+1 дауыс
11.4k көрілді
Малайсары батырдың Сырым Датұлына берген батасы және Қазыбек би мен Бұқар жыраудың әңгімелері керек ед?

2 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Бірде Сырым бала сол өңірге батырлық, билік атағы жайылған Малайсары батырға сәлем бере барады.

- Уа, қай баласың?

- Даттың баласымын.

- Қой жая алмайтын жаманнан қолақпандай ұл туды деп еді, сірә, сол боларсың?

- Болсақ, болармыз. Бірақ бір құшақ отыннан бір оқтаулық мүсін шығады деуші еді. Әкем жаман олса, сондай-ақ болар. Өзіңді қазыналы қарт екен деп келсем, қазымыр қарт па едің?

- Бала, әкең нашар болғанмен шешең пысық еді. Күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды ренжітпей атқарушы еді, шешеңе тартқан боларсың.

- Шешем пысық болса, оның несін айып көрдіңіз? Әкем би болмаса да, би түсетін үй болыпты. Шешем күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні режітпей аттандырса – қырық адам екен, қырықтың бірі қыдыр деген, онда қыдыр дарыған болар. Шалдар үш түрлі болады деуші еді: қазымыр шал, қадырсыз шал, қыдырымпаз шал. Өзіңіз соның қайсысыз?

- Балам, сынайын деп айтқан бір-екі ауыз сөзімді көңіліңе алма. Жаманнан жақсы туады – адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады – бір елтіре алғысыз. Сен де маған шалдың үш түрін айтып қарсы сын қойдың ғой. Кісінің қадірін өзінен сұрамас болар. Қадірсіз десең – халқымнан сұра; қыдырымпаз десең – көршімнен сұра; қазымыр десең – кемпірім өліп, келінге қараған жетім шалмын, келінімнен сұра. Енді келген жұмысыңды айт.

Сырымның көңілі жадырап сонда былай депті:

- Аулыңның алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең, аулыңда ақылды қарт боса, жазулы хатпен тең деуші еді. Сәлем беріп, бата алғалы келдім.

- Жарайды, балам! «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар». Ақыл қуып сөз бастайын деген бала екенсің, атқа мініп, ел бастайын деген бала екенсің. «Ақыл жастан, асыл тастан» шығады деген, алдыңнан жарылқасын. Шиеленген түйінді, шиыршықталған қиынды шешіп, елдің ісін тындыратын, жаудың белін сындыратын әділ би, айтулы кісі бол, аумиын!» - депті Малайсары қария.
+2 дауыс

Сырым шешен

Сырым Датұлы 1712-1802 жылдары өмір сүрген қазақтың батыр әрі шешен биі. Шыққан тегі Кіші жүздің Байбақты руынан. Байбақты ішінен Әйтімбет, одан Шолан. Шоланнан Түкіш, Дат, Есенбай, Байторы, Даттан: Адамбай, Сырым, Амантай, Жомарт, Базарбай, Барлыбай, Жандыбай, Дүйімбай, Қорлыбай, Қалдыбай, Шыбынтай деген он бір ұл тарайды. Туған ауылы Сарыой. Орал облысы, Жымпиты ауданы. Дат момын орта шаруа, есті кісі екен. Ал, анасы адуынды, бір ауылды сөзімен де, ісімен де билеген ақылды бәйбіше болыпты. Сыры жеті-сегіз жасынан ақ естілігі, сөз тапқыштығымен ел аузына ілігеді. Өсе келе сол өңірдегі билер, шешендер, сұлтан, хандарды тани жүріп, олардан шешендік тапқырлықты, ел билеу ісін үйренеді. Сол билердің кейбіріне өзі іздеп барып, бата, жөн-жосық алады.

Бірде Сырым бала сол өңірге батырлық, билік атағы жайылған Малайсары батырға сәлем бере барады.

- Уа, қай баласың?

- Даттың баласымын.

- Қой жая алмайтын жаманнан қолақпандай ұл туды деп еді, сірә, сол боларсың?

- Болсақ, болармыз. Бірақ бір құшақ отыннан бір оқтаулық мүсін шығады деуші еді. Әкем жаман олса, сондай-ақ болар. Өзіңді қазыналы қарт екен деп келсем, қазымыр қарт па едің?

