Көркем шығармадағы даралық мәнер
Тіл – қоғаммен бірге дамиды, әсіресе, адамның ойлау, жалпы бейнелі ойлауы дамыған сайын тілдің әр түрлі қызмет аясы да, өрістеу ауқымы да, сөздердің мағына беру мүмкіндіктері мен тіркесу мүмкіндіктері де арта түсетіні белгілі. Көркем сөз шеберлерінің өзіндік мәнерін, даралық ерекшелігін анықтау, олардың өмір сүрген кезеңі мен заманның сұранысына қатысты ой өрбіту, қалам тарту машығын талдап-тарқату – стилистика ғылымы үшін қашан да қажетті тақырып болып қала бермек.
Белгілі бір авторға тән мәтін келесі бір қаламгердің жазу мәнерінен өзгеше болып тұрады. Мұндай әр қаламгерге тән ерекшелікті кезінде А.Байтұрсынов та қарастырған. Ол: «Әр ақын, әр жазушы сөздің басын өзгеше құрастырып, өз оңтайымен тізеді, өз білуінше пікірлейді. Сондықтан әрқайсысының лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады. Сол сияқты сөз өнерпаздарының да шығарған сөздерін оқып, лұғатына үйір болғаннан кейін, оның бұрын оқылмаған, аты қойылмаған сөздерін де айтпай тануға болады. Сөздің өзін танытатын белгі – тіл, яғни лұғат белгісі болады» деп жазған болатын [1, 141]
Стильді зерттеу барысында, оның ішінде, көркем әдебиет стилистикасы ауқымында сөз шеберлерінің ортақ стильдік ерекшеліктерін табу мен тануда нелерді негізге алу қажеттілігі айқындалуға тиіс деген сұраққа алдымен ол үшін лингвистикалық мағынадағы стиль өрісін анықтау қажет деп кесіп айтуға болады.
Жазушы стилін қалыптастыратын факторлар туралы бірқатар пікірлер бар. Солардың ішінде дүниетанымдық, яғни философиялық, психологиялық және эстетикалық факторлар – негізгілер деп танылады. Әр жазушы, не ақын – белгілі бір дүниетаным иесі. Оның сөз таңдауы, сөз қолданысы, солардың негізінде мәтін құрастыруы оның отбасы тәрбиесінен, білім ордасынан, адами талғамынан хабар береді. Бұл ақиқат нәрсеге тіл мен ойлаудың бірлігін қоссақ, көп жайдың шешімін табамыз.
Эстетикалық таным көркем шығармада бейнелілік тудыра отырып, сол автордың стильдік жүйесін де қалыптастырады. Міне, осы арада поэтика мен лингвистикадағы стилистиканың зерттеу аймағының шекарасы да өтеді. Таратып айтсақ, көркем мәтіндегі бейнелілікті поэтика қарастырса, бейнелікті қалыптастыратын тілдік факторларды тіл біліміндегі стилистика қарастыруы тиіс. Сонда шығармадағы бейнелілік – оның идеялық мағынасы көркем бейнелеу жолы болса, тілдік‑стильдік құрылымы мағынаны беруді іске асыру жолы болады да, стилистикада қашан да лингвистикалық стилистика бастапқы орында болады. Себебі сөз тіл аралығында бейнелілік көркем контексте айналады.
