+1 дауыс
145k көрілді
Сұлтанмахмұт Торайғыров өмірбаяны – көрнекті қазақ демократ-ақыны

4 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сан қырлы және әртүрлі жанрлы бай мұрасы – XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ерекше құбылысы, қазақ халқының рухани мәдениетінің маңызды бөлшегі.

Сұлтанмахмұт Торайғыров қысқа өмірінде көптеген маңызды шығармалар жазғаны соншалық, ол ұлттық мәдениет тарихында құрметті орынға ие болды. Өмірлік жолында кездескен қиындықтарға төтеп беріп, Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қайсар мінезін көрсетті. Ақынның өмірде ұстанған ұраны, оның білімге, ғылымға, өнерге деген талпынысы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес.

Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ әдебиетінің тарихында өшпестей із қалдырған Абайдан кейінгі қазақ ақыны, екінші ағартушы.

Ол қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен бірден-бір ақын. Сол уақытта жаңа, белгісіз жанрда өлең жазған ақынның әртүрлі шығармалары бар, атап айтсақ: екі роман, бес поэма, көптеген өлеңдер, мақалалар, очерктер және публицистикалық шығармалар.

С. Торайғыровтың шығармашылық мұрасын әдеби тұрғыдан зерттеу XX ғасырдың 30-жылдарынан басталды. Сұлтанмахмұт жайлы алғашқы мақалалардың авторлары І.Жансүгіров, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, А.Адалис, И.Маслова, Қ.Дәукенов, С.Айтмұқанов және т.б. болды.

Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақ поэзиясына айтарлықтай үлес қосты, оның өлеңдері қазақ әдебиетінің асыл қазынасы енді, бірнеше ұрпақтың игілігіне айналды.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығы еркін қоғам туралы асқақ арманға қанық. Оның болашаққа ұмтылған әдеби мұрасы өсіп келе жатқан ұрпақты патриотизм мен  Отанға деген махаббатқа тәрбиелеудің адамзаттық мәніне ие.

«Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам,

Қараңғылықтың көгіне

Күн болмағанда кім болам?

Мұздаған елдің жүрегін,

Жылытуға мен кірермін».

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда Баянауыл ауданында малшы отбасында дүниеге келген. Әкесі-Әубәкір кедей болған, бірақ хат таныған адам. Бір жасында анадан айырылып, жетімдікті көріп өседі. Қуанышсыз балалық шақ, жартылай аш өмір — осының бәрін Сұлтанмахмұт басынан өткерді. Хат тануды ол әкесінен, кейін (1902-1907) молдадан үйренді.

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам.

Қараңғылықтың көгіне,

Күн болмағанда кім болам, - деп жырлаған ақынның шын мәнінде де, бүгінде қазақ аспанындағы рухани сәуле шашып тұратын ең жарық күндердің бірі болып мәңгілікке қалғанына ешкімнің де таласы жоқ екені анық.

Аз жасағанына қарамай, ол қазақ поэзиясы мен прозасын жаңа сатыға көтеріп кетті. Реалист-ақын XX ғасырдың әдебиетінде жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті. Оның адам өмірінің мән-мағынасы жайлы “Адасқан өмір” поэмасы, XX ғ. басындағы қазақтың іріп- шіріген билеуші табының ескен, тәрбие алған ортасы, ескілікке қарсы үн кетерген “Қамар сұлу” шығармасы, жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын лирикасы – оны қазақ әдебиетіндегі демократтық әдебиеттің ірі өкілі етті [1, 56-б.].

Сұлтанмахмұт шығармаларының тақырыбы – өз заманының шынайы көріністері, қазақ халқының сол бір аласапыран кездегі тұрмысы, ой-арманы. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен, ондағы кемшіліктерді әшкерелеп, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады.

Сұлтанмахмұттың лирикалық өлеңдерінің сипаты әр алуан. Оларда өмір тауқыметінен шаршаған ақынның қайғы-мұңы да, өкініш-наласы да, халықтың басындағы ауыр халге жүрегі сыздаған аяныш пен жанашырлық сезім де, болашаққа сенген, сол үшін күрескен азаматтық перзенттік патриотизмі де бар. Бірақ ақын өлеңдеріндегі мұң-зар жігерсіз, жасық қайғы емес. Ақын алдағы өміріне зор үмітпен қарайды.

1908-1910 жылдары Сұлтанмахмұт Баянауылдағы медреседе оқиды. 1911 жылы Троицк қаласынан көрші ауылға келіп, молдалық құрған Нұрғалидан дәріс алады. Нұрғалидың көмегімен бұл кезде ол қазақ, татар тілінде шыққан кітаптарды, газет-журналдарды көп оқиды. Өлең, әңгіме жазуға ден қояды. Білімі толысып, өнерге құштарланған Сұлтанмахмұт қаламынан бұл кезеңде "Дін", "Сарыбас", "Соқыр сопы", "Кезек қашан келеді", "Оқу" атты бірқатар өлеңдер мен "Зарландым" деген әңгіме туады. Оларда талапкер ақын ескі оқу мен жаңа оқудың айырмасы, өнер мен білімнің пайдасы, байлық пен кедейлік, т.б. туралы толғанады.

 1912 жылдың күзінде Сұлтанмахмұт оқу іздеп Троицк қаласына барып, осындағы медресеге түседі. Қуанышында шек болмайды. Көңілін шабыт кернеп, "Оқудағы мақсат не?", "Анау-мынау", "Қандай?", "Зарлау" тәрізді бірқатар өлеңдерін жазады.

Әйтсе де бұл медреседе көп оқи алмайды. Туберкулез індетіне шалдығып, 1913 жылы Троицкідегі оқуын тастауына мәжбүр болды. Амалсыздан Троицк маңындағы қазақ ауылдарына барып, бала оқытады. Өзі де көп оқиды, өлеңдер жазады. Осында жүріп "Ауырмай есімнен жаңылғаным" – деген белгілі әңгімесін жазады. 1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?», т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды.

Ақынның 1912 жылдан бастау алатын шығармашылығының жаңа кезеңінде Абай, Ыбырай негізін қалаған ағартушылыққа бет бұрды, жастарды оқу-білімге шақырды. «Туған айдай болып туып, күнді алуға бел буады», тұрмысты жеңуде жігерленіп, ақиқатты табу жолында талмай ізденуді мұрат тұтады. Алғашқы үгіт мәндес өлеңдерінен кейін ақын лириканың өрісін кеңейтіп, лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-әрекетін суреттеуге ұмтылады. Оның жырларынан тағдырға мойынсұнбай, қасарыса алға ұмтылатын, ауыртпалыққа қарсы тұрар өжет мінез көрінеді. Осы кезден бастап ақын шығармаларында ескіні сынау бой көтерді. Ол қазақ арасында көп кезігетін келеңсіз мінездер мен кертартпа әдет-ғұрып салтына қарсы күреседі. Табиғат, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінде ақын адам сезімін қоғамдық көзқараспен, әлеумет өмірімен байланыста қарайды. Ескіге қарсы көзқарас оны қоғамдағы әділетсіздікпен қақтығысқа алып келеді.

«Айқап» журналында жұмыс істеген жылдары (1913-1914) Торайғыров өлең мен әңгімеден басқа, бірқатар сыни мақалалар жазды (олардың арасындағы ең едәуірлері: «Қазақтың өлең жинақтары жайлы», «Әндер мен оны орындаушылар», «Қазақтарды оқыту жүйесі»), онда оқыту жүйесін жетілдіру қажеттілігі жазылған.