- Бала, әкең нашар болғанмен шешең пысық еді. Күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды ренжітпей атқарушы еді, шешеңе тартқан боларсың.

- Шешем пысық болса, оның несін айып көрдіңіз? Әкем би болмаса да, би түсетін үй болыпты. Шешем күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні режітпей аттандырса – қырық адам екен, қырықтың бірі қыдыр деген, онда қыдыр дарыған болар. Шалдар үш түрлі болады деуші еді: қазымыр шал, қадырсыз шал, қыдырымпаз шал. Өзіңіз соның қайсысыз?

- Балам, сынайын деп айтқан бір-екі ауыз сөзімді көңіліңе алма. Жаманнан жақсы туады – адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады – бір елтіре алғысыз. Сен де маған шалдың үш түрін айтып қарсы сын қойдың ғой. Кісінің қадірін өзінен сұрамас болар. Қадірсіз десең – халқымнан сұра; қыдырымпаз десең – көршімнен сұра; қазымыр десең – кемпірім өліп, келінге қараған жетім шалмын, келінімнен сұра. Енді келген жұмысыңды айт.

Сырымның көңілі жадырап сонда былай депті:

- Аулыңның алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең, аулыңда ақылды қарт боса, жазулы хатпен тең деуші еді. Сәлем беріп, бата алғалы келдім.

- Жарайды, балам! «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар». Ақыл қуып сөз бастайын деген бала екенсің, атқа мініп, ел бастайын деген бала екенсің. «Ақыл жастан, асыл тастан» шығады деген, алдыңнан жарылқасын. Шиеленген түйінді, шиыршықталған қиынды шешіп, елдің ісін тындыратын, жаудың белін сындыратын әділ би, айтулы кісі бол, аумиын!» - депті Малайсары қария.

* * *

Тама елінің Сары би деген ақылгөй ақсақалы Даттың үйінде түстеніп отырғанда Сырым баланың әр сөзіне риза боп, оған мынадай өсиет айтыпты:

- Балам, бұл дүниеде алтыұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, ел алдында беделді, сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң халық сенің маңайыңа жоламай аулақ қашады. Сырым:

- Ол қандай сөз еді, ата, айтыңызшы?

Сары би:

- Арлы-ожданды бол!

- Елге деген парызыңды ұмытпа!

- Намысыңды жастан сақта!

- Халқыңды алалама!

- Жақыныңды жаралама!

- Қалысыңды қаралама!

Сары би айтқан осы алты өсиетті Сырым шешен қартайғанша есінде сақтап келген.

* * *

Мөңке бидің үйіне арық құнанына мініп Сырым бала келеді. Баланы көзге ілмеген би бәйбішесіне: «Балаға айран әкел» - депті.

Таңертең аулада семіз қызыл тұсақтың үйелеп өліп қалғанына налыған Мөңке:

- «Құтты қонақ қонса, қой егіз табады, құтсыз қонақ қонса, малын қырсық шалады» деген, қызыл тұсақ үйелеп өліпті, бала, құтсық қонақ болдың. Енді үйімнен кет!  - деп ызғар шашады. Сонда Сырым бала:

- Олай болмас, биеке, - депті. – Құтты қонақ қонса, малы өліп басы аман қалады, құтсыз қонақ қонса, өзі өліп, малы иесіз қалады». Менің қандай қонақ екенімді қайдан білесіз?! Мүмкін құтты қонақ шығармын. Мөңке би баланың бұл сөзіне аң-таң болыпты да:

- Рас айтасың, балам, сен расында құтты қонақ екенсің, - деп, оған сый-сияпат көрсетіпті.

* * *

Сырым үлгі алып, ұстаз тқтқан батырлар мен шешендер үлгілі сөз үйретіп қана қоймай, Сырымның тапқырлық сөздерін, өжеттік, өрлік істерін құптап, көтермелеп те отырған. Алдар би Сырымның алдынан шығып:

- Қарадан хан болдың,

Айырдан нар болдың.

