0 дауыс
21.5k көрілді
Мұстафа Кемал Ататүрік - мемлекеттік ұлы қайраткер. Мұстафа Кемал Ататүрік өмірбаяны

1 жауап

0 дауыс

Түркиядағы ұлы Кемал Ататүрік есімімен байланысты реформалар неден басталды? Түркия Бірінші дүниежүзілік соғысты, басқыншылықты, басқыншыларға қарсы азаттық үшін күресті, жас түріктердің таратылуын және сұлтан тәртіптемесінен біржола азаттық алуды, империяның құлауын бастан кешірді. Осман империясы соғыстан және ішкі қайшылықтардан әбден тұралаған мемлекет еді. Соғыс нәтижесінде Түркия Шығыс Анатолияның, Месопотамияның, Сирияның, Палестинаның түгелге жуығынан айырылды. Әскерге үш миллионға жуық ер адамның әкетілуі себепті, ауылшаруашылық өндірісі күрт төмендеді. Ел күйреудің сәл-ақ алдында тұрды. Дәл осындай жағдайларда Мұстафа Кемал Ататүрік елін қабылдап, жаһандық түрлендірулер жүргізіп, мемлекетті жаңа даму кезеңіне шығарды.
Оны сыйлайды, өз еліне бейбітшілік әкелген және дүниежүзіне танытқан әскери көшбасшы, орасан зор күш-жігерімен Түркияда әділдік пен тәртіп орнатқан мемлекеттік қайраткер ретінде құрметтейді.  Мұстафа Кемал реформаларын жүргізуде күш немесе жазалау шараларын қолданудың қажеті болмады; себебі, оның халық алдында беделі мен құрметі жоғары болғандықтан, ол бір-екі ауыз сөз көмегімен бұрынғы басқарушылар 100 жылда жүзеге асыра алмаған реформаларды ел ішінде жүргізе алды. Мұстафа Кемал әрқашан барлық нәрсеге үлгеріп жүретін, себебі, ол әрдайым халықпен санасатын және халық қолдауын іздейтін. Халық қолдауы арқасында ол демократиялық негізде даму жолын жалғастыра берді. 
Ататүрік – Түрік Республикасының негізін салушы. Оны АҚШ-тың Джордж Вашингтонымен, Германияның ұлы Фредеригімен салыстыруға болады. Олар – мемлекет негізін салушылар. Ататүрік те солардың қатарына кіреді.

«Елдегі бейбітшілік – әлемдегі бейбітшілік» Мұстафа Кемал

Мұстафа Кемал – оттомандық және түрік реформаторы, саясаткер, мемлекет қайраткері және әскербасы, Түркияның Республикалық ұлттық партиясының негізін салушы және бірінші жетекшісі; Түрік Республикасының бірінші президенті. Тарихтағы зерттелген 100 тұлғаның қатарына кіреді. 
Мұстафа Кемал 1880 немесе 1881 жылы (туған күні туралы анық ақпарат жоқ; Кемал өзінің туылған күнін 19 мамыр – Түркияның тәуелсіздігі үшін күрестің басталу күніне бекітті) оттомандық Салоники (қазіргі Грекия) қаласында Ходжакасым орамында бұрынғы кеден қызметкері, ұсақ орман саудагері Али Рыза-эфенди мен оның әйелі Зюбейде-ханымның отбасында дүниеге келген. Оған сол уақыттағы оттоман мұсылмандары арасында кең тараған Мұстафа («таңдаулы») есімін береді. Оның әкесі албан, шешесі македон ұлтынан болған Отбасында түрік тілінде сөйлеп, ислам жолын ұстанса да, Осман империясындағы Кемалдың қарсыластары арасында оның әкесі Салоники қаласында орталықтарының бірі болған дёнме иуда сектасының құрамында деген пікір қалыптасқан. Отбасында ол және оның қарындасы Макбуле Атаданнан басқа үлкен жасқа келген бала болмады, барлығы ерте жастарында шетінеп отырған. 
