0 дауыс
35.8k көрілді
Семей полигоны туралы толық ақпарат

2 жауап

0 дауыс
Семей полигоны - КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болды. КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқысынды адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.


Толығырақ: http://kk.m.wikipedia.org/wiki/Семей_полигоны
0 дауыс

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

ҰЛЫ ДАЛАМЫЗҒА АЗАПТЫ ҚАСІРЕТ ӘКЕЛГЕН ОҚИҒА ЕШУАҚЫТТА ҚАЙТАЛАНБАУЫ ТИІС   

 

Ардақты ағайын!

Ханымдар мен мырзалар!

Бүгін біз еліміз үшін айтулы оқиғаны атап өткелі отырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын әлемдегі ең ірі Семей полигонында соңғы рет ядролық сынақ жасалған еді.

Менің Жарлығыммен Семей сынақ алаңы­ның жабылғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Бірақ, бұл оңайға түскен жоқ. Оған біз хал­қы­мыздың қайсарлығы мен күш-жігерінің, ауыз­бір­лігі мен жылдар бойғы табанды іс-қимы­лының нәтижесінде қол жеткіздік. Полигонды жабу егемендігіміздің арқасында жүзеге асты.

Әлем жұртшылығы кезінде Семей өңірін полигон алаңы ретінде ғана білді. Шын мәнінде Семей – Абай мен Шәкәрім сияқты даналары­мыз­дың туған жері! Семей – қазақ білімі мен ғылымының, әдебиеті мен өнерінің ордасы!

Сөйтіп, жарты ғасырға жуық жарылыстар­дан зардап шеккен Қазақстан жерінде ядролық қаруды сынақтан өткізуге соңғы нүкте қойылды. Әлемнің дамыған елдері біздің қауіпсіздігіміз бен бейбіт жолмен өсіп-өркендеуімізге кепілдік бер­ді. Бұл өркениет көшіне бет бұрып, баянды тір­лік­ке ден қойған Қазақстан үшін үлкен табыс еді.

 Полигон зардабын тартып, ядролық қарудан шыққан қайғы-қасіреттен көз ашпай келген халқымыз бұл бастаманы зор ризашылық сезіммен қабыл алды. Біздің бұл шешіміміз Жер шарының бейбітшілік сүйгіш миллиондаған адамдарына қуаныш сыйлады. Олардың бойында ядролық қаруды сынауды тоқтату мүмкін екендігі туралы сенім пайда болды.

Семей полигонындағы жарылыстар халқымыз үшін орны толмас ауыртпалықтар әкелді. Біз тәуелсіздік алғанда ядролық сынақ алаңын жауып, қасиетті жерімізді қасіреттен арылту үшін қажетті нәрсенің бәрін жасадық.

Арада өткен жылдар ішінде еліміз дамыды. Өркениет көшіне бағытын батыл түзеді. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы еліміздің индустрия­лық-технологиялық дамуында маңызды рөл атқарады.

Өңірде жаңа өндіріс орындары көптеп ашылуда. Осы заманғы технологиялар енгізілуде.

Ауыл шаруашылығы дамып келеді. Ет-сүт өндірісін дамытудағы жұмыстар жемісті жүр­гізілуде.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет Семей қаласын дамыту бағдарламасын жүзеге асырып ке­леді. Бағдарлама аясында мектептер, ауруха­на­лар, мәдени нысандар салынып жатыр. Бұл мақсатқа 20 миллиардтан астам теңге жұмсалды.

Таяуда бұл бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыруға кірісеміз. Көп уақыттан бері көп­шіліктің назарында жүрген ауыз су және қаланы жылумен қамту мәселесі оң шешімін табады.

“Жол картасы” аясында облысқа 17 мил­лиардтан аса теңге бөлінді. Бұл қомақты қара­жатты толық және сапалы игерулеріңіз қажет.

Өңірдің өркендеуі – еліміздің өркендеуі.

Барлық қолға алған іс-шараны біз міндетті түрде орындаймыз.

 

Қымбатты отандастар!

Ханымдар мен мырзалар!

Жиырма жыл бұрын осында, Семей жерінде әлемдегі аса ірі полигондардың бірінде соңғы ядролық жарылыс болып өтті.

Ядролық сынақтарды тоқтатуға Олжас Сү­лей­менов басқарған “Невада-Семей” қозға­лы­сының белсенді қызметі көп жәрдемдесті. Біз бұл қозғалысты кеңінен өрістете алдық.

Бас біріктірген қазақстандықтар ондаған жыл­­дар бойы осында тұтас халыққа өз экс­пе­ри­­мент­терін жосықсыз жүргізген сойқан тота­ли­­тар­лық аппаратқа қарсы күресте жеңіске жете алды.

Шынайы бүкілхалықтық күш-жігердің нәти­жесінде 1989 жылы Семей полигонында жос­парланған 18 ядролық сынақтың 11-ін тоқтата алдық. Біздің жерімізде барлығы 456 ядролық сынақ өткізілсе, олардың жиынтық қуаты Хи­ро­симаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе артық еді.

