РЕФЕРАТ
Тақырыбы: Азық-түлік проблемасы
Жоспар
1. Кіріспе
1.1Дүние жүзіндегі азық-түлік проблемасы
2 . Негізгі бөлім
2.1 Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдасы
2.2 Қазақстан агроөнеркәсіп өндірісін дамытудың негізгі бағыттары.
2.3 Аграрлық реформаны тереңдету мен кеңейту.
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Адам баласы жүз жыл болса да, ыстық-суыққа шыдайды, бірақ аштыққа шыдамайды. Күніне 1000 килокалориялық тағам рационы ағзаға жеткіліксіз және бұл аштық жағдайында деп есептеледі, ал әлемде 1,5 млрд адам осындай аш құрсақ жағдайда өмір сүріп жатыр. Халықтың әл-ауқаты әлеуметтік қана емес, саяси-стратегиялық мәнге ие. Саясаттанушылар халықтың кем дегенде 75 пайыздайын тойындырмайынша, саяси реформа жасауға болмайды дегенді айтады Қазір әлемде азық-түлікті тұтыну жағынан теңсіздік қалыптасып отыр. Мәселен, 1960 жылы 20 пайыз ең бай елдер мен 20 пайыз ең кедей елдердің арақатынасы 30:1 болса, 1990 жылы бұл арақатынас 64:1 болған. Бұл үрдіс әлемде әлеуметтік дүмпулерді туғызып отырғаны жасырын емес. Сондықтан кез келген ел үшін халықтың тоқ болуы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің маңызды парасы ретінде қарастырылады.
Дүние жүзі елдерін түгелдей қамтыған қаржылық, экономикалық дағдарыс кезеңінде Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оны одан әрі тиімді дамыту және елімізде азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудың әлеуметтік-экономикалық және саяси мәні зор болып отырғаны белгілі.
Біздің еліміз дүние жүзінің ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін негізгі 25 мемлекеттің қатарына енеді және өзінің ресурстық әлеуеті жағынан қазіргі деңгейден 3-5 есе артық өнім өндіруге мүмкіндігі бар екені белгілі. Сонымен қатар, сарапшылар аграрлық сектор есебінен ІЖӨ-нің өсімі жаһандық дағдарыс салдарынан болып отырған кедейшілікті азайтуға басқа секторлардың ІЖӨ-нің өсуіне әсер етуі жағынан 4 есе тиімді болатынын нақты жобалармен айқындап беріп отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның аграрлық секторында шешімін күтіп тұрған күрделі әлеуметтік-эконо¬ми¬калық проблемалар да жоқ емес.
БҰҰ-ның жанындағы «Халықтар қоры» жер тұрғындарының 2050 жылға қарай 7,8 млрд. адамға өсуіне орай, күрделенуі мүмкін азық-түлік мәселесіне қатысты 61,2 млрд. долларға бағаланған арнайы бағдарлама ұсынды. Оның ішіне ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға 5 млрд. доллар, егістік жерді сақтауға 24 млрд. доллар, ормандарды қалпына келтіруге 6,8 млрд. доллар бөлуді көздеп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстан 40 пайызға жуық сүтті, 29 пайыз етті және 43 пайыз көкөністі сырттан әкеледі. Азық-түлік қоры мол деген Ресейдің өзі тамақ өнімдерінің 40 пайыздайын шетелдерден тасиды. Ауыл шаруашылығының шикізаттық сипаты азық-түлік қауіпсіздігіне кедергі келтіреді. Елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайызы шикізат күйінде шығарылады, ал технологиялық мешеулік салдарынан дайын өнім шығара алмай отырмыз. Мәлімет бойынша, біздің елімізде 2010 жылдың 1 қаңтарында 200 876 ауыл шаруашылығы құрылымдары бар, оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 7441, шаруа қожалықтары 193 435. Бұдан басқа 2 247,8 мың үй шаруашылығы бар. Осыларды бүгінгі жағдайды ескере отырып әрі қарай дамытып, нарық талабына сай құрылымдарға жеткізу үшін осы саладағы заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Қазіргі уақытта «Шаруа (фермер) қожалықтары туралы» заңның жобасы Парламент Мәжілісінде талқылаудан өтті. Сонымен қатар 2008 жылы Үкіметке толықтырулар үшін қайтарылған «Жеке қосалқы шаруашылықтар» туралы заңның жобасы да ауыл өмірінің жедел дамуына өз септігін тигізері сөзсіз. Бұл заңның жобасы Үкіметтен Парламентке қайтарылады деп күтілуде. Сондай-ақ, Елбасы атап өткендей, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заңды әлі де жетілдіре түскен абзал. Нәтижесінде, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілгендей, 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 %-дан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс. Сол себепті, келешекте ауыл шаруашылығын дамытуда көптеген іс-шаралар атқаруға тура келеді. Әлемдік тәжірибеде Германия, Франция, Швеция, АҚШ 70-80-жылдары-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған шаралар бойынша, әсіресе, фермерлердің құқығын ерекше қорғайтын заңдар қабылдаған. Қазіргі кезде АҚШ-та азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында ондаған бағдарламалар бойынша жыл сайын 35-40 млрд. доллар бөлінеді.
