0 дауыс
30.0k көрілді

Баяндама: «Ұрпақ тәрбиесі-ұлт болашағы»

Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Ал жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт дәстүрлердің тәлім -тәрбиелік білім танымдық ролі зор. Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері.Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерінің сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.

Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қан мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүр негізін ұстансақ өте ұтымды болар еді.

Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені,озық өнегелі дәстүрді,адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда,оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз Сондықтан ұлттық мәдениеттің,әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тарихы мен болашағы да мектептегі жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты.

Бала тәрбиесінің алтын бесігі –отбасы.Бұл шағын әлеуметтік топ-бала үшін өмір мектебі.

Қазақстан Республикасы Ата заңының 9 тарауы «Отбасы» деп аталып, оның 51 бабында «Ата-аналардың және олардың орындарындағы адамдардың міндеті-балаларды асырау, тәрбиелеу және оқыту»-деп нақты көрсетілген. Ата-ана баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Балалардың болашағы олардың өмірден татар несібесі мен еншісінің үлес салмағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты болады.

Сондықтан ата -ана өзінің баласын еңбекқор, елінің қамқоршысы азаматы етіп тәрбиелеуге міндетті . Үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы балабақшадан басталып, белгілі бір бағдарлама негізіне сүйене отырып, мектеп жасына дейінгі балаларға оқыту мен тәрбиелеу мәселесін жоспарлап, отбасына педагогикалық көмек беруді мақсат етті. Ата-ананың педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары болуын олардың қоғам алдындағы өз балаларының тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттырады.

Тәрбиедегі басты бағыт делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында:«Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттық болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көмектеседі, солар арқылы ол жалпы азаматтық мәдениетке аяқ басып, өз халқының мәдени игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады. Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезі мен өткеннің тағдыры мен талаптарын обьективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге даярлап, оларды жинақталған тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек» деп айтылған.

Қазіргі кезеңдегі саяси, экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы, тұрмыстағы күйзеліс, ұлтаралық қатынастардың шиеленісе түсуі, адамгершілік құндылықтардың құлдырауы, білімге, адал еңбекке деген ынтасының азаюы, отбасын құруға жауапкершілікпен белсенді қарамауы, зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің бел алуы т.б мәселелері жастар тәрбиесіне жаңаша қарауды талап етіп отыр. Сонымен қатар қазақ халқының әріден келе жатқан мәдениетін және білім, тәлім-тәрбие беру жүйесінің негіздерімен жан-жақты танысу бүгінгі күннің басты бағдары, талабы десекте болады.

Қазақ халқының тарихы дәстүрге өтебай. Отбасы үшін ежелден тән қасиеті балажандылық, балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, үлкенді құрметтеу, туысқандық кең байланыс, көршілермен және ұлты басқа халықтармен достық, ізгілік қатынастар-осының бәрі қазақ халқының тұрмыс қалпына байланысты болған. Қазақ қыз-келіншектері мен ер-азаматтарының бойында өзге халық өкілдерінің бойынан көрінетін даралық қазақы болмысының жарқырай көрініп, жүрекке жылы әсер еткен. Әсемдік пен әдептілік үйлесімділік тапқан. Мәселен,ата-ана құқықтары қыз беріп, қыз алу, құда түсіп құдалы болу қазақ некелерінің ерекшеліктері қалың мал мәселесі бата бұзу, ажырасу, бала асырау, әмеңгерлік мирас пен мұра ежелгі отбасы дәстүрлерімен соған қатысты қағида ерекшеліктері жайында мағлұматтардан қазақ халқының отбасына ерекше мән бергенін шаңырақ шайқалып босаға босамауына назар салғанын көреміз.

Соңғы кезде қазақ халқының табиғатына тән ана сүтімен сүйекке сіңген ізгіәдет ғұрыптардан тыс қалып бара жатқандаймыз. Өз ұлтының өткені мен болашағына бей-жай қарайтын тәрбиеден тысқары қалған жастар аз емес. Ата-ананы сыйлау үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру әдеп сақтаудан хабарсыз кей жастардың қылығы әркімнің-ақ намысына тиері сөзсіз. Халық өнерін игеру жастарды еңбексүйгіштікке, әсемдікке бағыттап халқының тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеп, жақсы әдет ғұрыптарын жалғастыруға баулиды. Ұлттық тәжірибеміз отбасынан басталып кейінде жалғасын тауып жатса, қазіргідей қазақ халқының қанында жоқ ата-баба тәрбиесіне жат өзін жарық дүниеге әкелген анасын, әлпештеп өсірген асқар тауы әкесін қарттар үйіне өткізген, нашақорлықпен маскүнемдікке салынғандардың шаңырағы ортаға түспес еді.