Сұлтанмахмұттың "Қамар сұлу" (1914), "Кім жазықты?" (1915) романдары қазақ әдебиетінің даму тарихынан елеулі орын алады. Көркем прозаның туу, қалыптасу кезеңінің бастауында дүниеге келген бұл романдарда өз заманының ащы шындығы бейнеленеді. Сол дәуірдегі әйелдердің бас бостандығы, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік мәселелері мен жаңа психология арасындағы тартысты, қоғамдағы адамдардың түсінік-танымындағы кереғар құбылыстарды бейнелеу арқылы Сұлтанмахмұт туған халқының болашағы туралы толғанады.

1914 жылы революцияға кейінгі кезеңнің ең үздік туындысы «Қамар сұлу» романы жарық көрді. «Қамар сұлу» романы қазақ әдебиетінде мәні зор туындылардың бірі.

Жазушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлу” романын басшылыққа ала отырып басқада ақын – жазушылардың шығармаларымен салыстыра отырып, кейіпкерлер портретін, мінез – қылығын сол сияқты тағы басқа қырынан ашуды жөн көріп отырмыз. С.Торайғыровтың осы тұста жазған алғашқы эпикалық туындысы «Қамар сұлудың» да негізгі тақырыбы. Бұл тұрғыдан оны әлеуметтік роман есебінде қарауға әбден болады. Автор роман сюжетін қазақ әйелінің теңсіздіктегі күйін көрсетуге құрғанмен, сол оқиғаға байланысты бүкіл қазақ қоғамының тіршілігін, ұғым-нанымын терең бейнелейді, ескі ауылды құрт аурудай жайлап есеңгіреткен, тоздырып бара жатқан әдет – ғұрыптың кертартпа жақтарын әшкерелейді.

Осыған жалғас жазылған «Кім жазықты?» романы да Сұлтанмахмұттың өз дәуірі туралы толғанысын тереңдете ашуға арналады. Сол негізде феодалдық – патриархалдық қоғамның күйреуін көрсетеді. 1916 жылы «Кім жазықты?» өлеңдер желісінде құралған романды жазумен өтеді. Мұнда ол қазақ қоғамы жайлы ойларын ел тағдырын ұстап тұрған белді адамдардың бейнесі арқылы көрсетеді, олардың өмір жолы, тәрбиесі, ісі, мінез – құлқы жан – жақты суреттеледі. Жасынан тәрбиесіз өскен бай баласы Әжібайдың жеке өмірі де, қоғамдық – болыстық қызметі де халық көңілінен шыға алмайды. Ол зорлық – зомбылықты, қара күшті жақтап, өзі тектес әлділермен байланыс жасап, іргесі шайқалған шаруасын реттеуге, ауылға кіре бастаған жаңалықтарды өршітпеуге, тіпті қуып шығуға күш салады. Жазушы Әжібайды жеке адам ғана емес, қазақ қоғамын салмағымен басып қорғап, жанаруына бөгет болып отырған ауыртпалықтың жиынтық бейнесіне көтереді.

Бұл романдар – дәуірдің тарихи тақырыбын тап баса білген жаңашыл шығармалар. Әрине, ақын тарихшы емес. Ол тарихи оқиғаны түгендемейді. Мәселе – заманның рухын, дәуір сырын аңғартар моменттерді де дәл басып, оған тән белгілерді айқындауда. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ауылы өмірін, ескілшілдік жайлап тозып, іріп бара жатқан салт – сананың көріністерін энциклопедиялық суреттелген іргелі туындылар, ол көпті қинаған шындықты ашынып, батыл, ашық айтып, онымен күреске шықты. Бұл – Сұлтанмахмұт реализмінің ең бір биікке көтерілген тұсы. Мұның бәрі Сұлтанмахмұттың жаңа жол – «шындықтың аулын іздеуге» ұмтылуының заңдылығын көрсетеді.

Әр ақынның тағдыры әртүрлі жағдайда қалыптасады. Тұқымы топыраққа түсіп, оңай өнім беретін де, талмай ізденіп, қиыншылықпен алыса жүріп шындық жолын табатын да ақындар болады. Сөйте жүріп олар өз тағдырын өзі жасайды. Сұлтанмахмұт осы соңғы жолмен жүрген ақын. Ол өз өмірін өзі, өз өлеңімен жасады. Ақынның шығармашылық жолын қадағалай қарап, өлеңдерінің жазылу ізімен жүрсеңіз, бұған көзіңіз әбден жетеді. Сұлтанмахмұт көрген өмір азабы, жоқшылық, жас таланттың соған қарамай ізденіп шарқ ұру іздері – бәрі оның шығармаларында сайрап жатыр. Бұл жағынан оны өмірі мен тағдыры өлеңінде өрілген ақын деп айтуға әбден болады.

Шындықты іздеу жолында талант иесі әлеуметтік-саяси, философиялық әдебиетпен таныса бастайды, жалпы күрес алаңындағы өз орнын табу үшін заманның күрделі мәселелерін шешу керек. Оптимизм мен Отан болашағына деген сенімге толы шығармаларды Торайғыров өмірінің соңғы жылдарында, ауыр індетке шалдыққанда жазды. «Егер де сен өміріңді арманға арнасаң...» Торайғыровтың лирикасы тақырыбы бойынша әр алуан: азаматтық және философиялық өлеңдер бар, махаббат пен табиғат жайлы өлеңдері көп. Алайда, бастапқыда айтылғандай, Сұлтанмахмұт азаматтық ақын болды [2, 389-б.].

Сұлтанмахмұт әлеуметтік-саяси лирикаға бір жақтылық сипат берді. «Тағдыр», «Айт», «Кедей», «Оқудағы мақсат не?» және т.б. өлеңдері қоғамдық тәртіпсіздікке қарсылығымен ерекшеленеді.

Сұлтанмахмұт өз елінің адал азаматы болды. Ол халықтың басындағы ауыр қасіретті терең түсінді. Зорлық пен зұлымдыққа қарсы айбынды үн көтерді. Ақын, әсіресе, рухани езудің тілсіз құрбандығы болған қазақ әйелінің ауыр тағдырын тебірене жырлады. Оның «Қамар сұлу» сияқты шығармалары ашынған жүректің қанымен жазылды. «Кедей» поэмасы қазақ еңбекшісінің ауыр халін, қазақ сахарасындағы езушілікті аяусыз әшкереледі. Кемеңгер ақын өз қоғамының барлық құбылысын көрсете білді. Оның шығармалары алған мәселесінің кеңдігі, тереңдігі жағынан Абай дәстүрін ілгері дамытты. Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі ең биік асқары. Ол қазақ өмірінің шындығын жырлаған нағыз ұлттық ақынымыз еді. Өзімен тұстас ақынның ешқайсысы да дәл Сұлтанмахмұттай поэзиясын жалпы халықтық дәрежеге көтере алған жоқ.

«Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды.

«Адасқан өмір» (1918) - Торайғыров шығармашылығының зор табысы. Мұнда ақын аз ғұмырында көзімен көріп, ойымен түйген, білім-білігімен таныған тұрмыс өткелдерін өзіне ғана тән асқақ үнмен ашына, ақтара жырлайды. Поэманың лирикалық кейіпкері түрлі кәсіппен шұғылданса да, ешбірінен қанағат, теңдік таппай, әділетті қоғамды аңсайды. Шығармада ақын түсінігіндегі болашақ жаңа қоғамның бейнесі жасалады. Шығарманың негізгі идеясы адам өмірді өз тілегіне бағындыра алады және соған ұмтылуға тиіс деген оптимистік қорытындыға саяды. Поэмада күрделі философиялық ой-толғамдар басым.

