0 дауыс
409 көрілді
Рубльдің құнсыздануы  басқа елдерге қалай әсер етіп жатыр? Сол туралы білгім келеді.

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Ресей рублі Батыс санкцияларын күшейткен әрі мұнай бағасы төмендеген тұста арзандап барады. Рубль құлдыраған сайын постсоветтік елдердің валютасы да құнын жоғалтып жатыр.

АРМЕНИЯ МЕН ГРУЗИЯ

Мұның жайын армениялық экспорттаушы Гагик Казаряннан сұрап көріңіз. Жыл бойы Ресей рублі долларға шаққанда 60 пайыз арзандады. Ол бұған дейін Ресейге алкогольсіз сусындар мен консервілер сатып, пайда тауып келген еді. Қазір рубльдің құнсызданғаны сонша, ресейлік тұтынушылардың доллармен бағаланатын оның өнімдерін сатып алуға шамалары жоқ.

«Екі айдан бері экспортты тоқтаттық. Ресей тарапы 1 миллион 500 мың долларға тапсырыс берді. Бірақ тауарды оларға сата алмаймыз. Себебі рубль 60-тан 70-пайызға дейін құнсызданып кетті. Жағдай өте нашар. Мәселені қалай шешуді білмей отырмыз» дейді ол.

Казарян сияқты ділгіріп отырғандар көп. Экспортқа шығатын тауар Ресей нарығында арзанға сатылатын болса, бүкіл Армения экономикасы жапа шегеді. Шетелден (Ресейден – ред.) келетін табыс азайып, Арменияның өз валютасы – драм биыл қаңтардан бері 12 пайызға құнсызданды.

Арменияның көршісі Грузияда да жағдай осыған ұқсас. Тбилиси үшін Мәскеу негізгі сауда әріптесі емес. Бірақ Ресейде жұмыс істейтін грузиндер көп. Енді олардың үйіне жіберетін рублі бұрынғыдан азайды. Соның кесірінен Грузия валютасы - лари жыл басынан бері долларға шаққанда 9 пайызға арзандады.

Армения мен Грузия валютасының құнсыздануы екі елге де біршама қолайсыздық тудырады. Енді бұл елдер аса қажет тауарларды Батыстан импорттауға көбірек қаржы төлейді. Одан бөлек, қарызды басқа елдерден алып, оны қайтаруға да біршама шығындалады деген сөз. Оған қоса, бұл елдер шетелдік валютамен сақтаған аздаған қорларының бір бөлігін өз валютасын нығайтуға жұмсайды.

ҚАЗАҚСТАН

Ресей рублінің арзандауы Кавказдағы осы екі елге ғана қиын тиген жоқ. Ресейдің әжептәуір ірі сауда әріптесі Қазақстан негізінен мұнай өндіреді. Енді бұл ел рубль мен мұнай бағасы арзандаған тұста қиналып қалатын сияқты. Қазақстан өз валютасы - теңгені қорғаудың орнына ақпан айында оны 19 пайызға арзандатты. Бірақ бұл шара келесі жылы теңгенің құлдырауынан құтқара алмайтын сияқты.

Лондондағы Renaissance Capital экономисі Чарльз Робертсон «Егер мұнай барреліне 70-75 доллар болса, Ресейде экономикалық өсім болмай қалуы мүмкін. Біз тіпті Ресейдің жалпы ішкі өнімі келер жылы екіден үш пайызға кемитін шығар деп болжаймыз. Мұндай жағдай Ресей көршілеріне теріс әсер етеді, олар валюталарын құнсыздандыруы мүмкін» дейді.

