Менің досыма
Тағдыр мұны тілемесін, тілесін,
Достық болды менің үлкен үлесім.
Бұл өмірде маған ненің керегін
Менен гөрі өзің жақсы білесің.
Көңілім – дос соңында ерген құлын.
Құрбымның құшағында – терген гүлім.
Мен үшін барып тұрған ақырзаман –
Біреуден бір қиянат көрген күнім.
Әділдік ауылында түстенгенмін,
Ақиқат азап шексе тістенгенмін.
Мен үшін ең ғажап күн өмірімде –
Біреуге бір жақсылық істеген күн!