайту керек және онда ойдағыдай білім алу үшін дұрыс жағдайлар жасалуы шарт. Қазақтың өзіндік ұлттық болмысына тән бағдарламалар жасау қажеттілігі әлдеқашан туған.
Мектепте оқыту үрдісінің негізгі мақсаттары - баланың білім игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастыру, сол арқылы таным әрекетін белсендіріп,
шығармашылық қабілеттерін ұлттық тәрбие беру арқылы дамыту болып табылады. Шығармашылық қабілетті тәрбиелеудің алғы шарттарына мына нәрселерді жатқызуға болады.
1. Шығармашылық қабілет деңгейін анықтау.
2. Қызығушылық және шығармашылық пен таным белсенділігін арттыру.
3. Шығармашылық қабілетті тәрбиелеу барысында кездесетін қиындықтар мен қарама - қайшылықтарды есепке алып зерттеу.
4. Оқушының шығармашылық қабілеттерін тәрбиелеуді кезең бойынша сатылап дамыту.
5. Мұғалім алдына қойған мақсатқа қол жеткізу үшін жасалатын жұмыстардың нәтижелілігі.
Осы мәселелер өз шешімін тапса, жан - жақты дамыған, ұлтжанды, шығармашыл жеке тұлғаны тәрбиелеу ісі өз мақсатына жетеді. Бастауыш сынып оқушыларының жаңа, өзі білмейтін іске деген қызығушылығы басым болады. Ондай істер баланың ақыл - ойын, ішкі күштерін жұмылдырады және ерекше қуат береді.
Ертеректе балалар ұлттық ойындар ойнағанды ұнататын. Мыс: асық ойнау, жамбы ату, алтыбақан т. б. Қазіргі балалардың ұлттық ойынға деген қызығушылықтары төмен. Олар қазіргі компьютерлендірілген заманның талабы болар атысу, жарысу, машина жүргізу, дәлдікке ату, секілді ойындарды ойнағанды ұнатады.
Ұлтжанды, шығармашыл оқушы тәрбиелеудің негізгі талаптары:
1. Шығармашылық қабілетті дамыту:
а) Қиял шығармашылықты дамыту;
ә) Шығармашылықпен ойлауды дамыту;
б) Шығармашылық белсенділікті дамыту;
2. Оқушыларға ұлттық тәрбие беру арқылы шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін атқарылатын жұмыс барысындағы ата - аналарға берілетін кеңес түрлері:
а) Балалар шығармашылығында неғұрлым өз бетінше жұмыс істеуді
қамтамсыз ету;
ә) Асығыс қорытынды жасамау, тиянақтылық пен бақылауды анықтау;
б) Балалар бастамасына тежеу қоймау, қажетті көмек көрсету;
б) Балалардың алдына қойған мақсатына жете білуге әрекет ету
3. Шығармашылық ойындар:
Бұл ойын түрлерін жүргізу нәтижесінде оқушы өзін - өзі танытуға деген құлшынысын шыңдай түседі.
Оқушылардың шығармашылық қабілеттері, пәнге деген қызығушылықтары артады. Жоғарыда айтылған мәселелерді түйіндейтін болсам, қызығушылық пен белсенділік үнемі артып отыру арқылы қабілеттің көптеген қырларын қалыптастыруға болатындығы айқын көрінеді. Мысалы ашық сабақтарымда ұлттық ойын түрлерін көрсету арқылы оқушының өз ұлтына деген сүйіспеншіліктерін арттырамын. Наурыз айында өткізілген «Ұлыстың ұлы күні - Әз Наурыз» атты мектепішілік ашық тәрбие сағаттары сайысында І-ші орынды иеленуіміз сол ұлттық тәрбие берудегі еңбегімнің белестері деп білемін. Оқушылардың ұлттық құндылық қасиеттерін сыныптан тыс тәрбиелік шаралар арқылы да қалыптастырудамын.