Ақынның «Адасқан өмір» пайымдауы бойынша жарық дүниеде себепсіз жарала салған, жоқтан бар болған ештеме жоқ. Жалғанда қанша жан бар? Адам дейсің бе, маймыл дейсің бе? Әлде мал дейсің бе? Не ағаш, не шөп туралы әңгіме қозғап, сұрақ қойсаң да мейлің. Бәрі де белгілі бір себептің жемісі екені дау туғызбайды. Соншалық жан иелерінің ішінде адамның алатын орны бөлек. Табиғатта оның ми күші жетпеген құпия сырлар жылдан-жылға азайып барады. Дүниедегі бар нәрсені түрлі-түрлі түстерге енгізіп, себепті қолдан жасауға да адамның күші жетеді.

Поэма бес тараудан тұрады: «Мен — бала», «Мен-жігіт», «Мен — тоқтадым» «Мен— кәрі», «Мен - өлік». Ақынның ойынша, адамға туғанынан бастап адамгершілік тазалық, таза ой тән. Мұндайда бәрі тең: бай да, кедей де, христиан да, мұсылман да. Адам табиғаты бойынша мейірімді және рақымды, оның бойында керемет қасиеттер көп, алайда бұл оның «дәстүр, құдай, хан және алтын» билігіне түскенге дейін жалғасады [3, 24-б.].

Бұл қазақ ақыны Сұлтанмахмұт ғана емес, жалпы адамзат ұлы гуманистерінің арманы болғанын кім бекер дей алады? Адамзат қоғамының, елдер мен халықтардың тарихы олардың бастарынан кешірген үлкенді-кішілі оқиғалардың жай тізбегі емес, әділдік пен озбырлықтың, адалдық пен арамдықтың күрес тарихы. Озық ойлы, ақ ниетті адамдар жоғарыда Сұлтанмахмұт суреттегендей қоғамды аңсаған. Замандастарын сондай қоғам құруға жан сала шақырған. Бұл жолдың сайрап жатқан даңғыл жол болмағаны, ол жолға түскендердің көп қарсылықтарға кездесіп, көп адасқаны белгілі. Кезінде көп адамға дұрыс көрінген қоғамдық құрылыс, оның заңдары уақыт талабына жауап бере алмай мансұқ етілген де, басқа бір қоғамдық құрылыс, басқа бір заңдармен ауыстырылған. Өз заманын талмай таразылаған ғұламалар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері жаңа идеялар ұсынған. Олардың ой-пікірлері миллиондардың санасын билеп, әркімнің өз ойы, өз пікірі болып материалдық күшке айналған. Халықтың жаппай толқу, көтерілістері билеушілердің біреулерін лақтырып, олардың орындарына басқаларын отырғызған. Бір ғажабы, «бұл күнде адасудан көз ашпадым» деп Сұлтанмахмұт айтқандай, адамзат қоғамы қаншама көп ізденсе, соншама көп адасуды бастан кешірген.

«Кедей» поэмасының бас кейіпкері де өз ортасынан әділдік таппайды, қоғам мен адам арасындағы қайшылықты бітіспес күреске ұластырады. Некрасовтың «Кому на Руси жить хорошо» поэмасының кейіпкері сияқты кедей еш жерден бақыт таппайды: ал байдың малын бақты, шахталарға түсті, бақытсыздық пен қасірет бүкіл жерде оның жазмышына айналды. Кедей тұрмысының өмірлік көріністері өте анық суреттелген. Ең құрымағанда, аштықсыз қалыпты адам өмірін іздеуде мақсатына қол жеткізген жоқ [4, 109-б.].

Ұзақ түн, жолдасым жоқ иттен басқа,

Бүтін киім менде жоқ жаурамасқа,

Бір бүтін, кірсіз киім кигенім жоқ,

Туғаннан міне шықтым талай жасқа.

Өкпемнен барады өтіп күзгі суық,

Бір жағынан қышытып биттер буып,

Бит жеген, ескі күпі жабағысы

Жөргекке оралғанда іштен туып.

Бұл битке сонан бері денем азық,

Көбінесе сондықтан да жүрмін азып.

Туысымен көргенім бәрі бейнет.

Тумай жатып қылып ем қандай жазық?

Жұрт айтады: «Еңбек қып, ерінбесең,

Маңдай термен ас тауып адал жесең,

Қызмет қылған байыңнан алғыс алсаң,

Ол сені алдап, арбап кетсе де есең,

Сонда сен көгерерсің»,— дейді халық,

Көп өмір өтпеді де бұған нанып?

Ес біле басталғаннан бері қарай

Бір тыныш жаттым ба, ұйқым қанып?

Мұның бәрі Сұлтанмахмұттың жаңа жол – «шындықтың аулын іздеуге» ұмтылуының заңдылығын көрсетеді. Өзінің тегі жағынан Қамар бай қызы, бірақ өз әлінше оқыған, өмірді танитын қыз. Ол қазақ әдебиетінде көрінген жаңа тұлға, жаңа характер. Алғашқы кезде ол ұяңдау болып көрінеді. Басына күн туып, ескі салтпен айқасқанда ғана Қамар өршелене бастайды. Сөйтсе де ол махаббат сезімінен құр емес. “Ахметтің алғашқы хатында оқығанда, ол бір қызарып, бір сұрланып, жүрегі кеудесіне сыймай қысылып, қарап тұрып бір тынымсыздықта қалады”. Мұнда пәк сезім, шын сүюдің белгісі бар. Бірақ оны терең ойға батыратын нәрсе – өз ойы, арманы мен қоғам салты арасындағы зор қайшылық. Тағы мұнда «Қамар сұлу» романында теріс сипаттарын көреміз. Мынау залымдықты көргенше, қаңғып өлейін. Мұны Ахметтің кетер алдында Қасен деген досына жазған хатында байқаймыз. Шыдай алмай күйіп – жанып кеттім қашып, Қамауға көре күйік жан таласып. Бұл күнде өлетінім сол қайғыдан, Қамардың халін ойлап жаным ашып дейді. Оқуды сылтау қылып, екі жүз шақырым жерден шаһарға кетті. Бұл арадан Ақметтің Қамарға деген сезімі бар және ғашығы үшін қиналуы, жаны ашуын байқаймыз. Енді бірде Қамардың қандай халге түскенін байқайтын болсақ, мына шумақтан көреміз. Қорлықты зорлықпенен көрген Қамар, Амалсыз бәріне де көнген Қамар Айдай әлем аузының суын құртып, Арманда арсыздардан өлген Қамар.