Қазақстан тарихындағы соңғы ядролық сынақ 1989 жылғы 19 қазанда болды. Сол бір тарихи сәттен бері жиырма жыл өтсе де, біздің халқымызға келтірілген орны толмас залалды әлі күнге дейін сезінудеміз.

Ядролық сынақтарды бастан кешкен адам­дар және, ең қорқыныштысы, олардың бала­лары сол сынақтардың қасіретті салдарын өз бастарынан кешуді жалғастыруда. Радиациялық сәуле зардабына түскен біздің отандастары­мыздың жалпы саны миллион адамнан асып түседі. Қазақстанның миллион бейбіт азаматы ядролық алжасудың бейкүнә құрбандарына айналды!

Полигонның қасіреті – бұл қазақ жерінің қасіреті де. Біздің экологиямызға түскен жарақаттың молдығы сондай, оны қалпына келтіруге қаншама ғасырлар қажет!

Семей полигонының төңірегіндегі эколо­гиялық апатқа ұшыраған аймақ қана 300 мыңнан астам шаршы шақырымды алып жатыр. Қазақстан аумағының Германия аумағына бара-бар оннан бір бөлігі уланған құла дүзге айналып, жүздеген ядролық жарылыстар оған жазылмастай жарақат салды.

*  *  *

Барлық қиындықтарға қарамастан, мемлекет ешқашан өз азаматтарын олардың проблема­лары­мен бетпе-бет қалдырған емес.

Біз сынақтардың салдарына ұрынған хал­қымыз бен аумағымызды әлеуметтік нәр­лендіру жөнінде тұрақты жұмыс жүргізудеміз. Жалпы жиынтығында осы мақсаттарға 34 миллиард теңгеге жуық жұмсалды.

Біз бұрынғы полигонның проблемаларын ке­шенді шешу жөніндегі Мемлекеттік бағдар­ламаны іске асырдық, ол өңірдің экологиялық жай-күйін әлдеқайда жақсартуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Семейде радиологиялық меди­цина кластері қалыптастырылғаны қажет деп санай­мын. Ол онкологиялық аурулар мен радиация туындатқан аурулардың диагнос­тикасы мен емдеуі жөніндегі Қазақстанның медициналық орталықтарының күш-қуатын біріктіре алар еді.

Мемлекет болашақ ұрпақ Семей полигоны­ның уланған тынысын өз бойында сезінбеуі үшін, өткеннің қылмысты эксперименттері олар үшін бүкіл өміріне созылатын дене және моральдық жарақатқа айналмауы үшін бәрін де істейтін болады.

Біз сондай-ақ халықты және Семей өңірінің экологиясын нәрлендіруге қосқан үлестері үшін біздің шетелдік әріптестерімізге – АҚШ, Ресей, Жапония, Ұлыбритания, Канада, Ита­лия, Швей­цария және басқа мемлекеттердің үкімет­теріне, БҰҰ Даму бағдарламасына, Еуропа Комиссиясына ризашылық білдіреміз.

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті қонақтар!

Қырық жыл бойы біздің халқымыз жаһандық ядролық текетірестің кепілі болып келді. Семей полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту Тәуелсіз Қазақстанның адамзатқа берген алғашқы игілігі болды.

Біздің еліміз әлемдегі ауқымы жөнінен төр­тін­ші ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарт­ты. Әлем алдындағы жаһандық жауапкерші­лігі­міз­ді сезіне отырып біз, өмірдің өзі көрсетіп бер­геніндей, бірден-бір дұрыс шешім қабылдадық.

Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа және Ядролық сынақтарға баршаны қамтитын тыйым салу туралы Шартқа қосылды.

Тура 15 жыл бұрын біздің еліміздің аумағы­нан соңғы ядролық оқтұмсықтар бір­жолата әкетілді және әлемнің ядролық державалары біздің еліміздің Қауіпсіздігіне кепілдік туралы Меморандумға қол қойды.

Қазақстанның бастамасы бойынша 2006 жылы нақ осында, Семейде Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру туралы Шартқа қол қойылды.

Осынау тарихи актілер халықаралық қоғамдастыққа біздің күш қолдану мен әскери қатерден ада бейбітшілікті жақтайтынымызды көрсетіп берді. Осынау тарихи белестердің әрқайсының артында тұтас елдің ядролық қарусыз таңдауын өз бойынан өткерген жүздеген мың адам тағдыры тұр.

Өкінішке орай, Қазақстан өнегесіне ергендер аз-ақ болды, сөйтіп бүгінде ядролық қатер, радиацияға ұрынған организм секілді үсті-үстіне жаңа кейіпке түсіп, бүлдіруін жалғастыруда.