Әр ұстаз оқу - тәрбие жұмысына шығармашылықпен қарап, жаңа заман талабына сай, озық ұлттық дәстүр рухында тәрбиелеп, сабақты түрлендіру
мақсатында оқытудың түрлі әдіс - тәсілдерін пайдаланса, игі нәтижеге жетеріміз сөзсіз.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ахмет Байтұрсынов «Шығармалары», 1989жыл, Алматы
2.«Бастауыш мектеп» №5 - 6, 2007жыл, Алматы
3. Байтұрсынов А. «Тіл тағлымы» 1992жыл, Алматы
4.«Қазақстан мектебі» №3, 2007жыл, Алматы
5.«Бастауыш класс оқушыларының ой өрісін дамытудың кейбір тиімді
әдістері» 1994жыл, Ақтөбе қаласы
6. Берікұлы Ниетжан «Педагогика» Ақтөбе - 2004 жыл
7.«Тәрбие құралы» №1, 2006, жыл, Алматы
13:00
Қазақ этнопедагогикасы негізінде бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру
Қазақ этнопедагогикасы негізінде бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру
(баяндама)
Қай ұлт болса да оның ұлттық үрдісі, өзіндік әуені, білікті қасиеті, ұлттық болуы арқылы болашақ ұрпағының төл келбетін қалыптастырады. Қазіргі таңда ғасырлар қойнауында жатқан ұлттық тәрбиені, адамгершілік асыл қасиеттерді қалыптастыру маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Әр ұлт өз ұрпағына ұлттық тәлім – тәрбие беру арқылы ғана ұлттық болмысын, бейнесін сақтап, дамыта алатыны белгілі.
Дегенмен қазақстандық педагогикалық әдебиеттерде дәстүрлер жүйесіне ғылыми тұрғыда терең талдау, оларды тәрбиенің қуатты құралына айналдыру жеткіліксіз болып отыр. Сондай-ақ ғылыми - педагогикалық еңбектерді оқып-үйрену, мұғалімдердің іс–тәжірибесімен танысу және талдау бастауыш мектепте оқыту процесінде ұлттық тәрбие құралдарын пайдалану көкейкесті мәселе екендігін дәлелдеп, ұлттық тәрбие құралдарының тәрбиелік мүмкіндіктері мен олардың бастауыш мектептің оқу-тәрбие процесінде толығымен пайдаланылмауы арасындағы қайшылық бар екендігін көрсетіп отыр. Бұл қайшылықтың шешімін табу бізге дипломдық зерттеу жұмысының тақырыбын «Қазақ этнопедагогикасы негізінде бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру» деп таңдауға себепші болды.
Зерттеудің мақсаты- қазақ этнопедагогикасы құралдары арқылы бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру мазмұнын анықтау және оның тиімділігін тәжірибелік-эксперимент арқылы тексеру.
Ұлттық тәрбие беру мәселесі әл-Фарабидің [3], Ж.Баласағұнидің [4], М.Қашқаридің еңбектерінде көрініс табады. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары түркі халықтарының тәрбиелік ерекшеліктеріне үлкен мән бере отырып, ұлттық тәрбие берудің әдіснамалық негізін жасады. Халқымыздың кемеңгер ағартушылары Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбаевтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Жұмабаевтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, М.Дулатовтың, т.б. педагогикалық мұрасында тұлғаның қалыптасуы мен дамуындағы ұлттық тәрбиенің маңыздылығы мен мазмұны ашып көрсетілді.
Көрнекті қазақстандық ғалымдар Қ.Б.Жарықбаев , С.Қ.Қалиев, С.А.Ұзақбаева, Ж.Ж.Наурызбай, К.Ж.Қожахметова, Ә.Табылдиев, М.Х.Балтабаев, Р.Қ.Дүйсембінова, Қ.Б.Бөлеев, С.Ғаббасов, Қ.Қ.Шалғынбаева, Ш.М.Мұхтарова, С.Қ.Абильдина, Ж.М.Акпаров, т.б. тың зерттеулер жүргізіп, өз еңбектерінде халықтық педагогиканың қалыптасуы мен дамуын, оның құралдарының ұрпақ тәрбиесіндегі мәнін, мектептің оқу-тәрбие процесінде алатын орны мен оларды пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды.
Қазақстанда тікелей ұлттық тәрбие беру мәселесі бойынша көлемді жүргізілген зерттеулердің ішінде жеке тұлғаның ұлттық тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздерін зерттеген К.А.Оразбекованың, болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасын ғылыми жүйеге ендірген Қ.Бөлеевтің, бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беруді қамтамасыз ететін педагогикалық шарттар жүйесін теориялық тұрғыдан негіздеуге арналған Д.С.Ешмұратованың] зерттеулерін атап өтуге болады.