Ал романның басындағы Қамар портретін ақын былай суреттейді. Бастапқы келтірген шумаққа қарағанда мұнан мүлде өзгеше, оны мына шумақтан аңғарамыз. Жіңішке сымға тартқан әні қандай, Бал ауыз, балбыраған тәні қандай. Ақыл-ой, мінез-көрік түгел келіп, Толысып, толып тұрған сәні қандай. Сұлтанмахмұт Торайғыров жоғарыда келтірілген екі шумақта Қамардың портретін сәтті суреттеген. Жаңа заманның қызының бейнесін ашуға ден қойған. Ақын кешегі еркін де балғын өскен сұлу қыз, озбырлыққа душар болып, бақытсыздыққа ұшыраған сәтін байқатса. Мұндағы қарсыласқан екі түрлі портрет автордың осы гуманистік, азатшылдық идеясын береді. Осындай мысал келтіретін болсақ Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” романындағы Жамал бейнесін алатын болсақ. Жамал – өз тағдыры үшін күресуге дайын, сауатты, саналы қыз. Бақыт жолында қандай қиындыққа да қарсы тұратын қайсар жан. Жамалдың рухани жан дүниесі, ішкі әлемі ғашығына жазған өлең хатында ашылады. Осындай дәрменсіздікті біз Ахмет сүйгеніне қолы жетпей арманда кеткен Қамар сұлудан да байқаймыз. Ағатай болдым ғашық мұрыныңа, Көк бурыл иектегі құрымыңа. Кірпідей аяқ – қолы жиырылған, Қосылар күн бар ма екен тұлыбыңа, – деген Қамар өлеңінен Нұрымды сүймейді тіпті мейлінше жек көреді. Оның кәрілігін, ұсқынсыздығын мазақ етіп, өлең шығарады.

Нұрым мен Оспанның жауыздығын әшкерелейтін осы өлеңде халықтың басына төнген ауыртпалықтың мұңлы сарыны байқалады. Ақын Жорға Нұрым бейнесін Қамар арқылы тіпті аша түседі. Ол Қалтан мен Оспан арқылы Қамарды ризашылықсыз, күшпен айттырады. Қамардың наразылығымен есептеспей, оны зорлықпен тартып әкетеді. Осындай қым – қиғаш қайшылықтар арқылы ақын әр нәрсенің бетін ашып көрсетеді. Осындай келеңсіз қатыгез алаяқ жауыздардың қолына түскен Қамардай қыздың бүкіл өмірі, қазақ қыздарының басындағы ең бір қиын жағдайда өмір кешкен бақытсыз махаббаттары үшін күрескен жаңашыл жастарды ақын қинала суреттейді [5, 56-б.].

Романда Нұрымды суреттеуінің өзі – ақ оның ебедейсіз, дөрекі, зұлым екенін бірден байқатады. “Бұл өзі жеті атасынан бері уызы арылмаған, бағы таймаған, қолынан ұры кетпеген, бір жақсылық етпеген, басы сәждеге тимеген, жамандықтан басқаны сүймеген, бірді – бірге атыстырып, елді қан жылатумен шынжыр балақ, шұбар төс, қанды ауыз атанған бір жауыз еді” десе, екіншіден, “Құр Нұрымның залымдығы мен атағы болмаса, әліпті таяқ деп білмейтін надан, пішіні де жаман, ауызы толған боғауыз бен былш – былш насыбай, ішпей мас, әрі нас, елу шамасында жасы бар, қойсақтардың басындай басы бар, жай форымның өзі сұп – суық, бүйі секілді, түксиген, күпсиген, бұқа мойын, өгіз құрсақ, алақан көз, жайын ауыз, дорба сақал, тоқпақ мұрын, бір түрлі нысаналы жануар еді”. Үшіншіден, Феодалдық ғұрыптың барлық тізгінін қолына берік ұстанған ол – елді жеп, қан қақсатып жүрген адам. Елдің оған шығарған бір шумақ өлеңінен де байқауға болады. Халқыңды қан жылаттың, Жорға Нұрым, Болдың ғой заманында сорға Нұрым. Оспан деген жұтқышы тағы шықты, Бара – бара қайтерсің, қайран күнім [6, 253-б.].

Сұлтанмахмұт поэзиясы - ақындық шеберліктің, ұлтжандылықтың, азаматтықтың мектебі. Шынайы ақындарымыздың бәрі де мың бейнелі классиктердің ізбасарлары екені де даусыз. Қайталама басылымы қарымсыз әрі тым сирек, насихатталуы да мардымсыз, зерттелуі ауыз жарытпастай аз болса да Сұлтанмахмұт мұрасына деген халық құштарлығы қашанда биік! Жастай жабысқан дерт – сырқаттық, жоқшылық пен тапшылықтың қасіретінен діңкелеп жүрсе де, мойымай қыруар білім теріп, өнер ізденіп, өлең шыңдап, өзіне дейінгілер көтерілген өр асқарларға құлаш ұрып, қыз бұрымындай қысқа ғұмырында тыңнан сөз асылдарын жасап үлгеру - ерлік емес пе?!

Сұлтанмахмұт өз заманының рухын мейлінше кең көрсете білген классик ақын. Қазақтың классикалық поэзиясының ардақты өкілі. Біз ұлы ақынның есіміне бас иеміз. Осындай дана ақынымыз болғанына мақтанамыз.

Азамат ақын қазақ халқының бақытты, мәдениетті ел болуын өмірлік арман етіп еді. Сол үшін де, ол өзіне «қараңғылықтың көгіне күн болмағанда кім болам» деп өршіл мақсат қойған болатын. Халықтың ғазиз ұлының сол арманы қазір орындалды. Қазақ халқы мәдениетті, азат ел болды.

Сұлтанмахмұттан зор әдеби мұра қалды. Бұл халқымызға қалдырған ақынның аманаты. Сол мұраны қадірлей білуіміз, оның алтын нәрін ала білуіміз керек. Шығармалары халықтың рухани өміріне терең қабысқан ақын мұралары әрбір оқушыға қымбат, әрі сүйікті. Сұлтанмахмұтқа берілген ең үлкен баға да осы. Мұндай сүйіспеншілікке әдебиеттің асқан алыптары ғана ие бола алады. Сол алыптың бірі – қазақтың халықтық, классик ақыны – Сұлтанмахмұт. Ол қазақ әдебиетінің көгіндегі жарық жұлдыздың бірі. Қазақ халқы мәдениеттің биігіне өрлеген сайын, өткендегі мәдениет күрескерлеріне, ақындарына өшпес ескерткіш жасай береді. Ол ескерткіш ақынға деген халық махаббаты.

0 дауыс

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Қазаққа ілгерілеу керек болса, мұны аз қалыпта қалдырмай, көбірек тұрсын, бәріне таныс жетілген жұрттардың қатарына қосу керек; олармен бірге адам баласының жеңіл күн көруіне, тегіс бақытты болуына жол табу керек, іздесіп ат салысу керек... Бізге керегі қайткенде солардың білімін тез үйреніп, қайткенде сол қатарға тез қосылу қамын қылу керек. (Сұлтанмахмұт)

Өмірбаяны. Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен көрнекті ақындарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ол 1893 жылдың 28 қазанында Көкшетау облысының Қызылту ауданында туған. Оның әкесі Шоқпыт (шын аты Әбубәкір) атанған кедей, момын шаруа адамы болған.Шоқпытта екі баласы болған: Байқоңыр, Сұлтанмахмұт. Сұлтанмахмұттың екі жасында шешесі өліп, жетімдікті көріп өседі. Әкесі әйелі өлген соң балаларын алып, өзінің туған жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына көшеді. Ақынның балалық шағы Баянауылда өтеді. Алғашқыда ол Әлі, Тортай, Мұқан деген ауыл молдаларында оқиды. 1908 жылы Сұлтанмахмұт Баянауылдағы Әбдірахман деген молданың медресесіне түсіп, одан 2-3 жыл сабақ алады. Молданың ұрып – соғуына шыдай алмай, ол оқуды тастап кетеді. Молданың қаталдығын, надандығын сықақ етіп өлең шығарады.