Жуырда Солтүстік Кореяның ядролық сынақ өткізуі, Иран ядролық бағдарламасы төңірегіндегі қарама-қайшылықтар, екі ядролық державаның – Үндістан мен Пәкстанның көп жылдардан бергі қарсытұрушылығы, лаңкестердің өз ядролық қаруына ие болу әрекеттері – осының бәрі бүгінде әлемдік тепе-теңдіктің қандайлық шетін болып отырғанын тағы да көрсетіп берді.

Қазақстанның ядролық қарусыздану өнегесі бүгін де – әлемнің құз шетіне қарай жылжуын еске салатын үдеріске нақты балама.

Мен осында, Семейде біздің шетелдік дос­тары­мызды – Қазақстанда тіркелген диплома­тия­лық миссиялардың басшыларын, жетекші әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының журналистерін құттықтауға өте қуаныштымын.

Мен сіздер өз елдеріңіздің басшылығына, әлемдік қоғамдастықтың қалың ортасына Қазақ­стан халқының планетада ядролық қатерді толық жоюға бағытталған өз саясатын жалғастыруға деген ұмтылысын жеткізсе екен деймін.

Өз әріптестерімен бірлесіп, Қазақстан алдағы кезде де ядролық қарусыз дүние жолындағы жаһандық қозғалыс құруға бар күш-қуатын жұмсайтын болады. Бұл қозғалысқа біз саяси партияларды, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарды, барлық белсенді де енжар емес адамдарды қосылуға шақырамыз.

29 тамызды, осыдан 18 жыл бұрын ядролық полигон жабылған күнді Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкіләлемдік күні деп жариялау бастамасы назар аударуға тұрарлық деп санаймын. Біз бұл ұсынысты Біріккен Ұлттар Ұйымының қарауына ендіруге әзірміз.

Біз Орталық Азияда, Латын Америкасында, Африкада және Оңтүстік-Шығыс Азияда ядролық қарудан ада аймақтар құру өнегесі әлемнің басқа бөліктерінде де пайдаланылады деген сенімдеміз. Сайып келгенде, біздің бүкіл планета бейбітшілік пен қауіпсіздіктің біртұтас аймағына айналуы тиіс.

Тек ортақ күш-қуат арқылы біз ядролық қарусыз дүние құруға қарай табанды қадам жасай аламыз!

Алдағы он жыл бүкіл әлем үшін сын болады деп ойлаймын. Бұл жылдар біз толығымен ядролық “Дамокл селебесінен” құтыла аламыз ба, әлде ол адамзатқа одан әрі қатер төндіре бере ме дегенді көрсетіп береді.

Сондықтан таратпау тетіктерін дереу қайта қарауға кіріскен жөн.

Соңғы қырық жыл бойына Ядролық қаруды таратпау туралы Шарттың негізгі міндеті – жалпыға ортақ әмбебаптығы сол шешілмеген күйі қалуда.

Ол өз төңірегіне бүкіл ядролық державалар мен осы мәртебеден үміткер мемлекеттерді біріктіре алмағаны былай тұрсын, сонымен бірге ядролық қаруды жетілдіруге тыйым да сала алмады.

Әлемдік қоғамдастық Ядролық қаруды жалпыға ортақ көлбеу және тіктеп таратпау туралы жаңа әмбебап шарт жасауға тиіс.

Жаңа Шартты қалыптастыруға және сақтауға ядролық қаруға ие елдердің шағын тобы ғана емес, баршаның – ядролық та, сондай-ақ ядролық емес те мемлекеттердің халықаралық қоғамдастығы қатысуы тиіс.

Бұл шарт сондай-ақ қолда бар ядролық арсеналдарды кез келген түрде жетілдіруге тыйым салуы керек. Өйтпесек біз жаңа, ендігі жерде “ядролық жанталастың” технологиялық өрістеуінен құтыла алмаймыз.

Біз ядролық державаларды әлемдік қоғам­дастық алдындағы өз жауапкершілігін танытуға және, сайып келгенде, өз арсеналдарын сандық және сапалық қысқарту жөніндегі міндеттемеле­рін орындауға шақырамыз.

Осыған байланысты біз АҚШ Президенті Барак Обаманың әлемдегі барлық мемлекеттер­дің ядролық қаруын толық жою қажеттігі туралы мәлімдемесін құптаймыз.

Қазақстан сондай-ақ Ресей мен Құрама Штаттар президенттерінің ядролық қарусыздану және стратегиялық шабуыл қару-жарағын қыс­қар­ту саласындағы жуырдағы бастамаларына қолдау білдіреді.

Халықаралық қауіпсіздік проблемасы Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға алдағы төрағалығының басты ба­сымдықтарының бірі болады.

Біздің елімізде әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі ретінде көрінуге абсолюттік тарихи және моральдық құқығы бар.

Бұған бізді халқымыздың тарапынан болған құрбандарды еске алу міндеттейді!

Бұған бізді балаларымыздың – Құдайдың өзі батасын берген осынау планетаның болашақ тұрғындарының бейбіт өмірі туралы қамқорлық міндеттейді!

Қадірменді қауым!