Қазақстан іс жүзінде дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігіне қомақты үлес қосып отырған ірі аграрлық елдердің қатарына жатады. Жалпы республика бойынша 2009 жылы бүкіл егістік алқабы 21 424,9 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар 17 208,9 мың га, картоп 170,3 мың га, майлы тұқымдар өнімдері 1 749,5, қант қызылшасы 10,6 мың га, көкөніс 110 мың га болды. Ауыл шаруашылығынан 2009 жылы алынған өнімнің жалпы құны 1 640,2 млрд. теңгені құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығы 936,8 млрд. теңге, мал шаруашылығы 703,4 млрд. теңге болды. Еліміз әлемнің басты аграрлық шикізат өндіруші 25 елінің қатарына кіреді. Сонымен қатар, ауылшаруашылық мақсатындағы дәнді дақылдар және картоп егетін жер көлемі бойынша басты аграрлық шикізат өндіруші 10 елдің қатарында тұр. Сарапшылардың бағалауы бойынша, республиканың ресурстары халықтың қазіргі азық-түлікті тұтынуы көлемінен 3 есе артық өндіруге жетеді. Соңғы жарты ғасырда ғана планетадағы халық санының өсуіне қарай азық-түлікке деген сұраным 4 есе өскені мәлім.
Қазақстан сыртқы рынокқа 1,5 млрд. доллар көлемінде астық шығара отырып, көшбасшылардың бірі ретінде оның экспортынан дүние жүзінде 7-ші орын алады. Астық экспортындағы ұнның үлесі 2000 жылғы 9 пайыздан 2008 жылы 58 пайызға жетіп, 849,2 млн. доллар көлемінде болды. Астыққа шаққанда макарон өнімдерінің экспорты 2008 жылы 0,2 пайыздан 0,8 пайызға дейін көтерілді.
Еліміз ұн экспорты бойынша дүние жүзінде бірінші орынға шығып, соңғы үш жыл қатарынан осы биікке тұрақтап қалды. Дүниежүзілік 10,8 млн. тонна ұн экспортының 23,9 пайызы Қазақстанның үлесіне тиеді. Соңғы уақытта нан-тоқаш және кондитерлік өнімдердің экспорты шапшаң өсуде. Осы өнімді сыртқа шығарудың астық экспортына шаққандағы үлес салмағы 2008 жылы 0,3 пайыздан 0,7 пайызға жетті.
Республиканың макарон өнеркәсібінің мүмкіндігі айтарлықтай. Бұған бидайдың қатты сорттарының жоғары сапасы, жаңа макарон фабрикаларының құрылысы қолайлы жағдай туғызуда. Қазір еліміз өнімнің осы түрі бойынша дүние жүзінде 29-шы орында тұрғанымен, оның өндірушілер мен экспортерлер арасында алғашқы бестікке кіруге мүмкіндігі жоғары. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Тассай ауылында жылдық өндірістік қуаты 25 мың тонна болатын жаңа макарон фабрикасы іске қосылды. «Сұлтан-элеватор диірменді макарон кешені» акционерлік қоғамы – бүкіл макарон өнімдерін бидайдың тек қана қатты сорттарынан шығаратын республикадағы бірден-бір кәсіпорын. «Қазақстан ұны» ЖШС-інде қазіргі итальяндық техникамен жабдықталған макарон фабрикасы пайдалануға берілді. Астанада заман талабына сай «Цесна-мак» диірменді-макарон кешені жұмыс істей бастады. Қостанай облысында «Карона» макарон фабрикасы өндіріс көлемін арттырып, сыртқы рынокты игеруге талаптануда.
Жетістіктерімізді айта отырып, астық өндіру саласында әлі де атқарылатын жұмыстар көп екенін айта кеткен жөн. Елімізде астықты тазалайтын, сақтайтын заманауи құрал-жабдықтар жетіспейді. Соңғы 20 жыл ішінде бұл салада жаңа кешендер салынған жоқ. Сонымен қатар, темір жол вагондары жетіспейді. Дүниежүзілік астық рыногында жаңа елдерге шығу, Иран бағытында темір жол салуды тездету, араб елдеріне астық жеткізу жолдарын қарастыру сияқты мәселелерді шешу қажет. Себебі, астықтың бағасы, оны қолдану көлемі әлемнің әр түпкірінде жыл сайын өзгеріп отырады.
Мал шаруашылығында оны ірілендіру және өнеркәсіптік негізге көшіру бағытында біршама жұмыстар атқару қажет. Қазіргі уақытта жекелеген селекциялық жұмыстар арқылы, сонымен қатар шет елдерден жоғары өнімді асыл тұқымды малдар әкелу арқылы малдың генетикалық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылуда. Мысалы, 2008 жылы «Қазагроқаржы» лизингтік компаниясының тікелей қатысуымен екі ірі сүт өндіру кешені пайдалануға беріліп, оларға Канададан сүтті мол беретін асыл тұқымды сиырлар әкелінді. Алдағы 4-5 жылда мұндай кешендердің саны 30-ға жетеді деп күтілуде.
