«Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атанған жиырмасыншы жүз жылдықтағы ұлттық поэзиямыздың ірі тұлғаларының бірі, әр жүрекке жол тапқан әсерлі өлеңдері оқырман сүйіспеншілігіне бөленіп келе жатқан Мұқағали ақын 1931 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Аспан тіреген Ақбас шыңдар, айналасын қарағайлы таулар, аршалы белдер қоршалай көмкерген Шалкөденің жазығы, жалбызды жағасына күміс шашқан тұма суының сыңғыры, мөлдіреп аққан қасиетті Қарасаздың сылдыры бала Мұқағалидың ойын әлдилеп, қиялына қанат бітірген алтын бесігі еді. Мұқағали Мақатаев – Қазақ поэзиясының көгінде кешегі майдангер, ғажайып дарын иесі Қ.Аманжоловтан кейін жарық жұлдыздай жарқ етіп, оқырманды өзіндік сыр-сипаты қайталанбас дарынмен баурап алған ерекше тұлға. Мұқағали Қасымды қай жағынан болсын пір тұтып мақтан еткен. Дейсіңдер-ау, Қасымның несі басым?! Қасым солай болмаса, несі Қасым. Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің, Әммесінен Қасымның десі басым, - деп толғайды. Қасым тағдыры өз басына келіп, дерт меңдеген шақта да, ол ажал алдына бас имей, Қасымның қайратын өнеге тұтады. М.Мақатаев асқар тау мен дархан даланың жаны-жарқын асыл адамдары мен таңғажайып табиғатының асқақ жыршысы болды. Бұл егіз тақырып ақын шығармашылығында ажырамастан біте қайнасып, кереметтей сіңісіп кеткен. Таулар менің таусылмайтын бақытым, Ал, ырысым – ұлан ғайыр кең далам, — деп жырлайды. Ақын суреттеуінде дала дидары әр қырынан жақсы жадырап ашылады. Боз далам, күрең далам, жасыл далам. Кісі емес саған келіп бас ұрмаған. Құныға құрышым бір қанбай қойды-ау, Қалай ғана құшармын ғашық далам? – деп сыр төгеді. Мұқағали нені жырласа да поэзиясында өзіндік үні естіліп, өзіндік қолтаңбасы көрініп тұрады. Ақынның туған жері, ауылы, оның адамдары, өз өмірі – поэзиясы. Ол әр уақытта өз халқымен бірге қуанып, халқымен бірге күйініп отырады. Сондықтан ақын жасаған әр образ – сол бір кезең тарихының, өмірінің шынайы бейнесі. Қырық бес жыл ғана өмір сүрген ақынның тірі кезінде шығармалары өз дәрежесінде кітап болып жарық көре алмады. Шағын-шағын екі-үш кітапшасы ғана басылды. 1976 жылы қайтыс болғаннан бері ақынның мол мұрасы жеке том болып та, екі томдық, төрт томдық болып та жинағы шықты. Тірісінде өз бағасын ала алмаған, алайда шығармалары арқылы халқының ең сүйікті ақынының біріне айналған М.Мақатаевқа 2000 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілді. Алматыдағы бір мектеп, бір көше ақын есімімен аталады. Туған ауылы Қарасазда ақын мұражайы бар.
Дереккөзі: http://www.******.com/kz/shygarma/532-mukagali.html?Like
© www.******.com