Ұлттық тәрбиенің басты құралы халық ауыз әдебиеті және дала даналарының тәлімдік өнегелері - қазақ этнопедагогикасының теориялық алғышарттарының негізі болып табылады. Бала тәрбиесін заттың атын атап, сан үйретуден бастаған қазақтың ұлттық тәліміндегі ерекшеліктер сол ұлттың тұрмыс-тіршілігіне, тарихи және табиғи жағдайларына байланысты. Балаға сан үйретуді, тіл ширатуды, мақал-мәтел үйретуді, тақпақ жаттауды игі әдетке, одан әдепке, әдептен дәстүрге айналдырған. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негізі - ұлттық әдебиет және тәлімдік өнегелер. Қазақ халқының тілі, ділі, болмысы оның этнопедагогикалық негіздері болып табылады.
Халық ауызекі шығармашылығы халық күші мен даналығын, оның адамгершілік мұраттарын, халық педагогикасының терең сипатын жеткізетін педагогикалық кұрал болып табылатыны туралы ертедегі белгілі педагогтардың тағылымдық мұралары, салиқалы көзқарастары, білім беру саласындағы іс-тәжірибелері дәлелдеп өткен.
Алға қойылған мiндеттердiтүбегейлi шешу мақсатында бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру бойынша эксперименттiк жұмыс жүйесi (айқындау, қалыптастыру, бақылау) жүргiзiлдi. Оқушылардың ұлттық тәрбие беру оқу процесінде және сыныптан тыс уақытта тәжірибелік-эксперименттік жұмыс кезінде бақылаудан өтті. Ол арнайы жасалған эксперимент жоспары бойынша жүргізіліп, тәжірибелік жұмыс 2013-2014 оқу жылында 2-ші сыныпта өткізілді. Осы мектептің тәжірибелік-экспериментке қатысқан сыныптардың біреуі - эксперименттік, біреуі бақылау сыныбы деп аталды
Айқындау экспериментiніңнегiзгi мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының ұлттық тәрбиелілік деңгейін анықтау болды. Бұл мақсатты жүзеге асыруда мұғалімдермен, ата-аналармен, мектеп әкімшілігімен сауалнамалар, әңгiмелесулер жүргізілді, оқушыларға тест, бақылау әдiстерi, арнайы тапсырмалар жүйесi қолданылып, олардың ұлттық тәрбиелілік деңгейі нақтыланды.
Эксперименттік сыныптармен бақылау сыныптарының негізгі ерекшеліктері, бақылау сыныптарындағы оқушылардың оқыту әдіс-тәсілдері бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша, мұғалімнің қалауы бойынша ұйымдастырылды. Ал эксперименттік сыныптарға ұсынылған бағдарлама бойынша жүргізілді.
Ұйымдастырылған тәжірибелік-экспериментальдық жұмыстары барысында сабақтарды өткізу нәтижесінде эксперименттік және бақылау сыныптары оқушылары деңгейін салыстырғанда, олардың білімдері бір-бірінен біршама айырмашылықтары бар екендігіне көзіміз жетті.
Қалыптастыру экспериментiнің мақсаты халық педагогикасы құралдары арқылы бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру бағдарламасынсынақтан өткізу және оның тиiмдiлiгiн тексеру болды.
Тәжірибелік –эксперименттік жұмыс барысында біз бастауыш сынып оқушыларына халық педагогикасы құралдары арқылы ұлттық тәрбие беру бағдарламасын әзірледік. Оны сайдтан көре аласыздар.(мына кесте слайдта болады)
Кесте 1
Бастауыш сынып оқушыларына халық педагогикасы құралдары арқылы ұлттық тәрбие беру бағдарламасы
Тәрбиелеу және білім беру блогы
Тәрбиелеу және білім беру мазмұны
1
2
Салт-дәстүр, әдет-ғұрып
Тәрбиеленушілерді халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын құрметтеуге, бағалауға тәрбиелеу
Шешендіксөздер
Шешендік сөздер, аңыз әңгімелер, ертегілердің қойылымдарын жасап, оларды сахналаудың жеке тұлғаның қалыптасуына әсері мен ықпалы, тәрбиелік мәні ерекше. Шешендік, көркем сөздер мен мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаш, санамақтар баланы мәнерлі, көркем сөйлеуге, шешендікке үйретеді, адамгершілікке, сұлулыққа, тапқырлыққа, еңбек сүйіспеншілікке тәрбиелейді
