Тоғым хан
Әз-Жәнібектің немересі Жәдік сұлтанның ұлы - Тоғым хан. Тоғым хан хан сайланысымен Тайыр хан жасап кеткен топалаңға кезігеді. Терістіктен қалмақ, шығыстан моғол, оңтүстіктен өзбек қылышын жалаңдатып қанат жайып, қазаны тола бастаған Қазақ Ордасына қарай ұмтылады. Баһадүр Тоғым хан өзбек ханы Үбайдолла мен моғол ханы Әбдірашитпен Ыстықкөлдің шығыс жақ бетіндегі Санташ деген жерде қидаласқан майдан құрады. Тоғым әскерінің қанатында алты арыстың бірі - қырғыз халқының жау жүрек ұлдары тұрады. Төрт халықтың ала балта суырысып алысқан аламан соғысы таң қылаң бере басталып, түн жарымында әскерінің саны қисапсыз көп өзбек-моғолдың жеңісімен аяқталады. Санташ соғысында Тоғым ер тоғыз сары атанған ұлдарымен, 37 сұлтанымен бірге шейіт болады. Бұл «Тарихтың 944 жылы, 18 сафар, қазіргі есеп бойынша 1537 жылы 27 шілдеде болған оқиға» деп белгілейді тарихшы жазушымыз Мұхтар Мағауин (М. Мағауин. Шығармалар жинағы, 11 том, 31 бет).
Тоғыз ұл, отыз жеті сұлтанымен шейіт болған баһадүр Тоғым ханның ерлік өлімі Қазақ Ордасының қайтадан қайратына мініп, қаһарын тігуіне зор ықпал етеді.Ұлы баһадүр ханның өлмес рухы жер құшып қалған жұртын желеп-жебеп атқа қондырады. Тарих сахнасына Хақ-Назар, Тәуекел, Есім сияқты ерлер шығады