Жоқтан бар болдың,

Көнеден дәурен озды,

Көндей қамқа тозды,

Атадан ұл озды,

Анадан қыз озды, -

деп тақпақтап қарсы алады. Сонда Сырым:
- Қарадан хан болсам,

Халқым қалаған болар,

Айырдан нар болсам,

Атам жараған болар...

Көнеден дәурен озса,

Жасы жеткен болар,

Көндей қамқа тозса,

Дәурені өткен болар.

Атадан ұл озса,

Еркіндігі болар.

Анадан қыз озса,

Еркелігі болар, - деп жауап береді.

Әрине, Алдардың сөзі – мақтау, оны Сырым жақсы түсінеді. Бірақ батыр масайрап бас шұлғымай, шешендік жұмбақтың шешімін тауып, өзіне айтылған мақтауды ел-жұрттың атына аударады.

 * * *

Сырым Датұлының батырлығы жөнінде орыс зертеушісі М. Вяткин монография жазды. Балтабай Адамбаев Сырым атына байланысты шешендік сөздерді жинастырып жариялады және кандидаттық диссертация қорғап, көп еңбек сіңірді. Қазақ батыр, би, шешендері ішінде Сырым шешен мұрасын жинастыру, зерттеу ісі біршама  дұрыс жолға қойылған деп айтуға болады. Осы кітапқа еніп отырған Сырымның шешендік сөздері негізінен Б. Адамбаевтың жинақтарынан жинақтарынан алынды. Олар мына төмендегілер:

* * *

Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман тана малайсарымен сөйлесіп отыр екен:

- Балалар, аман ба? – депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:

- Жүр, кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді.

Малайсары жалт қарап:

- Ата тұрып ұл сөйлегеннен без. Ана тұрып қыз сөйлегеннен без. Сырнайдай сайраған мына бала кім еді? – дейді.

- Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар. Ана тұрып қыз сөйлесе бойжеткені болар, - дейді Сырым. – Cен толған екенсің, мен тозған екенмін, - деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырған екен.

* * *

Сырымның атасы Шолан батырды төрелер қылыштап өлтіреді. Шоланнан Дат іште қалып дүниеге келгесін, қара қазақ жиналып төрелермен арадағы кек ұмытылмас үшін жас баланың атын Дат қояды. Дат атасының кегін ала алмайтын жасықтау болып өседі.

- Ей, Дат, сенің атың заманында қойған Дат еді-ау, есіміңе жесімің лайықты емес, тек бір қоя салған ат еді-ау, - деп қазақтың қарттары бетіне басып жүреді.

Дат өсіп бір тәуір әйелге үйленеді, одан Сырым туады. Сырым өсіп, атқа мініп, ағайын аралап Байбақтының Сасай дейдін атасының ауылына келеді. Келсе, ағайындары қаумалап ортаға алып, жылап қоя береді.

- Мына атаңы нәлет Нұралының баласы Есім сұлтан біздің бір ағайынның Ақмоншақ дейдіт атын ылауға мінемін деп ұстатып алып еді, енді бәйгеге қосып, Есімнің Ақмоншағы атанып, атағын шығарып тасып жүр. Міне, биыл екі жыл болады, талай рет кісі жіберіп сұрадық, берер емес. Бүгінде «құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ ал» дейтінді шығарды, - дейді.

- Ақмоншақты бір жесірге байлайтын едік, бүкіл Байьақтының атағын шығарған Ақмоншақ еді. Шырағым, сол атқа сен бар, саған берер, - дейді ағайындары.

- Ей, ағайын, сендер мені Нұралыға жұмсамаңдар, ол ит маған да бермес. Берсе жақсы, бермесе тегін қайтпаспын, бір жанжал туып кетер,- деп өтінеді Сырым. Ағайындары қаумалап болмайды, ақырында Сырым көнеді. Барып Нұралы ханның өз үйіне түседі.
– Сырым, жай жүрмісің, жұмысың не? – дейді Нұралы.
– Сіздің Есім деген балаңыз менің бір ағайынымның атын ұстап ылауға мінген екен, оған екі жыл толыпты.