Елімізде ет өндіру мәселесі де қолға алынуда. Мысалы, баршаға мәлім, Қазақстан жылқы етін өндіруден әлемде жетекші орынға ие. Жылқы еті дүние жүзінің іс жүзінде барлық аймақтарында өсіріледі, осы өнімнің мөлшері жылына 720 мың тонна көлемінде салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда. Дүние жүзінде бие сүті мен қымызын өндіруге қызығушылық арта түсуде. Деректер бойынша, қымызды тұтыну 120 мың тоннадан асты, оның ішінде Қытайда – 50 мың тонна, Монғолияда – 43 мың тонна. Егер, 2001 жылы Қазақстанда 28 711,2 тонна қымыз өндірілсе, содан кейінгі жылдары оның көлемі азая отырып, 2008 жылы 21 663,8 тонна ғана болды. Табиғи жағдайларды ескерсек, елімізде жылқы малының өнімдерін өндіру ең қолайлы жағдайға ие. Сондықтан бұл мәселені қолға алып, әрі қарай дамытуға жағдай жасау қажет.
Қазақстан, сондай-ақ түйе етін өндіруші 15 ірі елдің қатарына кіреді. ФАО-ның дерегі бойынша, 21 өндіруші-елде түйе етін шығару 2007 жылы 310 мың тонна болған. Сондай-ақ, жыл сайын шұбат дайындау көлемі ұлғайып келеді. 2009 жылы 9,6 мың тонна шұбат өндірілді, бұл 2000 жылмен салыстырғанда 2,5 мың тоннаға артық. Республика ірі шұбат өндірушілердің бірі болып табылады.
Дүние жүзінде құс етінің өндірісі артуда, оның негізін тауық еті құрайды. Бұған қоса күркетауық, қаз бен үйрек етінің өндірісі өсіп келеді.
Елімізде құс етінің аталған түрлерінің өндірісі енді ғана қалыптаса бастады. Республикада күркетауық етін шығаратын жалғыз ғана BAYTAGRO кәсіпорны жұмыс жасайды. Оларға деген сұраныс және өсіретін шаруашылықтар саны көбеюде. Қостанай облысында «Bіg-5» тұқымды күркетауықтар өсіретін шаруашылықтар құрылды. Павлодар облысында өткен жылы күркетауық етін шығаратын, жылдық қуаты 1,5 мың тонналық өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Солтүстік Қазақстан облысында «БACKO» ЖШС-нің осындай өнім шығару жөніндегі жылдық қуаты 15 мың тонналық инвестициялық жобасы қарастырылуда. Оңтүстік Қазақстан облысында Израильдің «Maд» компаниясының технологиясы бойынша жұмыс жасайтын, жылына 5 мың тонна күркетауық етін шығаратын құс кешенінің құрылысы қолға алынды.
Еліміздің аумағында іс жүзінде үй шаруашылықтарынан басқа бәсекелестердің жоғын ескере отырып, «Ерма және К» ЖШС қаз етінің өндірісін игеруді қолға алды. Жоба бойынша қазды өнеркәсіптік негізде өсіретін құс фирмасын құру және Алматы облысындағы бұрынғы мал шаруашылығы кешенінің негізінде жеке жемшөп қорын жасау жүзеге асырылады.
Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде өсімдік майларының маңызды орын алатыны мәлім. Елімізде өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандыру, өндіріске ылғалқорсақтағыш, тамшылатып суару технологияларын енгізу шаралары жүргізілуде. Жылдан жылға мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қазіргі кездегі технологияларды енгізудің міндетті элементтері болып табылатын минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары қолданылған егістіктер көлемі ұлғаюда. Елімізде май дақылдарының өндірісі өсуде. Мәселен, 2004 жылы барлық өндірілген өнім 395,6 мың тонна болса, 2009 жылы 703,6 мың тоннаға жетті.
Республикада халықты жеміс-жидекпен тұтыну нормаларына сәйкес қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі міндеттердің бірі жеміс бақтары мен жүзімдіктердің негізін қалау болып табылады. Осы мақсат үшін 13,6 мың гектар алқапқа жеміс дақылдары, 3,1 мың га алқапқа жүзім отырғызылуы қажет. Қазіргі кезде көкөніс-бақша өнімдерін тұтынуда ұлттық норма бойынша қажеттілік 1,6 млн. тонна болса (100 кг/адам) жыл сайынғы өндіріс 2,0 млн. тоннадан асады. Қазақстанның оңтүстік өңірінде жеміс-жидек пен көкөністі көп өндірумен қатар, оны тасымалдау, әсіресе сақтау жағы толық ойластырылмаған. Сол себепті өнімнің біраз бөлігі жарамсыз болып қалады. Қазіргі уақытта 643,0 мың тонна көкөністі сақтайтын орын жоқ.
