0 дауыс
698 көрілді
Тәрбие сабағына материал керек. Тәрбие сабағы тақырыбы: Жүрегіне иман ұялаған азамат Отан иесі бола алады

1 жауап

0 дауыс
Бізді жоқтан бар етіп жаратқан, оның ішінде адам, қала берді асыл дінімізді ұстанатын мұсылман етіп жаратқан Жаппар Иеміз Алла тағалаға сансыз мадақтар болсын! Әрбір ісіміздің өзі мүбәрак амалдарымен шапағат болатынын баяндап өткен Алла елшісі Мұхаммедке салауаттар болсын!

Әңгіменің әлқиссасын Отан деген ұғым жөнінен басталық. Әрбір адамның кіндігі кесіліп, ат жалын тартып мінген киелі мекені болады. Бұл қастерлі мекенді ата-бабасы көне заманнан мекендеп, сол жерде тіршілік етеді. Оны «атамекен» деп атайды. Нақтысы, бұл киелі топырақ, өскен орта «Отан» деген қастерлі ұғым саналады. Ғылыми тілде байлықтары, қоғамдық және мемлекеттік құрылысы, тіл, мәдениет, тұрмыс-салт және әдеп-ғұрып ерекшелігі бар белгілі бір халықтың тарихи тұрағына айналған аумақ «Отан» деп аталады.

Біздің ата-бабаларымыз өз ұрпағын туған топырақты шексіз сүюге, қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеген. Ұлаңғайыр даламызға көз тіккен сырт көз дұшпандарға тойтарыс берді. Сынық сүйем жер үшін қасық қаны қалғанша қолына қару алып, жауына қарсы тұрды. Соның бәрі осы топырақ пен жайлаулары мен қасиетті шаңырақтары үшін екен. Қазір арғы-бергі қиырына ат тұяғы сүрініп, әрең жететін кең байтақ даламыз сондай жанқиярлық ерліктің арқасы деп нық сеніммен айта аламыз. Қысқасы, біздің ата-бабалар туған жерді шексіз сүйді. Сол жолмен баласына тәрбие берді. Қазақтың осындай асыл қасиеттері қай халыққа да өнеге-үлгі бола алады.

Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген тәмсіл бар. Бұл сөздің мәніне үңіліп қарасаңыз, көп нәрсені айқын аңғаруға болады. Өйткені әрбір шаңырақта тыныштық, жақсылық, қуаныш болса, ол сол мемлекеттің берекелі өмірінің бір көрінісі емес пе?! Осындайда тіл ұшына орала кететін «Отбасы - шағын мемлекет» деген нақылдың растығына көзіңізді айқын жеткізуге мүмкіндік туады. Ізгі қасиеттері бойында сақталған әрбір азамат өзінің Отанын шексіз сүйеді. Сол мақсатта өмір сүріп, туған өлкенің өркендеп-өсуіне жұмыс жасайды. Осындай имандылық әрбір азаматты алға жетелеп, биік-биік белестерге бастайды.
...