+2 дауыс
2.8k көрілді
ЭКСПО көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ Әміре Қашаубаев туралы ақпарат бар ма?

2 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Әміре Қашаубаев (1888-1934) – атақты әнші, актер әрі музыкант. 1888 жылы туған. 12 жасқа толғанда Исабек деген байдың ат айдаушысы болып, ол жас әншіні той-жиындарда ән салғызады. Әміре 1921 – 24 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы «Ес-аймаққа» мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түсті. 1924 жылы осы қалада ұйымдастырылған халық өнерпаздарының байқауына қатысып, бас бәйгеге ие болды. 1925 жылы Парижде өткен Бүкіл дүние жүзі сән өнері көрмесінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», т.б. әндерді орындап, 2-бәйгемен қоса күміс медаль алды. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы оның сирек кездесетін талант екенін жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. 1927 жылы сәуір айында арнайы шақыртумен Мәскеу консерваториясының залында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Сол жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Халықаралық музыкалық көрмеде концертке қатысып, қазақтың халық әндерін әлемге паш етті. Оның орындауындағы әндер дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс, т. б. тарапынан жоғары баға алған. Александр Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», Бес қарагер», «Көк көбелек», т.б. әндерді жазып алып, «Қазақтың 500 ән мен күйі» (1931) жинағында жариялады. Әміренің әншілік қабілетін кезінде қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Иса Байзақов, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Елебеков, Құрманбек Жандарбеков пен Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалаған. 1926 жылы Қызылордада ашылған Қазақ драма театрының (қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры) алғашқы актерлерінің бірі болды. 1934 жылы қазақ музыкалық театрына (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ауысты. 1934 жылы алтыншы желтоқсанда ауыр сырқатқа шалдыққан әнші оқыстан қайғылы қазаға ұшырады. толығырақ мына жерден көре аласыз http://el.kz/m/articles/view/content-6053 

0 дауыс

Әміре Қашаубаев

ЭКСПО көрмесіне қатысқан алғашқы қазақ – Әміре Қашаубаев екенін біреу білсе, біреу білмес. Қазақтың біртуар әншісі 1925 жылдың мамырында Францияның астанасы – Парижде өткен дүниежүзілік көрменің этнографиялық концертінде «Балқадиша», «Ағаш аяқ» , «Бесқарагер», «Дудар-ай», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Смет», «Қараторғай» әндерін әуелетіп, күллі әлемді тамсандырған еді. Әйгілі француз жазушысы Ромен Роллан Әміренің құдіретті дауысын тыңдағаннан кейін: «Мен Шығыста әншіні неге бұлбұлға теңегенін енді түсіндім?» деп таңдай қаққан екен.

«ЭКСПО» халықаралық көрмесі қай кезде де маңызды шара болған. Кез келген мемлекет осы әмбебап көрмеге барынша дайындалып, абыроймен өткізуді ойлаған.  1925 жылы жаһандық шараны өткізу жауапкершілігін Франция астанасы мойнына алады. Осынау дүниежүзілік көрмеге қатысуға ықылас танытқандардың ішінде Кеңес одағы  да бар еді. Себебі, шетелде қызыл империяның беделін көтеруді Сталин де теріс көрмеген. Көрмеге қатысушыларды ұйымдастыру сол кездегі  РСФСР халық ағарту комиссары Анатолий Луначарскийге жүктелген екен.

Әмбебап көрмеге қатысуға шақырту алғандардың ішінен Қазақстаннан жалғыз Әміре Қашаубаев болған. Бірақ сол кездегі Семей шенеуніктері «Сонау Париж сахнасында ән шырқайтындай Әміре Қашаубаев деген кім еді сонша?» деп шақыртуды елемеген. Қазақ әншісіне екінші рет шақырту жіберіледі. Онда көрмеге қатысу – мемлекеттік маңызы бар іс екені түсіндірілгеннен кейін барып шенеуніктер амалсыз Әміре Қашаубаевқа жедел хабарды жеткізген сыңайлы.

