«...Аңыз әңгіме бойынша қырғыздар (яғни, қазақтар) Барақтың ұлы Жәнібекті өздерінің ханы санайды. Аңыз бойынша, Жәнібек Жошы ұрпағынан шыққан қазақтардың бірінші ханы болған...». Бұл қазақтың шоқ жұлдыздай ғалымы Шоқан Уәлихановтың Қазақ хандығының құрылу тарихы туралы зерттеуіндегі бір дерек. Нақтырақ айтсақ, Қазақ Елінің негізін қалаған тұлғалардың бірі – Жәнібек ханның билікке келу кезеңі туралы зерттеуі.
Жалпы, қазақтың әз-Жәнібек ханы нақты қай жылы дүниеге келіп, қай жылы өлгені, тіпті нақты қай жерде жерленгені туралы дәл мәлімет жоқ. Орыс ханның шөбересі, Барақ ханның ұлы Жәнібек ханның 1450 жылға дейінгі өмірі туралы дерек тіпті аз.
Белгілі тарихшы Б.Кәрібаев Жәнібек ханның шығу тегіне қатысты: «Алдымен Жәнібек ханның шығу тегіне қысқаша тоқтала кетелік. Оның шын есімі – Әбу Саид. Ол – Ақ Орданың соңғы ханы, атакты Барақ ханның Мір-Сайд, Мір-Қасым атты ұлдарынан кейінгі кіші ұлы. Сол себептен болу керек, ХVІ-ХVII ғғ. казақ тарихшысы Қадырғали би Жалайыр оны «Кіші Жәнібек хан» деп айтады. Жәнібек ханның Орыс ханға дейінгі аталары: Барақ пен Койыршақ хандар – Ақ Ордада хан болған тұлғалар», - дейді.
Ал, ханның жерленген жеріне қатысты тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған: «Керей мен Жәнібек хандардың жерленген орындары жөнінде де бірнеше нұсқа бар. Бір аңыз бойынша, Керей Астана қаласынан 100 шақырым жердегі Қазақстанның солтүстігінде, ал Жәнібек болса, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақтан алыс емес жерде жерленгендігі айтылады. Мұқият зерттеуді қажет ететін одан да басқа мәліметтер көпшілік. Сондықтан, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын өткізер кезде көптеген ізденістер, терең зерттеулер туар деген ойдамын», - дейді. Бұл тек бір тарихшының ғана емес, хандықтың 550 жылдығын тойлауды бастаған бүкіл қазақ елінің тілегі екені анық.