MICROSOFT БОЛАШАҚТЫҢ КӨЗІЛДІРІГІН ТАНЫСТЫРДЫ
Microsoft корпорациясының осы жылғы презентациясында қосымша шынайылықты көрсететін HoloLens атты көзілдірікті жұртшылыққа таныстырды. Бұл жоба Oculus Rift және Project Morpheus атты жобалармен ортақ байланысы жоқ. Бірақ негізі сипаттары Google Glass құрылғысына ұқсас келеді, деп хабарлайды BusinessNews.kz lenta.ru сайтына сілтеме жасап.
Microsoft ойлап тапқан құрылғы виртуалды әлемге ендіру үшін емес, соны голограмма арқылы қоршаған кеңістікке шығаруға бағытталған. HoloLens құрылғысы арқылы Windows 10 операциялық жүйесінің әртүрлі қолданбаларымен байланыс жасауға болады. Сонымен қатар, бірнеше ойын түрлері бар. Соның ішінде, Minecraft ойынының ұжымы құрылғыға арналған жүйесін жасауға кірісіп кеткен.
Көзілдірікті дербес компьютерге немесе мобилді құрылғыға қосуды қажет етпейді. Іс жүзінде HoloLens автономды компьютер ретінде жұмыс жасайды. Құрылғы өзінің жеке CPU, GPU және қосымша голографикалық процессорлары, сонымен қатар, бірнеше сенсорлық жабдықтары бар.
Голографикалық объектілерді әртүрлі ым-ишаралармен басқарады. Бұның қалай жұмыс істейтінін төмендегі видеодан көруіңізге болады.
Ресми таныстырылымға дейін Microsoft бұл жобаны 7 жыл бойы жасаған. HoloLens жобасына Kinect жобасын басқарған Кудо Цунода үлкен үлес қосқан.
Microsoft корпорациясы Google, Oculus және Magic Leap компанияларына бұл жобаны бірге дамытуға шақырған.