Ол 1911 жылы бір қыс бойы Нұрғали Бекбауов деген мұғалімнен оқиды. Нұрғали жаңаша оқыған, көзі ашық, сауатты мұғалім болған. Оның көмегімен Сұлтанмахмұт қазақ, татар тілдерінде шыққан әдеби кітаптарды, газет – журналдарды оқуға дағдыланады. Өзінің білімінің саяздығын сезген Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барып, Ахун Рахманқұли деген татардың медресесінде оқуға түседі. Бірақ тұрмыс жағдайының ауырлығынан мұнда ұзақ оқи алмайды. Қаржының тапшылығынан көп қиыншылық көріп, ауруға шалдығады. Жаз шыға Троицк маңындағы бір ауылға бала оқытуға кетеді. Ондағы ойы бала оқыта жүріп, денсаулығын түзеп, қаржы жинап, қайта оқуға келу болады. Ол бала оқытудан бос уақытында, өз бетімен оқумен шұғылданады, өлеңдер жазады. Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақтың ұлы ақыны Абайға да мінездеме беріп, оны қазақ әдебиетінің өкілдерінің бәрінен ерекше, дара тұлға деп бағалайды. Ол аз өмірінің ішінде (небәрі 27 жас жасаған) әлденеше лирикалық өлең, ондаған мақала, екі роман, 5-6 поэма жаңа сатыға көтерген, Абайдан кейінгі ірі суреткер, реалист ақын болып табылады.

«Ақын есімі – ел есінде»

Кейде «Есіл- қайран ерім-ай, еліне берерін түгел бере алмай кетті-ау»,- деп өкінетініміз бар. Иә, өкінішсіз өлім жоқ. Әйтсе де! Аз жасаса да, өртеніп өтетін, асыра асыл сыйлап үлгеретін, арманына жететін алыптар болады!

«Сөндіріп ай мен күніңді,

Тек денімді сау қылшы!»- деген тірлікке құштар, өмірді шексіз сүйген ұлы жан- Сұлтанмахмұт Торайғыров аз жасап, көп арманы көкірегінде кетті. Өз дәуірін жанартаудай жарып шығып, қара түнде жарқылдаған найзағайдай жалын атқан ақын, аққан жұлдыздай небәрі 27-жасында дүниеден қыршын кетті.

Әдебиетте не бары он-ақ жыл қалам тебіренткенінің өзінде, өлең-жырлары өз алдына бір шынар болса, «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, «Кедей», «Адасқан өмір» поэмалары, «Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгімесі қазақ әдебиеті әлемінде шыншыл сырларымен, көркемдік сипаттарымен, орындылығымен, оттылығымен келешек ұрпақтан-ұрпақ қадірлеп оқитын классикалық ұлы туындыларға айналды.

«Жұрттың бақытты болуына себін тигізген адам ғана бақытты адам»,- депті Дени Дидро. Олай болса бар өмірін, күш-қайратын, ой-санасын, ақылын, бүкіл талант дүниесі жалынын ақтық демі сөнгенше ел-жұртының бақытты болу жолына себін тигізуге жұмсаған Сұлтанмахмұт тірлігінде қандай бақытты болған десек, енді бүгінгі күнде де, жарқыраған асыл поэзиясы да бүкіл табиғатымен бақытты. Ақын поэзиясы өте өміршең поэзия. Үлкен талант иелерінің өмірінде өлім жоқ деген осы болса керек. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген екен Абай атамыз. Туғанына 113 жыл толып отырған, 27 жасында қыршын кеткен Сұлтанмахмұт творчествасы сан ғасырлар жасап ұрпақтан-ұрпақ жалғаса бермек.

Он екі жасында-ақ тауды тесіп, тасты жарып шыққан қайнардай бұрқ етіп өлең-жыр шумақтаған балдырған Сұлтанмахмұт 17 жасында туған халқының өмір сырына үңіліп, келешегін ойлайды. Шындықтың аулын іздеп жолға шығады.

Сұлтанмахмұт өмір сүрген кезең ХХ-ғасырдың бас кезі- Ресей топырағындағы ең бір дүр сілкіністің, азаттық үшін арпалыстың кезеңі болды. Бірімен-бірі қабаттасқан үш бірдей төңкеріс патшашылдық биліктің тас-талқанын шығарды. Отаршылдық езгінің әлсіреуі ұлттардың оянуын тездетті. Саяси жағдай ұлттық сананың оянуына себепкер болған төменде айтып кеткен үш төңкеріс, ол Ресейдегі 1905-1907 жылдары және қазақ даласындағы патшаға қарсы 1916 жылғы қозғалыстар, 17-ші жылғы Ақпан төңкерісі. Ақынның бел шеше жазу ісімен айналысқан кездері де осы бір шытырман жылдар еді. Ол мәдениеті озық елдердің жоғары жетістіктерін уағыздап, жаңалық жаршысы бола білді. Сол себептен ақын «Бүгіндегі жастарға оқу міндет, бар қиындық тек қана ғылым жеңбек» деген үлкен ойдың қажырлы көрінісіндей жыр жолдарын өз оқырмандарына жолдады.

Аса көрнекті қайраткер С.Торайғыровтың әдеби мұрасының зерттелу тарихына тоқталайық.

Сұлтанмахмұт шығармаларын жинау, бастыру, зерттеу ісінің де ұзақ тарихы бар. Ақынның өз басы да, әдеби мұрасы да дау-дамайға көп түскені мәлім. Осындай уақытта ақынның кейбір өлеңдері жоғалды, табылғаны дау туғызды. Қолда барының кейбірі ұлтшылдық қарғыс таңбасы басылып, қайта жабылды. Сондай шығармасының бірі- «Айтыс» (қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны) аталатын дастаны. Бұл-аяулы ақынның кемел ойлап, кең пішкен шығармасы. Аяқталмауы өкініш. Мұнда Сұлтанмахмұт егеменді еліміздің тәуелсіздігі, тіл теңдігі, төл өнеркәсіп, Ұлттық қорғаныс тәрізді аса ірі және көкейкесті мәселелерді сол кезде-ақ – 1919 жылы қозғап, тамаша жырлағанын көреміз. Жиырма жеті жасында дерт меңдеп, тағдыр кермесіне ілінген ақын! «Тым болмаса екі жыл тұрмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын», - деп, «Айтысты» тәмәмдай алмағанын зор өкініш етіпті.

«Айтыс» С.Торайғыров қайтыс болғаннан кейін, советтік заманда- 1922 жылы Қазан қаласында белгілі ақын Бернияз Күлеев бастырған «Адасқан өмір» және 1933 жылы Қызылордада шыққан «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының толық шығармалар жинағы» кітаптарында жарияланды.

1933 жылы ақын жинағын Жүсіпбек Аймауытов баспаға дайындады. «Сұлтанмахмұт өлген соң (1920ж) оның шығармаларын он жыл бойы жинап – теріп, баспаға әзірлеп, өмір тарихын жазған Ж.Аймауытовтың еңбегі айрықша екенін баса айту керек. Жүсіпбек болмаса Торайғыровтың толық жинағының шығуы, оның толық өмір тарихын білуіміз неғайбыл еді.»,-дейді Қайым Мұхамедханов.

Поэманы С.Торайғыровтың 1922 және 1933 жылдары жинақтары бойынша баспаға дайындаған – филология ғылымдарының кандидаты Арап Еспенбетов.

С.Торайғыровтың кейінгі жылдары шыққан екі жинағында да (1950 және 1957) елеулі кемшіліктер кездеседі.