Жеке стиль деген сөздің өзіне келсек, оған біржақты ортақ анықтама беру қиындық тудырады. Ең алдымен көркем шығармадағы, тіпті кез келген мәтіндегі сөздерді, сөз тіркестерін, сөйлемді стиль түзуші компоненттер деп тануға бола ма, жазушы немесе айтушы стилі кез келген тілдік формалардан көріне бере ме деген сауал туындайды. Бұл ретте Р.Сыздықтың «Стильде анықтаушы маңызға тілдік құралдар емес, оларды таңдау фактісі ие болады» дегенін қостаймыз [2, 74]
Қазақ тіл білімі ғалымдары стилистиканы үшке бөледі:
1.Құрылымдық стилистика немесе тіл стилистикасы;
2.Қолданымдық стилистика немесе сөз стилистикасы;
3.Көркем әдебиет стилистикасы. [3, 9]
Бұлардың әрқайсысының өзіндік қолданылу аясы бар екені түсінікті. Тіл стилистикасы да, сөз стилистикасы да белгілі дәрежеде көркем әдебиет стилистикасының материалы бола алады. Алайда бұлар өз қолданылуы ерекшеліктеріне орай өздерінің стильдік, тілдік аясын қалыптастырады. Мәселен, көркем әдебиет стилистикасы жөнінде тілші‑ғалым Бердібай Шалабаев: «Әлемдік тәжірибеде көркем әдебиет тілі үш қырынан немесе үш аспектіде алынып зерттеліп келеді: тілдік, стилистикалық, көркем‑эстетикалық. Алғашқы қырынан алғанда көркем әдебиет тілі таза тілдік тұрғыдан зерттеледі, яғни жалпы халықтық, не әдеби тілдің белгілі бір кезеңінің тілдік сипатын анықтауға қажетті материал ретінде қарастырылады. Екінші қырынан алғанда, әдеби тілдің функционалды стильдерінің ішіндегі ең бір күрделісі – көркем әдебиет стилінің қыр‑сырын ашу көзделеді. Үшіншіден, көркем әдебиет тілі көркем шығарманың көркем бейнелі болмысын ұйымдастырушы маңызды компоненттерінің бірі ретінде қарастырылады» [4, 4] деп көрсетеді.
Жоғарыда «стиль» деген сөздің түп‑төркініне үңілгеніміз сияқты, осы орайда тіл біліміндегі стилистика терминіне де тоқталған жөн. Қазақ тілі энциклопедиясында стилистиканы кең көлемде түсіндіру мақсат етілгені байқалады:
«Стилистика – тіл білімінің тілдік тәсілдер жүйесін синхрондық және диахрондық жағдайда зерттейтін тіл ғылымының саласы. Стилистиканың қарастыратын мәселелері әр түрлі деңгейдегі тілдік құралдардың мәнерлегіштік мүмкіндіктері, олардың стилистикалық мәні мен бояулары, сондай‑ақ қарым‑қатынастың сан алуан аясы (сфера) мен жағдайларындағы сөздердің қолданылу заңдылықтары, әр аяға байланысты қолданылыс тілін пайдалану, ең бастысы тілдің қолданылуының коммуникативтік заңдылығы мәселелері болып табылады» [5, 370]
Стилистиканың кең ұғым екендігі көркем мәтіннің күрделілігі мен әрі оған тарихи ғылымдық көзқарастың қажет екендігінен түсіндіріледі. Әрбір тарихи дәуірдің тілдік ортасы көркем ойлау, түйсіну деңгейі, әр авторға тән тілдік қолданыста, сөз жоқ, көркем әдебиет стилистикасына өзгермелі сипат дарытады. Ал бұл өз кезегінде зерттеушіден сол алуандыққа сай білгірлікті қажет етеді. Мысалы, ХҮ‑ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулық поэзия үлгілерінің тілдік‑стильдік сипаты мен одан соңғы кезеңдегі Махамбет, Дулат немесе айтыс ақындарының көркем туындыларындағы сөз кестесінде түбірлі айырмашылықтар болатыны белгілі. Мәселен:
Кіші қалмақ бүрерде,
Бозылардың билігі
Буа бұрқан болысты,
Уағдадан жылысты.
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті.
Бірін‑бірі күндесті
- деген Бұқар жырау толғауынан алынған үзінді мен төмендегі берілген Дулаттың:
Жырымды менің тыңдаған,
Сөз ұғатын соңғы адам.
Тыңдаудан әсте тынбаған.
Гауһардай дүрге бұлдаған.
Сарқырап аққан жылғадан,
Жыр арнасы – суатпын - делінген үзіндіден бұл шығармалардың тақырыптық‑идеялық мазмұнын айтпағанның өзінде бірқатар тілдік айырмашылықтарды аңғаруға болады. Біріншіден, лексика саласындағы әр кезеңге тән сөз кестесін, екіншіден, тілдік‑эстетикалық саладағы алуандықты (буыршындай, гауһардай, суат), фонетикалық салада Бұқардабүлерде, уағда, ал Дулатта дүр деген көне варианттар кездеседі. Дулат ақынның буыршындай, гауһардай делінген сөздері теңеудің ‑дай жұрнағымен жасалып, әсерлі бейнелеу туғызса, жыр арнасы – суатпын дегені тың бейнелі метафора жасап, ойды мазмұнды, образды беріп тұр.