Бүгінгі күннің бәріміз үшін маңызы зор. Халқымыз көп жыл бойы полигонның зардабын тартты. Қасиетті қазақ жері сынақ алаңына айналды. Біз тәуелсіздіктің арқасында оны жаптық. Бұған қаншама қиындықтар арқылы қол жеткізгенімізді әрдайым есте сақтауымыз керек.

Бұл тарихи оқиға жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, еліміздің дамуына игі ықпалын тигізді.

Біздің балаларымыз бабаларымыз бастан кешкен тағдыр соққысына ешқашан душар болмақ емес. Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға ешуақытта қайталанбауы тиіс.

Бұл үшін мемлекетімізде тұрақтылық және ізгі ниетті әлем үшін ашықтық қажет. Біз сонда ғана еліміздің өркендеуіне қол жеткіземіз.

Төле би бабамыз “Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле” деген. Бізге керегі елдің бірлігі. Сондықтан халқымыздан ынтымақ пен бірлік кетпесін деп тілейік.

Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын, ағайын!

Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

 

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН БАС ТАРТУ ЕЛДІК МҮДДЕДЕН ТУЫНДАЙДЫ

 

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен шежірелі Семей жерінде болды. Ұлылар мекеніне жарты ғасыр бойы ауыр қасірет әкелген сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орайластырылған бұл сапар барысында Елбасы “Өлімнен де күшті” монументінің алдында өткен митингіге қатысып, халқымыз бен жерімізге орасан зор қасірет әкелген ядролық сынақтардың зардабы және оны тоқтату жолындағы халықтың бірлескен күресі жайында сөз сөйледі. Бұл ретте қазақ халқының жанына жара салған бұл қасіретке өзге елдердің де айрықша назар аударып отырғанын айтуымыз керек.  Бұл митингіге дүние жүзінің 30-ға тарта елінен Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар басшылары мен жетекші БАҚ өкілдерінің қатысуы –  осының айғағы.

Тарих парағына өшпестей із қалдыр­ған ядролық сынаққа қарсы 1989 жылы құрылған “Невада-Семей” қозғалысы әлемнен атом қаруын аластауды мақсат тұтқан игі бастама болғаны белгілі. Сол ке­зеңнен бері бұл тегеурінді ұйым дүние жүзіндегі барлық яролық қаруларды залалсыздандыру бағытында батыл түрде жұмыстар атқарып келеді. Аталған шараға қа­тысқан азаматтар, міне, осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде өз ойла­рын ортаға салды. Мәселен, Семей қала­сы­ның құрметті азаматы Хафиз Матаев өз сөзінде құт қонған Семей жерінің ша­ңы­рағы кешегі кеңестік кезеңде опырылып ортасына түскендігін, топырағы  жұтап, жапырағы солғандығын, бұл 40 жыл бойы полигонда жүргізілген сынақтармен байланысты болғандығын атап өтті. Солай дей келе,  Х.Матаев ядролық полигонның жабылуының бастауында болған Мемлекет басшысына Семей жұртының, бүкіл Қазақ елі атынан үлкен алғысын жеткізді.

Ал Семей қаласының құрметті азаматы, Семей қаласының орыс әлеуметтік-мәдени орталығының төрағасы Михаил Панин қазақ жерінде атом сынақтарының соңғы нүктесінің қойылғанына 20 жыл толғандығына, әйтсе де кезінде 456 жарылыс болған мекеннен зардап отының әлі де өшпей отырғандығына тоқталды.   “Алайда, сынақ полигонының жабылуы, еліміздің қуатты атом қаруы арсеналынан бас тартуы Қазақстанның мәртебесін дүние жүзінің алдында асқақтатты”, ­– деді М. Панин өз сөзінде.

Бұдан кейінгі кезекте шетелдердің Қазақ­станда тіркелген дипломатиялық елшіліктері өкілдері сөз алып, ядролық сынақ жайындағы өз ой-пайымдарымен бөлісті. Мәселен, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников қазіргідей жаһандану заманына, ғылыми жетістіктердің артуына байланысты адамзат алдында түрлі қиындықтар бой көтерсе, солардың бір ұшы жаппай қырып-жою қаруына тіреліп отырғанын, сол себепті, мұндай әлеуетті “тетікке” тек бірлесе, күш біріктіре отырып қарсы тұруға болатындығын айтты. Бұл ретте елші ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстанды мысалға келтіріп, Мемлекет басшысының Семей сынақ полигонын жабу туралы дер кезінде қабылданған маңызды шешімін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Ал АҚШ-тың еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Ричард Хоугланд Қазақстанның әлем назарында ядролық қарудан бас тартқан, сондай-ақ өзге де елдерді осы бастаманы қуаттауға шақырған мемлекет ретінде тұрғандығын алға тартты. Бұған қоса Р.Хоугланд 1996 жылдан бастап АҚШ, Қазақстан, Ресей өзара күш біріктіре отырып, полигонды залалсыздандыру, сондай-ақ, әлемде суық қаруды болдырмау бағытында ауқымды жұмыстар атқарғандығын, болашақта бұл жұмыстар әлі де жалғаса беретіндігін атап өтті.