Осындай жағдай басқа салаларда да қалыптасқан. Мәселен, бұдан 20 жыл бұрын ет өнімдерінің ұлттық норма бойынша қажеттілігі 87 кг/адам болса, қазіргі уақытта 49 кг деп есептеледі. Осыған сәйкес өндірілетін ет көлемі сұранысты толық қамтамасыз етеді деп саналады. Ал шындығына келсек, оның сапасы, өңдеу саласының талаптарына сәйкестігі ескерілмейді. Сол себепті, ет өнімдерінің 29 пайызын шет елден сатып алуға мәжбүр болып отырмыз.
Елімізде соңғы жылдары республикалық бюджеттен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қомақты қаржы бөлініп келеді. Мәселен, 2006 жылы 90 млрд. теңге бөлінсе, 2009 жылы 163 млрд. теңге, ал 2010 жылы 258 млрд. теңге бөлінді. Осындай қолдаудың нәтижесінде ауылшаруашылық саласында елеулі табыстарға қол жеткіздік. Мәлімет бойынша қазіргі уақытта республика көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын мамандандырылған 1001 кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ олардың өңірлерде орналасу реті жүйеге келтірілмеген. Мысалы, Алматы облысында 209 кәсіпорын, яғни 20 пайыздан астамы, Батыс Қазақстанда – 166, Қостанайда – 105. Ал Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуде шешуші орын алатын Ақмола, Қарағанды облыстарында тиісінше 38 және 23-тен ғана кәсіпорын бар. Ал Маңғыстау облысында небәрі – 12, Атырауда осындай 15 кәсіпорын орналасқан.
Қазіргі кезде қазақстандық ірі 10 компания америкалықтармен дәнді дақыл өсіруде, ірі қара мал, қой өсіруде, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде және оны экспорттауда бірлескен кәсіпорын құруға мүдделілік танытып отыр. Мысалы, биылғы сәуір айында қазақстандық ет брендін әлем рыногына шығару үшін «ҚазАгроның» еншілесі – «Мал өнімдері корпорациясы» акционерлік қоғамы мен америкалық Global Beef асыл тұқымды ангус және герефорд өсіретін ірі қара мал шаруашылығының «KazBeef» ЖШС атты бірлескен кәсіпорнын құрды. Бұл жоба бойынша барлығы 2020 бас қара мал сатып алынатын болса, соның 160 басы қазан айында ұшақпен әкелінді.
Аграрлық ғылым саласына ең қажеттісі – шетелдік озық технологиясы бар елдермен әріптестік байланыс жасап, бірлескен жобалар енгізу. Олардан үйренеріміз көп. Мысалы, жапондықтар судың құрамын ресми түрде елу көрсеткіш арқылы зерттейді. Баршаға аян, әлемде жапондық технологиялар өзінің құндылығымен үлкен сұранысқа ие. Соның ішінде Жапония – азық-түлік қауіпсіздігіне, қоршаған ортаның ластануына өте-мөте маңыз беріп, қатты көңіл бөлетін мемлекет. Бүгінгі жұмыс барысында осы саладағы мамандар даярлауға көп көңіл бөлу қажет. Өйткені, ғылымның бұл саласында ғылым докторларының орта жасы – 64, кандидаттар – 51 жас, олай болса, жастарды тарту керек. Аграрлық саланың жас мамандарын өзінің туған ауылына қайтарып, ауылдық елді мекендерде жұмыс атқаруға ынталандыру мақсатында 2010 жылдың 1 ақпанында Ауыл шаруашылығы министрінің «2010 жылы аграрлық саланың жас мамандарына шағын несие беру туралы» № 62 бұйрығы бекітілді.Ауылдағы шаруа қожалығының өндірген өнімдерін ортадағы делдалдарға тәуелді қылмай, әр ауыл, аудан көлемінде кооперативтер құрып, шаруалардың өнімдерін сақтап, өңдеп, тиімді бағаға сатып беру мәселесін шешу керек. Көп уәде берілгенімен, бұл салада жұмыс қарқыны өте төмен. 2010 жылдың 1 қаңтарына республика бойынша барлығы 402 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған, оның ішінде Қызылорда облысында – 57, Жамбылда – 56, Алматы облысында – 55. Ал Батыс Қазақстан облысында бар болғаны төртеу, Солтүстік Қазақстан облысында алтау.
Бүгінгі таңда шаруалар мен ауыл кәсіпкерлерін несие ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмеген. Соңғы жылдары екінші деңгейдегі банктердің несие портфелінің тек 4 пайызы ғана ауыл шаруашылығы саласында істейтіндерге бұйырған. Басты себебі, кепілдікке қоятын мүліктері жоқ. Ал, арнайы агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру бағытын дамытуға және қаржыландыруға құрылған «ҚазАгро» Ұлттық холдингі және оның қаржы институттары ауыл шаруашылығы субъектілеріне несие беру үшін екінші деңгейдегі банктердің кепілдігін сұрайды. Сол себепті, аграрлық кешенді индустриялық-инновациялық дамыту кезеңінде ауылды жерлердегі кешендерді қаржыландыруды қамтамасыз ететін мамандандырылған ауыл шаруашылығы банкінің ашылуы аталған саладағы көптеген мәселелердің оң шешілуіне септігін тигізер еді.