Белгілі бір туынды авторының стилі, шеберлігі сөз болғанда, авторлық сөз қолданысы арнайы егжей‑тегжейлі зерттелініп алмай, шығарма тақырыбын, сюжеті мен идеясын, образды сомдау ерекшелігін, тағы басқа мәселелерді қамтитын дербес стиль туралы жан‑жақты толық пікір айту мүмкін емес. Авторлық вариантты дәл танып дәлелдеуде аса бір күрделі айырмашылықтардың бірі – осы стильдік өзгерістер. Текстология ғылымында стильдік өзгерістерді зерттеудің теориялық қиындықтары оның бөлінбейтін бірліктегі тіл мен әдебиеттің қатынасынан тұратын өзіндік аралық сала болуында. Өйткені шығарма авторының дербес стилі әдебиеттануға да, тіл біліміне де қатысты, қалайда бір‑біріне сәйкесіп, бірі екіншісін толықтырып отыратын көркем стильдің құрамдас бөліктерін толығымен қамтиды. Көңілдегі көркем ойды көрікті етіп жеткізіп мақсатында ақынның халық тілін сұрыптап қолдануы; оқырманға әсерлі болу үшін поэтикалық негізгі идеялық‑көркемдік, композициялық ерекшеліктерінің мазмұнымен қиюласа келіп, тақырыптың ашылуы – автордың дербес эстетикалық талғамына сай қалыптасқан белгілі бір жүйесі барын байқатады. Сондықтан мәтін тарихын зерттеуші маман осы айтылған мәселелер тұрғысынан танылатын автордың дербес стильдік ерекшеліктерін анықтар болса, шығарма авторының дара стиліне сырттай әсер ететін сол дәуірдің экономикалық, саяси‑әлеуметтік жағдайларының ықпалын да назардан тыс қалдыра алмайды. Сондықтан да мәтін стилистикасын зерттегенде ондағы өзгерістерді дәлелдеу барысында тіл мен әдебиетке, қажет болса, тарих ғылымына да тән зерттеу әдістерін жатсынбай қабылдау керек.
Қазақ филологиясында көркем әдебиет стилистикасын сөз еткен ғалымдардың барлығы дерлік шығарма авторына тән дербес стильдік ерекшеліктерді автор өмір сүрген уақыт аясында халықтың наным‑сенімі, дүниетанымы секілді тарихи‑әлеуметтік жағдайларға байланысты алып зерттеу керек екендігін өз еңбектерінде ескертіп отырған. Осы пікірлерге сай, автор еркіндігін мүмкіндігінше сақтауға әрекет етер болсақ, өткен дәуірдегі С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сияқты алыптардың сөз шеберлігі мен қазіргі дәуірдегі қаламгерлердікі басқаша өрілетіндігіне айқын көз жеткізе аламыз.
Мәтін стилистикасының ауқымды саласы – көркем әдебиет стилі сөздің, сөз тіркесінің, сөйлемнің, мәтіннің тілдік құралдарының қолданылу дәрежесін, стильдік реңктерін, эстетикалық қызметін, мәнерлегіштік‑көркемдік деңгейін танытатын тіл ғылымының маңызды да күрделі саласы. Мәтіндегі тілдік көріктеуіш құралдар дегенде ең алдымен ойды бейнелі жеткізетін метафора, теңеу, эпитет, метонимия, перифраза және синтаксистік айшықтарға жататын парцелляция, қайталама, интонация, риторикалық қайырымдар секілді әдістерді саралайтынымыз анық. Алайда ой көркемдігін жеткізуге «атсалысатын» осындай тәсілдер ғана ма? Қарапайым сөз саптау, табиғатты суреттеудегі тура мағыналы сөздер, қысқа сөйлемдердің түрлі үлгілерінің өзі көрікті ойға ықпал етіп, әсерлендіре алатынын атап өтпеске болмайды. Қазақ халқының біртуар ақыны, ақиық шешен Мұқағали Мақатаев поэзиясында да сөзбен суреті салынған өлеңдер мол. Мұқағалидің «Байқамай өткен махаббат» өлеңінен алынған үзінді көңілге танық, көзге таныс жайтты суреттегідей беруімен ерекшеленеді:
Қысқы түн.
