0 дауыс
6.5k көрілді
Қария туралы әңгіме керек?

2 жауап

0 дауыс

“Кәнтөжни” қария (қазақы әңгіме)

Шал шығарған шатақ

…Сүт пісірім уақыт бұрын ғана бұл шаңырақ қуана қауышқан мәре-сәре үнге бөленіп жатқан. Хамзе қарттың қалада қызмет істейтін ұлы бала-шағасымен қонаққа келіп еді. Қырық сылтауы таусылмай, төрт-бес жыл төбе көрсетпей қойған. Сағынысып қалыпты. Арқа-жарқа әңгімемен шай ішілді. Сол жадыраған көңілмен далаға шыққан. Қарияда бас жағы баршылық. Ұл-қыздарының көбі өз төңірегінде түтін түтетіп отыр. Оқу оқып, ғылым соңына түскен осы ұлы ғана. Шал үшін «Хамзенің қызметкер ұлы мәшинесімен келіпті» дегеннің өзі бір мәртебе. Ауылдағы қарадомалақтарымен салыстырғанда қаладан келген немерелері қандай. Көп қаздан мойны озған аққудай көрінеді. Киімдері мұнтаздай, қимылдары ширақ.
Бәрі жарасымды, бәрі сүйкімді-ақ еді. Осы керемет сәт қас-қаққанша нілдей бұзылды. Бұзған – қос немеренің қос ауыз орысша сөзі. Сағынып көрген немерелерінің шүлдірлегенін естігенде қарттың қаны басына тепті.

Қой соймаққа қамданып жатыр еді. Қолындағы пышағын қора төбесіне ызалана лақтырды. Әлгінде ғана бауыздалғалы тұрған қара қой өрісті бетке алып, маңырай безді. Екі немересіне қарап: «Ай, атаңа нәлет-ай! Не оттап тұр мына иттер?!» деп зор дауысымен ақырып қалғанда, ауладағы бала-
шағаның зәре-құты қалмады. Қияңқы шалының қаһарынан ыққан кемпір байғұс бүкшеңдеген қалпы үйге зып берді. Ашудан түтіккен шал зіркілдей сөйлеп қамшыға ұмтылғанда, не жазып қалғанын ұқпаған екі ұл әке-шешелеріне қарай құстай ұшты. «Әй, жетесіз ит-ай! Қалада оқып, қызмет қуғанда жетістіргенің осы ма? Ата жауыңның тілін шаңырағымда шәңкілдеткенің қай қорлығың? Осы қорлықты көрсетейін деп келдің бе, маған, а?» деп тұра ұмтылып, қызметкер ұлын қамшымен тартып-тартып жіберді. Қанына қарайғаны сонша, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты. Айғай-шуға көрші-қолаң жиналды. Ара түскен ұл-қыздарына бой бермей, «Орыстың атаңа қылған айуандығын ұмыттың ба, әй, ит? Кәпірдің тілінде сөйлеген ұрпағымды көзімнің тірісінде сен көрсеттің-ау. Санасыз неме! Енді қайтып бұл табалдырықты аттап басушы болма!» дегенді кесіп айтып, ұлының жер-жебіріне жетіп, ақыры боқтап-боқтап үйінен қуып шықты. Шалдың ашуы басылды-ау деген шамада қайта айналып келген ұлы, әкесінің аяғына жығылып, жылап тұрып кешірім сұрап, зорға татуласты. Жиналған жұрт аң-таң.