Мұстафа тынымсыз, қызу және тәуелсіз мінезді бала болған. Ол құрдастарымен немесе қарындасымен араласқанның орнына, жалғыздық пен тәуелсіздікті құп көрді. Ол айналадағы адамдардың көзқарасына бей-жай қарамайтын, ымыраласуға көнбейтін және әрқашан өз таңдаған жолынан таймауға тырысты. Тік мінезі Мұстафаны кейінде аз әбігерге салған және ол көп дұшпандар тапты. Мұстафаның мұсылмандыққа берілген анасы ұлының Құранды оқығанын қалады, бірақ оның ері Али Риза Мұстафаға өз дәуіріне сай білім бергісі келді. Ерлі-зайыптылар еш мәмілеге келе алмағандықтан, Мұстафа мектеп жасына жеткен уақытта, оны өздері тұрып жатқан орамдағы Хафиза Мехмет-эфенди мектебіне береді. 
Ататүріктің балалық шағы әкесінің ерте дүниеден өтуі себепті қиын болды. Оның әкесі Мұстафа 8 жаста болған кезде, 1888 жылы қайтыс болды. 1893 жылы 13 наурызда 12 жасында өз күшімен Салоникидағы әскери даярлық мектебіне түседі, сол жердегі математика ұстазы оған екінші Кемал («кемел») есімін береді [1].
1896 жылы әскери мектепке оқуға қабылданады (Македониядағы Битола қаласы). 1899 жылы 13 наурызда Осман империясының астанасы Стамбулдағы Оттоман әскери колледжіне түседі. Бұрынғы революциялық және реформаторлық ахуал үстемдік еткен оқу орындарына қарағанда, Константинополдағы колледж Абдул-Хамида II сұлтанның қатаң бақылауында болды. Ататүрік әскери пәндермен қоса, өз бетінше Руссо, Вольтер, Гоббс және басқа да философтар мен ойшылдардың туындыларын оқып жүрген. 
1902 жылдың 10 ақпанында Стамбулдағы Оттоман академиясына түсіп, 1905 жылы 11 қаңтарда аяқтайды. Академияны бітірген соң, Абдулхамидов тәртіптемесін заңсыз сынады деген айыппен сотталып, бірнеше ай тұтқында болғаннан кейін Дамаскке жіберіледі. Сонда жүріп 1905 жылы Ватан («Отан») революциялық ұйымын құрады.  
1905-1907 жылдары Лютфи Мюфит-бееммен бірге (Оздешем) Дамаскте орналасқан 5-әскерде борышын өтейді. 1907 жылы Мұстафа Кемал шені жоғарылап, Монастири қаласындағы 3-әскерге жолдама алады. 
Салоникиде оқып жүрген кезінде Кемал революциялық ұйымдарға қатысып жүрді. Академияны аяқтаған соң, жас түріктерге қосылды. Жас түріктер (түрікше – Jöntürkler) – 1876 жылдан бастап либералдық реформа жүргізуге және конституциялық мемлекеттік құрылыс құруға тырысқан Осман империясындағы саяси қозғалыс. Жас түріктер Абдул-Хамида II сұлтанды тақтан түсіреді (1908) және екіұшты батысшыл реформа жүргізеді. 
1910 жылы Мұстафа Кемал Францияға жіберіліп, пикардиялық әскери манёврге қатысады. 1911 жылдан бастап Стамбулда Қарулы күштердің бас штабында қызмет ете бастады. 1911 жылы италиялықтардың Триполиге шабуыл жасауымен басталған соғыста Мұстафа Кемал өз жолдастарымен Тобрук және Дерне аймағында соғысты. 1911 жылы 22 желтоқсанда Мұстафа Кемал Тобрук түбінде өткен шайқаста италиялықтарды жеңіп, 1912 жылдың 6 наурызында ол Дернедегі Осман әскерінің қолбасшысы болып тағайындалды. 1912 жылдың қазанында Мұстафа Кемал Галлиполи мен Болайыр әскери бөлімшелерімен қатысқан Балқан соғысы басталды. Ол Дидимотихо (Диметоки) мен Эдирнені болгарлардан қайтып алуда үлкен рөл атқарды [2].