Жалпы, қазақтың қайталанбас дауысты әншісін зерттеп, 1974 жылы Әміре Қашаубаевтың даусын алғаш рет тауып, жұртшылыққа ұсынған азамат – белгілі музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жарқын Шәкәрім. Халқымыздың тума талантына қатысты деректердің көпшілігі осы кісінің аузымен айтылып жүр. Ғаламторда жарияланған материалдар мен сұхбаттар – соның куәсі. Біз де Алматыдағы әміретанушымен байланысқа шығып, әншіге қатысты бірқатар деректер айтып беруін өтінген едік.

Жарқын Шәкәрімнің айтуынша,  көрмеге қатысуға Кеңес одағы елдерінен Әміреден басқа,  украиналық О.Федеровская, Өзбекстаннан биші Тамара ханум, әнші Кари Якубов, Әзербайжаннан Шевкет ханум Мамедова, Армениядан Сукиясов, Харибекишвили, Кахуров, Башқұртстаннан қурайшы Жұмабай Есенбаев қатысып, өнер көрсеткен екен.

Париждегі алғашқы концерт 20 шілде күні декоративтік өнер көрмесінің КСРО павильонында болған. КСРО мемлекеттерінен барғандар барлығы 11 концерт беріпті. Соның бәріне де Әміре Қашаубаев қатысып, жоғарыда аталған әндерді шырқаған.

Әмбебап көрме өткізілген тұста Мұстафа Шоқай Парижде жүрген екен. Кеңес одағынан келген делегация құрамынан қандасы Әміре Қашаубаевты көргенде қайран Алаш азаматы қуанғаннан жылап жіберіпті. Көрме аяқталғанша Әміреге қолғабыс жасап, Парижді аралатып, көмектескенге ұқсайды. Тіпті, естелік ретінде Әміреге жақсы костюм де сыйлаған. Басқа ешқандай да мақсаты жоқ осы бір кіршіксіз сыйластық кейін әншінің басына сор болып жабысатынын ол кезде екеуі де білген жоқ еді…

Жарқын Шәкәрімнің зерттеуінше, Париждегі көрмеден екі жылдан кейін Әміре Қашаубаев Германияда өткен Бүкіләлемдік музыка көрмесіне де қатысады. Бірақ, Париж сапарынан кейін-ақ әншіні қуғындау басталады. Сондағы бар кінәсі – Мұстафа Шоқаймен тілдескені. Одан қала берді, қазақ әншісінің Парижде ән салып, әлемді тамсандыруы кейбір шенеуніктердің қытығына тигені анық. Жарқын Шәкәрімнің айтуынша, тыңшылар Әміреден Мұстафа Шоқай туралы сұрап, әбден қинаған көрінеді. Саясаттан хабары жоқ әнші қайдан білсін, әр нәрсені бір айта берсе керек. Ақыры, тоғыз жыл бойғы қуғын-сүргінге шыдамаған қайран азамат әбден мүжіледі. Оның үстіне қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібектен» өзіне лайық бір рөлдің берілмеуі де Әміренің жанына қатты батса керек. Ақыры, 1934 жылы 6 қарашада «Қыз Жібек» операсының премьерасы болатын күннің алдында қазақтың біртуар әншісі, дара дарын иесі белгісіз себеппен қайтыс болды.

P.S.

Жақында отандық телеарналардан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ тапсырысымен Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Балқадиша» әнін лейтмотив еткен шағын бейнероликтер көрсетіле бастады. «Бұл – өте құптарлық қадам. 2017 жылы Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында өтетін шаралардың бірі тұтастай Әміре Қашаубаевтың өміріне,әншілік жолына арналуы керек.  2017 жылы Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесіндеӘміре Қашаубаевтың осыдан 90 жылдай бұрын Парижде шырқаған әндерін  асқақтату қажет, бұл әр қазаққа мақтаныш сезімін сыйлайды» дейді  әміретанушылар.

http://www.astana-akshamy.kz/?p=24564

...