Снайпердің сыры

Хамзе қартты «кәнтөжни» атандырған осындай шалт мінезі. Жасында ат үстінен торпақты өңгеріп кететін қарулы болыпты. Құралайды көзге атқан мергендігін білетіндер жыр қып айтуға құмар-ақ. Талай еңгезердей жігіттерді сабап тастағанын көргендер де көп. Әрине, жазықсыздан жазықсыз соқтықпаған. Жалпы шыжбалақтығы жоқ Хамзекеңнің сабырының орыс ағайынға келгенде түгесіліп, сіркесі су көтермей қалатыны да өтірік емес. Орыстың өзі тұрсын, сөзін естісе шақшиып шыға келетін «қояншығы» баяғыдан бар.
Кезінде қарияның ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқаны рас. Бірақ, ол кісі туралы ауылда алып-қашпа сөз көп. Тұстастарының айтатынын тыңдап көрсеңіз: «Өй, баяғы пәшестермен соғыста бұл итің снәйпер болды ғой. Қит еткенді қалт жібермейді. Бірақ, сол соғыста бұл Хамзе қатар жүрген орыстардың қаншасын ана дүниеге аттандырып жіберді. Қиян-кескі соғыста кімді-кім бақылағандай. Пәшесті көздеп жатады да, жұрттың көзін ала бере жанындағы орыс солдатты да тырапай асырады. Атқанын адамға сездірмеуге, із қалдырмауға келгенде одан ептісі жоқ. Көзіміз шалып қалса, зәреміз зәр түбіне кетеді. Қой дейміз. Тыңдайтын Хамзе ме? «Менің ата жауым ана немістер емес, мына орыстар. Орайы келіп тұрғанда кегімді алып қалайын. Біреу де болса азая берсін» деп кіжіне күбірлейді. Көз қылу үшін жайшылықта олармен жап-жақсы сыйласып, дос тұтқан болып, арқаларынан қағып қояды. Ал, орайын тапса, оңдырмайды. Нағыз жындының өзі ғой», дейді кеңк-кеңк күліп. Осы қауесеттің анық-қанығын ақсақалдың өзінен сұрағанымызда жатып кеп ашуланған. «Е, ауылдың еріккен шалдары құрдас болған соң не демейді. Есі дұрыс адам сеніскен кісіні ту сыртынан ата ма? Бұл – әр нәрсенің бояуын қалыңдатқыш қазағымның қаңқу сөзі де, тәйірі. Шалдардың ойдан шығарған шатпағына сеніп жүрген осы жұртта ес жоқ-ау деймін, атасына нәлет» деп түнеріп, қамшысымен қара жердің шаңын бұрқ еткізіп, бір тартқаны бар.