– Мауқы басылса, сол аттың сүйегі болса да алып кетейін деп келіп едім, – дейді Сырым.
– Жарайды, олай болса Есімді шақыртып айтайын, – дейді хан.
– Есім шырағым, мына Сырым Ақмоншақты сұрай келіпті. Бірталай міндің ғой, енді берсейші, – дейді Нұралы баласына.
– Ағайыннан бір ат міне алмасам, мен несіне сұлтан болып жүрмін? Мен атты беремін деп алғаным жоқ, Сырымға ат керек болса құлаққа-құлақ, тұяққа-тұяқ алсын да кетсін, – дейді Есім.
– Менің де естиін дегенім осы сөз еді, – деп Сырым үйден шыға жөнеледі. Нұралы хан артынан Есімді қайта шақырып алып:
–Шырағым, Есім, сен түсін, мына Сырым бір тайдың құнына келіп жүрген жоқ, бұл соғысқа келіп жүр, сен білмейсің, бұның атасы Шолан біздің бабаларымыздың қолынан жазымдалған, бұл соны әлі ұмытпай жүр екен, атын беру жөн болар, – дейді.
Есім Сырымның артынан кісі шаптырып: «Келіп қонақ болып, атын алып кетсін», – дейді.
– Атаңа нәлет. Есімнің есігіне бір тай үшін екі барып еңкейсем-ау, бар, ханыңа сәлем айт, келіп қонақ болатын күнімді өзім айтармын, – деп қайырылмай кете барады. Ағайындарына келіп атты әкеліп берсе аларсыңдар, өздері әкеліп бермесе енді сұрамаңдар, – дейді.
Сырым аулына келіп атын тастап, Есімнің ызасынан желмаяға мініп, ханды шабуға Сарыарқаның қазағынан көмек сұрайды. Сөйтіп жүргенде елдің ақсақалдары кеңесіп Сырымды Бақай сыншының алдынан өткізбекші болады. Сонда екеуі кездескенде, Бақайдың Сырымның қолын ұстап тұрып айтқан сөзі мынау екен:
– Иә, Сырым бала, жоқтан бар болдық, айырдан нар болдық, көндей қамқа тозды, атадан ұл озды, анадан қыз озды, боздан бурыл озды. Осыған жауап берші, шырағым, – дейді. Сонда Сырым батыр:
– Иә, жоқтан бар болсам, құдайдың құдіреті болар; айырдан нар болсам, атам үлек болар; көндей қамқа тозса, киюі салақ болар; атадан ұл озса, еркіндігі болар; анадан қыз озса, шіркіндігі болар; Боздан бурыл озса, жүйріктігі болар, Бақай ата! – депті.
– Ей Сырым, әкең сенің Дат төмен, тентек, шұлғауын асына малып ішетін еді. Шешең Қараторы қайратты, күндіз келген жиырма кісіні түнде келген жиырма кісіні қонақ қылып аттандыратын еді. Сен шешеңе тартып туған екенсің-ау, балам, – дейді Бақай қарт.
– Иә, Бақай ата, әкем Дат тентек болса болған болар, шешем күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды қонақ етіп аттандырса, қырықтың бірі қыдыр деген, онда мен қыдырдан жаралған болармын. «Өзін өзі езген ит, өзен бойын кезген ит, өзі болған жігіттің тұп атасын қазған ит» деп еді, Бақай ата, – депті. Сырым.
Сонда Бақай сыншы сөзден жеңіліп батырды қонақ қып, ат мінгізіп, шапан жауып беріп аттандырыпты.

 

* * *

 