1913 жылы Мұстафа Кемал Софияда әскери атташе лауазымына бекітілді, 1914 жылы подполковник атағын алды. Онда Мұстафа Кемал 1915 жылға дейін қызмет етіп, Текирдагқа 19-шы дивизияны құруға жіберіледі. Ол британ күштерін жарты ай ұстап тұрғаны үшін "Стамбул құтқарушысы" деген атаққа ие болды [1]. Бұл оның бірінші дүниежүзілік соғыстағы түріктердің сирек жеңістерінің бірі болды. Сол кезде ол жауынгерлеріне: "Мен сендерге шабуылдауға бұйрық бермеймін, мен өлуге бұйрық беремін!" деп бұйырды. Бұл бұйрық тек беріліп қана қойған жоқ, орындалды да [1].
1916 жылы Кемал 2 және 3-армияны басқарды, Кавказдың оңтүстігінде орыс әскерлерінің шабуылына тойтарыс берді. 1918 жылы соғыстың соңында Алеппо маңындағы 7-армияны басқарды, ағылшындармен соңғы ұрысты жүргізді. Жеңіске жеткен одақтастар Осман империясын аш қасқырдай бас салды. "Еуропаның ең үлкен державасы" деген атпен таныла бастаған Осман империясының ішінде лаң басталды - соғыс өлім қатерін алып келді. Еуропа елдерінің әрқайсысы оны бөлшектеп алуға тырысты. Уақытша бітім шарты өте қатал еді, ал одақтастар Осман империясының аумағын бөліп алу туралы жасырын келісім жасасқан. 
Ел күйреудің сәл-ақ алдында тұрды.  Ұлыбритания уақытын бос жоғалтпай Стамбулдағы кемежайға әскери туын ілді. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Уинстон Черчилль: "Қалтасында бір тиыны жоқ қираған, қаусаған Түркиядан осы сілкіністен кейін не қалады?" деп сұрады [2]. Алайда түрік халқы өз елін үшін тізе қосты, өйткені ұлттық-азат ету қозғалысының басында Мұстафа Кемал тұр еді. Кемалдың жақтастары әскери жеңілісті жеңіске ұластырды, рухы түскен, ыдыраған елдің тәуелсіздігін қалпына келтірді.
Одақтастар салтанатты сақтап қалуға тырысты, олардың көбісі  Түркия шетелдік регенттілік жағдайында өмір сүреді деп ойлады. Кемал  тәуелсіз мемлекет құрып, империялық ескіліктердің көзін жоюға тырысты. 1919 жылы Анатолияға сол жерде орын алған тәртіпсіздіктерді басу үшін жіберілді, ол сонымен қатар, көптеген «шетелдік мүдделерге» қарсы бағытталған қозғалысты бастады және оппозицияны ұйымдастырды. Ол  Анатолияда Уақытша үкімет ұйымдастырды, оның президенті болып сайланды және шетелдіктерге біртұтас қарсылықтар ұйымдастырды. 
Сұлтан ұлтшылдарға қарсы «әділ соғыс» жариялады, әсіресе, Кемалды жазалауға бұйырды. Сұлтан 1920 жылы Севр шартына қол қойды. Осман империясын одақтастардың бөліп алуына жол ашып, ал қалған бөлігіне өз билігін жүргізуді қалағанда бүкіл түрік халқы Кемалды жақтады. Мұстафа Кемалдың сөздерін саяси қайраткерлер, әскерилер, профессорлар, кәсіподақтар және студент көшбасшылары қайталап жүрді. 
1922 жылдың 1 қарашасында Ұлы ұлттық жиналыс VI Мехмед сұлтанатын таратты, ал 1923 жылы 29 қазанда Мұстафа Кемал жаңа Түркия Республикасының президенті болып сайланды. 1923 жылы жаңа түрік мемлекеті президентті, парламентті болды, конституцияны басқарудың жаңа түрін қабылдады [1].