Семей ядролық полигонындағы сынақтар­дың тоқтатылуының 20 жылдығына арналған митингіге қатысушылар үндеу қабылдады.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.

 

СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОНЫНДАҒЫ СЫНАҚТАР ТОҚТАТЫЛУЫНЫҢ 

20 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МИТИНГІГЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ

ҮНДЕУІ

 

Қазақстанда осыдан 20 жыл бұрын Семей ядролық полигонындағы сынақтар тоқтатылды.

Полигон болған қырық жыл бойы әуеде, жер үсті мен жер астында үзбей жасалып келген жүздеген жарылыстардың салдарынан қасиетті, шұрайлы өлке эко­ло­гиялық алып апат аймағына айналды. Миллионнан астам қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығы жанталаса жаппай қаруланудың құрбандығына шалынды. 

Тоталитарлық жүйе тарапынан болған қатаң қарсылық жағдайында Нұрсұлтан Назарбаев тікелей өзі полигонды жабу туралы тарихи шешім қабылдады. Осы­лайша адамзат тағдырына деген орасан жауапкершіліктің асқан үлгісі әлемге әйгіленді. Содан кейін ауқымы жағынан әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен ерікті түрде бас тарту туралы шешім қабылданды.

Бұл – тарихта бұрын-соңды болмаған теңдессіз қадам еді.

Бұл – адамзат баласы байыпты бай­ламға келіп, ақылға жеңдіретін және өзін-өзі жоюға әкеліп соғатын ядролық текеті­рес саясатын тоқтататын ұлы сенімдер мен үміттерге толы уақыт еді.

Бүгінде біз еліміздің өнегесіне ерген­дер­дің саны тым аз екендігіне, сөйтіп ядролық апаттың бүкіл әлемге қаупі сейілмей отырғанына алаңдаушылық білдіреміз.

Біз барлық елдердің үкіметтері мен парламенттеріне, саяси партиялары мен үкіметтік емес ұйымдарына, ғаламшары­мыз­дың тағдырына бей-жай қарай алмай­тын, болашақ ұрпақтар алдындағы өзінің жауапкершілігін сезінетін барша адам­дарға үндеу жолдап, ядролық қаруды тарат­пау және жою жөніндегі жаһандық қозғалысқа қосылуға шақырамыз. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана әлемді ядролық ессіздік шыңырауына құлаудан аман алып қала аламыз.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымына 18 жыл бұрын Семей ядролық полигоны жа­былған күнді, 29 тамызды – Дүниежүзілік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялау жөнінде үндеу жолдаймыз.

Біз баршаңызды Қазақстанның үніне құлақ түріп, бейбітшілікке төнген ядролық қатерді жоюға және біздің ортақ планетамызды өркендетуге шақырамыз!

Семей, 2009 жылғы 18 маусым.

Мыннан  ақпарттар көрші.

 

Семей полигоны

Жоспар

 І. Кіріспе
 ІІ. Негізгі бөлім
а) Невада-Семей полигонының инфрақұрылымы
б) Семей ядролық полигонының алғашқы жүргізілуі
в) Семей ядролық полигонындағы сынақтардың адамдарға, қоршаған ортаға әсері
г) Суарылған ядролық темірмен
ІІІ. Қорытынды бөлім

 

Кіріспе

Семей полигоны — КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болды. КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астында жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Бір кездері ядролық полигон нақ Семей жерінде неге құрылды деген сұрақтың жауабын іздегенде сол кезде бұл өңір Кеңес Одағының адам ең аз қоныстанған, сонымен бірге негізгі коммуникация жерлерінен оншалықты қашық емес деген сөздер шыққан. Тек осы себептерден ғана құрбандыққа шалу үшін адам саны қандай болуы керек деген сұрақ туындайды. Темір жолдың екі жүз километрін үнемдеуден гөрі, жалғыз да болса, адамның өмірі арзан бағаланғаны ма?

1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын табу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада — Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада — Семей» қозғалысын құрдық». Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпараттары құралдарында, телевидение мен газеттерде әңгіме бола бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылдары жетті. Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991 жылдың 28 тамызы. Сөйтіп тиянақтылық пен елімталдық көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына жетті: ең үлкен полигон жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекеті жасала бастады. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды. Қазақ – көнбіс те шыдамды халық. Әйтеуір, қу жанын шүберекке түйіп алып, атам заманнан бері мекен етіп келе жатқан атажұртын тастап кетер емес. Қайнар – (Абыралы) полигоннан 120-ақ шақырым, Саржал (Абай) бұдан да жақын жерде, Абыралы ауданы қайта ұйымдастырылғанда, полигон түбінен тағы екі шаруашылық ірге тепті. Оған әдейі істегендей Моңғолиядан келген қандастарымызды көшірдік. Олардың көпшілігі бір жылға әрең шыдап, ауруға шалдыға бастаған соң көшіп кетті. Тек туған жердің тұрғылықты момын жұрты ғана қозғалар емес.