Кек қатқан жүрек

Сөйтсек, бұл жойдасыз жауласудың жай-жапсары тым тереңде екен. Жұмбақ сырды ақсақалдың өз аузынан тыңдадық. Хамзе қарт сөзін бастағанда, жүзінде жойқын ашу жоқ. Тек қабартқан өңінде терең мұң, қалың қайғының ізі қалған. Қарлығыңқы қоңыр дауысымен жүрегі сығылғандай күйде әңгімесін айтып берді. «Жасым сегіз-тоғыздар шамасында. Есім әбден кіріп қалған. Тау етегінде жайбарақат күн кешіп жатқан біздің ауылға ойда жоқта 20-30 қаралы қарулы отряд сау ете қалды. Кілең орыс. Қытайға бет алып шегінген әскер екен. Елдің зәре-құтын алып, тарс-тұрс мылтық атып, ауыл үстіне ат ойнатып кірді. Не болғанын түсінбей қалған ауыл азаматтары үйді-үйінен атып шыққаны сол еді, осыдан қауіп келеді-ау дейтін еңселілерін табанда жусатып салды. Ішінде менің әкем де бар.  Немере ағам әкемнің мәйітіне жүгіргені сол еді, ол да оққа ұшты. Ауыл азан-қазан. Тірі қалғандарының қорыққандығы сонша, атылғандардың сүйегін алып, жерлеуге де батылы жетпей, мәйіттер иістеніп жатып қалды. Бүкіл ауылды көзінен тізіп, сыртқа айдап шығарды да, арасынан қыздар мен мен келіншектерді бөліп алды. Азғындар өзара қалжыңдасып, шүлдірлесіп қарқ-қарқ күледі. Емшектегі баласының, күйеуінің барына қарайтын олар ма?! Қой бөлгендей шырылдатып бөлді де әкетті. Қорлыққа күйінген Оспан деген атамыз ақыра ұмтылып еді, қылыш бұғанасына қатты тиіп, бүк түсті. Жетпістегі кісінің сүйегі морт келеді емес пе, ақыры содан оңалмады. Бейбіт жұрттың мысы құрып, қан жылады. Ауыл сыртындағы шатқалға шатырларын тігіп тастап, әлгі жауыздар ауылдың қыз-келіншектерін бауырына басып, ат ағытып, тынығып жатты. Көнбегендерін зорлаған. Кәпірдің сасық қойнына еркімен жатпай қойған менің шешем, әкемнің қарындасы сияқтылар ажал құшты. Күзеттері мықты. Шидің басы қимылдаса қағып түсіреді. Үйде бала бағып, дымы құрып үлкендер жүр. Бәрі жер шұқыды да қалды. Бұдан асқан қорлық болмайды екен. Солдаттардың ішіп-жемі және ауылдан. «У қосып сеспей қатырсақ» деп еді, өзіміздің қыз-келіншектерімізді қоса улаймыз-ау деп обалынан қорықты. Әлгі кәпірлер ақыры бір жұмадай ойранын салып, шекара асып жөніне аттанды.
Қаныпезер, қанқұйлылардың құшағынан шыққан сол қыз-келіншектеріміз не ауылға, не басқа жаққа жүрерлерін білмей, қарабет күй кешті. Ешқайда сыймады. Кейін қорлыққа шыдамай у ішіп қата қалғандары да болды. Қанша шаңырақ құлады. Бір-бірінің бетіне қарай алмай, бет-ауған жаққа қаңғығаны қаншама. Ең масқарасы, бірнеше қыз-келіншектердің туып қалғандары болды. Екі-үш әйел сол тұста көз жұмды. Ауыл адамдарының кірмегені қара жер. Қысқасы, сүттей ұйып отырған ауылдың аз уақытта тоз-тозы шықты. Әкем 32-сінде, анам байғұс 28 жасында көз алдымда шейіт кете барды. Ағайындарымның қолында өстім. Тағдырдың жазмышына шара бар ма?
Бірақ, сол оқиғадан соң, кек, ыза жүрегімде шемендей қатып қалыпты. Атамның құны, анамның ары кеткен, шексіз қорлығы өткен сол қанқұйлылардың тілінде енді өз ұрпағымның шімірікпестен шүлдірлеуі жанымды шыжғырады. Бұл неткен намысы жоқ, кеще немелер деп түңіліп отырғаным… Әйтпесе, не ақым бар?!» – деп қария әңгімесін тәмамдады.
Ешқашан жадырап күлмейтін, осынау аса адуынды алып қарттың ашушаң мінезінің төркіні тым тереңде екенін білдім.

“Кең болсаң , кем болмассың”

… Хамзе қарт туралы жақында тағы бір хикая естідім. Бір тойда өздерінше озық көрінгісі келіп, ерекшеленейін деді ме екен жазғандар, әлде қалың қаракөзге көрсеткен қыры ма, өзара орысша сөйлесіп қоймаған екі қазақтың тұмсығын бұзып жіберген бе?.. Әйтеуір, тағы бірдеңені бүлдірген, қысқасы… Қанға сіңген мінез де баяғы.
Жалпы, кекшілдік құптарлық қасиет емес, әрине! Қазақта «Кең болсаң, кем болмассың» деген нақыл бар. Кек кекті туғызады. Соны білген халқымыз «бұрынғыны қуыспай, аса кешіп қоя берсе» керек. Кеңдікке салған, келісімге келген. Есесіне жұртың тыныш, жерің бейбіт. Қарның тоқ, көйлегің көк. Қамсыз тірліктің кешегі көрген қорлықты бүркеп тұратыны, ұмыттыратыны анық. Ел арасында «кәнтөжни» қария сияқтылардың санаулы болуы да сондықтан ғой…

Төлеген Жәкітайұлы

0 дауыс
кария туралы ангиме 2 сынып

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
1 жауап
0 дауыс
0 жауап
...