+1 дауыс
72.5k көрілді

Маған "Мен өмірді сүйемін" тақырыбына шығарма керек еді!

Өмір мектеп, өмір кітап. Себебі шыр етіп дүниеге келгенде біздің ешнәрседен хабарымыз жоқ. Бәрін өмірден үйренеміз. Бізге ата-анамыздан бастап өмірімізде кездескен адамдардың барлығы біздің мұғаліміміз. Жақсыны да жаманды да  айналадағылардан көреміз, үйренеміз. Өмір кітап, себебі біздің өміріміздің әрбір өткен шағы сол кітаптың бір беті. Өмір, тіршілік бізге берілген сый, оны бағалап әрбір күнімізді қуана қарсы алып, жақсы өткізуіміз керек. Мен өмірді сүйемін.

2 жауап

+1 дауыс

«Өмір - сенің жарқылдайтын аспаның,
Өмір- сенің сарқылмайтын дастаның»- демекші, жасөспірімдерге өмірдің мәнін, құндылығын түсіндіру мақсатында Еңбекші орта мектебінде «Мен өмірді сүйемін» атты психологиялық апталық өтті. Оған ұстаздар мен оқушылар да қызығушылық танытты. Жасөспірімдер арасында келеңсіз оқиғалардың алдын-алу, өмірге деген құлшыныстарын арттыруды мақсат еткен мектеп психологы Н. Букилова «Өмір сүрудің мәні» деген тақырыппен психологиялық сабақ өткізді. Сондай-ақ «Өмір балалар көзімен » тақырыбында жас суретшілер көрмесі ұйымдастырылып, жақсы сурет салған А. Төлеубекова, Д. Тайкин, Е. Қажыкен, Б. Болат, Е. Қажыкен, Д.Дәулетова, Б. Әлімбек, Нұрбол Тұрсынов және басқа балалар мақтау қағазымен, сыйлықтармен марапатталды.

Оқушылардың өмірге деген құштарлықтарын, қызығушылық-тарын ояту, тіршіліктің мәні туралы ой - пікірлерін, өмірді қадірлей, бағалай білуге тәрбиелеу мақсатында мектеп дәлізіне «Өмір ағашы» орнатылды. Оған 7-11 сыныптықтар өздерінің өмір туралы шығарған өлеңдерін, тілектерін жазып ілді. Д. Дәулетова, А.Сарқытов, Қ.Ануарбеков сияқты оқушылар өмір деген Алланың берген сыйы екендігін өлең жолдарымен жақсы жеткізе білді. Жоғарғы сыныптықтармен психологиялық тренинг өткізіліп, балалардың жан-жақты қалыптасуына бағыт-бағдар берілді. 5-11 сынып оқушыларымен «Спорт және мен» деген тақырыпта жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануға дағдыландыру, салауатты өмір салтын сақтауға үйрету мақсатымен «Көңілді эстафета» спорттық жарысы өтті. Оны мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі М. Нұртаев ұйымдастырды. Оған екі команда қатысты. І орынды «Бүркіт» командасы еншіледі. Апталықты қорытындылаған мектептің педагог-ұйымдастырушысы Г. Төлеубекова слайд арқылы «Өмірде не қымбат?» деген тақырыпта пікірталас өткізді. Оған 6-11 сыныптың оқушылары қатысты. Өмір туралы пікірлерін Е. Құдайбергенов, А. Нұрланова, Т. Тұрлынова, А. Садуақасова, Ә. Саятовалар нақты түйіндеді. Адам жарық дүниеге келген соң өмірін қалай болса солай өткізбеуі тиіс. Сондықтан қолда барды бағалай білейік!

А. ШАРАХМЕТОВА,
Еңбекші орта мектебі директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары.

0 дауыс

«Мен өмірді сүйемін» тренингі
Мақсаты: Тренинг қатысушыларына “Өмірді сүю” және оның мәні туралы түсінік беру. “Мен өмірді сүйемін” сенімін орнату. Адамның өмірі өз қолында екенін түсіндіріп, өмірді сүюге дағдыландыру.