Ата-баба дәстүрі – ұрпақтарға өнеге
Бастауыш сынып оқуышысы тұлғасын қалыптастыруда, оны жан-жақты дамытып тәрбиелеуде үлгі-өнеге болатын ұлы ғұламалар мен хандар, билер, батырлар, классик ақын-жазушылар, ағартушылар, өнер адамдары өмірімен олардың жасаған туындыларын таныстырып, ерлік істерін үлгі ету, мақтаныш сезімдерін ояту
Әуен – саз
Музыкалық шығармалардың авторы және айтыс, терме, жыр, ұлттық би өнері туралы тәрбиеленушілерге тереңірек білім беру. Айтыс, терме, жырларды үйрету арқылы ұлттық өнерге деген қызығушылыққа, сүйіспеншілікке тәрбиелеу
Кесте 1 жалғасы
1
2
Ұлттық сәндік-қолданбалы өнер
Бастауыш сынып оқушыларына ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрлері: зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, киіз үй жабдықтары мен оның жасау-жиһаздары мен оларды өрнектеген ою-өрнек түрлерін таныстыру. Халықтың шеберлігін, ұлттық ою-өрнектерінің әсемдігін көре білуге тәрбиелеу
Ұлттықтағам
Бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тағам түрлері мен оның жасалу жолдарын таныстыру, ұлттық тағам түрлері, еттен, ұннан, сүттен жасалатыны туралы түсінік беру
Табиғаттынысы
Туған жердің байлығы орман, тоғай, қорықтар мен жануарлар, құстар, өсімдіктерін таныстыру, оларға қамқор бола білуге, табиғатты аялауға тәрбиелеу
Ұлттықойындар
Ұлттық ойындарды үйрету барысында баланың тілін дамыту, бір-біріне деген достық, ынтымақ, ұйымшылдық, толеранттылық, ізеттілік сияқты, қасиеттерді дамыту және батылдыққа, ұқыптылыққа, зеректілікке, төзімділікке тәрбиелеу
Имандылық-иірімдері
Туыстық қарым-қатынастар, туыстық атаулар мен жеті ата туралы түсінік беру. Айналадағы қоршаған адамдардың іс-әрекетін бағалап, жылы шырай білдіру, сыпайы сөйлеу, әдептілік сақтау, достық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, бауырмалдыққа баулу, жағымсыз жат қылықтардан аулақ болуға тәрбиелеу
Осыдан кейін балалардың ұлттық тәрбиелілік деңгейін анықтау мақсатында арнайы әдістемелерді қолдану арқылы бақылау қиықтары алынды.
Бақылау эксперименті барысында бастауыш сынып оқушыларының ұлттық тәрбиелілігінің компоненттері, өлшемдері мен көрсеткіштері бойынша өлшеу жұмыстары жүргізілді, алынған нәтижелерге салыстырмалы талдаулар жасалды, халықтық педагогиканы бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру үшін қолдануға әдістемелік ұсыныстар жасалды.
Экспериментке дейін және эксперименттен кейін бастауыш сынып оқушыларының ұлттық тәрбиелілік деңгейлерiнiңқалыптасу диаграммалары 1-2-ші суреттерде сипатталады.
Сурет 1. Эксперимент тобындағы бастауыш сынып оқушыларының ұлттық тәрбиелілік көрсеткіштері
Сурет 2. Бақылау тобындағы бастауыш сынып оқушыларының ұлттық тәрбиелілік көрсеткіштері
Экспериментальдық жұмыс нәтижелері бастауыш сынып оқушыларының ұлттық тәрбиелілігінің қалыптасуында халықтық педагогика құралдарының ерекше мәнге ие болатындығын көрсетті. Ең бастысы, әрбір оқушыны табысты іс-әрекетке жеткізу үшін мұғалімнің өзі іс-әрекетін табысқа жететіндей құра білу керек. Оқушыларға дұрыс тұлғалық қатынас жасау, әрбір тәрбие жұмыстарын ізгілендіру қағидаларына негізінде құру, жүйелілікті басшылыққа алу принциптері мұғалімнің бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру тиімділігін қамтамасыз етеді. Әрине, бұл жерде материалдық, әдістемелік, психологиялық жағдайлар да негізге алынуы қажет.
Бастауыш сынып оқушыларына халық педагогикасы құралдары арқылы ұлттық тәрбие берудің мазмұнын эксперименттік түрде тексеру оның барлық кезеңдерінде нәтижелі екендігін, бастауыш мектепте пайдаланудың тиімділігін көрсетіп, біздің зерттеуіміздің ғылыми болжамының дұрыстығын дәлелдеп берді.
