Салт-дәстүріміз сақталып келе жатыр, Құдайға шүкір. Той-томалақ, өлім-жітім кезіндегі жол-жоралғылар әлі сол қалпында. Кейде таңғалам әрі тәнті болам, халқымыздың отаршылдықтың өктемдігіне қарамай ұлттық болмысын, дәстүрінің қаймағын бұзбай сақтап келе жатқанына. Тіпті кейбір дәстүрлерді қайта жаңғыртып жатыр. Осының бәрі қазірге дейін аға ұрпақтың, Кеңестік дәуірде ғұмыр кешсе де, салт-дәстүрін жадынан шығармаған аға ұрпақтың арқасы. Сол құнды мұраны сақтай білу бізге сын, осынау жаһандану дәуірінде. Батыс фильмдері мен әндерін, Шығыс телехикаяларын, Араб әлемі бізге жат жоралғыларын ұсынса, біздің жастар дәстүрдің құнын ұмытып кетпей ме? Заманның көшінен қалмайық, бірақ салт-дәстүрімізді көштің алдындағы атан түйеге артып бірге алып жүрейік! (Әр аймақтың салт-дәстүрінде аздаған айырмашылықтар бары рас. Бұған бола бұрыс пен дұрысты анықтау үшін қызыл кеңірдек болудың қажеті жоқ. Ол да даламыздың байтақ, жеріміздің ұшы-қиырсыз кең екенінің дәлелі шығар. Әр отбасының тұрмыс-салтында да санаулы ерекшеліктер болады, әр аймақтың салты да сондай [жоғарыдағы пікірге]).