Сырым жас кезінде Есентемір Бөкен биге батасын алайын деп және ақыл сұрайын деп ат, шапан алып барады. Барып қонақ болғаннан кейін Бөкен Сырымнан келген жұмысын сұрайды. Сонда Сырым:
- Менің сізге келген жұмысым – біріншіден, сіздің батаңызды алайын деп келдім, екіншіден, ақыл сұрайын деп келдім, – дейді.
Сонда Бөкен: «Саған батамды берейін, сен жас болғанмен елге бас болғандай екенсің», – деп бата береді:
Арқаң қара нардай жауыр болсын,                                                                         
Мінезің қара жердей ауыр болсын.                                                      
Өкпең жоқ – бауыр болсын,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін,                                                                   
Жасың алпысқа жетпесін, – дейді.                                                                                  
Батасын бергеннен кейін: «Мен не десем де бәрінің де мағынасы бар, қалай түсіндің, өзіме айырып бер» – дейді Бөкен қарт. Сонда Сырым:
– Арқаң көп мінгеннен жауыр болсын дегенің – халық үшін жұмыс жаса, халықты өзіңе ерте біл – дегенің. Мінезің қара жерден ауыр болсын дегенің – беріден ойлама, әріден ойла, салмақты бол, жеңіл болма дегенің. Өкпең жоқ бауыр болсын дегенің – не болса соған өкпелеп, инені жіпке тізіп өкпешіл болма – дегенің. Құлағыңнан сыбыр кетпесін дегенің – ел арасында дау-жанжал көп кездеседі, сол мәселені өзің шешіп, ақ-қарасын айырып, дұрыс төресін бере біл – дегенің. Жасың алпысқа жетпесін деген батаңызға мен түсіне алмадым, –  депті.
Сонда Бөкен қарт Сырымға ақырған екен:
– Мен сенен құдайдың берген жасын қызғанам ба, жүз алпысқа кел. Менің жасым сексен төртке келді. Алты бәлеге тап болдым. Мен сені сол алты бәледен аулақ болсын деп едім. Ол мыналар: үлкен үйге кіре алмадым, кіші үйге сия алмадым. Қара сақалды әкем болды, қара шашты шешем болды. Ауру келді, кәрілік жеңді, – міне, алты бәле деген осы. Бұған қалай түсіндің? – дейді.
Сонда Сырым батыр:
– Үлкен үйге кіре алмадым дегеніңіз, адамның қатары кетеді, баратын үйі таусылады. Кіші үйге сия алмадым дегеніңіз өзінен жасы кіші адамдардың үйіне жасы үлкен адам шақырусыз бара алмайды. Қара сақалды әкем дегеніңіз өзіңнен туған кей бала, есейген соң әкенің тілін алмайды, әкені дұрыс баға білмейді. Бір сөз айтсаң бетіңді қайырып тастайды. Қара шашты шешем дегеніңіз сол баланың әйелі, келінің. «Осы шалға не керек екен, берген асты ішіп жата бермей», – дейтін шығар. Ауру мен кәрілік түсінікті ғой, ата», – депті. Сонда Бөкен қарт: «Бақытты бол, балам, жақсы шештің», – дейді. Сырымға қарап Бөкен басын шерткен екен.
Сырым оған аузын ашып, тілін көрсетіпті. Сырымның қасындағы жолдастары: «Бөкең саған неге басын шертті, оған сен аузынды ашып, тіліңді шығардың, ол не сөз?» – дейді. Сонда Сырым: «Ол кісі маған басын шерткені – басқа бәле қайдан келеді», – деген жұмбағы еді; менің оған тілімді көрсеткенім: «Басқа» бәле қызыл тілден келеді дегенім», – депті.

* * *

Малайсарының аулы төменгі Топайлы қаласының аузында екен. Сырым аулына келгенде қарт азғантай қойының алдында жүр екен.
– Аға кім болдыңыз? – деп сұрапты.
Малайсары:
– Шырағым, кім болайық, осы жердегі аз үй танамыз-дағы, – депті. Сонда Сырым:

– Тананың қайсысың? Жеті үй – Жиенбекпісің? Бес үй Бессарымысың? Тышқан құлақ – Асанбысың? Төлеуден алған Құнанбысың? – дегенде, Малайсары:
– Шырағым, Тананың пәленімін деп неғылайын. Танысаң танырсың? Мен де сені танып тұрмын. Даттың аузына шайтан түкірген, бір қу аяқ баласы атқа мінді деп естіп едім. Сен сол бала боларсың! – депті. Сонда Сырым:
– Бәлі аға, сол бала боламын. Ауылдан шыққанда сізді сөзден ұтсам, Тананың алжыған шалы деп күлкі қылайын, сөзден ұтылсам, ат мінгізіп, шапан жауып батаңызды алайын деп аттанып ем, ұтылдым, батаңызды беріңіз, атыңыз – мына астымдағы атым, шапаным мынау! – деп үстіндегі шапанын шешіп беріпті.