Біріншіден, жазушының қолжазбалары жоғалып кеткенін сылтау етіп, тиянақты ешбір текстологиялық жұмыс жүргізілмей келген. Екіншіден, Сұлтанмахмұт Торайғыров-

тың творчестволық өмірбаянын жазуда да ауыз толтырып айтарлықтай ізденулер мен жаңадан тапқан жөнді деректер болмаған.

1926 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына ат салыңыздар!» деген ашық хатында Жүсіпбек Аймауытов: «ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай. Жаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін! – деп жазды. Сұлтанмахмұт шын мағынасында осы сөзге татитын ақын. Ол көп жабының бірі емес, от болып жанып кеткен, құйрықты жұлдыздай ағып түскен, тұлпар талант еді. Сондықтан Сұлтанмахмұт есімі қазақтың жыр – дариясын құрайтын үлкен, асау, арналы өзенінің бірі болып қалмақ. Ол халық жүрегінен құрметті орын алады.

Ақын есімі – ел есінде мәңгі қалмақ. Алтын – ұя мектебім С.Торайғыров есімін 1993 жылы алды. Ол кезде ақиық ақынымызға – 100 жыл толған еді. Мектебімізде ақынға арналған мұражай бар.

Торайғыров көшесі қаланың ортасында орналасқан Қонаев көшесінен басталып, Энергетиктер көшесімен аяқталады. Торайғыров көшесінде мешіт, аурухана кешені, «Шахтер» мәдениет және демалыс бағы, «Сары – Арқа» дәмханасы, №35 лицей мектебі, Қазақстан – Ресей университеті орналасқан.

Павлодар қаласында қасиетті қара шаңырақ Павлодар мемлекеттік университеті С.Торайғыров атымен аталады. Сол қалада Торайғыров көшесінде ақынға арналған ескерткіш орнатылған.

Баянауылда С.Торайғыровтың құрметті есімімен аталған «Торайғыр көлі» бар екені барлығымызға мәлім. Сол көлдің маңында Торайғыр ауылы орналасқан.

«Шәкірт ойы»

Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда, кім болам?...

«Асыл сөз»

Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге.


Сөз мәнісін білмесең,
Өлең оқып не керек?
Не айтқанын сезбесең,
Жарапазан не беред?




«Шығамын тірі болсам адам болып»


Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл дүниеде жаман болып,
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп надан болып.

Мен балаң, жарық күннен сәуле қуған,
Алуға, күнді барып, белді буған.
Жұлдыз болып көмеймін елдің бетін.
Болмасам толған айдай балқып туған.

Бұл сөзім асып айтқан асылық емес,
Ойында оты барлар асылық демес.
Тебем деп, тірі болсам надандықты,
Серт етіп, өз-өзіме еткем егес.


"Мен қазақ"
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!

Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
Ер жеттім кеңшілікті сүтін ішіп.
... Алтай, Ертіс Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып.

Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Еуропаңды тітіреткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын!

* * *

Сүйдіріп, жүрегімді тартқан менің,
Сарыарқа, Сарыдала – туған жерім.
Көк күмбездің астында көк масаты
Сәулемен алтындаған сары белім.

Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс,
Исі аңқып, бетім сүйген самал желім.
Кіндік болып, мал менен жанды өсірген,
Жаз жайлау, күзгі күзек, қысқы тебін.

* * *

Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім
Шыр етіп жерге түскен минутімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім.

Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, «құлыным», «жаным» деген
Сол тілменен бірінші білгізілген:
«Ана» деген сүйгендік сөз әм менен

Қылжықтап, алып қашып құрбы бөркін
Сол тілменен ойнадым далада еркін
Сол тілменен бірінші сыртқа шығып
Өмірде ен далада ұққан көркім.

0 дауыс

1926 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына ат салысыңыздар!» деген ашық хатында Жүсіпбек Аймауытов: «Ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін!» - деп жазған екен.

Сұлтанмахмұт – шын мағынасында осы сөзге татитын ақын. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін жаңа биікке көтеріп, заманының қайшылықты шындығын шығармаларында жан-жақты бейнелеген, көркем сөздің халықтық мән-мағынасын көтеріп, жаңа жанрларда ізденістер жасаған ол туған халқын отаршылдық пен ұлттық егзінің екі жақты қанауынан азат етуге, ел бостандығына үн қосты.

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» ұмтылды. Қоғамдық шыңдық пен әділет жолын талмай іздеп, туындыларына арқау еткен ақын көп жабының бірі болып қалмай, от боп жанды, құйрықты жұлдыздай ағып өтті.

Сұлтанмахмұг 1893 жылдын 28 қазанында туған. Шешесі қайтыс болғаннан кейін, болашақ ақын алты жасқа дейін әжесінің тәрбиесінде болады. Содан кейін Шоқпыт екі баласын алып туған жері - Баянауылдағы ата қонысына көшеді. Торайғыр көліне таяу жерден қыстау салады. Сұлтанмахмұттың балалық шағы осы жерде өтеді. «Баян тауы Қозы Көрпештің Баян сұлуы туған тау деседі. Аспанмен тілдескен асқар шың, тік жартас, түпсіз күз, таудың ұшар басынан етегіне дейін сыңсыған сыпсың қарағай, ақ қайың, барғын, мойыл, киядан ойға, ойдан орманға сүңгіп, сыбдырлап, бұраңдаған бура бұлақ, шеккен алыптай асқар Баянның оң қолтығында айнадай жарқыраған Сабындыкөл, сол қолтығында түндей түнерген Шойындыкөл (Жасыбай көлі бұрын солай аталған деседі), жамбасында тас аралды, көк құрақты Торайғыр көлі, жаз болса көкорай шалғын, көк балауса, жасыл жапырақ жеміс, тау іші ың-шың аң, бұта толған жыршы құс. Міне, сол секілді зәулім жаратылыстың бауырында бала Махмұт балдырғандай балалық шағын өткізеді» - деп жазған Жүсіпбек Аймауытов.

Сұлтанмахмұттың аталары – Торайғыр, Шоң деген кісілер қазақ даласына аттары кеңінен таныс, атақты би, батырлар болған. Шоң би есімі Қалмұқан Исабаевтың осы аттас романынан белгілі. Ал Торайғыр – елін сыртқы, ішкі жаудан қорғаған, белгілі батыр әрі би. Баян тауының бауырында Торайғыр есімімен аталған үлкен көл бар. Ақынның өз әкесі Әбубәкір момын, кедей адам болған. Шаруасы күйсіз, үнемі малшы киімінде жүретін оны замандастары Шоқпыт атандырған. Күнкөріс қамымен Шоқпыт сол кездегі Омбы уезінің Шағрай болысына қарасты Қарауыл Шабар  ауылында  (Кейін Көкшетау облысының Қызылту ауданына қараған) бай жездесі – Шабар баласы Қанапияны паналап, соның малын баққан. Сол жақта үйленген. Жездесі сүйек жаңғыртпақ болып Шаншарұлы Жабайдың Зуфнүн деген қызын әпереді.  

Шоқпыт кедей болғанмен, жаны жомарт, кайратты, ескіше сауаты бар адам болған. Ол Сұлтанмахмұтты үйде оқытып, алғашқы сауатын ашады да, ауыл молдасына береді. Болашақ ақын Әлі, Тортай, Мұқан деген молдалардан сабақ салады.

Әкемнен  әліп, биді үйде окыдым. 
Үйреніп намаз, сабақ, жат тоқыдым. 
Әлі молда алдында дәл екі жыл, 
Әртүрлі ескі кітапты бір шоқыдым.