Сонымен зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер мынадай қорытындылар жасауға мүмкiндiкбередi:
Жалпы білім беретін орта мектептерде бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие берудің жай-күйін талдау зерттеліп отырған мәселенің көкейкестілігін айқындап берді. Ұлттық тәрбиенің теориялық зерттелу деңгейіне жасалынған талдау да қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қалмас үшін мектептің алғашқы сатысы - бастауыш сыныптан бастап қазақ халқының ұлттық дүниетанымын, сана-сезімін, мінез-құлқын оқушылардың бойына сіңіру мәселесінің педагогика ғылымында қажеттілігі артып отырғандығын дәлелдеді.
Зерттеліп отырған мәселе бойынша философиялық, педагогикалық, психологиялық, әдістемелік еңбектерге талдау жасай келе, зерттеу нысанасының бүгінгі күнгі қойылысы, жай-күйі айқындалып, мақсат, міндеттерімізге сәйкес бастауыш сынып тұлғасын қалыптастыруды ғылыми-педагогикалық тұрғыдан негіздеуге және әдістемелік жағынан қамтамасыз етуге қол жеткіздік
Қазақ халқының ұлы ойшылдарының, көрнекті ағартушылары мен қоғам қайраткерлерінің құнды ой-пікірлерін зерделеу және тақырыпқа сәйкес ғылыми еңбектерді оқып-үйрену ұлттық тәрбиенің мәнін айқындап, оның негізі халықтық педагогика екендігін анықтауға мүмкіндік берді.
Адамның әрбір даму кезеңінің өзіндік ерекшелігі болады, сол сияқты бастауыш мектеп жасындағы балалардың да өзіндік даму ерекшеліктері бар. Бастауыш мектеп оқушысының ұлттық тұлғасын қалыптастыру мен дамыту үшін ең алдымен оның жас және дербес ерекшеліктерінің психологиялық-педагогикалық негіздерін есепке ала отырып, ұлттық тәрбие беруді ұлттық психологияның негізгі ұстанымдарына сәйкес жүзеге асыру қажеттілігі анықталды.
Бастауыш сынып оқушыларына халықтық педагогика құралдары арқылы ұлттық тәрбие беру бастауыш мектепте оқу-тәрбие процесін сабақтар мен тәрбие жұмыстарының мазмұнын жетілдіру қажеттігін дәлелдейді.
Тәжірибелік-экспериментальдық жұмыс нәтижелері халықтық педагогика құралдары арқылы ұлттық тәрбие беру жүйесінің тиімді екенін көрсетті.
Зерттеу барысында іске асырылған шаралар жүйесі бастауыш сынып оқушыларының ұлттық тәрбиелілік деңгейін арттырады. Бұл тұжырым эксперименттiк және бақылау топтарындағы ұлттық тәрбиелілік деңгейлерiн салыстырудың негiзiндежүргiзiлген эксперимент қорытындыларымен нанымды түрде дәлелдендi.
Диагностикалық нәтижелер негізінде оқушылар мынадай тұрақты тұлғалық ұлттық сапаларды көрсетті: ұлттық білімге құштарлық, ұлтжандылық, ұлттық дүниетаным; ұлттық мәдениет; ұлттық сана-сезім;, ұлттық дәстүрлерге сыйлы қатынас, ұлттық мінез-құлық мәдениеті. Мұның өзі бастауыш сынып оқушыларымен педагогикалық іс-әрекет барысында ұлттық тәрбие процесінің тиімді ұйымдастырылғанын нанымды түрде айғақтады.
Жасалынған қорытындылар негізінде мынадайұсыныстар айтуға болады:
- зерттеу барысында жасалған сабақтардың мазмұнын, тәрбие сағаттарының бағдарламаларын бастауыш мектептің оқу-тәрбие процесінде оқушыларды жан-жақты тәрбиелеу мақсатында пайдаланған орынды;
- оқушыларға ұлттық тәрбие беруде халық педагогикасы құралдарын тәрбие берудің басқа құралдарымен өзара сабақтастықта және өзара бірлікте тиімді пайдалану қажет;
- оқу пәндерінің мазмұнына халық педагогикасы құралдары арқылы ұлттық тәрбие беру идеялары мен бағыттарын белсенді енгізген жөн;
- бастауыш сынып оқушыларының іс-әрекетін ұйымдастыру барысында ұлттық психологияның ерекшеліктеріне баса назар аударған жөн.
Зерттеу проблемасы күрделі болғандықтан, оның барлық салаларын қамтып шығу мүмкін емес. Халық педагогикасының мазмұны арқылы арқылы оқушыларға этномәдени білім беру, ұлттық сана-сезімін қалыптастыру мәселелерін зерттеу келешектің ісі болып табылады.