Кемал Ататүріктің жеңісінен соң, жас түріктердің басым көпшілігі кемалистік Ұлттық-республикалық партиясында белсенді түрде қызмет ете бастайды. Кемал ұсынған және кемализм деп аталып кеткен идеология қазіргі кезге дейін Түрік Республикасының ресми идеологиясы болып табылады. Мұстафа Кемал түрік социологы, өз заманында жас түріктер қозғалысының идеологы болған, ал Ататүрік кезінде кемализм принциптерін жасаушы болған Зия Гек Алп [3] ойлары мен идеяларына сүйенгенін айта кету керек. 
«Кемализм» терминінің анықтамасы әртүрлі ғылыми зерттеулерде әртүрлі беріледі, бірақ жұмыстардың басым бөлігінде кемализм принциптер жүйесі ретінде қарастырылады. Кемализмнің негізгі принциптері Түрік Республикасы Конституциясының 2 бабында жазылған. Кемализм идеологиясының негізі елді жаңғырту мен жаңарту идеялары десе де болады. 
Кемализм идеологиясы 6 пунктіден тұрады: 1) халықтық; 2) республикашылдық; 3) ұлтшылдық; 4) зайырлылық; 5) этатизм (экономикадағы мемлекеттік бақылау); 6) реформизм. 
Ұлтшылдық құрметті орынға қойылды, ол тәртіптеме негізі ретінде қарастырылды. Ұлтшылдық түрік қоғамының бірлігі мен тапаралық ынтымақтастық, сонымен қатар, ел егемендігі (жоғарғы билік) және ТҰҰЖ-ны оның өкілі ретінде жария еткен «халықтық» қағидасымен байланысты болды. 
1920 жылдың 23 сәуірінде заң шығарушы, орындаушы және сот билігін біріктірген сол уақыттардағы  биліктің төтенше органы болған Түркияның Ұлы ұлттық жиналысының (ТҰҰЖ) ашылуы Түрік Республикасының құрылуының жаршысы болды. ТҰҰЖ-ның бірінші парламент төрағасы Кемал болды. Ататүріктің идеологиясына сәйкес түрік халықтығы мен ел бірлігін нығайтатын элементтер келесілер болып саналды:
- ұлттық келісім туралы факт;
- ұлттық тәрбие;
- ұлттық мәдениет;
- тіл, тарих және мәдениеттің бірлігі;
- түріктік сана-сезім;
- рухани игілік.
Мұстафа Кемал мемлекеттің астанасын ауыстырды. Оның астанасы  Анкара болды. Кемал тәуелсіздік үшін күрес кезінде осы қаланы өзінің штаб-пәтері ретінде таңдаған, өйткені бұл қала дұшпандардың қолы жететін жерден тыс. Анкарада ұлттық жиналыстың бірінші сессиясы болып өтті және Кемал оны астана деп жариялады. Ол Стамбулға сенбеді, онда өткен кезеңнің кемсіту мен қорлығын еске түсіретін кездер, ескі режимді аңсайтын адамдар да көп болды. 1923 жылы Анкара 30 мың адамы бар шағын сауда орталығына айналды. Анкарада дипломатиялық өкілдер үшін қолайлы тұрғын үйлері де болған жоқ, олардың көбісі станциядағы вагондарды жалға алды, себебі Стамбулдан тез кету үшін, астанаға жылдам сіңісу үшін осындай жағдайларға төзуге тура келді [1]. 
20-шы жылдары Кемал үкіметі жеке бастамаларды қолдау бағытында көптеген істер атқарды. Бірақ әлеуметтік-экономикалық ақиқат Түркияда бұл әдістің таза түрде жұмыс істей алмайтындығын көрсетті. Буржуазия саудаға, үйлерді салуға, алыпсатарлыққа ұмтылды, ауырдың астымен жеңілдің үстімен жүргісі келді, ұлттық мүдделер және өнеркәсіпті дамыту соңғы орында болды. 
Әлемде экономикалық дағдарыс басталды, бұл Түркияға қатты әсер етті. Мұстафа Кемал экономиканы мемлекеттік реттеу саясатына көп көңіл бөлді. Бұл практика этатизм деген атауға ие болды. Үкімет өнеркәсіптің және көліктің маңызды секторларындағы мемлекеттік меншікті таратты, ал екінші жағынан шетелдік инвесторлар үшін еңбек нарығын ашты. Бұл саясаттың оншақты нұсқасын кейін Азия, Африка, Латин Американың көптеген елдері қайталайды. 30-шы жылдары Түркия әлемде өнеркәсіптік даму қарқыны жағынан үшінші орында болды. 