Қазір Қазақстан аграрлық секторды жан-жақты жетілдіре отырып, өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, дүниежүзілік экономиканың өткір проблемаларын шешуге мейлінше кең ауқымда атсалысуда.
Елбасы өзінің 2009 жылдың 6 наурызындағы Жолдауында аталған саланы ұтымды түрде дамытуға барын¬ша мән беріп, “Агроөнеркәсіптік ке¬шен туралы айрықша айтқым келеді, оның дамуы арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспортты әртараптандыруды шешеміз”, деп ерекше атап көрсетті.
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені, оның негізгі құрамы – ауыл шаруашылығы, соңғы жылдары дүние жүзіне кең тараған қаржы-экономикалық дағдарыстың күшті ықпал етуі жағдайында дамып отырғаны белгілі. Дегенмен, дағдарыс аясының кеңеюі мен күрделенуі, отандық аграрлық жүйеге дер кезінде мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің нәтижесінде кейбір елдердегідей бұл сала рецессияға ұшырамай, белгілі бір деңгейде даму қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Сонымен қатар, соңғы жылдары ауылшаруашылық өнімдері көлемінің ұлғаюы байқалады. Өндірілген өнім ағымдағы бағалармен есептегенде 2007 жылы 1,1 трлн. теңге деңгейінде болса, 2008 жылы 1,3 трлн. тең¬ге болып 18,2% өскен, ал 2000 жылмен са¬лыс¬тырғанда 3,3 есеге өскен.
Аграрлық секторды мемлекет тарапынан қол¬дау мақсатында 2008 жылғы бөлінген қа¬ражат 2007 жылмен салыстырғанда 1,7 есе ұл¬ғайды, оның ішінде тікелей қолдауға (субсидия) бөлінген қаржы 2,0 есе, кредит ретінде берілгені 2,2 есеге өсті. Соның нәтижесінде аса қажетті дақылдардың егістік көлемін ұлғайтуға, агроөнеркәсіп жүйесін технологиялық және техникалық жағынан жарақтандыруға мүмкін¬діктер туды. Әсіресе елімізде жетіспейтін өнім түрлері – майлы дақылдар, қант, көкөніс, же¬міс-жидек өнімдерін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлінді, яғни өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында аса қажетті дақылдардың егістіктерін ұлғайту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 2008 жылы 2007 жылға қарағанда майлы дақылдар егістігі – 35%, көкөніс, жеміс-жидек – 17%, қант қызылшасының егістігі 39% өсті.
Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында “Азық-түлік корпорациясы” АҚ арқылы дәнді дақылдарды мемлекеттік қорға отандық тауар өндірушілерден нарықтық баға¬мен сатып алу мақсатында бюджеттен 12,0 млрд. теңге қаражат бөлінді. Мал шаруашылығы жүйесінде де оңды өзгерістердің қалып¬тас¬қаны байқалады. Мысалы, 2008 жылы 2007 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара мал 2,8% көбейген және сәйкесінше қой мен ешкі – 5,0%, шошқа – 1,0%, жылқы – 6,0%, түйе-3,4% және құс 10,5% өскен. Дегенмен мал ша¬руа¬шылығында асыл тұқымды малдың үлес салмағы әлі күнге дейін төмен деңгейде қалып отыр және оның деңгейі төмендегідей: мүйізді ірі қара – 4,3%, қой мен ешкі – 7,4%, жылқы – 2,6%, түйе – 10%. Ал ғылыми негізге немесе озық тәжірибеге сүйенсек, сапалы өнім алу үшін асыл тұқымды мал басының үлес салмағы 30% кем болмауы қажет. Сонымен қатар, мал шаруашылығын ұтымды дамытуды тежеп отырған басқа да факторлар бар. Мысалы, 2007 жылы жүргізілген бірінші ұлттық ауыл шаруа¬шы¬лығы санағының мәліметтері бойынша ауыл¬дық өңірдегі үй шаруашылығында мүйізді ірі қараның – 85%, қой мен ешкінің – 77,0%, жылқы мен шошқаның 79,0% шоғырланған екен. Яғни бұл жүйеде заман талабына сай өнім өндіру мен оны өңдеудің өндірістік озық технологиясын ендіру үшін арнаулы орта және ірі кәсіпорындар жүйесін қалыптастырудың қажеттігі туындап отыр.
Сондықтан мал шаруашылығын әртараптандырып, одан түрлі өнімдер өндіру мен оны экспортқа шығару мақсатында “Мал өнімдері корпорациясы” АҚ және бизнес құрылымдардың қатысуымен қазіргі талапқа сай мал бордақылау алаңдарын және оған қажетті инфрақұрылым жүйелерін құру көзделген. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 2008 жылы республи¬қа¬лық бюджеттен елімізде 30 сүт және ет өндіретін тауарлы ірі фермаларды құруға қажет негізгі құрал-жабдықтарды сатып алуға 5,0 млрд. теңге және олардың айналым капиталын толтыруға мемлекет тарапынан 5,3 млрд.теңге қаражат бөлінген. Тауарлы сүт өндіру ферма¬ларын асыл тұқымды мүйізді ірі қарамен, ал мал бордақылау алаңдарын және ет комбинаттары озық үлгідегі техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, халықаралық стандарттарға сай келетін мал өнімдерін экспортқа шығаруын ұлғайтуды жолға қою көзделіп отыр.