« Алтын кездік қап түбінде жатпайды»-дейді халық даналығы Бұл ой мен сөздің түпкі сырына ден қойсақ, шын асыл қымбат қазына қилы кезең, шытырман уақытта да сыны мен сипатын өзгертпейді. Бала жүрегін жолды сөзбенде, айла тәсілмен де балаға деген жүрек сезімін махабатпен де табуға болады. Жылы-жылы сөйлесең жібімейтін жүрек жоқ тек соған апаратын жолды таба білуіміз керек. Сондықтан мен оның мынадай жолдарын ұсынғым келеді:


1.Мектеп пен отбасының бірлескен жұмыстары, сайыстар, кештер, апталықтар өткізілсе;


2.Имандылық сабақтарын өткзіп отыру;


3.Ұстаз, ата-ана,отбасының әдістемелік жұмыстары жайлы басқа мектеп, аудандармен пікір алмастырып отырса;

Еңбек пен оқуды ұштастыра отырып, оларды тәрбиелеу жолдары кеңейтілсе дер едім;

Дәстүрге арқа сүйемегеннің көсегесі көгермейді деген атамыз. Яғни отбасы ауыл-аймақ, көпшілік, қоғам болып тәрбиелеу қазақ халқының өмірінен өзекті орын алған. Салт-санасы , әдет-ғұрпы, ойын-тойы осы мақсатты іске асыруға бейімделе жүргізілген.

Қазақ табиғатында отбасы иелері балаларының алдында өздерінің тіршілік әрекетінде барлық адамгершілік қасиеттерін үлгісін көрсете білген. Оның басты себебі «ұлдың ұяты әкеде,қыздың ұяты шешеде» деп бағалағандықтан. Сондықтан ата-ана балаларын тұрмыс пен салтқа бейімдеп, шешеден көріп тон пішуге, әкеден көріп оқ жонуға баулитын болған. Осылайша ұрпақтың отбасы тәрбиесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Бұрынғы қазақ жастары тәрбиені мектеп пен медреседе оқып білмесе де қызы анадан, ұлы әкеден үлгі -өнеге алған.

Болашақ жастарға тәлім тәрбие беруде Отанымыз отбасы мен мектепке үлкен борыш артады. Отбасы болашақ азаматтың жеке басын аяғынан тұрғызып, егеменді еліміздің болашағын, негізін жасайтын іргетас.Болашақ азаматтың отбасында алған тәрбиесі, мінезі, жақсы мен жаманды ажырата білуі, үлкендерден алған өнегесі уақыт өткен сайын берік қалыпқа түсіп, оның өмірінен үлкен орын алады. Жас ұрпақтың өнегелі тәрбие, білім алуына оны жалғастырушы-мектеп. Мектеп-қоғамдық ұйымдар мен отбасы тәрбиесін ұштастыратын негізгі ұйытқы, орталық.

Әр отбасында түрлі қарым –қатынастың орнығуынан баланың жеке тұлғалық қасиеті қалыптасады. Отбасында түрлі қарым-қатынас қалыптары көрініс береді Кейбір отбасында бедел орын алуынан, мынадай ерекшелік қалыптасады , ол біреудің басқаларға басымдылық танытуы, бұйыруы баланың тұлғалық қасиеттерінің дамуына жағымсыз ықпал етеді.Қазіргі кезде заман ағымына қарай отбасында еркіндік қарым-қатынасқа ұмтылушылық бар,яғни әр отбасы мүшесі тең құқықты қарым-қатынасты орнатуды көздейді. Отбасында орныққан қарым -қатынас арқылы баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала әрқашан да ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді.ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды Бала үшін ата-ана игілік жасаушы, айтушы болып табылады.Қазақ халқы баланы дүниедегі барлық асылдан жоғары бағалаған, болашағына арманына балаған. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар», «Босағасын алтыннан соқсаң да перзент сүймей, адамның мейірі қанбас»-деп барлы асыл сөздерін арнаған. Қазақ отбасы ата-ана, әке-шеше, балалар атты үш құрамнан тұрған. Ата-ана мен әке-шешенің қарым-қатынасы жас баланың адамгершілік жағынан толысып жетілуіне үлкен үлес қосады және ізгілікті іске баулиды.