Кеңестер Одағының елуінші жылдардағы басшылығы ядролық қаруды сынау алаңын Семей өңірінен таңдауында арам жымысқы саясат болғанын жасырып қайтеміз. Екі млн. гектардан астам полигон аймағына жатқызылған жер үш облыс көлемінен, Семей, Павлодар, Қарағанды өңірлерінен кесіп алынған болатын.

Онда жер үсті, әуеде, жер астында қанша ядролық бомбалар жарылғанын жоғарыда баяндап өтсек те, Елбасы Н.Назарбаевтың: «Полигонда барлығы 456 ядролық сынақ жүргізілген. Оның барлық қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың еседен де күштірек» деп айтқан мысалынан анық байқай аламыз.

Ядролық сынақтар жүргізілу үшін Семей облысының Абыралы ауданы жабылып, Абай ауданының көп жерін полигон бауырына басты. Павлодар облысынан Май ауданының үштен бір аумағы, Қарағанды облысынан бес елдімекен жабылып, халық босып, басқа елдімекендерді паналауға мәжбүр болды. Әсіресе, Семей өңіріндегі Абыралы ауданын жабу халыққа моральдық, материалдық жағынан ауыр соққы болды. Бұл үнсіз қырғынды Сталин бастаған қанішерлер қазақ халқына қасақана жасады. Себебі бір кездері Сталиннің өзін салиқалы пікірлерімен тұқыртқан М.Шоқай, А.Байтұрсынов, С.Смағұлов, Ә.Бөкейханов және т.б. алашордашылар осы Семейде тұрып, тәуелсіз қазақ елін жариялап, Мәскеуге барып, пікірлерін дәлелдеген. Ленин бастаған коммунистер ол пікірлерге құлақ асып, Қазақстанды автономиялық республика деп жариялатып, шекарасын белгілеп берген. Оның ар жағындағы туған жер, тарих қойнауына үңіле түссең, бүкіл Еуразияны жаулаған Шыңғысхан ақ киізге көтерілсе, биік жотаға отырғызған Шыңғыстау да Абай ауданында деген ақпарат бар. Кейін ол Наймантау атанғаны да белгілі, бірақ қазір бұрынғы атауы қалпына келтірілді. Бір деректерде Шыңғысхан орыс пен Еуропа жеріне әскер жіберіп жаулап аларында осында хан кеңесін өткізгені мәлім дейді. Содан жорық бастау алып, Ресейдің бүгінгі бүкіл аймағының басым бөлігі үш ғасыр моңғол езгісінде болған көрінеді.

Міне, осыған шамданған Сталин бастаған отаршылдар тобы қайткенде де Семей өңірінің атын тарихтан өшіруге тырысып, топырағын күл, әйелі мен еркегін құл етуді көздегенін жасырып қайтеміз. Әйтпесе, Ресейде бүкіл адам аяғы баспаған жер болмады дейсіз бе, анау Қиыр Солтүстіктегі «Жаңа жер» сияқты адам мекендемеген елдімекендер неге таңдалмаған?!

Бірақ қанқұйлы басшылар мен қосшыларының ойлағанын Жаратушы Ием болдыра қоймады. 1949-1989 ж.ж. 40 жыл қырғын жасаса да қазақты радиация ала алмады. Қазақтар Американың Невада штатындағы үндістерден де өміршең, төзімді екенін әлемге паш етті. Онда полигон зардаптарынан жапа шеккен әр отбасына жылына – 100 мың доллар көмекақы беріп отырса, Семей Кеңестер Одағы мен оның мұрагері Ресейден көк тиын да алған жоқ.

1949 жылдан 1963 жылға дейін жер бетінде жасалған сынақтардың зардабы әсіресе мол болғаны рас. Бұл аймақтағы аурулардың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді. Облыста онкологиялық, жүрек-қан тамыр, жүйке және психикалық аурулар саны күрт өсті. Азап шегіп, өлім құшқан адамдар қаншама. Отбасыларында кемтар балалар көбейді. Бұның өзі қазақ ұлтының келешегіне төнген зор қауіп болатын 1980 жылдардың аяғына қарай халықтың төзімі таусылып, шегіне жеткен еді.

Басқа ядролық державалармен салыстырғанда, Қазақстан аумағында қиратқыш әлуеті жағынан орасан зор ядролық арсенал болды.

Қазақстандағы қарудың жиынтық ядролық қуаты бұрынғы Кеңес Одағының барлық ықтимал дұшпандарының аса маңызды стратегиялық объектілерінің барлығының тамтығын да қалдырмауға жетіп артылатын. Бұл қаруды қолдану миллиондаған халқы бар мыңнан астам қаланы, ол былай тұрсын, тұтас бір мемлекеттерді, тіпті континенттерді жермен жексен етуге мүмкіндік беретін.