Айта кететін жағдай, соңғы жылдары ауылша¬руа¬шылық өнімдерін тереңдетіп өңдеу үдерісін мемлекет та¬рапынан қолдау нәтижесінде ілгерілеу бар. Мысалы, 2007 жылы 2002 жылмен салыс¬тырғанда ауылшаруашылық өнімдерін өндірістік өңдеу¬дің үлес салмағы бойынша оларды елімізде шикізат ретінде өндірілген жалпы көлеміне шаққанда өсу тенденциясы байқалады. Мы¬салы, сүтті өңдеу 10,8%-дан 33,0%-дейін өскен, ал сәйкесінше ет – 13,6 және 24,0%, майлы дақылдар – 50,4 және 98,0%.
Дегенмен кейбір ауылшаруашылық өнімін шетелден сатып алу, яғни импорттың үлесі әлі де жоғары болып отыр. Ол шұжық өнімдері бой¬ынша – 45,0%, консервіленген көкөніс, жеміс-жидек – 80%, құс еті – 70%, өсімдік майы – 35%. Жоғарыда аталған өнімдерді өзімізде өндіруге толық мүмкіндік болса да шетелден әкелуге мәжбүрміз. Сондықтан да азық-түлік импорты 2007 жылы 2,3 млрд. АҚШ долларын құрған.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қазіргі орын алған экономикалық дағдарыс кезінде одан әрі шиеленісе түсуі мүмкін. Сондықтан да алда шешуін күтіп тұрған ең күрделі мәселе – бұл агроөнеркәсіп кешенінің бүгінгі даму деңгейін төмендетпей, одан әрі тұрақты даму үдерісін қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан қолдауды күшейту.
Әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту үшін 2009-2011 жылдары республикалық бюджеттен 350 млрд. теңге болу көзделген. Оған қосымша агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және одан әрі дамытуға “ҚазАгро” холдингінен 1,0 млрд. доллар (150 млрд теңге) көлемінде қаражат қарастырылған. Бұл іс-шараларды әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялармен біріге отырып жүзеге асыру көзделген. Мемлекет тарапынан бөлінетін инвестицияны бірінші кезекте жұмыс істеп тұрған және өнімі экспортқа бағытталған кәсіпорындар мен салаларға жұмсау қарастырылған.
Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету проблемасын шешудің маңызды бөлігі – ол рыноктағы тұтыну бағасын тұрақтандырып, оны халықтың басым көпшілігінің қолы жететіндей деңгейден асырмауды қамтамасыз ету болып табылады. Азық-түлік қауіпсіздігі дегенде, біз көбінесе отандық өнімдер көлемінің халықтың тұтыну сұранысын қанағаттандыруы тұрғысынан қараймыз да, оның шешуші көрсеткіші – халықтың сол өнімдерге экономикалық тұрғыдан қол жеткізу мүмкіндігін, яғни олардың бағасының халықтың табысына сәйкес болуын ескере бермейміз. Демек, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді ұлғайтумен қатар, халықтың әл-ауқатын жақ¬сартуда да экономикалық даму тетіктерін жүйелі үйлестіре жүргізу қажет.
Бұл мәселені жүзеге асыруда төмендегідей жағдайларды ескеру қажет сияқты. Еркін рынок жағдайында кез келген тауарға баға сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы негізінде реттеледі деген түсінік бар екені белгілі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, нарықтық экономика жолымен дамыған елдерде эко¬номикалық жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін тек қана ерікті баға саясаты жүргізілмейді. Әлеуметтік-экономикалық маңызы зор, соның ішінде халыққа аса қажет азық-түлік түрлерінің бағалары мемлекет тарапынан тікелей де және жанама жолдармен де үнемі реттеліп отырады. Нарықтық экономика жағдайында тауар ұсынысының көлемі мен оның сұраныс деңгейінің арақатынасы бағаны өзі реттейді деген қағиданың ғаламдық интеграция мен бәсекелестіктің күшеюі жағдайында үнемі жүзеге аса бермейтін соңғы жылдардағы күрделі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер көрсетіп отыр. Сонымен бірге оның ішкі рынокқа, жалпы еліміздің экономикасына да кері әсерін тигізетіні анық. Осы орайда айта кететін бір жәйт – ол халық арасында тұтыну ба¬ғасының өскені ауылдағы тауар өндіруші¬лер¬дің толық пайдасына шешіледі деген үстірт пікір қалыптасқандығы. Нақты мәліметтерге жүгінсек, өнімді сату бағасы жылдан-жылға өсіп келеді, бірақ оның қарқыны базардағы, дү¬кендердегі тұтыну бағасының өсу қарқы¬нынан әжептеуір кем. Мысалы, 2008 жылы ауылдағы мал өнімдерінің бағасы алдындағы жыл¬мен салыстырғанда 17-18 % өссе, базар¬дағы сүт бағасы – 41% , еттің бағасы – 30-33%, құс еті – 42%, жұмыртқа 35 % өскен. Бұның себебі, өнім өндірушілер мен оны тұ¬ты¬нушылар арасында жүрген делдалдардың, алып¬сатарлардың көптігі, ауылшаруашылық өнімдерін орталықтандырылған жүйемен ша¬руалардан кепілді бағамен сатып алудың және көтерме сауда базарларында, бөлшек сауда орындарында ұтымды жүйенің қалыптаспауы. Қазіргі жағдайда азық-түлік базарларына өнім өндірушілер тікелей өздері шыға алмайды. Сондықтан мемлекет ауыл шаруашылығын қаржылай қолдауды күшейте отырып, дамыған шетелдердегідей ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік бағасын тікелей және жанама түрде реттеу механизмдерін қолдануы керек.
Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне қарасақ, олардағы баға реттеу тетіктері тек тауар өндірушілердің ғана мүддесін емес, сонымен бірге тұтынушылардың да мүддесін қорғауға және импортты шектеуге бағытталған. Мысалы Жапония ауыл шаруашылығының негізгі өнімдерінің бірі күрішті ел ішінде өз тауар өндірушілерінен ынталандыру мақсатында әлемдік бағалардан 6-8 есе жоғары бағамен са¬тып алады. Сонымен қатар бұл өнімнің импор¬ты¬на шектеу де қойылған. Біздің республикада да азық-түліктің бағасын реттеу мен оның тұрақты қорын жасау үшін ауылшаруашылық өнімдерінің біраз көлемін (әлеуметтік маңызды түрлерін) мемлекет кепілді бағамен, өнім өндірушілерден (шаруалардан) сатып алу механизмін енгізу қажет деп ойлаймыз.
Айта кететін жағдай, мемлекет қорына астық сатып алу жұмысын жүргізуде Азық-түлік корпорациясы соңғы жылдары тиімді нәтижеге жетіп жүр. Бірақ оның сатып алу көлемі жылы¬на 1,0 -1,2 млн. тоннадай ғана болған соң, астық рыногындағы бағаның деңгейіне үлкен әсер ете алмайды. Сондықтан, бұл мемлекеттік кәсіпорын астықты сатып алу көлемін 3 млн. тоннаға жеткізсе (оның 2,5 млн. тоннасы азық үшін, 500 мың тоннасы – астық қоры), ішкі рыноктағы астық пен астық өнімдерінің тұтыну бағасын тұрақты бір деңгейде ұстауға мүм¬кіндік туар еді.
Осы орайда, еліміздің негізгі ауылшаруа¬шы¬лық өнімдерінің бірі, астықтың мемлекеттік тұрақты қорын жасаудың маңызы зор. Өйткені астыққа елімізге қажетті ішкі сұраныс қана емес, сыртқы рыноктағы сұраныстың да өте жоғары екені белгілі. Мысалы, 2007 жылдың күзінен бастап шетелдерде астыққа деген сұраныстың көбеюінен, оның бағасы 3-4 есе күрт өсіп кетті. Соның салдарынан еліміздегі жиналған астықтың экспортқа шығарылуы шек¬тен тыс белең алып, ішкі сұранысқа қажетті ас¬тықтың тапшылығы байқала бастады. Атал¬ған жағдайды реттеуде сол кезде ішкі астық ры¬ногын мемлекет тарапынан тұрақтандырудың тиімді тетіктері жеткіліксіз болып шықты. Соның салдарынан нан өнімдерінің бағасы екі-үш айдың ішінде 2 есеге өсіп, мал өнімдерінің өзіндік құны мен бағасы 20-30% өсті.
Жоғарыда аталған күрделі жағдайларды реттеу, шетелдерде мемлекеттік қорға астықты жеткілікті мөлшерде сатып алып, қажет кезінде тауарлық (астық) интервенция жүргізу арқылы ұтымды түрде шешімін табатыны белгілі.
Қорытынды
Америкалық ғалымдар Ластер Браун мен Хал Кэйн «Лық толған үй» деген кітабында халықаралық қатынастардың басымдықтарын қайта қарауды ұсынып, осы күндері азық-түлік мәселесінің маңызы мен өзектілігі жағынан алғашқы орынға шығатынын ескертеді. Азық-түлік мәселесі ушыққан елде саяси-әлеуметтік тұрақтылық орнамайды. Бүкіләлемдік банктің есебінше, тұрақсыздық, инфляцияның шарықтауы, азық-түліктің қымбаттауы секілді қиындықтарға душар болып отырған 33 ел бар. Мәселен, 2008 жылы жаһандық дағдарысқа байланысты тамақ өнімдерінің күрт қымбаттауына орай 40 елде халықтық толқулар бел алды. Қазіргі кезде азық-түліктен мұқтаждық көріп отырған 36 елге жедел халықаралық көмек қажет болып отыр. Шамамен 88 елде табыстың төмендігінен азық-түлік жетіспейді.