Зия Гек Алп дінді «ұлттандыруды» қоғамды реформалаудың маңызды кезеңі деп санады. Оның «Основы тюркизма» кітабында «Религиозный тюркизм» бөлімі бар. Зияның пікірі бойынша барлық діни кітаптарды, оқылатын уағыздарды (жұма намазы, құрбан шалу мерекелерінде және өзге де ерекше жағдайларда оқылатын діни өсиет) түрік тіліне аударған жөн, себебі кезкелген ұлт егер діни мәтінді оқып түсіне алмайтын болса, өз дінінің түбіне терең бойлай алмайды деп есептеді. 
Сонымен қатар, Мұстафа Кемал да Құранды түрік тіліне аудару қажет деп есептеді. «Түрік Кітапқат сенеді, бірақ ол онда не жайлы айтылғандығын түсінбейді. Ол Кітаптан не ізтейтіндігін түсінуі керек» деді. Сондықтан Құран мен әл-Бұхари хадистерінің жинағын өз есебінен аудартып, 10 000 данамен басып шығарып, халыққа таратты [1]. 
Ұлттық мемлекеттің өмір сүруінің жаңа жағдайларында ұлтшылдықты жаңғыртуды жүзеге асыру үшін барлық әлеуметтік топтарды саяси жұмылдырудың негізгі құралы ретінде пайдалана отырып, кемалистер Батыстың бар желісімен бірігу жолында кедергіге тап болатын діннің, исламның ықпалынан ұлтшылдықты босату керек еді. Бұл ретте басталған жаңғыртудың теориялық негізі етіп Гек Алптің жұмысын алды.
М. Кемал 1942 жылдан бастап лаицизмнің батыл саясатын жүргізді. Бұл саясат діннің мемлекетке деген әсерін нольге теңестіріп, айтарлықтай дәрежеде оның қоғамдық ролін қысқартты. 
1925 жылы Министрлер кеңесі теккені (дервиш шіркеулерін) және тюрбені (сағаналарды) жабуға, сонымен қатар, фескені және өзге де орта ғасырлық бас киімдер мен киімдерді киюге тыйым салатын және еуропалық үлгідегі бас киімдер мен киімдерді енгізу туралы қаулы қабылдады. 1926 жылы Түркияның Ұлы ұлттық жиналысы азаматтық кодекс (№ 743) қабылдады. Осы жылдың наурыз айында шариғат (діни) соттарын жабу туралы заң қабылдап, зайырлы сот жұмысын енгізді, сонымен қатар, қылмыстық кодексті (италиялық кодекс негізінде жасалған) бекітті.   
1928 жылы ТҰҰЖ конституциядан лаицизм талаптарына қайшы келетін бірнеше баптарды, сондай-ақ, Түркияның мемлекеттік діні ислам деген сөзді алып тастады.  
1943 жылы ТҰҰЖ текті енгізу туралы заң қабылдады. Бұдан бұрын түріктердің тек қана есімдері болды. Бұл заң лауазымдарды және паша, бей, эфенди деген сияқты атақтарды жойды. 1934 жылы 24 қарашада Мұстафа Кемал-пашаға ТҰҰЖ Ататүрік («Түріктердің әкесі») тегін берді. 1934 жылы 17 желтоқсанда мәжіліс қабылдаған заңға сәйкес Ататүрік тегін Мұстафа Кемал-пашадан өзге ешкімнің иелену құқығы болмады. Тек енгізу азаматтық іс жүргізуді жеңілдетті, бірдей аттардың шатасуын шектеді. 
1934 жылы желтоқсанда мәжіліс әйелдерге дауыс беру және мәжіліске сайлану құқығын беру туралы заң қабылдады. Осылайша түрік әйелдерінің құқығы еркектермен тең болды. Осы өзгерістер нәтижесінде 1935 жылы ақпанда өткен ТҰҰЖ сайлауында 17 әйел (399 депутаттан) депутат болып сайланды.  