* * *

Сырым Нұралыға наразы болып жүргенде: «Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны теңгере алмадың, біреу-біреуді шауып жеп жатыр, оны басқара алмадың», – деп өкпелепті. Нұралыға бір кез келгенде Сырым амандаспай жүре береді. Сонда Нұралы:
– Батыр, қайырылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау! депті. Сонда Сырым:   

–  Хан, тасып жүргенім жоқ, қазақ баласының басын қоса алмай сасып жүрмін, –  депті.

* * *

Бір топ жолаушы Сырымды іздеп келе жатса, алдарынан әйел шығады. Жөн сұ- расып, жолаушылардың Сырымға бара жатқанын біліп, беріп жіберетін аманаты бар екенін айтып, оны Сырымға жеткізуді өтінеді.
 – Ол не аманат, жеңіл ме, ауыр ма? – деп сұрайды жолаушылар.
 – Қадірін білсеңіз жеңіл де емес, алып жүруге ауыр да емес, – дейді де, әйел басындағы орамалын көтеріп бір тал шашты желкесінен, енді бір тал шашты маңдайынан жұлып алып жолаушыларға береді. Содан кейін оң жақ қолтығынан бір жапырақ шүберек жыртып береді. Тезек теріп жүрген қабының бір бұрышын жыртып алып, оны да Сырымға жеткізіңіз деп береді. Жолаушылар «Мұны кім берді деп айтамыз», – дегенде, әйел «Сырымның өзі біледі», – деп жауап қайтарады- Жолаушылар Сырым аулына келіп, болған мән-жайды айтып, аманатын тапсырады.
 – Сендер мұны не деп шештіңдер? – дейді Сырым. Жолаушылар:
 – Шеше алмадық, – дейді.
 – Бұл әйел Байбақты баласы көрінеді, елден ерте кеткен екен. Желкеден шаш алғаны туған жерім, туысқан- елім артымда қалды дегені. Төбеден шаш алғаны – содан бері мына бастан бірталай уақыт етті дегені. Маңдайынан шаш алғаны – әлі жаспын, өмірден үмітім бар дегені. Көйлектің оң жақ қолтығынан шүберек жыртып бергені – қолтықта бауыр бар. – Мен сенің бауырыңмын дегені. Байбақтының баласы екенін осыдан білдім. Қаптың бұрышын бергені үйге тезекпен кіріп, күлмен шығып күң болып жүрмін дегені, – дейді Сырым.
Біраз күн өткен соң Сырым әйелдің аулына келеді. Мұндағылар қонақ етіп, біраз жатқан соң ауылдың бір үлкен ақсақалы: «Не жұмыспен келдің?» – деп сұрайды. Сонда Сырым:
 – Саған арзан, маған қымбат, сенің қолында менің бір сүйегім – қарындасым жүр екен, Бұлын алып бересің бе, құнын алып бересің бе? – дейді.
 – Бұрын сен ол қарындасыңды көріп пе едің? – дейді ақсақал.
 – Жоқ, көргенім жоқ! – дейді Сырым.
Сонда ақсақал: – Бір түсті киінген қырық әйел, қырық еркек қарама-қарсы жүреді. Сол уақытта бір-біріңді танысаңдар бірге ауылдарыңа қайтыңдар, танымасаңдар осында қалады, – дейді. Сөйтіп, қырық еркек пен қырық әйел қарама-қарсы жүргенде көп әйелдің ортасында келе жатқан байбақтының қызы қасында келе жатқан әйелдің құлағына:
 – Анау, қырық адамды бастап, қырық бірінші болып келе жатқан менің ағам Сырым, – деп сыбырлайды. Сырым да Байбақтының қызын тани кетеді Сонда ақсақал:
 – Бір-біріңді қалай таныдыңдар? – деп сұрағанда, Сырым:
 – Қырық әйелдің ішіндегі отыз тоғызы өтіп бара жатқан еркектің бәрінің бетіне қарап санап шықты, ал мына әйел қатарынан асып кеткенше менен көзін аудармады. Содан таптым, – дейді.
Ақсақал әйелден: – Сырымды қалай таныдың? – деп сұрағанда ол:
 – Сырымда ерекше үш қасиет бар: біріншісі—батырға біткен тұлғасы, екінші – өжет мінезі, үшінші – асқан даналығы бар деп еститін едім. Сырым маған қыран топшылы, толық денелі, кең кеуделі, шалқа төсті, жолбарыс бетті болып көрінді. Басы да елден ерек, торсық шекелі екен. Ағамды осыдан білдім, – депті.
Сөйтіп Сырым Байбақтының қызын күңдіктен құтқарып аулына алып қайтқан екен.