Қазақстан стратегиялық қару-жарақ пен оны жеткізу құралдары орналастырылған жай ғана орын болған жоқ. Біздің елде жайласқан сұмдық әскери-техникалық әлует қуаты жағынан тұтас бір индустрия, өзіндік бір «мемлекет ішіндегі мемлекет» еді.КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде Қазақстан толық әскери ядролық циклды: ядролық қаруды сынау,  жаңғырту және өндіру циклын жүзеге асыру мүмкіндігі алды. Осы тақырыптың төңірегіндегі оқиғаларға назар аударсақ  жақында Британдық режиссер Энтони Буттс Семей полигоны жөнінде фильм түсірген болатын. Радиациядан зардап шеккен қазақтардың өмірін қамтитын «Заманақырдан соң» фильмінің бас кейіпкері – Семей ядролық полигонынан зардап шеккен Бибігүл атты екіқабат келіншекке даун синдромымен ауыратын баланы дүниеге әкелу қаупі төнеді. Дәрігерлер келіншекті жасанды түсік жасауға үгіттегенімен, ол бас тартып, сәбиді дүниеге әкелуге бел буады. Осылайша, режиссер мырза қазақтардың сорына біткен қайғылы кезеңді әлемге паш етуге талпынғанға ұқсайды. Оның үстіне шетел баспасөзінің айтуынша, Семейдің қойлары радиациямен уланған жайылымда жайылып, адамдар әлі зардап шегіп жүрген көрінеді.

Бұл фильм Қазақстанда көрсетілмейді. Ал, тұсау кесер рәсімі 11-мамырда, Лондонның «Prince Charles cinema» кинотеатрында өтті, енді жаз бойы Англия халқына ұсынылады.

Осы орайда, «Энтони Буттс фильмді қандай мақсатта түсірді?» деген ой туындайды. Борат антұрған қазақтардың ар-намысын аяққа таптап, әлемге сауатсыз, қараңғы, өркениеттен хабарсыз қылып көрсетіп еді, Энтони мырза ескі жараның бетін тырнап, біздің тарихымыздан хабары жоқ елдерге «радиациядан зардап шеккен қазақтардың өмірін» суреттеп бермекші. Ал, біздің өткенімізді білмейтін, бүгінімізді танымаған жұртттың көзіне халқымыз мүсәпірлер мен «құбыжықтар» елі болып елестемес пе?

Қазақтарға жаны ашып бара жатса, тұсаукесерін неге біздің елде өткізбеске?! Әлде, қазақтардың жүрегін ауыртып, психологиялық әсер қалдырмайық деп ойлады ма?  Осы сұрақтар

Осынау полигонның кемел инфрақұрылымы: Курчатов қаласын (Семей – 21), реакторлар кешенін, «Балапан», «Г» (Дегелеңдегі сейсмокешен), «Ш» («Тәжірибелік алаң» дейтін) сынақ алаңдарын, толып жатқан басқа да ұсақ тәжірибелік алаңдарды қамтиды. Семей ядролық полигонның осынау тәжірибелік алаңдарында 456 ядролық жарылыс жасалды. Осынау сынақтар атом қаруының қиратқыш қаруын айтарлықтай арттыруға ғана емес, оның жаңа түрлерін де жасауға мүмкіндік берді.

Семей ядролық полигонның алғашқы жүргізілуі

Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды.

Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.

1949 жылғы 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп, аспанға көтерілген. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарастырар сәуле бас айналдырып жібергендей бір сәтте жер қабығының ыстық күлі мен иісі көкке көтерілген. Жер лыпасының өртең иісі қолқа атар түтіннің ащы иісін қолдан жасалған жел әп-сәтте жан жаққа таратты.

Таяу жерлердегі сирек ауылдарда тұратын адамдар дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен қарап тұрған.

Жалғыз түп шөп қалмаған, түтігіп қарайып кеткен даланың тұл жамылғысы. Жан-тәсілім алдында жанталасқан тышқандардың, қарсақтардың кесірткелердің өлі денесі табылған.

Жаңадан келгендер бұл тозақты Семей ядролық сынақ полигоны ретінде белгілі № 2 оқу полигонында РДС-1 (зымырандық көрсеткіш снаряды) плутоний зарядан жер бетінде сынақтан өткізу жарылысы деп атады.

Бұл КСРО-да тұңғыш атом бомбасының жарыдуы еді.

Полигонда жаңа таталды жұлдыздың тууын Лаврентий Берия, Сергей Курчатов, әскери бастықтар мен атақты ғалымдар, Кеңестік атом бомбасының толып жатқан идеологиялық, идеялық және техникалық аталары тасадан бақылап тұрды.

Семей ядролық полигонындағы сынақтардың адамдарға, қоршаған ортаға әсері

Тұңғыш атомдық жарылыстың радиоактивті өнімдері аймақтың барлық елді мекендерін жауып қалды. Көрші қонған әскери объектіде не болып жатқаны туралы титімдей түсінігі жоқ жақындағы ауылдардың тұрғындары радиациялық сәуленің сұмдық дозасын алды. Халыққа сынақ туралы ескертілмеген де еді.

Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана ескертіле бастады. Онда адамдар мен малды радиоактивті заттардың таралу аймағынан уақытша көшіру, оларды қарабайыр қорғаныш объектілеріне, орларға немесе кепелерге жасыру көзделді. Алайда жарылыстан кейін адамдар радиациядан былғанған жерлердегі өз үйлеріне оралып отырды.

Жарылыс толқыны көптеген үйлер терезесінің шынысын ұшырып жіберген, кейбір үйлердің қабырғалары қирады. Кейінірек сынақ алдында уақытша көшірілген адамдар полигон жанындағы туған жерлеріне қайтып орала бастағанда, олардың көбісі үйінің орнын сипап қалды, не қақырап кеткен қабырғаларды көрді.

Семей ядролық полигонындағы сынақтардың әсері туралы алғашқы шын да жүйелі деректер Қазақ КСР Ғылым академиясы жүргізген кең ауқымды медициналық-экологиялық зерттеулердің нәтижесінде алынды.

Зерттеулерді, ғылыми экспедицияларды профессор Б. Атшабаров басқарды.

Радиацияның адамға ықпалының механизмі қазіргі кезде едәуір жақсы парықталған. Бұл орайда ең қауіптісі – иондалатын радиацияның ықпалы гендік кодты дауасыз өзгерістерге соқтыруға мүмкін екендігі.

1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап Семей және Павлодар облыстарының радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған басқа аумақтардың тұрғындарының арасында сырқат санының ұдайы өсіп келе жатқаны байқалады. Бұлар өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары. Жалпы алғанда рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есе өсті.

Семей полигонына жақын нақ сол аудандарда жетілуіндегі әртүрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктер әрқилы сәбилер дүниеге ерекше көп келеді.

Мамангдардың айтуынша, соны бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты.

Адамдар ғана емес, жер де азап шегеді. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтады.

Жерде орасан зор микроэлементтер: темір, мыс, магний және басқа металдар әрттүрлі дәнді дақылдар адам организміне сіңеді.

Суарылған ядролық темірмен

Сутегілік құрылымы РДС-2 бұйымы дегеннің қуаты жағынан соған дейін болып көрмеген. Жарылысы 1953 жылғы 12 тамызда Семей ядролық полигонының төңірегін тетірентті. Оның қуаты 480 килотонна еді. Жарылыстан кейін пайда болған нарттай жанған радиоактивті газдардың саңырауқұлақ секілді бұлты 16 километр биіктікке көтерілді. Осы жарылыстан кейін радиусы ондаған километр болатын жерде дала шөптері бірнеше күн бойы көгілдір сәуле шығарып тұрды.

1955 жылы 22 қарашада ТУ-16А әскери бомбалағышы Семей полигонының үстінен ұшып бара жатып, жаңадан жасалған қуаты 1,7 мегатонна болатын, термоядролық РДС-37 зарядын тастады.

Бомба бір жарым километрлік биіктікте жарылды. Бұл жарылыстың соққы толқыны мен жер қабатының дірілі бүкіл дерлік Қазақстан аумағы мен Ресейдің көршіліс аймақтарында сезілді.

1962-1989 жылдар арасында Семей полигонындағы Дегелең тауының жер астындағы шахталарында 340 жарылыс жасалды. Бұл арада жыл сайын 14-18 ядролық сынақ өткізіліп тұрды.

Осынау жарылыстың салдарынан бір көздері жартастардан құралған Дегелең тауы іс жүзінде киыршық тас үйіндісіне айналды.

Жер астындағы әрбір үшінші жарылыстан соң, жарылыс нәтижесінде пайда болған жарықтар мен саңылаулардан радиоактивті газ шығып кетіп жатты.

1989 жылы 12 ақпанда кезекті жоспарлы ядролық сынақ өткізді. Үңгірлердің бірінде қуаты 70 килотоннадан астам ядролық заряд жарылды. Соның салдарынан жер бетінде саңылаулар пайда болып, олардан екі тәулік бойы радиоактивті газдар шығып жатқан. Содан пайда болған радиоактивті бұлт 30 мыңнан астам адам тұратын аумақты бүркеді. Бұл аймақта радиациялық фон 3000-4000 микрорентгенге жетті. Бұл көрсеткіш қалыпты жағдайда сағатына 15-20 микрорентген болатын табиғи радиациялық фоннан екі жүз есе асып түсті.

 

 Пайдаланылған әдебиет

1. Н.Ә. Назарбаев «Бейбітшілік кіндігі». – Астана «Елорда», 2001

2. О. Жанайдаров «Менің елім — Қазақстан». – Алматы: «Балауса баспасы», 2003

3. Журнал «Арай» 1988 жыл № 10

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
0 жауап
–1 дауыс
5 жауап
Белгісіз 2.10.2014 Тұлға, Адам сұрақ қойды
...