Тортайдан екі жылдай сабақ алдым, 
Ол байғүс аяған жоқ ойда барын. 
Ғылымның орны бас пен көкіректе, 
Бүйір шығып, қампия тоймас қарын.

Мұқаннан екінші жыл сабақ алам. 
Ұйықтасам да көңілім окуға алаң. 
Лепес қып өзі бастап ақын бол деп, 
Дұғасын ықыласпен берді маған, -

деп жазған Сұлтанмахмұт алғашкы өлендерінін бірінде.

Сұлтанмахмұт бұл молдалардың ішінен ақындық жолға батасын берген деп, Мұқан молданы ерекше атайды. Мұқан өзі де өлеңге үйір, ескі шығыс сюжеттерін өлең етіп жазатын, біреуді мақтап, біреуді мазақ етіп жанынан шығаратыны бар адам болған. Ол шәкірттерін өлеңге қызықтырып, халық ауыз әдебиетімен, араб, парсы үлгілерімен таныстырып отырған. Жоғарғы өленді де ақын 1907 жылы «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» деген атпен Мұқан ықпалымен жазғанға ұқсайды.

1908 жылы Баянауылда Әбдірахман деген молда медресе ашып, Сұлтанмахмұг соған оқуға барады. Онда екі жылдай оқыған болашақ ақын оқуын бітірмей кетіп қалуға мәжбүр болады. Өз үйінде жатып оқыған баланы молда малай орнына жұмсайды, оның үстіне қатал ұстап, әр түрлі сылтаулармен ұрып-соғатын болады. Молданың надандығын, қаталдығын айтып, Сұлтанмахмұт сықақ өлендер шығарады. Молда баланы одан әрі жазалап, өлең жазуына тыйым салады. Жасынан әр түрлі молда алдын көріп, олардан жарытымды білім ала алмаған Сұлтанмахмұттың дін мен молда жайлы көзқарасы осы кезден қалыптаса бастағанға ұқсайды. Ол молдалардың надандығын, ескі діни мектептің балаға ешнәрсе үйрете алмайтын схоластикасы мен қатал тәртібін алғашқы өлеңдерінің өзінде-ақ («Орнымыз медресе оқып жатқан», «Дін», «Соқыр сопы», т.б.) қатты сынға алады.

1911 жылы Сұлтанмахмұт бір қыс бойы Нұрғали деген мұғалімнен сабақ алады. Ол жаңаша окыған адам екен, оқушыларын пән негіздерімен таныстырып, олардың білімге деген ынтасын ұштайды. Нұрғалидың көмегімен Сұлтанмахмұт қазақ, татар тілдерінде шығатын көркем әдебиет кітаптары мен газет, журналдарды оқуға дағдыланады. Болашақ ақын одан әрі оқуды армандайды.

Осы мақсатпен Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барады. Онда Ахун Рахманқұли деген татардың медресесіне түседі. Бірақ Сұлтанмахмұт мұнда да ұзақ оқи алмайды. Тұрарға үй таппай, әрі қаражаты болмай көп қиыншылық көрген ол өкпе ауруына шалдығады. Медреседе қыс бойы ғана оқып, жазғытұрым Троицк маңындағы бір ауылға бала оқытуға кетеді. Ондағы ойы - бала оқыта жүріп, денсаулығын көтеріп, қаражат жинап алып, қайта оқу іздеу болады. Мектептен бос кезінде ол өзі ізденіп оқиды, өлеңдер жазады.

Күзге қарай Троицкіге қайта оралған Сұлтанмахмұт тағы да оқудың ретін келтіре алмай, сонда шығатын «Айқап» журналына жауапты хатшы болып қызметке кіреді. Қыс бойы журнал редакциясында белсенді жұмыс жасаған ол 1914 жылдың көктемінде жұмыстан шығады. «Айқап» хатшысы Сұлтанмахмұт Торайғыров хатшылықтан шықты. Мұнан былай оның «Айқаппен» ешбір қатынасы болмайды» - делінген хабар журналда жарияланады.

«Айқапта» жемісті қызмет істеп, бірқатар шығармаларын бастырған, ақындыққа бет бұруына жол ашылған шағында, Сұлтанмахмұттың журналдан қызметтен кетуі - оның еркінен тыс болған оқиға. Оны өзі де «Мен өз пікірімді дүниеге шығаруда кісі бетіне қарамадым. Махмұт кайбір адамның көңіліне қарайтын адам? Сондықтан келісе алмадым... «Айқапта» тұрған минуттарда бүкіл ғаламға өзім ие болғандай көтерілдім. Ойлап қарағанда, ақымақтық болмаса, көтерілетін не бар еді?» - деп мойындап жазған.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, сол кездегі «Айқап» пен «Қазақ» газетінің арасындағы пікір таластары Сұлтанмахмұттың тағдырына әсер еткен сияқты.

«Айқаптың» күзден бергі номерлерінде «Қазақтың», иә «Қазаққа» жазушылардың аты аталмаса, журнал мақсатына жете алмайтындай боп келеді. Бас қосу мәселесіңде де «Қазақ» айыпты, жер мәселесінде де «Қазақ» айыпты, партия ісіне де себепші болып тұрған «Қазақ», «Айқапта» түс көрген өлеңші де «Қазақты» жырлайды, циркке барып балуан көргендердің есінен де «Қазақ» қалмайды, басқармадан біреуге жауап жазылса да, баяғы «Қазақ», қазаққа алалық қайдан келгенін жазғанда да аяғы келіп тағы да «Қазаққа» соғады, үлкен кісілерді де тіршілігінде «Қазақтың» пікірін қуаттағаны үшін сөгеді» - деп жазыпты Міржақып Дулатов «Айқап» пен «Қазақ» арасындағы тартыс туралы. Осы сөздің ұшығы Сұлтанмахмұтқа тиіп жатқаны даусыз. Ондағы «Қазаққа» тиіп жатқан «Кешегі түнгі түс, бүгінгі іс» («Айқап», 1913, №20), «Бір балуанға қарап» (1913, №21) деген өлеңдер Сұлтанмахмұттыкі. Оның үстіне Сұлтанмахмұттың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» («Айқап», 1913, №19, 20, 22-23), «Жаңа кітап» (Сонда, 1913, №17) атты мақалаларында М.Дулатов кітаптары сыналатынын ескерсек, «Қазақ» газетінің Сұтанмахмұтты тікелей көздегені расқа шығады. Пікірін «дүниеге шығаруда кісі бетіне қарамайтын» ақын «Қазақтағы» ағаларын ренжітіп алғанға ұқсайды. Өз шығармаларына қоса «Айқап» бетінде басылған «Қазақ» газеті және ұстанымы туралы пікірлер де ұйымдастырушы есебінде Сұлтанмахмұттың «кінәсі» саналған. Сондықтан «Қазақ» газетінің басындағылар «Айқаптың» шығарушысы М.Сералинге ықпал етіп, Сұлтанмахмұтты журналдан кетіруі әбден мүмкін. Редакцияның Сұлтанмахмұттың кеткенін хабарлап, енді оның журналмен «ешбір қатынасы болмайды» деп жазуының өзі де «Қазақ» алдындағы ақталу сияқты.