Тағы бір түйткілді мәселе – Қазақстан өнеркәсібі мен ауылшаруашылығын ресейлік арзан өнімдердің басып алуынан қорғауға тиіс. Бұл ретте Робертсон «Мұнайдан басқа секторлардың бәсекеге қабілеттігін арттыру керек. Рубль арзандаған соң қазақтар ресейлік арзан өнімдерге ұмтылады, қазақстандық құрыш, минералдар мен азық-түлік сатылмай қалуы мүмкін. Қазақстан валютасын еркін нарыққа жіберсе де, өз өндірісін сақтап қалуға тырысуы тиіс» дейді.

 

БЕЛАРУСЬ

Беларусьтің жағдайы да мәз емес. Бірақ мұндағы ахуал басқалардікінен сәл өзгерек. Беларусь рублі жыл басынан бері долларға шаққанда 13 пайызға арзандады. Ресей рублінің құлдырауы Беларусьтегі Ресей мұнайын өңдейтін екі зауыттың түсімін азайтты.

Енді Беларусьтің Ресейге тыйым салынған Еуропа сүт және ет өнімдерін жасырын кіргізгені үшін Мәскеу мен Минск арасында дау шықты.

Беларусь, Ресей және Қазақстан құрған Кеден Одағы кеңейіп, Армения мен Қырғызстанды қосып алғалы отыр. Жаңа жылдан бастап Еуразия экономикалық одағы (Кеден Одағының кеңейтілген түрі – ред.) іске кіріскелі жатқанда, осындай шу шықты.

Мәскеу мен Минск аз уақытта мәмілеге келген күннің өзінде Ресейдің валютасы әлсіз одақтастарына қалай көмектесері белгісіз.

Лондондағы Standard Bank сарапшысы Тимоти Эш «Соңғы жылдары Беларусь Ресейдің қаржылық көмегіне қатты мұқтаж болып отыр. Енді Ресейдің өз басына күн туған кезде Беларусьті ары қарай қаржыландыруы екіталай. Бірақ Ресей Беларусь пен Арменияны Еуразия Одағы аясында қолдауға әзір. Өйткені Кремль жаңа одақты мүшелері бір-біріне көмектесетін табысты ұйым етіп көрсеткісі келеді» дейді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН МОЛДОВА

Ресейге қарайлас басқа елдер еңбек мигранттарының арқасында күн көретіндіктен, рубльдің құнсыздануы оларға да ауыр тиді. Молдова, Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстан мигранттарының үйлеріне Ресейден жіберетін ақшасы азайғаны байқалды.

Молдованың ұлттық банкі желтоқсанның 11-і күні ел валютасы – лейдің осы жылы долларға шаққанда 17 пайызға арзандағанын мәлімдеді.

Тәжікстан валютасы - сомон 5,5 пайызға, қырғыздардың сомы 15 пайызға, Өзбекстан сомы 9 пайызға құлдырады. Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтары Қазақстанға да барып жұмыс істейді. Бұл елдегі валютаның арзандауы оларға тағы бір соққы болды.

ТҮРКІМЕНСТАН, ӘЗЕРБАЙЖАН ЖӘНЕ УКРАИНА

Негізінен газ экспорттайтын Түркіменстанның жағдайы жақсырақ. Ресей, Еуропа, Қытай және Иранға газ тасымалдайтын ел Ресей нарығына қатты тәуелді емес, шетелдік валютамен сақтаған қоры да жеткілікті. Бұл жақтан Ресейге жалдануға баратындар да некен-саяқ. 

Мұнайға бай Әзербайжан да нық отыр. Ұлттық валютасы - манат бағамын осы қалпы сақтауға тұрақтандыру қорының күші жетеді. Бұл ел Ресейден гөрі Түркиямен жақсы сауда байланысын орнатқан. «Әзербайжан Түркия экономикасына инвестиция салғаннан жақсы пайда көріп отыр» дейді Эш.

Оның айтуынша, «Аймақтағы ең үлкен жапа шегуші – Украина. Оның валютасы гривна жыл басынан бері долларға шаққанда 86 пайызға құнсызданды. Қазір ел экономикасы дағдарыстан шыға алмай отыр».

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

...