Осы сапарында Керенский Ташкенттегі Еникеев деген қарт генералдың үйінде қонақ болады. Генералдың бір ұлы, сұлу бір қызы бар екен. Сұлу қыздың қасында керемет бір сұлу келіншек жүреді. Ол Мұстафаға арнап бірнеше ән шырқайды. Таныса келгенде Мұстафаның білгені, ол кісі Ташкенттегі опера театрының әншісі Мария Горина екен.
Мария Горина
Ташкентке әрең жеткен Мұстафа Мария Горинаны тауып алады. Қала сыртындағы үйіне түнде келеді. Мария оны қуана қарсы алып, іздеп жүрген қызылдардан жасырып, қаладан қалай алып кетуді ойластыра бастайды. Мария бұл кезде Түркістан соғысында жараланған солдаттарға ерікті түрде көмектесіп, медбике болып жүрген. Ол вокзалға барып, Петербургке жүретін пойыздың басшысымен келісіп, Мұстафаны жаралы солдаттардың ішіне кіргізеді. Бүкіл денесін, тұла бойын дәкемен орап, жаралы солдат ретінде вагонға салып, алып келе жатады. Сұлутөбе стансасына жақындаған кезде Мұстафа мазасызданып, Марияға: «Қол-аяғымды шешіп, ең болмаса бір сәтке терезеге алып баршы”, — деп өтініш жасайды. Бақытына қарай, жайшылықта тоқтамайтын пойыз Сұлутөбеде тұрып қалады. Мұстафа шыдай алмай, киімін киіп жерге түседі. Сол арада жақын бір жеңгесі кездеседі. Мұстафа шошып кетіп, вагонға қайта кірмекші болғанда, жеңгесі жүгіріп келіп, бас салып құшақтайды. Қасында еріп жүрген 6-7 жасар балаға: «Мынау сенің көкең, Мұстафа” — дейді. Мұстафа баланы тік көтеріп, маңдайынан сүйеді. «Үлкен азамат бол” — деп батасын береді.
Бұлар алдымен Орынборға, одан Екатеринбургке барады. Ол арада Мұстафа мен Вадим Чайкин деген досы генерал Колчакты өлтірудің жоспарын жасайды. Бұлардың қонақүйде жарған бомбысынан Колчак аман қалады. Енді Мұстафа мен Чайкин Марияны қалдырып, өздері Кавказға қарай қашуға мәжбүр болады.
«Мен қазақ ауылдарымен жүріп отырамын. Сол жерлерге Мария келеді деп айтып кетемін. Сені ешкім сатпайды”, — дейді Мұстафа әйеліне. Марияның өмірі 40-50 сериялы фильмге жетерлік мол материал. Ол өзінің кітабында қазақ даласынан қалай өткенін, Досмұханбетовтардың ауылында болғанын, қалай Маңғыстауға келгенін, Маңғыстаудан Дербентке кемемен қалай жеткенін жазады. Ол кезде Кавказ ағылшындардың қолында еді. Келіп түскен жерінде теңіз жағасында шаршап ұйықтап қалған екен. «Көзімді ашсам форма киген қап-қара біреу тұр. Формасы ағылшын армиясыныкі. Негрді өмірімде бірінші көруім”, — деп жазады ол кісі.
— Сіз Мариясыз ба? — дейді негір.
— Иә, Мариямын.
— Сізді комендант шақырып жатыр.
Әлгі жерде Марияға жақсы киімдер, қаражат беріп, Бакуге жеткізіп салады. Бакуге келсе, Мұстафалар ары қарай, Тбилисиге кетіп қалған екен. Мария бөгелмей арттарынан қуып, екеуі Тбилисиде кездеседі. Мұстафа сол арада жаңа газет, журнал шығарып, тәуелсіз Грузияға көмектесе бастаған. Бірақ 5-6 айдан кейін Қызыл армия мұнда да келіп, қаланың быт-шытын шығарып, басшыларын тұтқындай бастағанда, бұлар Батумиге қашады. Сол жерден түрік кемесіне мініп, Ыстамбұлға келеді.
http://referatkaz.kz/mystafa-shoqaj-referat/