* * *

Сырым Үргеніштің ханына барып жүз керіс қылған. Хан Сырымның атағына сырттай қанық: «Қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі», – деп естиді екен. Хан Үргеніш шешені мен Сырымды айтыстырыпты:
Үргеніш шешені:
 – Сөз анасы не?
Су анасы не?
Жол анасы не? – деп сұрайды.
Сырым батыр:
 –   Сөз анасы – құлақ,
Су анасы – бұлақ,
Жол анасы – тұяқ! – деп жауап береді.
Үргеніш шешені:
 –   Дау мұрады не?
Сауда мұрады не?
Қыз мұрады не?
Жол мұрады не? – дейді.
Сырым батыр:
 –   Дау мұрады – біту,
Сауда мұрады – ұту.
Қыз мұрады – кету,
Жол мұрады жету, – дейді.
Үргеніш шешені:
 –   Намазда жан-жағыңызға қарай береді екенсіз, оныңыз не? – деп сұрайды.
 –   Жан-жағыңызға сіз қарамасаңыз, менің қарағанымды қалай көрдіңіз? – дейді.
Үргеніш шешені:
 –   Сізді екі аяқты, бір тілді адам баласы жеңді ме? – Дейді.
Сырым батыр:
 –   Сырымның айтқанын тыңдамай, өз сөзін соға берген адам Сырымды күнде жеңеді, – дейді.

* * *

Бірде Сырым жолаушылап келе жатып бір үйге түссе, үйде сүйегі сұлу, мінезі сүйкімді келіншек отыр екен. Сырым іштей «шіркін-ай, мына келіншектің күйеуі қандай болды екен?» – деп отырса,  үйге бір қораш шал келеді. Келіншектің күйеуі сол екен. Сонда Сырым жолдастарына қарап:

Мәністің де мәнісі бар,

Жаманның мәніспенен не ісі бар?

Құладың қу іледі,

Оның не әдісі бар? –

дейді. Оны келіншек түсіне қойып:

- Мәністің де мәнісі бар,

Жаманның мәніспенен не ісі бар?

Құладың құ ілсе, әдісі бар,

Тағы бір аққу құстан дәмесі бар, - деп шалдың тағы бір әйелден дәмелі екенін аңғартады.

Сырымның басқаруында 2000 түтін (үй) болған. Бай тұқымынан шыққанымен, өз халқының қамын ойлап, патшалық Ресейдің жаңа басталып отырған отарлық саясатын іске асырған Жайық казактарынң озбырлық қатал тәртібіне қарсы күресіп, өз халқын отаршылдықтан қорғап отырған. Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының тұтануына Жайық казактарының қазақ ауылдарына жасаған тонаушылық, озбырлық әрекеттері себеп болды. Халықтың азаттық қозғалысын кіші жүзде Сырым, Барақ, Тіленші, Оразбай және сұлтан Жантөре (Айшуақтың баласы) сияқты бай тұқымдары басқарған. Қозғалысқа Байбақты, Табын,Шекті, Кете, Шеркес руларының шарулары мен кедейлері қатысқан. Азаттық қозғалыс басталған кезде Сырым батырда 2700 жасақ, Барақ батырда 2000 адам, Тіленші батырда 1500 адам болған (Вяткин М. П. Батыр Сырым. М. Л. 1947. 200-бет).  

 

Пайдаланылған әдебиет: Қазақтың би-шешендері/құр: Төреқұлов Н. Қазбеков М. – Алматы, 1993ж. – 160-170бб.

...