Мұстафа Кемал Ататүрік Түркияның саяси бағытын жасау проблемаларымен айналысса да, жалпы түрік мәдениетін дамытудың жаңа материалдарымен танысу үшін де уақыт тапты. Осылайша, Алашорданың көрнекті қайраткері Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» музыкалық шығармасы оның назарын аудартады. Бұл өлеңді алғаш оқығанда-ақ, Ататүрік өлең жолдарында жатқан патриоттық тебіреністерден терең әсерде қалады. Ол тез арада танымал филолог, профессор Тайыр Шағатайға сол өлеңді түрік тіліне аударуды тапсырады. 
Ататүрік оқығанды, әнді, биді, атқа мінуді және жүзуді жақсы көрген, әсіресе зейбей биіне күреске және Румелияның халық әндеріне қызығатын, нарды және бильярд ойындарынан үлкен рақат алатын. Ол өзінің асыранды жануарларына – аты Сакарьяға, иті Фокске қатты бауыр басып кеткен еді. Оқымысты және білімді адам (ол француз және неміс тілдерін меңгерген) болған соң, Ататүрік үлкен кітапханасы болған. Туған елінің мәселелерін ол, көбінесе, ғалым, өнер адамдарын, мемлекет қайраткерлерін кешкі асқа шақырып, қарапайым достық жағдайда талқылайтын. Ол табиғатты өте жақсы көрді, өзінің аты берілген орман шаруашылығына жиі барып тұрды және онда жүргізілетін жұмыстарға тікелей өзі қатысатын болған. 
Мұстафа Кемал 1937 жылы 10 қарашада 57 жасқа қараған шағында бауыр циррозынан қайтыс болды [3]. Оның өмірден ерте кетуі Түркия халқына ауыр қайғы әкелді.
Ататүріктің өмірі мен қызметінің тарихы көптеген авторлардың зерттеу тақырыбы болған. «Ататүрік, Ұлттың қайта өркендеуі» екі томдығын жазу үшін Лорд Кинросс бес жыл бойы Түркияда өмір сүріп, репортаж жасап, көптеген құжаттарды зерттеп, әсерлерін жазып отырған. Жазылымға жіберген 600 беттік монографияны орындаған соң, Кинросс мынадай тұжырымға келді: «Ататүрік ешқашан қара басының қамын ойлаған емес. Ол бар өмірін өз еліне, өз халқына және адамзатқа арнаған». 
Ал, тарихшы Джастин Маккарти табысына былай деп баға береді: «Аяққа қайта тік тұру үшін ұлы қолбасшы және ұлы саяси қайраткер болу керек. Өз халқына деген үлкен махаббат, оны шексіз сүю, сонымен қатар, көсем күшті, әрі еріктік сапаларға ие болуы қажет. Қанша адам осы қасиеттерге ие? Адамзат тарихында осы сынды қанша адам болды? Ататүрік ұлы адам болған. Егер Ататүрік болмағанда, түрік халқы бүгінде болмас еді». 
Түркияның белгілі мемлекеттік қайраткері Мұстафа Кемал соғыстан және сұлтан ауыртпалығының салдарынан қираған, діни ислам қызметкерлеріне толықтай тәуелді елді еуропалық нормалар мен  стандарттарға бейімделген, өндірісі мен ауылшаруашылығы біршама дамыған, ислам әлемінің елдері арасында сөзсіз көз бастап келе жатқан, гүлденген буржуазиялық мемлекетке айналдырды.
Түркияның танымал қайраткері Мұстафа Кемал Ататүріктің реформалары соғыстан шаршаған, сұлтан ауыртпалығында болған және діни ислам қайраткерлеріне тәуелді болған елге еуропалық стандарттар  мен нормаларға бағдарланған, өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы айтарлықтай дамыған және ислам әлеміндегі елдер арасында сөзсіз көшбасшы болып табылатын гүлденуші буржуазиялық мемлекетке айналуға мүмкіндік берді.

...