Мектеп-ата-аналарының тәрбие істеріне бағдар-бағыт беріп, оларды жан-жақты тәрбиелеуге жұмылдырады. Балаға негізінен үш ортадан тәрбие жұғады, үш орта бала тәрбиесіне әсер ететін негізгі фактор. Біріншісі-ата-ана, екіншісі-ұстаз, мектеп, үшіншісі-дос құрбысы. Балаға тәрбие беру кілті ата-ананың қолында. Ұлы педагог А С Макаренко:»Баланы жас кезінде, әсіресебес жасқа дейін тәрбиелей білу керек». Оның келешекте қандай адам болуы, ең алдымен бес жасқа дейін дұрыс тәрбие бере алмасаңыз, кейін оны қайта тәрбиелеуге тура келеді. Ал қайта тәрбиелеу-өте қиын іс,-дейді де қайта:

«Баланы дұрыс тәрбиелесек, қартайғанда өміріміз бақытты болмақ, жаман тәрбиелесек зор қайғыға ұшырап, үлкен бақытсыздыққа тап болғанымыз. Жаман тәрбиеленген бала-басқа адамдар алдында, бүкіл еліміз алдында жасаған үлкен кінәміз» деп атап көрсеткен. Ата-ана баланы қалай тәрбиелесе бала соған қарай бейімделеді.рбір ата-ана мұғаліммен тығыз байланыста болғаны жөн, онсыз бала тәрбиесінде жақсы нәтижеге жету мүмкін емес. Ата-ана мен мұғалім бірлесіп жұмыс жасағанда ғана бала бойына ізгі қасиеттерді толығынан сіңіруге болады. Жасыратыны жоқ кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне салғырт қарап, өз баласының мінезін, баланың ішкі дүниесіне, дүниетанымымен бірге баланы не қызықтыратыны немен шұғылданғысы келетіні туралы біле бермейді, сондықтанда кейбір ата-аналар мұғаліммен кеңесіп, баласының жағдайын жиі біліп тұруымен бірге мектепке жиі келуі керек.

Баланың ақыл-ой, адамгершілік-әдеп тәрбиесімен қоса, жас шамасына лайықты еңбек тәрбиесі, спорт түрлерімен шұғылдануын ата-ана қадағалауы керек Балалардың жан сұлулығымен қатар тән сұлулығына да мән берген жөн Тапсырылған жұмысты дұрыс орындамаса жекіп ұрса берудің орнына, жұмыстың қалай жасалатындығын көрсетіп, үйретумен бірге баланың шамасына, икеміне қарап содан кейін оның дұрыс орындалуын талап ету керек. Мектепте ата-аналар жиналысына бірді-екілі ер адам қатыспаса, одан көп ер адам қатыспайтыны белгілі болсада қынжылтарлық жәйт. Соңғы кезде бала тәрбиесімен айналысатын ата-аналардың жылдан-жылға азаюы, ата-аналардың өз міндеттерін білмеуі, білсе де мойындамауы жиілеп кеткені соншалық, көптеген ата-аналар баласына қарамайды, жұмысым жоқ деген желеумен сауда жасап, мектептің қайда екенін білмейтін ата-аналар кездесетіні өмірдегі шындық.

Даналық сөздермен оза білген қазақ халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, біз халықтың нақыл сөзінен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген,даналар өсиетінен тәрбие алған, ұлылар тәрбиесінен тағзым еткен дана халықтың ұрпағымыз.

Қорыта айтқанда бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын жастардың санасына сіңіре білу басты міндетіміз болуы қажет. Жас ұрпақты Отанын, туған жерін сүйіп, оны қорғай білуге үйрету, оқушы бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы қалыптастыру-егеменді мемлекетіміздің әр отбасы мен азаматтарының міндеті. Елдің ертеңгі ұрпағы, киелі жердің иесі-жастар тәрбиесі біз бен сіздің басты мақсатымыз. Тәрбиенің көзі-ата бабамыздан қалған дана сөздер десек, біз сол насихаттың жүргізушісіміз. Бұған қоғам алдындағы үлкен міндет ретінде қараған жөн.

1 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

 

Адамның адамшылдығы – ақыл,
ғылым, жақсы ата, жақсы ана,
жақсы құрбы, жақсы ұстаздан
болады.
Абай

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?
Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.
Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:
Отбасы – шағын мемлекет,
Мен – президент, сен – премьер,
дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.
Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балағатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», — деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.
Хан ордасы, салтанатты сарайларда талай күн аунап-қунап жатып, өзінің шұрқ тесік құрым киіз лашығына қайтып оралғанда Жиренше шешен: «Айхай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», — деп, жаны жай тапқан екен. Бұл аңызда үлкен шындық, терең мән бар. Әркімге, оның ішінде балаға өз үйінен ыстық, өз үйінен кең де керемет мекен жер жүзінде жоқ. Кавказ халықтарында «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке — өз үйі» – деген тамаша нақыл бар.
Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі.
Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген.
Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.
Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі — әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.
Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді.
Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «… Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.
Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік.
Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, демек, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек!

 

 

Түпкі нұсқа және қосымша ақпарат: www.zhastar.biz
...