«Айқаптан» кеткеннен кейін, 1914 жылдың жазында Сұлтанмахмұг өз еліне - Баянауылға барады. Аулында біраз уақыт бала оқытып, қаражат жинап алып, үлкен қалалардың біріне оқуға кетуді ойлайды. Ел жастарын оқуға, білім жолына тартатын мәдени-ағарту ұйымын құруға талап жасайды. Өзі «Шоң серіктігі» деп атаған осы ұйымның алдына тұрмысы нашар, кедей оқушыларға көмектесу, оқуына қаражат беру, ел ішіне газет-журналдар алдырып, кітапханалар ашу, оған хат білетін адамдарды тарту, ақын-жазушылардың шығармаларын бастыру міндеттерін қояды. «Серіктіктің» мақсаты ақынның «Шоң серіктігін» ашарда «Шоң серіктігі» туралы көпке істеген баяндаманың басы», «Бұл баяндаманың арты мынадай сөздермен тынады» деген өлеңдерінде де айтылған. Алайда, ақынның ойы іске аспайды. Не «Шоң серіктігіне», не өзінің оқуына қаражат жинай алмайды. Көмектесер деген үмітпен барған адамдары ықылас-пейіл танытпайды. Тағдырына наразылық білдірген біраз өлеңдерді («Күнделік дәптерінен», «Қос үй», «Бір адамға») ақын осы кездегі көңіл күйі әсерімен жазған. 1914 жылдың күзінде Сұтанмахмұт Семей қаласына келеді. Бірақ төменгі дәрежедегі оқудан жасы асып кетіп, жоғарғы Дәрежедегі оқуға білімі сәйкес келмей, орналаса алмайды. Өз бетімен кісі жалдап оқуға қаражаты болмайды.

Бұл жағдайлар тағы да Сұлтанмахмұттың көңіл күйін бұзады. Ақын ойының іске аспағанына, мақсатына жете алмағанына күйініп, жан дағдарысын бейнелейтін біраз өлендер («Ләнет бұлты шатырлап», «Алты аяқ», т.б.) жазады. Ақырында басқа амалы таусылған ол Алтай бойына (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданына) жалданып бала оқытуға кетеді. Онымен Семейде кездескен Өр Алтайдағы Қаратай елінің болысы Әбдікәрім Ережепұлы Шыңғыстай аулынан төрт кластық мектеп ашқан екен. Соған орысша, қазақша оқытатын мұғалімдер тартқан. Сұлтанмахмұг қазақша бала оқытып, орыс мұғалімінен орысша сабақ алуды да ойлайды. Сөйтіп Әбдікәрім болысқа еріп Қатонқарағайға кетеді. «Қатонқарағайға кеткенім, - деп жазды күнделігіне ақын, - ызаға шыдамай, ең шыны күн көру үшін. Қолымдағы қаражатым Семейде бір-ақ ай тұруға жарайтын болды. Семей - қанша айтқанмен қалалы, сынды жер ғой, арасында кем көрініп жүргенше, парықсыз қазақ арасына кетейін деп ойладым».

Қатонқарағайда бірер жылдай істеген Сұлтанмахмұт кейін Зайсанға ауысады. Оған Әбдікәрімнің Бағила деген қызына ғашық болуы, мұғалімнің ниетін білген болыстың қызын тездетіп, айттырған жеріне ұзатып жіберуі себеп болады. Сұлтанмахмұт осы тақырыпқа жаңа шығарма жаза бастайды да, «Әжібай болыс» («Кім жазықты?») атты өлеңмен жазылған романын Зайсанда аяқтайды. Оны «Қазақ» газеті жариялаған (Есенғұл Мамановтың қаржысы) роман бәйгесіне жібереді. Бірақ қолжазба жоғалып кетеді. Қазіргі қолда бар нұсқа - ақынның өзінде қалған, толық емес қолжазбасы.

1916 жылдың жазында патшаның қазақтардан солдат алу туралы жарлығының шығуына байланысты ел ішінде қобалжу басталады да, Алтай, Тарбағатай бойындағы ел Қытайға ауа бастайды. Сұлтанмахмұт осы кезде Семейге қайтады. Бірақ онда көп тұрақтамайды. Еліне барады. Содан күзде оқу іздеп Томск қаласына жол тартады. Онда Томск Технология институтыны студенті Әлімхан Ермековтің (кейін математика процессоры болған, репрессияға ұшыраған) көмегімен даярлық курсына түсіп орысша оқиды. Әрі емделеді. Тұрмыс қиыншылығына қарамай, орысша білім алуға жол ашылғанын ол қуаныш етеді. Сол кездегі күнделігіне: «Жұмасына екі ғана обед етем (ет татам). Құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға, вечерлерге бір мәртебе болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным - ала қағаздың беті... Халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң тұрмыс қандай жүк салса да, көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақ», - деп жазады. «Ол бір қыстың ішінде орыс тілі грамматикасын, әсіресе, синтаксисі мен этимологиясын жете меңгеріп алды. Орысша жақсы сөйлемегенімен, жазуға, ұғынуға келгенде, өте жетік болып шықты. Ол менің үйімнен Л.Толстойдың, Руссоның, т.б. саяси брошюра кітаптарын оқып жүрді және оны терең түсінетін еді» - дейді Ә.Ермеков.

1917 жылдың ақпанында Ресейде буржуазиялық-демократиялық төңкеріс жеңіп, патшаның тақтан түскені мәлім. Патша отаршылдығы мен қоғамдык әділетсіздікке қарсы күрескен Сұлтанмахмұт «Мұндай заманда қазақ оқығандарынын қазақ ішінде болмауы иттік» деп, 1917 жылдың 10 наурызында Семейге келеді. Семейде ұйымдасқан Қазақ комитетінің жұмысына қатысады. 1917 жылдың жазында Алаш партиясының құрылуын, Ұлттық автономия ұйымдастыру талабын қолдап «Алаш ұраны», «Таныстыру» сияқты шығармалар жазады. «Сарыарқа» газетінде өлеңдер мен мақалалар жариялайды. 1917 жылдың қазанында Семейге келген Әлихан Бөкейхановты қарсы алушылар ішінде болып, «Әлиханның Семейге келуі» («Сарыарқа», 1917, 30 қазан, 13 қараша) атты мақаласын бастырады. Онда ұлт көсемінің халықтық еңбегі мен оны қарсы алушылардың сезімі көтеріңкі күйде суреттеледі. Осындай қарбаласта жүріп Сұлтанмахмұг денсаулығын нашарлатып алады. Қыс бойы Тобықты ішіне барып, қысыр сауғызып қымыз ішіп емделеді. Бірақ мендеген ауру бой бермейді. Қайтып келіп көрінген Семей дәрігерлері де жарытымды кеңес бере алмайды. Содан ол туған еліне - Баянауылға кетуге мәжбүр болады. Бұл кезде жаңа құрылған кеңес өкіметінін ықпалы ел ішінде тарай бастаған еді. Ол Керекудегі революциялық комитет жұмысына қатысып, елдің кедей шаруаларына ара түседі, дау-жанжалдарды әділ шешуге араласады. Елде ол қоғам дамуының жолы, таптар тартысы мен күресі жайында көп ойланады. Саяси-философиялық әдебиетке көбірек көңіл бөліп, К.Маркстің, Г.В.Плехановтың, Н.Г.Чернышевскийдің, В.И.Лениннің шығармаларын оқиды. «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» сияқты поэмалар мен «Осы да әділдік пе?», «Өң бе, түс пе?», «Дауылдағы әбігер», «Ғайса кім?» деген өлеңдер жазады. 1920 жылы 21 мамыр күні ұзаққа созылған аурудан Сұлтанмахмұт қайтыс болады.

0 дауыс
Сұлтанмахмұт Торайғыровқа мінездеме керек
...