Алматы. 19 желтоқсан. Qaznews.kz – Рим империясы жемқорлықтан құлаған, деді мемлекет және қоғам қайраткері, академик Жабайхан Әбділдин.
Академиктің айтуынша, мемлекетті құртатын дүние — жемқорлық. «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық деген бізде өршіп тұр. Қазақ халқын сырт көз сынағанда ежелден елімізді жақсы мінезімен жайлы жұрт ретінде айтушы еді. «Ұры, жемқор» деген ат бізге жат еді. Әсілі, жемқорлық Кеңес Одағының тұсында да болған. Кеңес Одағының кеңістігінде кейбір халықтарды бетіне баспаса да, сыртынан «ұрлыққа жақын» деп айтып отыратын. Ондай халықтар шындығында бай секілді де көрінетін.Тек қазаққа бұл жат құбылыс еді. Егемендік алып, етек-жеңімізді түзей жүрген бізге осы бәле жұғысты. Жемқорлықтан біреудің абыройы төгіліп, енді біреуі сотталып жатыр, соған қарап жатқан жұрт жоқ қазір. Ілгіреді бір адам сотталса, сол ауылдың төңірегінде трагедия орнайтын. Ал қазір басқаша. Бәрі шама келгенше асап қалсам дейтін тәрізді. Бұл не сонда? Бұл – өзекке түскен құрт», — деді
Жабайхан Әбділдин жемқор адамда патриоттық сезім де, Отан да болмайды деп есептейді.Өйткені ол Қазақстанда жүріп миллиондап жұтса, кейіннен сол миллиондарымен Қазақстаннан да тыныш өмір іздеп шетке кете береді. «Қолында қаражаты мол болса, оған Отанның құны көк тиын. «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне». Түптеп келгенде, жемқорға Қазақстанда тұрдың не, Швейцарияда тұрдың не, бәрібір? Сондықтан да, баюды өмірімнің мәні деп ойлайтын азаматтар үшін егемендік те, қазақ халқы да құн емес. Оның ойлайтыны қарынның тоқтығы, уайымның жоқтығы. Содан барып сатқындық шығады», — дей келе Жабайхан ақсақал тарихтан сабақ алу керек екенін айтты.
«Рим азаматтары кезінде қандай еді?». Темір тәртіп пен патриоттық оларда ең бірінші орында еді. Кейіннен, жемқорлық, ұрлық, өтірік, қара басын ғана ойлау олардың өмір салтына да дендеп ене бастады, ал бұл ел ішін ірітті. «Бір кездері атағы дүркіреген даңқты азаматтардың қасиеттері осылайша жойыла түсті. Ақша мен билікті ойлайтындар көбейіп, мемлекет үшін жанын беретін адам Римде қалмады. Сосын Рим құлады. Мінеки, ақша мен билікті ғана ойлайтын адамдар ел үшін ешуақытта кеудесін оққа төсей алмайтынын осыдан-ақ көруге болады», — деп атап өтті академик.
Жабайхан Әбділдин аталмыш ой-пайымдарын «Алаш айнасына» берген сұхбатында айтқан болатын.
Дереккөз http://qaznews.kz/rim-imperiyasy-zhemkorlyktan-kulagan.html