1996 жылы 13 қарашада қабылданған Рим декларациясында көрсетілгендей, «азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз – барлық адамның ұдайы белсенді және салауатты өмір сүруі үшін ас-ауқатқа физикалық және экономикалық тұрғыдан жеткілікті мөлшерде қолжетімділіктің болуы». Рим декларациясы кез келген елдің әр азаматының жеткілікті деңгейде тамақтану, денсаулығын сақтау және аштықтан ада болу құқығын қамтамасыз етуге, ұлттық тәуелсіз азық-түлік жүйесін қалыптастыруға шақырады.
1945 жылы 16 қазанда Квебекте өткен БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының негізі қаланып, оған қатысушылар «аштықсыз әлем құруға көмектесеміз» деген ұранды басшылыққа алды. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бастамасымен Рим декларациясына қатысушы елдер 2015 жылға дейін аштық деңгейін екі есеге дейін төмендетуге ниет білдірген болатын.
БҰҰ-ның жанындағы «Халықтар қоры» Жер тұрғындарының 2050 жылға қарай 7,8 млрд адамға өсуіне орай, күрделенуі мүмкін азық-түлік мәселесіне қатысты 61,2 млрд долларға бағаланған арнайы бағдарлама ұсынды. Оның ішіне ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға – 5 млрд доллар, егістік жерді сақтауға – 24 млрд доллар, ормандарды қалпына келтіруге 6,8 млрд доллар бөлуді көздеп отыр.
Кез келген елде азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін, алдымен, арнайы резерві жасақталуы қажет. Мәселен, БҰҰ-ның азық-түлік жөніндегі халықаралық ұйымы сарапшыларының пікірінше, егер мемлекетте астық қоры 60 күнге жетерлік болса немесе жылдық тұтынымның 17-20 пайызын құраса, жинақталған қор жеткілікті болып есептеледі. Дүниежүзінде халық саны қанша өссе де, азық-түлікпен қамтамасыз етуге қиналмайтын екі ел (Ресей мен Бразилия ғана) аталады. Осы орайда, әлемдегі мемлекеттерді азық-түлікпен қамтамасыз етілу жағынан бірнеше типке жіктеуге болады. Мысалы, 1-типке азық-түлік тауарларының басты экспорттаушылары – АҚШ, Канада, Оңтүстік Африка Республикасы, Тайланд, Еуропалық одақтың кейбір елдері жатады. Шағын ел бола тұра, тамақ өнімдерін ұдайы экспорттайтын Венгрия, Финляндия сияқты елдер 2-типті құрайды. Ал 3- типке азық-түлік тапшылығына душар, бірақ оны еңсере алатын елдер, мысалы, Жапония жатады. Өз күшімен өз қажеттіліктерін әзер қамтамасыз етіп отырған Үндістан, Қытай, Оңтүстік Американың кейбір елдері 4-типке жатқызылады. Су және жер ресурстары болғанына қарамастан, азық-түлік тапшылығын өткізіп жатқан Мысыр, Индонезия, Пәкістан, Филиппин сияқты елдер – 5-тип, жан басына шаққанда үнемі азық-түлік тапшылығына душар Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері – 6-тип, ал ұдайы азық-түлік дағдарысынан құтылмайтын Гаити, Непал, Сальвадор секілді мемлекеттер 7-типке жіктеледі.
Елдің азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін қалай бағалауға болады? Ғалымдар бірауыздан «егер мемлекет 25 пайыз азық-түлікті сырттан алатын болса, бұл ел азық-түлік қауіпсіздігінен айырылады» деген байламға келіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстан 40 пайызға жуық сүтті, 29 пайыз етті және 43 пайыз көкөністерді сырттан әкеледі. Азық-түлік қоры мол деген Ресейдің өзі тамақ өнімдерінің 40 пайыздайын шетелден тасиды. Осыдан кейін азық-түлік қауіпсіздігі туралы айту қиын. Ауыл шаруашылығының шикізаттық сипаты азық-түлік қауіпсіздігіне кедергі келтіреді. Елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайызы шикізат күйінде шығарылады, ал технологиялық мешеулік салдарынан дайын өнім шығара алмай отырмыз. Елбасы атап өткендей, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заңды әлі де жетілдіре түскен абзал. Әлемдік тәжірибеде Германия, Франция, Швеция, АҚШ елдері 70-80 жылдары-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған шаралар бойынша, әсіресе, фермерлердің құқығын ерекше қорғайтын заңдар қабылдаған. Қазіргі кезде АҚШ-та азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында ондаған бағдарламалар бойынша жыл сайын 35-40 млрд доллар бөлінеді.
Пайдаланған әдебиеттер.
1. Молдахметов З.М., Газалиев А.М., Фазылов С.Д. «Экология негіздері». Қарағанды, 2002
2. Дарибаева А.О., Оразбаева Р.С. «Экология негіздері». Астана, 2001
3. Бродский А.К. Жалпы экологияның қысқаша курсы. Алматы, 1997
4. Сағымбаев Ғ.Қ. Экология негіздері. Алматы, 1995
5. Батиева Г.К. «Азық-түлік проблемасы» //Денсаулық №5