Аяз.
Ай жарық.
Төңірек тегіс қалғуда.
Басқаға көңіл бұрылмай,
Тұратын едім байланып,
Терезенің алдында.
Желідегі құлындай.
Қадалып жарық кең үйге,
Арманым – сені бір көрсем.
Сырттағы байғұс не күйде
Тұрғанын әсте білмеуші ең.
Ызғарын аяз төккенде,
Терезең кеткен қыраулап.
Арлы – берлі өткенде,
Көлеңкең ғана жүр алдап.
Махаббат өткен байқалмай,
Бұл шақта бәрі ұмтылған.
Сүйем деп саған айта алмай,
Сүйсініп жүргем сыртыңнан...
Ақиық ақынның жалғыз ғана желідегі құлындай деген теңеуінен басқаларының бәрі де тура мағынасында қолданылған сөздер. Алайда, ауыс мағынада тұрмай-ақ көркем бейнелі ой бере алған осы өлең құдіреті неде? Оның себебі: ақынның сурет боларлық сөздерді дұрыс таңдай білуінде. Өлеңдегі қысқы түн, аяз, жарық ай, байланып тұру, жарық кең үй, қырауланған терезе, арлы-берлі жүру, көлеңке түсу, бәрі-бәрі өзімізге соншалықты таныс суреттер, сондықтан да осыларды оқып (естіп) отырып, көз алдымызға бірден сурет елестете аламыз.
Ақынның өзін «сырттағы байғұс» деп ауызекі сөйлеу стиліндегі сөзбен беруі де - өлеңнің жалпы мазмұнына әсерлі үйлескен. Қызға деген сезімін айта алмай, тек сыртынан ғана сүйсініп жүрген жігіттің өз махаббаты алындағы батылсыздығы соншалықты нанымды, соншалықты әсерлі шыққан. Сондықтан да өлең сезімді, әрі суретті мазмұнға ие болған.
Мұқағалидың қай өлеңін алсақ та, өз оқырманын бей-жай қалдырмайды. Поэзия – адам сезімін бірнеше шумақтарға ғана сиғызып, барынша ойлы, барынша әсерлі, эмоциялы жеткізетін құдіретті сөз. Осы қасиет ақынның барлық өлеңдеріне тән десек, қателеспейміз. «Күрсінбеші» деген өлеңіндегі мына бір шумақтар да тура мағыналы сөздердің адам сезіміне әсер етерлік экспрессиясы бар екендігіне толық дәлел бола алады.
Білемін ғой, білмейді деп жүрсің бе?
Түсінемін кеудеңдегі дүрсілге.
Оңашада жұрт көзінен жасырып,
Күрсінбеші, жалынамын, күрсінбе!
Әлі екеуміз аттанамыз сан жылға,
Күрсінбеші, қуаныш көп алдыңда.
Күрсінбеші, жүрегімді тыңдашы,
Талай-талай кереметтер бар мұнда!..
Ақынның өз жарына арнаған осы бір өлеңінен оның қарапайым адамдарға тән күйзелісі мен жан сыры кезек-кезек өріледі. Алдағы өмірге деген құлшыныс, жарына деген қимастық, өзінің дәрменсіздігіне деген өкпе, болашақтан келер деген жақсылыққа үміт – бәрі де адам баласына тән сезімдер әрі бұлар ақын жырынан ешбір артық сөзсіз әсерді жеткізілген. Күрсінбеші, күрсінбе деген сөздердің өлеңде жиі қайталануы айтылмақ ойдың негізгі желісіне назар аударту, екпін түсіру мақсатын жүзеге асырған. Ақынның қай өлеңін алмайық, сөз құбылту мен әсерлі жеткізу тәсілдері көркемдікпен қабысып жатады. Белгілі бір қаламгердің шығармасындағы тілдік құбылыстарды қарастырудың негізгі бір саласы оның стильдік ерекшеліктерін тану мәселесімен байланысты болғандықтан, сөз шеберінің даралық мәнері поэзия не проза жанрларындағы сөз таңдау ерекшеліктеріне байланысты қарастырылу керек.