Тренинг барысы:
1. Тренингке қатысушылармен сәлемдесу.
2. «Мен өмірді сүйемін» танысу жаттығуын орындау. Шаттық шеңберін құра отырып, әрбір қатысушы «Мен өмірді сүйемін» деп өзінің аты - жөнін мен мектебін кезектесіп айтып шығады.
3. Сергіту сәтін орындау. Бейнетаспа арқылы мұғалімдерді «Қызыл өрік» биіне билету.
4. Тренинг қатысушыларына өмір жайлы өлең оқу.
Өмір жайлы сұрай берме сен менен
Өмірді мен жете зерттеп көрмегем
Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.
Өмір жайлы не түсінем мен деген,
Өмір жайлы сұрай берме сен менен
Біреу жылап, біреу неге көңілді
Содан барып сұра сен өмірді
Сонда ғана түсінесің өмірді.

Өмір қас - қағым сәтте өте шығатын ағынды өзен секілді. Осы өмірдегі адамдар бір - бірінің қадірін біліп, бір - біріне қамқор, қайырымды, мейірімді болуы керек. Өмірдің, жақын адамдардың, достарымыздың, балаларымыздың құндылығын сезінуіміз керек!

5. Әңгімелесу сәті: "Ойланайық, пікірлесейік!" айдары.
Адам баласы не үшін өмір сүреді?
Өмір адамға несімен қымбат?
Сіздің өмірдегі мақсатыңыз қандай?
Өмір мәнін түсінуге ұмтылу қаншалықты қажет?
Сіз өмірді сүйесіз бе? Сұрақтарын мұғалімдерге қойып, пікірлесу.

6. Мұғалімдерге «Қолсыз және аяқсыз» мүгедек адамның биі бейнетаспасын көрсету.

7. Инклюзив терминін мұғалімдерге түсіндіру.
инклюзив – қамтитын, лат. – қамтимын – барлық балалардың түрлі қажеттіліктеріне бейімдеу тұрғысынан барлығы үшін қол жетімді болуды көздейтін жалпы білімді дамыту үдерісі, бұл білімді ерекше қажет ететін балалардың да білімге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Инклюзивті білім балаларға бағытталған және барлық балалар – оқуда түрлі қажеттіліктері болатын индивидуумдар деп танитын әдістемені дамытуға ұмтылады. Инклюзивті білім оқудағы әртүрлі қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін икемді болатын оқыту мен оқу тәсілдерін жасауды көздейді. Инклюзивті білім енгізетін өзгерістердің нәтижесінде оқыту мен оқудың тиімділігі артса, (ерекше қажеттіліктері бар балалар ғана емес барлық балалар ұтады.

8. «Мүгедек балаларға арналған» бейнетаспасын мұғалімдерге көрсету.
Инклюзивті білім жүйесін дамыту слайд бетін көрсетіп, түсіндіру.
2015 жылға қарай:
• мүмкіндіктері шектеулі балаларды біріктіріп оқытудың модульдік бағдарламалары;
• мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беретін ортада біріктіріп оқыту ережесі əзірленеді;
• түрлі кемістігі бар балалар үшін бірігу нысандары анықталады;
• мүгедек балаларға қашықтықтан білім беруді ұйымдастыру қағидалары əзірленеді.
2020 жылға қарай мектептерде мүгедек балалар үшін көтергіш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалармен, арнайы парталармен, үстелдермен жəне басқа да арнайы компенсаторлы құралдармен жарақтандыру арқылы «кедергісіз аймақтар» құрылады.

9. "Қауымдастық" ойыны.
Тренингке қатысушы мұғалімдермен шаттық шеңберін құру. Оң қолдың алақанын жұмып, бас бармағын шығарып төмен қаратып, келесі мұғалімнің жазылған сол алақанына қою керек. Ал сол қолдың алақаның келесі мұғалімнің жұмылған алақанының бас бармағының астына қою керек. «1, 2, 3» рет санап, 3 деп айтқанда сол алақанды жұмып қалу керек. Осылай екі рет, екі қолды кезек ауыстыруға байланысты орындалады. Содан кейін барлық мұғалім оң қолдарын қойып, одан кейін сол қолдарын қойып, барлығы бірге жүргізуші тілегін айта отыра аспанға қолдарын көтереді.
10. Қорытынды.

...